Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік, өзіңді алаш ұранды халқың қаншама ғасыр сағына да сарғая күтіп еді?! Тәубе, сол алағай-бұлағай кезеңдерге тонын берсе де қоңын бермей, сырын берсе де сынын бермей егемендігіне есен-сау жеткен жұртымыз бүгінгі таңда сол егіле тосқан егемендігінің уыз сорғалаған еміздігінен ернін ала алмай жатыр.
Сондай өңірлердің бірі де бірегейі – ақбас Алтай мен ақниет Арқаның самұрық қанаты талар алты айшылық арасындағы алтын көпір іспетті, үстіндегі құндыз жағалы бұлғын шапанының қос өңірін асқаралы шыңдарынан лекіте соққан самал желі желп еткізсе болды алтын мен күміс, мыс пен қорғасын, уран мен титан сауылдай төгілетін – Шығыс Қазақстан облысы.
Бірінші сарын: Күн шапағы Шығыстан құйылады.
Мынау – ерке әрі кексе Ертіс. Ал мынау бір үлбірей ағып, сыңғырлай күліп, Ертіс әпкесінің қолтығын қолаң шашымен қытықтап, айпара құшағына кіріп бара жатқан Үлбі атты ару өзен. Әне, солардың тоғысар мүйісінде кер маралдай керіліп, айшылық жерден көрініп әсем бір қала жатыр. Ол – Өскемен. Қаланың тарихы үш ғасырдың төңірегін шаңдатады. Жыры да, сыры да, мұңы мен шері де, өткен ғасырлар шежіресінен шертер әпсаналары да мол. Әңгіме онда да емес, бүгінгі әңгіме – бұл қаланың облыстағы жақсылықтар мен жасампаздықтың ұйытқысы болып отырғанында.
Атар таң мен шығар күннің Шығыстан бастау алатыны, сонан кейін барып бүткіл Қазақстанға шапағы мен шуағын тарататыны – бесенеден белгілі. Яғни, бұл өңірдің жұрты, біздер, атар таңды алғаш қарсы аламыз. Ал, көк түріктердің кіндік жұрты – Күн тауы, қазіргі атауымен атар болсақ Алтай тауының шапшыма шыңдары Күн шапағына бірінші болып маңдайын сүйгізеді екен. Сіз сонау бағзы замандардағы бабаларымыздың өздеріне құтты мекен таңдауы мен жаңағы ерекшеліктерден жұмбағи бір философиялық сәйкестік байқамайсыз ба?
Өңірдің басты бренді түсті металлургия екендігі көпшілікке аян. Облыс Қазақстандағы түсті металдың қаймағы бес елі қазанын сапырып отыр. Әлемдегі көкжал мемлекеттердің басым бөлігі біздің Шығыстың ураны мен танталына, берилийі мен мырышына, мысына тәуелді. Облыс стратегиялық аса маңызды аймақ. Сондай ұшан-теңіз байлықты басып отыруға да, ұқсата білуге де байыптылық, іскерлік, парасаттылық қажет. Бодандықтың қамыты мойнын қажап, ақжем еткен Қазақстан сандаған ғасырлар жүзінде өз байлығына өзі иелік ете алмай, пұшайман күй кешкені өтірік емес. Бар байлығы бөтендердің қанжығасына байланып, боздап жүрген жұрт едік. Басқа халықты білмеймін, дәл қазақ үшін Тәуелсіздік атты ұғым тым-тым қасиетті.
Екінші сарын: Жері – бай, көдесі – май, елі – жайсаң...
Тәуелсіздіктің басты тірегі аса қуатты экономика екендігі белгілі. Кешегі күні Кеңес одағы ыдырап, бір-біріне күшпен телінген республикалар өз күндерін өздері көруге көшкен аса ауыр шақта тек Қазақстанның ғана емес, бүткіл Одақтың қорғаныс қуатына, экономикасына мелжемді үлесін қосып, абыройын асқақтатып тұрған Шығыс Қазақстандағы түсті металлургияның алып зауыттары мен комбинаттарының тынысы тарылып, өкпесіне сырыл араласа бастаған естанды кезеңде Елбасы өзі бас болып тығырықтан шығу жолдарын аласұра іздегені белгілі. Алыс-жақын елдердегі нарықтық экономиканың «тілін» біліп, әліпбиін меңгеріп қалған мамандарды арнайы шақыртып, әужайларын түйген. Ақылдасқан, кеңескен. Елбасы түсті металлургия қазанының астындағы қоламталанған от өшер болса, қайта тұтату қиынға соғарын кемеңгерлікпен болжай білді. Жанталаса инвесторлар іздеді. Шындығын айтайықшы, бүгінгі күні Шығыс Қазақстандағы түсті металлургия комбинаттарының айдарынан жел есіп, ысқырығы жер жарып тұрса, онда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерінің, ерен еңбегінің ақталғаны деп білген жөн.
Шығыс Қазақстан облысы еліміздің өнеркәсібі дамыған өңірлерінің біріне жатады. Алтай мен Арқа аралығындағы айшылық аймақта жоғарыда айтып өткен түсті металлургиядан басқа машина жасау, энергетика, азық-түлік, жеңіл және ағаш өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясының ірі кәсіпорындары шоғырланған. Олар негізінен үш сала бойынша жіліктеледі: өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, электр энергиясы. Мәселен, соңғы он жыл аралығындағы өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің көлемін таразылар болсақ, шындығында да таң қалмасқа шараңыз қалмайды. 2000 жылы өндірілген өнім көлемі 143,3 млрд. теңгені құраса, ол көрсеткіш 2010 жылы 624,2 млрд. теңгеге жеткен. Яғни, көлем 4,4 есеге ұлғайды деген сөз. Сонымен қоса өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі де төрт есеге артып, 449,9 млрд. теңгені құраған. Ал тау-кен өндірісінің өнім көлемі тіпті 8,9 есеге дейін көтерілген. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына осыдан артық қандай шашу, осыдан артық қандай базарлық болмақ! Бас-аяғы он жыл ішінде мынадай қарқынмен дамыған өндірісіміз осы шабысынан таймаса игі еді.
Нарықтың басты қозғаушы күші деп шағын кәсіпкерлікті тегіннен-тегін атамаса керек. Облыста бұл саланы жеті мыңнан аса шағын кәсіпорын, 50 мыңнан астам жеке кәсіпкерлер толықтыруда. Әрине, бұл жерде сауда және қызмет көрсету салалары басымдыққа ие. Өңірдің жұмысқа қабілетті тұрғындарының төрттен бірі дәл осы саланың қоламтасын қағыстырып, алауын тұтатуда.
Аймақта жаңа инновациялық өндірісті жасақтау, инновациялық инфрақұрылымды дамыту жөнінде де қыруар шаралар кешені жүзеге асырылуда. Бұл салада әсіресе, «Ядролық технологиялар паркі», «Алтай» технопаркі өте белсенділік байқатуда. Мәселен, бір ғана 2010 жылы «Алтай» технопаркі аясында 16 ірі жобаның тұсаукесері өткізіліп, сараптау кеңесінің сүзгісінен жалпы құны 28 759 000 теңгелік төрт инновациялық жоба өткенін айтпай кетуге болмас. Сонымен қатар Президентіміз Н.Назарбаевтың 2009 жылғы мамырдағы тапсырмасына сәйкес өңірде жаңа технологиялар аймағын құру жұмысы бір сәт те толастамаған. Бұл өңір экономикасына елеулі серпін берері рас. ЖТА аясында конструкторлық бюро және металлургия орталығы бірлесе қызмет атқармақ.
Шығыс Қазақстанның қойнауы толы қазына, қазба байлық. Сондықтан да шығар, оның екінші атауы – Кенді Алтай. Басты байлығы полиметалл кендері. Қорғасын, мырыш, мыстан кадмий, висмут, алтын, күміс, сынап, селен, теллур, индий, күкірт алынады. Сонымен бірге, аса сирек кездесетін металдар: титан, бериллий, церий, ниобий, самарий, европий және олардың қосылыстарын өндірумен де шұғылданады.
Облыс аумағында тас көмір мен қоңыр көмірдің үлкен кен орындары ашылып, оларды қазбалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс материалдары өндірісін дамытуға қажетті шикізаттың бай қоры бар. Гранит, мәрмәр, тағы да басқа өңдеу тастары өндіріледі. Оған қоса минералды сулар мен шипалы балшығы тағы бар. Мұнай барлау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы бесжылдықтар жүзінде Шығыс Қазақстан мұнайлы аймаққа айналып жатса, оған мүлдем таң қалмаңыз.
Облыс Қазақстандағы атом электр стансаларына отын өндіретін бірден-бір аймақ. Мәселен, «Қазмырыш» АҚ-тың мырыш өндірісінің көлемі әлемдегі мырыш өндірісінің 5 пайызын құрайды.
Өнеркәсіп өндірісі көлемінде машина жасаудың үлес салмағы жыл өткен сайын артып келе жатыр. Машина жасау және металл өңдеумен «Семей машина жасау зауыты» ААҚ, «Броньді танк жөндеу зауыты» РМК, «Қазақкабель» ЖШС, «Шығысмашзауыт» ААҚ, «Өскемен арматура зауыты», тағы басқалар шұғылданады. Қазақстандағы бірден-бір жеңіл автомашина құрастыратын «Азия-Авто» зауыты 2002 жылы құрылып, онда шетелдік көліктермен тайталасқа түсуге қабілетті машиналар шығарылуда. Сонымен қатар, құрылыс материалдары өндірісімен «Бұқтырма цемент компаниясы» ААҚ, «Семей асбоцембұйымдар зауыты» ЖШС, «Семейцемент» ЖАҚ, «Силикат» АҚ шұғылданып жатыр.
Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Шығыста ГОЭЛРО жоспарына сәйкес алғашқы электр стансаларының бірі – Жоғарғы Қарауыз (Громотуха өзені) салынды. Тұңғыш гидротурбина орнатылыпты. Ол ленинградтықтардың сыйы көрінеді. Кейіннен электр энергетикасы саласына Ертістегі Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі ГЭС-тері қосылды. Десек те, осылардың барлығы жиналып келгенде бүгінгі таңдағы сұранысты қанағаттандыруға әлсіздік байқатуда. Сондықтан облыста қосымша энергия көздерін табу жолдары іздестірілуде.
Өңірдегі атқарушы биліктің басты мұраты – облыс тұрғындарының әлеуметтік тұрмысын жақсарту, соған сай жоспарлар кешенін жүзеге асыру. Шығыс Қазақстан облысы Ресей, Қытай, Моңғолия секілді мемлекеттермен шекаралас жатыр. Сондықтан да осы көршілес мемлекеттермен тығыз сауда-экономикалық байланыс орнатуға мүдделі. Өткен күзде облыс орталығы Өскеменде Қазақстан-Ресей мемлекеттері арасындағы дәстүрлі экономикалық форум өткізілді. Оған екі ел президенттері – Назарбаев пен Медведев қатысты. Сол алқалы жиын аясында Ресейдің Алтай өлкесі, Таулы Алтай Республикасы, Новосібір, Том, Омбы, Челябі, Самара облыстарымен отыздан астам келісім-шарттарға, көптеген меморандумдарға қол қойылды. Жалпы, Ресейдің аталмыш облыстарымен Шығыс Қазақстанның арасында ертеректен сауда-экономикалық байланыс жақсы жолға қойылған. Сауда-саттықты былай қойғанда, мәселен, білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларда тығыз қарым-қатынас бұрыннан бар. Сондай-ақ, алып көршіміз Қытаймен, шығыстағы Моңғолиямен де қарым-қатынас бір ізге түскен.
Өткен жылғы қыс пен көктем Шығыс Қазақстанның халқына да, атқарушы билігіне де алапат ауыр жүк артты, үлкен сын болды. Ерте көктемде аяқ астынан еріген қалың қар облыстың оңтүстік аудандарының бірқатар ауылдарын су тасқынының астында қалдырды. Тарбағатай ауданындағы Көкжыра, Жәнтекей секілді ауылдар түгелге жуық шайылып кетті. Әйтеуір сақтық шараларын алдын-ала жасаудың арқасында мал шығыны болғанымен, адамдардың құрбандығына жол берілген жоқ. Жаз бойы осы ауданда қарқынды құрылыс жүрді. Екі ауыл жаңадан тұрғызылды. Қара күзге дейін тұрғындар түгелдей су жаңа үйлерге кірді, қоныс тойларын тойлады. Мектеп оқушылары жаңа мектептердің босағасынан аттады, жаңа парталарда отырды. Әрине, барлығын облыс өз күшімен тұрғызды, барлық қаржылық шығынды өздері көтеріп алды десек асылық болар, бүткіл республика көмекке келді. Қазақстан атты берекесі мен бірлігі ұйысқан мемлекет өз ұйымшылдығының жарқын үлгісін көрсетті. Сол бір қиын-қыстау кезеңде көмек қолдарын созған Қазақстанның барлық халқына облыс жұрты әлі күнгі алғысын алқалап отыр.
Елбасының мұрындық болуымен дүниеге келген «Нұрлы көш» бағдарламасына сай Өскемен қаласының іргесінде ине-жіптен жаңа ғана шыққан ақшаңқан ауыл бой көтерді. Онда бас-аяғы 700-ден астам үй тұрғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда 360 үй пайдалануға берілді. Оралмандардың қуанышында шек жоқ. Неге десеңіз, оларға салынған үйлердің қаладағы пәтерлерден еш айырмасы жоқ, барлық жағдай жасалған. Ол ауылдың тұсаукесер тойына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қатысып, қоныстанушыларға ақ тілегін білдірді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына үлкен шашу да осы болар.
Тізе берсек, жақсылықтар жетерлік. Облыстың болашаққа деген жоспарлары одан да қомақты. Мәселен, 2015 жылға дейін «Қазақмыс корпорациясына» қарайтын, жалпы құны 225 млрд. теңгелік Ақтоғай кен байыту комбинатын, «Азия Авто» АҚ-қа қарасты автозауыт (жалпы құны 74,5 млрд. теңге) және 125,8 млрд. теңгелік Бақыршық кен-байыту комбинатының құрылысын аяқтау жобалары бар.
Облыста тек ауыр өнеркәсіп, тау-кен өндірісі ғана емес, ауыл шаруашылығы салаларында да қол жеткен жетістіктер жетерлік. Онда тек өткен жылы ғана индустриялық-инновациялық үш ірі жоба іске қосылыпты. Ет өнімдерін өндіру, оны тек өз сұраныстарын қанағаттандырып қою үшін емес, экспорттау жағына да көңіл аударылуда. Бүгінгі таңда бұл саланы өркендету үшін облыс бойынша 238 мал бордақылау алаңы, 156 асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданатын шаруашылықтар айналысуда.
Шығыстың әдеті осы, мақтануға жоқ. Бұзауын боталы түйе етіп көрсетуден қашады. Алладан қорқатын шығар. Әйтпесе, соңғы он жыл ішіндегі тауар айналымының өсімі 4,3 есеге артқанын, Индустрияландыру картасы шеңберінде 2010 жылдың қорытындысында облыстың 493,5 млрд. теңгелік 12 инвестициялық жобасы енгенін, соның негізінде 1,7 мың жұмыс орны ашылғанын, ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі он жыл ішінде 3,2 есеге көтерілгенін, негізгі қаржыға инвестиция тарту 3,9 есеге артқанын, Семейдегі жылу орталығының бастысы саналатын ЖЭО-1-де қайтара жарақтандыру жүріп жатқанын, тағы да... жылу мәселесі әр қыс сайын жырға айналатын осы қалада тағы да бір жаңа жылу орталығын салуды жоспарлап жатқандарын, бір ғана 2010 жылдың өзінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге 4,8 млрд. теңге субсидия берілгенін, мал басының жыл өткен сайын өте жоғары қарқынмен өсу үстінде екендігін, жай ғана мал емес, жаппай асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрғандарын айтса қайтер еді. Әттең, қулықтан ада, қайран Шығыстың аңқылдақ халқы-ай!...
Үшінші сарын: Ойхой, Шығыс даласы, Абайлаған...
Шырайлы да шұрайлы Шығыстың төскейде малы, төсекте басы қосылған, барға қанағат, жоққа салауат айтып үйренген көмбіс те көнтерлі жұрты жоқшылығыңа да, тоқшылығыңа да, лып етіп келіп қонып, іле-шала екінші біреудің маңдайына ұя салар баянсыз құс – бақытыңа да аса көп пысқырмайды. Абырой мен өлмейтін, өшпейтін өнер тұрған жерде, жоғарыдағылардың бетіне түкіріп кетуге бар. Бұл жұрт пайғамбарлармен бәсекеге түсе қоймас, алайда кемеңгерліктен ада емес. Алысқа қылта созып та қажеті шамалы. Абай мен Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптардың өздері-ақ мұқым қазақтың абыройы мен ар-ожданы екендігі бесенеден белгілі. Бәзбіреулер анау Арқамен малы аралас, қойы қоралас жатқан Аягөздегі сыбан руынан 17 ақын шыққан десе, енді бір өңір шежіресінің қаққанда қанын, сыққанда сөлін шығаратын ақикөздері: «Өу, мына тұрған он жетіні не бетіңмен малданып отырсың? Сыбаннан 162 ақынның шыққаны – тарихтан белгілі» деп көз алартады. Мейлі, мәселе олардың санында да емес болар, әйтеуір қазақ руханияты дегенде ең бірінші Жидебайға ат шалдыратынымыз рас.
Экономикасы кемелденген соң, енді келіп дәуір арбасынан әр ғасыр текеметінің пұшпақтарына шашылып қалған салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өнері мен мәдениетін, басқа да ұлттық жауһарларын түгендеуге көшкен Қазақстанның бір жоқшысы Шығыс өңірі екендігі шындық. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жолға шыққан «Мәдени мұра» бағдарламасы осынау жылдар ішінде қыруар шаруа тындырды. Бел шешіп, тер баспағаны, тағы да рас.
Әнеу бір жылдары көк түріктердің атамекені Төр Алтайдан, оның кіндігі Катонқарағайдағы Берел жазығынан жер бесігінде 25 ғасыр тербеліп жатқан патша әулеті мұқым нөкерлерімен, сауыт-сайман, астарына мінген аламан тұлпарларымен қоса қазылып алынды. Тарих үшін, күллі түркі жұрты үшін бұл теңдесі жоқ кесек оқиға болғаны рас. Тәуелсіздік жемісін осы оқиғадан бастап тергеніміз, оның қадір-қасиетін осы тамаша жетістік арқылы танығанымыз жөн болар. Сол бір аса қымбат жәдігерлер арқылы қазақ жұрты бүткіл әлемге аттың жалы, түйенің қомында ғана туып, көшіп-қонып, өсіп-өнген жартылай жабайы халық емес, сол дәуірлердегі өркениеттің көш басында болғанын дәлелдеді.
Сондай тарихи жұрттың суын ішіп, отын жағып отырған облыс халқы да бабалар дәргейіне татитындай болуға тырысатыны сөзсіз. Өңірдің мәдениеті, білім беру, денсаулық сақтау, басқа да әлеуметтік салалары ел егемендік алғаннан бергі кезеңде қарқынды дамып келеді десек, қателесе қоймаспыз. Бұл жылдар ішінде халықтың әлеуметтік деңгейі шынайы көтерілді, бір ғана 2010 жылы 16,8 мың адам жұмыспен қамтылса, 900-ден астам білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары жөндеуден өткізіліпті. Өткен жылдар жүзінде жаңадан ғана 14 денсаулық сақтау ғимараты, он бес жыл ішінде 65 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілген. Облыс аумағындағы 731 білім беру мекемесі Қазақстанның болашағы саналар жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде республикада алдыңғы орында.
2003 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада кітапханалардың интернетке қосылған компьютерлік жүйесі пайда болды. Қазіргі таңда облыста 671 мәдениет ошағы жұмыс істейді. Жыл сайын мәдениет саласына бөлінетін қаржы да артып келеді.
Шығыс Қазақстан – халықтар достығының күміс жақтаулы бесігі. Мұнда 120-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп, қолтықтаса еңбек етуде. Олардың туған жұрттарының әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, тілі мен ділінен қол үзбеулеріне барлық жағдайлар жасалған. Ертіс өзенінің сол жағалауы аталатын телімінде сандаған ұлттардың тұрмыс-тіршілігінен толық мағлұмат беретін әсем де көрікті Этноауыл бой көтерді. Ол ауылдың Қазақстанда баламасы жоқ. Оның тұсауын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев кескенін облыс халқы үлкен абырой санайды.
Спорт және туризм саласында жеткен жетістіктері де атан түйеге жүк боларлықтай. Тәуелсіздіктің мерейтойы жылғы Қазақстанда өткен Азиада ойындарында Шығыстың спортшылар жақсы нәтижелер көрсетті. Ол ойынға облыстан 20 спортшы қатысты. Полторанин, Яцкая, Малахова, Коломина, Закурдаев, Галышева, Бабенко сынды саңлақтары әлем спортының төрін шаңдатып жүр...
Қазақтың пайғамбардан не әрі, не бері емес кемеңгері Абайдай алыбымызды Өскеменнің төріне шығарғанымызды, тағы да сол Өскеменнің марксизм-ленинизм классиктерінің макинтошын жамылған көшелері бүгінгі күні Қабанбай боп, Сәтбаев, Қайсенов, Төлеген Тоқтаров, Тәуелсіздік боп ұрандап жатқанын әңгіме арасында қыстыра кетсе қайтер еді?!
Әлібек ҚАҢТАРБАЙ, журналист.
Өскеменді қақ бөліп, қолаң шашты арудың қос бұрымындай ширатылып, еркелігінен ерте айырылған кексе Ертіс пен оның төркіндес «сіңлісі» – үлбіреген Үлбі бет жүздерін солтүстікке бұра моп-момақан ағып барады. Бағзы замандардан солай. Бастауын жатжұрттан алатын ақ Ертістің арнасы сәл-пәл төмендеген. Оған кінәлі мен емеспін дегендей қызара қымсынады. Оған қарағанда Үлбі тым-тым еркіндеу. Шаңырақтағы оң жақта отырған кенже қыз секілді. Шолжың. Ерте көктемде шолжаңдаймын деп жүріп жағалауында жан сақтап отырған біраз жұрттың дүние-мүкәмалын шайып та кетеді. Оған жұрт та мейіріммен қарауға үйренген... Қалай болғанда да осы қос өзен ағысын тоқтатпаса екен. Өңір өмір нәрін осы екеуінен алып отырғаны шындық.