Кеше Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджановтың төрағалығымен ел тәуелсіздігінің тарихында тұңғыш рет партиялық тізім арқылы сайланған палатаның бесінші сессиядағы алғашқы отырысы болып өтті. Онда спикер кіріспе сөз сөйлеп, алдағы міндеттерге кеңінен тоқталып өтті.
– Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары демократия мен нарықтық экономиканың жаңа моделін жасау, еркін, ынтымағы жарасқан, көп ұлтты қоғам орнату жолында біршама қиындықтарды бастан өткерді, – деді Мәжіліс Төрағасы өзінің кіріспе сөзінде. – Еліміз сол қиындықтарды жеңіп шығып, көршілес елдерден бұрын қарқынды даму жолына түсіп, өзінің жалпы адамзаттық мұраттар мен мақсаттарды ұстанатындығын растай алды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына ойдағыдай төрағалық ету, осы ұйымның тарихи Астана Саммиті, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық ету және Қазақстанның басқа да сыртқы саяси табыстары – еліміздің халықаралық аренадағы жоғары беделінің көрсеткіші екендігі даусыз.
Осыны айтқан спикер табыстарымыздың бәрі тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, оны орнатушы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында қол жеткізілген бүкіл Қазақстан халқының жеңісі екендігін ерекше атады.
О.Мұхамеджанов бесінші сессияны ашарда Елбасы заң шығарушылардың жұмысына жоғары баға бергендігін айта келіп, бұл заң шығару процесін одан әрі жандандыруға ынталандыратынын, жоғары жауапкершілік пен ұйымшылдықты талап ететіндігін жеткізді. Алда елдің орнықты және теңгерімді дамуын, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы үлкен шаруалар күтіп тұр. Отандық экономиканың инновациялық жолға шығуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ энергетика саласының инвестициялық мүмкіндіктерін арттыратын нормативтік-құқықтық база қалыптастыруды жалғастыру қажет, деді осы орайда Орал Байғонысұлы сөзін сабақтай түсіп. Сондықтан да «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» және жуық арада келіп түсетін «Энергия үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру туралы» заң жобаларын жедел қарап, қолданысқа енгізу қажет.
Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және бизнес пен халық арасындағы өзара сенімді нығайту мақсатында «Халықтық IPO» бағдарламасын іске қосу үшін жаңа құқықтық негіз жасау да уақыт талабы. Елбасы Қазақстандағы бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту үшін бизнестің жаңа субъектілерін тіркелген күннен бастап 3 жылға дейінгі мерзімде мемлекеттік органдардың жоспарлы тексерулеріне заңнамалық тұрғыдан тыйым салу қажеттігін атап көрсетті. Депутаттар бюджет жобасына қатысты нысаналы ұстанымдар мен талаптарды заң жобасы Парламентке енгізілгенге дейін-ақ айқындауға тиіс.
Әлеуметтік жаңғырту процесін одан әрі жалғастыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сол арқылы бүкіл қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру алдағы сессиядағы басты міндеттердің бірі болып табылады, деді О.Мұхамеджанов. Олай болса, Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында айтылған тапсырмаларды іске асыруды заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету өз жалғасын таппақ. Бюджет жобасымен жұмыс істеу барысында халықты әлеуметтік қорғау сияқты стратегиялық бағытты қажет ететін қаржы ресурстарымен нығайта түсу біз үшін аса маңызды. Президенттің тапсырмасы бойынша білім беру мен ғылымның құқықтық базасын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру керек. Спикер, сонымен қатар, зияткерлік меншік нарығы дамуының негізін қалап, еңбек қатынасына қатысушылардың мүдделеріне сай Еңбек кодексін жетілдіру де орынды екендігін айтып кетті.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары мен сот жүйесін реформалаудың заңдық негізін кеңейту жөнінде нақты тапсырма бергендігін, осыған байланысты Парламент ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы қылмыстық және қылмыстық-іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған заңдарды қабылдауы керек екендігін жеткізді. Жергілікті соттардың рөлін арттыру және Жоғарғы Соттың қадағалау функцияларын кеңейту үшін бірқатар мәселелерді шешу назарға алынған. Сонымен бірге, «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңның жаңа редакциясын және «Арнайы мемлекеттік органдар туралы» заң жобасын қабылдау қажет.
Алдағы сессиядағы депутаттардың заң шығару қызметіндегі басым бағыттардың бірі отандық бұқаралық ақпарат құралдарын және үкіметтік емес ұйымдарды дамыту болып отыр, деген Мәжіліс Төрағасы Парламент «Телерадио хабарларын тарату туралы», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобаларын қабылдауы керектігін атап көрсетті. Спикердің сөзінен жақын арада қабылдануға тиісті банк қызметі және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу, жобалық қаржыландыру, адвокатура, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, бюджеттік процесс пен уәкілетті органдардың мемлекеттік және бюджеттік жоспарлауға қатысты құзыретінің аражігін ажырату мәселелері жөніндегі заң жобалары пысықталып жатқаны да белгілі болды.
Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттің стратегиялық жоспарларының орындалуына, даму бағдарламаларына жұмсалатын қаражатты тиімді пайдалануға Парламент қатаң бақылау жасап отыруы қажет. Бұдан басқа, Парламент палаталарының бірлескен отырысында саяси маңызы зор құжат – Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы декларациясын қабылдау жоспарлануда. Атқарылатын істер қанша ауқымды болғанымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы арқылы әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсарту үшін Елбасы алдымызға қойған міндеттерді ойдағыдай шешетінімізге кәміл сенемін. Әрине, мұндай көлемді де қомақты жұмысты абыроймен атқару Үкімет тарапынан да ширақ іс-қимылды талап етеді. Үкімет тиісті заң жобаларын Мәжіліске дер кезінде және сапалы түрде түсіріп, депутаттардың көтерген мәселелеріне уақытында жауап қайтарып, орынды ұсыныстарына қолдау көрсетіп отыруға міндетті, деді О.Мұхамеджанов.
Кешегі отырыстың күн тәртібіне шығарылған жиырма мәселенің барлығы да оң шешілді. Алдымен күн тәртібінде Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалған Мәжіліс депутаты Қылышбай Бисеновтің депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе депутаттар тарапынан қолдау тапты. Мәжіліс Төрағасы депутаттың төрт жыл бірлесе атқарған заңшығарушылық жұмысын жоғары бағалай келіп, өзі және әріптестері атынан үлкен ризашылығын жеткізді.
Осы ретте «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және осы жылдар аралығында Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларына қорытынды әзірлеу мәселесі де қолдау тапқандығын айта кету керек. Сондай-ақ күн тәртібінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент айқындап берген төрт блок бойынша бірқатар заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімдері анықталды. Атап айтқанда, «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ілеспе заң жобалары қаралып, заңнамалық айналымға алынды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.