08 Қыркүйек, 2011

«Атамекеннің» атқарары көп

284 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Астанада «Атамекен» ұлттық-экономикалық палатасының кезекті съезі болып өтті. Онда ұлттық-экономикалық палатаның жаңа бас­шы­сы сайланды. Съезден соң «Самұрық-Қазына» ӘӘҚ басшысы Тимур Құлыбаев ұлттық компаниялар өкілдерінің қазақстандық мазмұнға орай есебін тыңдады. Жоғарыда келтіріп өткеніміздей, «Ата­мекенге» жаңа басшы келді. Эко­но­микалық палатаны 2006 жылдан бастап басқарып келген Азат Перуашев тамыз айында «Ақ жол» ҚДП-ға бас­шы болып сайлануына орай өзін боса­туды сұраған болатын. Ол өз орнына экономикалық палатаның басқарма мүшесі Абылай Мырзахметовтің канди­датурасын ұсын­ған-тын. Күн тәртібіне шығарылған осы мәселеге байланысты палата мүшелері Абылай Мырзахме­тов­тің канди­дату­расын бірауыздан қол­да­ды. «Самұрық-Қазына» ӘӘҚ басшы­сы Тимур Құ­лыбаев «Атамекеннің» жаңа басшысын қысқаша таныстырып өтті.  «Осы жыл­дар ішінде ұйым тек Қа­зақ­станда ғана емес, шетелде де беделге ие болды. Қоғамдық пікірдің көш басында тұрды. Бүгінде «Атамекеннің» сөзіне тоқ­тайтын, құлақ түретін болды. Бизнес қауымдастықтардың атынан, өз атым­нан Азат Тұрлыбекұлының жемісті ең­бегіне алғысымды жеткіземін, сондай-ақ жаңа жұмыстарына табыс тілеймін. Ол өз орнына Абылай Мырзахметовтің кандидатурасын ұсынған еді. Мен Абылайды студент кезінен танимын. Ол ММУ-ді экономист мамандығымен бітірген, кейінірек «ҚТЖ» ҰК-ні бас­қар­ды.  Мен Абылайды дайындығы мол аза­мат деп есептеймін. Бизнеске жат адам емес, оның қыр-сырын, ішкі ісін жақсы біледі», деп атап өтті ол. «Атамекен» бизнесті шоғырландыру, бизнестің мемлекеттік саясатта нақты  көрініс беруі мақсатында құрылды. Ме­нің пікірімше, «Атамекеннің» алдында алар жоғары асулар тұр. Абылайға палатаға одан әрі жоғары мәртебе беруге, сондай-ақ жұмысқа еркін ырғақ беру жолында табысты жұмыс тілеймін, дей келе, «Ақ жол»  ҚДП басшысы А.Перуа­шев «Атамекен» президиумының мү­шесі болып қала беретіндігін айтты. Өйткені, мен кәсіпкермін, бұл басты қызығушылығым деп түйді ол. Азат Перуашев съездегі сөздерін «Ақ жол» ҚДП басшысы ретінде жалғады. Партия атынан салық жүйесінің ынталан­ды­ру­шы рөлін қайтаруды ұсынды. «Шағын және орта бизнесті құрылған күннен бастап 3 жылдық мерзім ішінде қосым­ша құн салығынан толықтай босату туралы заңнамалық шешім қабылдау қажет. 1 қыркүйек күні Парламенттің 5-ші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев  ШОБ қыз­метін алғашқы 3 жыл ішінде мемлекеттік органдардың жоспарлы түрде тексеруіне заңдық тұрғыда тыйым салуды қарастыруды ұсынды. Осы орайда біз Елбасы бастамасын қолдай отырып, кәсіпкерліктің іскерлік және инвес­ти­ция­лық белсенділігін ынталандыру ба­ғы­тында басқа да қолдаулар қажет деп санаймыз. Бұл тапсырма астарында тексеру барысында қаржылық және са­лықтық есептілік саласында белең ал­ған жемқорлық жатыр. Тексеруші органдар салықты экономикалық және ин­вестициялық реттеуші құрал екенін на­зарға алмай, тек фискальды құрал ретінде ғана түсінеді. Қосымша құн салығын өндіру тәртібі де айтарлықтай күрделі. Жемқорлыққа жол ашады. Сондықтан ШОБ-ты құрылған күннен бастап 3 жыл мерзім ішінде қосымша құн салығынан босату туралы заң қабылдау қажет, деп мәлімдеді А.Перуашев. Сарапшылардың айтуынша, жаңадан ашылған кәсіпорындардың 3 жыл мерзім ішінде 10%-ы ғана қалып, қалған 90%-ы бәсекелестікке төтеп бере алмай­д­ы немесе жемқорлық қысымына шы­дамай өз қызметін тоқтатуға мәжбүр бола­ды екен. Бұдан да өзге бірқатар ұсыныстар айтқан партия басшысы аталған қадамдарды қабылдау ұлттық кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыруға жасалатын нақты қадам деп есептейтінін жеткізді. Съезд жұмысы барысында «Атамекен» ҰЭП жұмыс тобы жүргіз­ген сараптамалық жұмыс таныстырыл­ды. Оның қорытындысы бойынша тек­се­рулердің барлық түрлерін оңтайлан­ды­ру барысында «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заңға бірқатар түзетулер енгізуді ұсынды. Атап айт­қанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне байланысты жүргізілетін тексерістерді қайта қарап, ортақ процедура бекітуді, оның мерзімін қысқартып, бір ізге са­лу­ды қарастыру керек деген байламға келді. Сондай-ақ лицензиялаудың түр-тар­мақтарынан бас тартуды ұсынады. Бұл рұқсат беретін құжаттар көлемін 434-тен 108-ге дейін, 4 есеге қысқартады. Съезд барысында ұлттық компаниялар өкілдері «Самұрық-Қазына» ӘӘҚ президенті Т.Құлыбаевқа қазақстандық мазмұн бойынша есеп берді. Оның қорытындысы бойынша журналистерге арналған брифингте Тимур Құлыбаев «Самұрық-Қазына» ӘӘҚ жанынан мемлекеттік сатып алулар жөніндегі қоғам­дық кеңес құрылатындығын жеткізді. Оған ұлттық компанияларға арналған тауар мен өнім өндіретін ұжымдардың басшылары және белгілі бизнесмендер ша­қырылды. «Атамекен» ұлттық-эконо­микалық палатасы өкілдерінің ұсыны­сымен қоғамдық кеңестің құрамына 14 адам енгізілді. Қоғамдық кеңес ұлттық компаниялардағы мемлекеттік сатып алу үдерісін жақсартуды жетілдіретін болады, оның жариялылығын, ашық­тығын жоғарылатамыз, екінші жағынан кәсіпкерлеріміз бен бизнесмендеріміз ұлттық компаниялардың қажет­тілік­терін біліп отыратын болады, деді Т.Құлыбаев. Біз бес жылдық жоспарлауға көштік, сондықтан мемлекеттік сатып алулардың орта мерзімді жоспарын көр­сете аламыз. Меніңше, бұл кәсіп­кер­лерге өте пайдалы әрі маңызды ақпарат. «Самұрық-Қазына» ӘӘК-тің мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық мазмұ­ны 2011 жылдың соңына дейін  2010 жылғы 50%-дан 55%-ға дейін жетіп, 600 млрд.теңгені құрамақ. Отандық өнім өндірушілерден ұзақ мерзімді сатып алулардың жалпы көлемін осыған жеткізбекпіз, деді қор басшысы. Ал «Қаз­Мұна­йГаз» компаниялар тобының ма­ши­на жасау кәсіпорындарынан  алатын мемлекеттік сатып алу көлемі 2011 жылы 29 млрд. теңгеге, ал келесі жылы 32 млрд. теңгеге жететіндігін мәлімдеді. Шара жастар арасында ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына арналған «Ин­новациялық Қазақстан» республикалық конкурсы басталатындығы туралы баспасөз мәслихатымен аяқталды. Венера ТҮГЕЛБАЙ.