08 Қыркүйек, 2011

Айкүміс

834 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына сапардан кейінгі ойлар

Әйел затының қандай да­на­гөйі болса да, қоғамда оған өз дең­гейінде теңдік тие қоюы қи­ын. Ол қандай ақылды, білімді, көреген болса да, бір бөрік ­ки­геннің қарауында бар шаруа­ны бітіріп, жақсы атақты бас­ты­ғына беріп, өзі көлеңкеде жүреді. Осындай бір сіңліміз Маң­ғыс­таудың Түпқараған ауда­нын­да мәслихат хатшысы бо­лып жұмыс істейді. Жұрт ал­дында жарқылдап сөйлегенде, айналадағы болып жатқан дү­ниенің қаны сорғалаған ащы шындығын оның аузынан естіген ел жапырлай қол соғып, жи­ын біткесін кейбіреулері жаны­на барып алғыстарын айтады, мұңдарын шағады. Шындықты айтқан адамның істің басы-қасында жүргендер­ге жаға қоймайтыны белгілі. Себебі Айкүміс бетің бар, жү­зің бар демей, анау жерде ана мәселе, мынау жерде ойсырап жатқанды көрмейсіңдер ме деп турасын айтады. Ал ол меке­ме­лердің басшылары дауыстарын шыға­рып айтпаса да, іштерінен: «Осы кісі-ақ бәрін көріп қояды екен – не бар соншама сынап», деп жақтырмайтын­да­ры айдан анық. Кейде ауданның келелі мәселелері әңгіме бола­тын жи­ын­дар жайлы Айкүміс­тің «естімей» қалатын, «облыс­қа кеткен екен» секілді сылтау­лар себеп болатын кездер де оқта-текте болып тұратыны да сондықтан. Мен Айкүмісті осы аудан­ның әкімдігінде орынбасар бо­лып жүрген жылдарынан білетінмін. Ақсары өңінен, өткір жа­нарынан батылдығы да, жақ­сы-жаманды бірден айыра білетін, яғни кісі танитын қасиеті де бар жас екені көзге ұрып тұратын. Әлі де сол күйінде екен. Осы аудан орталығы Ақ­кетік маңындағы Қызыл өзен елді мекенінде туып-өсті. Әкесі Сәрсенғали мұғалім болған, кө­ңіл көзі ашық, ауыл-ел сый­лайтын азамат еді – дүниеден ерте озды. Анасы Алыяның аяғы ауыр болатын, отағасы: – Егер ішіңдегі ұл болса, инженерлікке оқытарсың, ал қыз бола қалса, мына Айкүмісімді сондай оқуға бер, – деп келіншегіне тапсырды. Айкүміс Айсара деген сіңлілі болды. Анасы Алыя өнер десе ішкен асын жерге қоятын әнші, көркі де келіскен, ауылдық ке­ңестің хатшысы болған, оқы­ған-тоқыған есті әйел еді. Ақшұқыр ауылынан орта мек­тепті бітіргесін, әке арма­нын орындау мақсатында инженерлік оқу іздеп, Алматы қай­дасың деп тартып отырсын. Қо­лында көне шамадан, қал­та­сында жүз сом – сөйтіп он же­ті жасар Айкүміс Алматыдан бір-ақ шықты. «Инженерлік оқу орны қала­ның орта тұсында» дегенді ауылда естігені бар, такси жүр­гізуші орыс жігіті қай оқу орны деп сұрамастан Алма­тының орталығындағы С.­М.Киров атын­дағы университеттің химия-биология факультетінің жанына әкеліп түсірді. Ығы-жығы жастар. Дәлізде қазақша сөйлесіп тұрған үш-төрт өзі шамалас бозбала шамаданын кө­тер­ген күйі жан-жағына алаң­дап тұрған әдемі сары қыздың жанына келіп амандасып, жөн сұрасты. Ақтөбе жақтың бала­лары екен, бұлар да оқу іздеп жүргендер болып шықты. – Жататын үй керек, маған көмектесіңдер, – деп Айкүміс бірден батыл сөйлеп, оларға шамаданын көтертіп қойды. Жақын көшелерді кезіп жүріп, бір орыс кемпірдің үйіне тап болды. Келбеті орысқа ұқсас ақсары өңді, қой көзді, қасын­дағы ер балаларға қарағанда орысшасы да келіскен қыз бала баба Катяға бірден ұнады. Екеуі шүйіркелесіп, шәй ішті. Катя апайдың қызы КазГу-дің химия-биология факультетінде істейді екен. Кешкілік үшеуі ақылда­сып, химия факультетіне емтихан тапсыруды ұйғарды. Мектепті алтын медальмен бітірген ол бір ғана сабақтан емтихан тапсырып, оқуға түсті. Жатақ­ханаға кетерде қалта­сын­дағы жүз сомын шығарып, жиырма сомдайын Катя апайға ұсынып еді, апай азарда-безер болып алмады. Айкүміс қазіргі күн­дері де біреу-міреу орыс­тарды жамандай бастаса, ашуланып, дәл сол адам Катя апайын жамандап жатқандай көңіліне алып, үзілді-кесілді тыйып тастайды. Студент кездегі бір бөлмеде тұрған құрбысы Клара Айкү­містің демалыс күндері Катя апасына кететініне, төсегінің тұ­сына Вячеслав Тихоновтың суретін іліп қоятынына ренжіп: «Сенде ұлттық сезім жоқ – ылғи орыстарды жақсы көресің»,  деп ұрсатын. Клара да университетті үздік бітірді, бірақ орыс тобында оқығандықтан, диплом жетекшісі украиналық азамат еді, ақыры сол жігітке тұрмысқа шығып, қазір Австралияда тұра­ды. Өткен жылы Қазақ­станға келіп кетті, кездесті. «Сенің ұлт­шыл болға­ның осы ма?»  деп күлді Айкүміс. Клараның мұның кіндіктен жалғыз перзенті Амандықпен шамалас қызы бар екен, ол да жан дегенде жалғызы көрінеді. «Құда болысайық, екеуміздің студенттік достығымыз құдағи­лық­қа ұлассын», деп Клара қолқа­лайды. Амандық Алматыда, Әл-Фараби атындағы университеттің докторантурасында оқиды және сол жерде сабақ береді. Үйдегі анасына, сіңлі-бауыр­ларына қарайламаса, Айкүміс ғылымның соңына түсіп-ақ кетер еді. Амал не... Үздік оқитын студент қыздың диплом жұмысын таңдауға көмектесіп ақыл берген және өзі жетекші болған Манжекен Манғанқызы Мұқамедьярова еді. «Жантақ шөбінің құра­мын­дағы полифенолдар» тақы­рыбы мұны бірден қызықтырған. Себебі жантақта рак ауруын емдейтін қасиет бар деседі, ал Маңғыстау даласындағы шұбы­рып жүрген түйе тек жантақ жейді. Орыстар бұл шөпті «верблюжая колючка» дейді екен. Жантақ жеген түйенің сүті немесе еті емі жоқ деп жүрген ауруға дауа болса, адамзат үшін үлкен жаңалық емес пе! Университетті үздік бітіргеннен кейін Гурьевтегі (қазіргі Атырау) мұнай-химия институ­тына жұмысқа баруға тура келді. Себебі ол жылдары Ақтау қала­сында қазақ мамандарына жұмыс табу өте қиын еді. Бірер жылдан кейін Маңғыстауға оралып, Ақ­таудағы №11 училищеге мастер болып орналасты. Облыстық партия комитетінің сол кездегі хат­шысы Зейнолла Алшынбаев жа­нып тұрған іскер жас маманды комсомол жұмысына шақырды. Бас­шылық қызметтегі өмірбаяны осыдан басталды. Кешікпей Форт-Шевченко қаласына аудан­дық атқару комитеті төраға­сының орынбасары болып таға­йындалды. Аудандық партия комитетінде қатардағы хатшы, кейін аудан әкімінің орынбасары міндеттерін атқарды. Қазір аудандық мәслихат хат­шысы. Форт-Шевченко бұл күнде Ақкетік деп аталады. Теңіздің жағасына орналасқан Ақкетікке Бәйтерек поселкесі мен Аташ елді мекені қарайды. Қаражанбас теңіз мұнай кешенінде осы ау­данның үш жүзге жуық тұр­ғыны жұмыс істейді. Каспий те­ңізінен мұнай барлаушы шетелдік «Ад­жип» компаниясының бір бөлім­шесі, Қашаған маңында арал­дар салып жатқан «НК» деп аталатын түрік, сондай-ақ теңіз түбінен мұнай өндіруді ерте бастаған Голландия елінің «Багенборг» секілді компаниялары Ақ­кетік тер­риториясында болған­дықтан, ау­данның біраз азаматына солар жұмыс беріп отыр. Ауданда түйе, жылқы, қой өседі. Жекелеген адамдар Ақке­тіктен елу-алпыс шақырымдағы жерасты суы бар Сәубет деген жерде көкөніс өсіріп, кәсіп етіп жүр. Бұл кәсіпті бастаған марқұм Жомарт Нұрлаев деген осы елдің азаматы еді. Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласына көп ең­бек еткен, кезінде совхоз бас­қарған алғыр кісі болатын. Дү­ниеден ерте озды. Аптапты ыс­тық, қыс болса, қара қатқақ, ызғырық жел үнемі соғып тұра­тын бұл аймақта адамдар қырық жасқа жетпей қан қысымы кө­терілетін ауруға ұшырайды. Жомарт та сол аурудан кеткен. Ақкетіктің іргесінде ақжал толқындары кейде көбігін аспан­ға шашып, кейде бас үйренген асаудай момақан күйде мөлдіреп, бабалар Хазар атап кеткен Каспий теңізі жатыр. Теңіздің суы тұзды, қыста да қатпайды. Бұл жерді қазақтан басқа халық мекендесе, Маңғыстаудың әдеттегі 40º-50ºс аптабында суға түсетін жайнаған жағажайға айнал­ды­рып, Дубайда, Анталия мен Испа­нияда қалып жатқан қыруар қаражат осы елдің несібесін молайтар еді. Араб, Израиль елдеріне бар­саң, жерлері сусыз, тасты тау­лары да Жармыштың, Бейнеудің көрінісін елестетеді. Бірақ ол елдер әр талдың түбіне түтікпен су жіберіп, көкжасыл орман жасап отыр. Мұның бәрі – Айкүмістің ой-арманы. Жалпы, біз кәс, еріншек халыққа айналып барамыз. Негізінен қанымызда осындай қасиеттер болса керек. Тәуелсіздігіміздің арқасында қандай кәсіппен айналысам де­сең де, мүмкіндік мол. Тіпті теңіз жағасындағы қайыршақ пен су жұқартқан тастардан да өңірдің өмір тарихын бейнелейтін сувенирлер жасауға болады. Түйенің, қойдың жүнінен әлем қызығатын алаша, текемет, сырмақты былай қойғанда, оюлаған, үйде киетін кебіс жазда табаныңды терлетпейді, қыста тоңдырмайды. Ұйғыр ағайынның қызы Фабия дәм айдап Форт-Шевчен­коның келіні болып келген еді. Өзі алғыр, сезімтал Фабия аудан­дық мәдениет үйіне директор болып орналасқан болатын. Кейін әкім ауысқан кезде ол жұ­мыстан босап қалды. Уәйім шегіп, азып-тозып кетті. Айкүміс екеуі сырлас құрбылар еді. Фабия­мен кездесіп, пікір алысты. – Төрт қабырғаға қарап отырайын деп пе едің – кәсіп жаса. Анау теңіз жағасындағы қа­йыршақтардан бояп, сувенир жаса – сенің қолыңнан келеді, – деп Айкүміс құрбысына ақыл айтты. Сол-ақ екен, Фабияның қолынан шыққан сувенирлерді жұрт тала­сып алатын болды. Бұл күнде ол мә­дениет үйіне қайта шақы­рылып, бас­қарып отыр – іскер адам әйтеуір далада қалмайды ғой – бірақ әлгі қосымша кәсібімен де ай­на­лысады. Қазір мектеп бітіргендердің бәрі заңгер, тәртіп сақтау сала­сының немесе кеден қызметкері болғылары келеді. Ал, теледидар, мұздатқыш, радио жөндейтін, электрик секілді мамандықтар дайындайтын арнаулы орта оқу орындарын көздеріне ілмейді. Бәтіңкенің өкшесін қақтыру, болмаса шаш қидырып, тырнағыңды тазалату үшін Ақтау қаласына баруға тура келеді. Бұрын ағаштан, жергілікті жерден шығып жатқан тастан ою оятын ел ішінде шеберлер болу­шы еді, бұл күнгі жастар ондай жұмысты менсінбейді. Маңғыстау өңірін айтпайақ, осы ауданның аймағында қанша тарихи орындар бар. Олардың айналасында туристер баратын, демалатын, сусын ішетін ештеңе жоқ. Ақкетіктен отыз шақты ша­қы­­рым жерде ата-баба­лары­мыз Тамшалы деп атап кеткен бір тамаша жер бар. Таудың көлемі отыз метрдей жартылай дөңге­лене біткен жарқабағының жан-жағынан жаңбырдың суын­дай сорғалап тұрған тамшылар. Таби­ғаттың таңғажайып шеберлігіне таң қаласың. Айналасы сусыз шөлге айналған даладағы ғасыр­лар бойы аңызақ пен жел мүжіген тасты таудан шығып жатқан су қайдан өніп тұр екен... Ретін тауып келістірсе, бұл да демалыс орны болуға лайық жер. Ақшалы кәсіпкерлер айналып-үйіріліп қаланың маңын, аудан орталықтарын айналсоқтап жүре­ді. Үкімет қашан көл-көсір қара­жат береді деп ауыздарын ашып жүрген біреу. «Тендер» деген саясат шықты. Ол періштенің өзін де тура жолдан тайдыратын сиқырлы саясат. «Пәленшекең», «түгеншекең» қоярда-қоймай ал­қынумен атшаптырып келіп «Иманбайға, Сәрсенбайға берің­дер» деп немесе телефон соғып зіркілдейді. Біреудің өзі, біреудің көзі жақсыны әлі күнге дейін тастай алмай жүрген тендер комис­сиясын басқарғандар ақыр соңында бастары айналып, өзде­рінің жылымға қалай түскендерін білмей қалатын кездері болды. Қазір, құдайға шүкір, аудан мұндай бәледен құтылды, енді тендер мәселесінің бәрі облыс орталығында шешіледі. Аудан әкімі Серікбай Өтел­генұлы Тұрымов – іс білетін, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс азамат, осы өлкенің тумасы. Ол келгелі ауданның шаруашы­лығы, халықтың әл-ауқаты едәуір жақсарып қалды. Барлық елді мекенге газ жүргізілді. Ауыз су, жол мәселелері де шешіліп жатыр және жоғарыдағы аталған компаниялардың көме­гімен біраз жас ауданда жетіспейтін дәрігерлік, экология, кеме және су мамандықтарын даярлайтын оқу орындарына түсті. Ауданда оқу бөлімі жа­нындағы мұғалімдердің білімін жетілдіру жөніндегі әдістемелік орталықтың басшысы Мей­рамгүл Еңсеева «Ана мен сәби» атты семинар өткізді, оған Алматыдан гинеколог, педиатр мамандар шақырылып, аудан­ның әйелдер қауымы аса ықыласпен қатысты. Мұндай шара аймақта бірінші рет өткен еді. Сондай-ақ «Психология және мен» семинарында да отбасының ынтымағы, үйдегі тәрбие жайлы кеңінен әңгіме болды. Оған да Алматыдан айтулы психолог мамандар келді. «Мен қазақ қыздарына қай­ран қалам» кеші, «Кәсіпкерлік негіздері» атты дөңгелек үстел де өте тартымды өтіп, тұр­ғындардың көңілінен шықты. Ақкетік мектептерінде поэзия кештерін өт­кізу де дәс­түр­ге ай­нал­ған. – Мұның бәрі – жас­тарды рухани тәрбиелеуге арналған шаралар. Себебі рухы жұ­қар­ған жұрт ел болудан қала­ды, – дейді Айкүміс. Форт-Шев­­ченко – бү­гінгі Ақ­ке­тік қаласын не­гізінен зия­лылар мекені деп атауға бо­лады. Маңғыстаудан шық­қан талай саң­лақ ұл-қыздар осы жерден қанат қа­ғып, Қазақ елінің игілігіне өмірлерін арна­ған. Жалау Мың­баев, Төлесін Әлиев, Георгий ор­де­нінің кавалері Ос­пан Көбеев, Қа­зақ елінің алғашқы дәрігерлерінің бірі Естөре Оразақов, Маңғыстау­дың тари­хын тірнектеп жинап, Тарас Шевченко мұражайының, сон­дай-ақ об­лыс­тық мұражай­дың алғашқы шегесін қағып, жә­дігерлерін жинаған Есбол Өмір­баев, ғы­лым докторы Шай­хы Ер­кеғұлов, жазушы Мар­шал Әб­діқалықов. Қазақ заң ғылы­мының атасы Салық Зиманов ағамыз да алғашқы еңбек жо­лын осы Ақкетік мектебінде баста­ған. Ол кісінің құрметіне өзі бір кезде еңбек еткен «көк школды» дарынды балалар мектебі деп атап, Салық Зиманов ағамыздың есімі беріліпті. Орыс патша­сының қазақ дала­сын жаулап алу саясаты Маң­ғыстау айма­ғына да өз қасіретін ала келген. Патша әскерімен ұрысқа шығып ойрандаған, кейін сол ерліктерін кешіре ал­маған жат саясаттың құр­бандары Иса мен Досан батыр­лардың ат үстін­дегі ескерткіш бейнесі таудың басында бүгінгі ұрпақтарын елін, жерін сүюге шақырып тұрғандай. Маңғыстаудың жері шө­лейт, жазының ыссылығы 40º-50ºс-қа жететін аптап, оған қоса теңіз аңғарынан үнемі соғып тұратын аңызақ ала­құйын жел – асты мұ­най мен газға толы, беті күйген терідей шөп өспейтін ұлан далада ты­нымсыз ойран салып, шаңын сілкілеп аспанға шығарып жа­тады. Маң­ғыстау­лықтар осын­дай жағдайда – желдің өтінде, шыжғырған күн­нің астында еңбек етеді. Бұл өлкеде беттеріне жел мен күн бедерін салмаған аққұба немесе бидай өңді кісіні кездестіру қиын. Бірақ еңбектері адал, бабалардан қалған атамекендерін сүйе біледі, сүйе білгендіктен көк­орай шалғынды, айдын көл­ді, самырсынды, шыршалы тау бөктерлеріне көшуді естеріне де алмайды. Тек жерінің бай­лығы ұрпағының нәпақа­сына бұйырса деп тілейді... Солардың бірі – Айкүміс Сәрсенғалиқызы Досанова. Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.