Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Пәкстан Ислам Республикасының Премьер-министрі Сайед Юсуф Реза Гиланимен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Ақордада өткен кездесудің ресми рәсімінен кейін келіссөздер жүргізілді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Пәкстан Ислам Республикасының Премьер-министрі Сайед Юсуф Реза Гилани халықаралық және аймақтық ұйымдардағы екіжақты өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
– Мен сізбен Қазақстанда кездесіп тұрғаныма өте қуаныштымын. Бұл – сіздің бірінші сапарыңыз. Біз тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап сіздердің елдеріңізбен жақын қарым-қатынастар орнатуға ұмтылып келеміз. Мен сіздің елде екі рет болдым. Пәкстан басшылығы да біздің елімізде болды. Біздің елдеріміз арасында халықаралық құжаттар пакеті, уағдаластықтар, келісімдер бар. Біздің өзара іс-қимылдарымызды одан әрі дамытудың жолдарын талдап, нығайту және белгілеу үшін сіздің сапарыңыз қазір біз үшін өте маңызды. Әлем шын мәнінде өзгерістерге толы, біздің аймаққа зор көңіл бөлініп отырғаны байқалады. Біз бұл аймақта бейбіт жағдайда тарихи өмір сүріп жатырмыз, бұл сауда үшін, көптеген өмірлік мәселелерді бірлесіп шешу үшін тиімді, деді Мемлекет басшысы.
– Президент мырза, сіздердің әсем астаналарыңызда маған және мен бастап келген делегацияға көрсетілген жылы шырайлы қабылдауларыңыз үшін үлкен рахмет. Астана әуежайына келіп қонғанымызда, мен елордаларыңыздың айналасында созылып жатқан бидай даласын көрдім. Бұл көрініс маған қатты әсер етті. Пәкстанда да бидай өсіріледі. Бүгін Қазақстанның Премьер-Министрімен кездесу кезінде мен бидайдың өнімділігін арттыру үшін зерттеулер жүргізіп, бидай өсіру жөнінде екі ел арасында ғылыми-өндірістік тәжірибе алмасуды ұсындым, деді Сайед Юсуф Реза Гилани.
Кездесу барысында Ауғанстан, Магриб аймағы мен Таяу Шығыстағы жағдайлар туралы пікір алмасылды. Ядролық қарусыздану мәселесі, аймақтық «күн тәртібіндегі» өзекті мәселелер, оның ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мәселелер талқыланды. Лаңкестікпен және экстремизммен күресте құзырлы органдардың өзара іс-қимылы қажеттігіне ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы саласында және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жөнінде бірлескен өндірістер құру туралы перспективалық жобалар бар. Қазақстан дәнді дақылдардың ірі өндірушісі ретінде аталған өнімді Пәкстанға тасымалдаушы болуы мүмкін. Пәкстан қазақстандық тауарлардың транзиті үшін теңіз айлағын ұсынуға дайын. Бұл Қазақстанның экспорттық өнімдерін әлемдік рынокқа шығаруға мүмкіндіктер туғызады. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге қосымша серпін беру үшін темір жол мен автокөлік дәлізі пайдаланылатын болады. Пәкстандық инвесторларға Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысу туралы ұсыныстар жасалды. Осы орайда Пәкстанның іскер топтары үшін қазақстандық рынок пен Кеден одағына мүше Ресей мен Беларусьтің рынок әлеуеті ашық.