«Баяғы жартас – бір жартас» демекші, Қазақстан ұлттық құрамасы тағы да ұтылды. Біздің құрама енді жеңілістер сериясын сырт алаңда жалғастыра бастаған сияқты. Әуелі Анадолы елінен ұтылып, Апшерон түбегіне барған Беранектің командасы Бакуде Әзербайжан құрамасымен кездескен еді. Бұл жолы да 3:2 есебімен жеңіліп қалды.
Осы ойынды әзерилер Астанада біздің елімізден жеңілгеннен кейін есе қайтару үшін үш айдан бері күтті. Сол есені қайтару үшін көп еңбектеніп, көп күш жұмсады. Ақыр соңында Әзербайжанның намысқа тырысқан футболшылары Мокиннің қақпасына үш доп соғып, есені қайтарып алды. Бұл кездесуде алаң иелерінің жеңіске жету ықтималдығы мол болғанын айту керек. Алайда, кешегі Түркиямен болған ойыннан кейін ұлттық құрамамыз Әзербайжанмен кем дегенде тең ойнайтын шығар деп күткен едік. Одан асырып айтсақ, кейбіреулеріміздің ішімізде ойында бір доп айырмашылығымен жеңіске жетеміз бе деген дәме болғаны да жасырын емес. Дегенмен, ойлау бір басқа да, ойын бір басқа екенін кешегі кездесу көрсетіп берді.
Бұл матчта алдымен алаң иелері белсенділік танытып, шабуылға шықты. Әзербайжанның жартылай қорғаушысы Вагиф Джафадов пен басқа да ойыншылары сол қапталдан біздің айып алаңымызға келіп, күтпеген жерден соққы жасап, қауіпті жағдайлар туғызып отырды. Одан кейін біздің жігіттер де қарсы шабуылға шығып, алыстан Агаев қорғаған қақпаны нысанаға алып тұрды. Мұнда Сергей Гридин мен Сергей Остапенко бірінен соң бірі қақпаны дәлдегенін айту керек. Алайда, Камран Агаев бірнеше мәрте допты қайтарып, қақпасын қорғап қалды.
Ойынның бірінші жартысы осылай алма-кезек шабуылдармен жалғасып жатқан кезде орталық алаңда Жамбыл Көкеев оң қапталдан ашылған Александр Кировқа әдемі пас берді. Сол кезде ол қақпаның алдында ашылған Сергей Остапенкоға әуелетіп доп бергенде, соңғысы оны нысанаға дәл көздеді. Есеп – 1:0. Осы голдан кейін біз манадан бері шабуыл жасап, Мокиннің қақпасына маза бермеген алаң иелерінің не істерлерін білмей сасқалақтап қалғанын көрдік. Бірақ олар тез естерін жиып, қайтадан біздің қақпаға біршама қауіпті соққылар жасап үлгерді. Матчтың бірінші жартысы осылай аяқталды.
Екінші таймға Әзербайжан командасы ойынға тың ойлармен, жаңаша көзқараспен шығып, 10 минөттің ішінде есепті теңестіріп кетті. Голдың авторы Рауф Алиев нысананы баспен дәл көздеді. Осыдан кейін ойындағы жылдамдықтарын арттырған алаң иелері күтпеген жерде біздің қақпаға 11 метрлік айып добын соғу мүмкіндігіне ие болды. Оны Махир Шукюров әдемі орындап, командасын алға шығарды. Ал біздің Мокин болса, тағы да Түркиямен ойындағыдай қақпаның оң бұрышына секіріп, сол бұрышқа тепкен допты ұстай алмады. Әзербайжан құрамасында үшінші голдың авторы манадан бері Мокинге маза бермеген Вагиф Джавадов атанды.
Матчтың бітуіне 13 минөт қалғанда Михаил Рожковтың орнына алаңға Виталий Евстигнеев шығып, допқа аяқ тигізгені сол екен, алыстан ешкім күтпеген гол соқты. Бұл біздің команданың соңғы екі ойында соғылған екінші әдемі голы болды. Осыдан кейін ұлттық құрама қалған уақытта есепті теңестіруге біршама әрекеттеніп көрді. Бірақ әзербайжандықтар есепті теңестіруге еш мүмкіндік бермеді.
Жаңа бапкердің келуімен ұлттық құраманың ойыны біршама жақсарғанын да айту керек. Чех маманы біздің құрамаға жаңаша тәртіп, жаңаша ойлау, өзінің тактикалық әдістерін әкелді. Сонымен бірге, ол Ресей және басқа елдерде ойнайтын футболшылар құрама үшін жан алысып, жан берісіп ойнамаса, олардың ойындарынан бас тартатынын ашық айтты. Жақында Беранек Ресейдің «Амкар» клубының жартылай қорғаушысы Алексей Поповты ендігәрі ұлттық құрамаға шақырмайтынын кесіп айтқан көрінеді. Бұл – өте дұрыс шешім. Елі үшін намысқа тырыспайтын ойыншы абырой әкелмейтіні басы ашық жәйт.
Қазақстан құрамасының енді екі ойыны қалды. Әуелі сырт алаңда Бельгиямен кездесіп, соңынан өз алаңымызда Австриямен ойнаймыз.
Енді 6 қыркүйек күні болған басқа ойындарға келсек, В тобында Ресей мен Ирландия арасындағы ойын – 0:0, Македония – Андорра – 1:0, Словакия – Армения – 0:4 болып аяқталды. Басқа матчтар мынадай есеппен тәмамдалды. С тобында Италия – Словения – 1:0, Сербия – Фарер аралдары – 3:1, Эстония – Солтүстік Ирландия – 4:1, D тобында Румыния – Франция – 0:0, Е тобында Сан-Марино – Швеция – 0:5, G тобында Англия – Уэльс – 1:0, Н тобында Исландия – Кипр – 1:0, І тобында Испания – Лихтенштейн – 6:0, Шотландия – Литва – 1:0.
Дастан КЕНЖАЛИН.