Абзал азамат, аяулы дос Көрік Дүйсеев туралы сөз
– Алдымен мына мәселені шешіп алайық, – деді ол.
– Қандай мәселе айтпағың?
– Адам баласы қанша ұзақ өмір жасаса да, түбінде бір өледі ғой...
– Иә, пәни жалғаннан бақилық болмақ демексің ғой?
– Сонда қазаның жақындағанын біле ала ма, адам? Сезе ме?
– Енді бастан кешпеген соң...
– Жақындағанын білсе керек.
Мен ойланып қалдым. Ол ертеңгі күні болатын операцияға дайындалып жүрген. Бүйрекке. Алдында екі-үш жыл бұрын біреуін алдырып шыққан еді. Мен не дерімді білмей, тіксініп тұрмын. Бұл не батылдық? Осылай да бола ма екен? Адам ажалдан қорқу керек емес пе? Жалғыз рет берілетін жарық дүние...
Ол деп отырғаным – студенттік кезден бірге келе жатқан дос, абзал азамат, жарқын жүзді, ақ пейіл, зейінді, алғыр, бала мінезді Көрік Құндызбайұлы Дүйсеев еді...
Операция ұзаққа созылып, сәтсіз аяқталды. Алладан аман-саулығын тілеп, жүректері дүрс-дүрс соғып тұрған ең жақын деген бес-алты адам үнсіз егілеміз.
Халыққа, әлі елге керек бір азаматтан қапыда айырылып қалдық... Ол кім болған еді дейсіз ғой...
Көрік Жамбыл облысының Шу өңірінде дүниеге келген еді. Ата-ананың мәпелі мейірі, жылы алақаны оған бұйырмаған екен. Бірақ кішкентай ауыл баласы мұқалмай, жұқармай, жүдеп-жадамай шымыр, ширақ өсті. Әке қарындасының бауырында барлық шаруаға пысық өндіршін мектепте де алғыр, зейінді, талапты бала болып шықты. Сол қалпымен онжылдық мектепті үздік бітіріп, Алматыға оқуға келді. Қайда, қандай жоғары оқу орнына түсу керек? Ол көп ойланған жоқ, өзі ұнатқан, арманына белтемір болған Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіндегі журналистика бөліміне жол тартты. Бұл жылдары Алматы жоғары оқу орындарының бәрінде де «конкурс» деген сөздің будақтап, алдан бұрқырап, жүректі сескендіріп өріс алған кезі болатын. Тәуекел!
Көрік көп ойланбастан қазақ бөліміне құжаттарын тапсырып, емтиханға сақадай сай тұрды. Бір орынға – бес-алты баладан. Жалғыз Алладан ғана жәрдем. Алланың аты – әділдік. Ол «құлаған» жоқ, «жылаған» жоқ. Құдай құлатпады, құдай жылатпады. Жиырма бестің жон ортасынан орын алып, Дүйсеев оқуға түсті. Студент. Болашақ журналист.
Ол бес жыл жатпай-тұрмай оқып, кітапханалардан шықпай журналистиканың ұңғыл-шұңғылының баршасын түгендеп, қызыл дипломмен университетті бітірді. Енді – қызмет. Сол баяғы әкесінің қарындасы – апасы екеуі атышулы Тастақта тұрды да, Алматы облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Жетісу») газетіне жұмысқа орналасты. Тәжірибелі үлкен журналистер редакцияда оны өз қамқорлықтарына алды. Талантты жігіт газеттің қыр-сырын біліп, ішкі қазанынан қайнап шыға келді.
Біз ол шақта Көрікпен бір курста оқыған алты азамат «Лениншіл жас» газетіне жолдамамен шақырылған едік: Бекен Әбдіразақов, Әбіқұл Ибрагимов, Фермехан Шоева, Салық Молдахметов, Таңатқан Рсаев және мен. Ұстаның темір көрігінде қызған болаттай редакцияның олқы тұстарына тіреу болып тұра-тұра қалдық. Жас қаламдардың жарысы. Республика жастарының асау да тасқынды еңбегі! Теміртаудағы Қазақстан магниткасы атанған Бүкілодақтық комсомолдық құрылыс! Қаратау, Жамбыл кен-химия комбинаттары! Екінші тың атанған – комсомол-жастардың қой шаруашылығы, қой санын елу миллионға жеткізу!
Алғаш Көрік екеуміздің журналист ретіндегі сапарымыз 1960 жылдың ақпан айында Алматы облысындағы Кеген ауданының Жалаңаш селосында түйісті. Ол – «Коммунизм таңынан», мен – «Лениншіл жастан» іссапармен бір күнде, бір сағатта. Ортақ тақырып, ортақ мәселе. Кеген аудандық комсомол комитеті бір дүрілдеген жаңалық бастаған. Бүкіл аппарат қызметкерлері тайлы-таяғымен комитеттегі үстел, қағаздарын мансұқ етіп, ауданның артта қалып, «көгермей» жатқан «Ұзынбұлақ» совхозы «Жалаулы» сиыр фермасын биікке алып шығуға бастама жасаған. Бұрын-соңды болмаған, ел естімеген қадам! Соны Орталық Комитеті бар, облыстық комитеті бар қолдап, қостап, марапаттап бүкіл республикаға паш етуі керек. Паш ету деген не? Радиосы, теледидары бар, ең бастысы – «Лениншіл жас» пен «Коммунизм таңы» газеттері! Партия мен комсомол айтты – бітті!..
Ол дәуірдің ішкі бір құпиясы – артта қалғандарды алға бастыру. Ұран! Айғайлау. Қорытынды, нәтижесімен ешкімнің жұмысы, бәтуәгерлігі тәмәм.
Аудан комсомолдарының бірінші жетекшісі Нүсіпақынова деген өткір, табанды келіншек – «Жалаулы» фермасының меңгерушісі, қалған қызметкерлер – бригадир, есепші, сауыншы, бұзаушы, падашы боп кете береді. Жалпақ дүниеге жаятын жаңалық!
Жаңалықтың жік-жігін, бақайшағына дейін қалдырмай, біз Көрік екеуміз ұйқы-күлкі жоқ, екі күн ішінде бір-бір беттен екі газетке жарқ еткіздік. Тау құлатқандай мәзбіз. Өмірде болмаған оқиғаны бірінші боп көкке көтерген жас... талантты, қалам иелері! Сөйтсек... Бір жұма өтпей «Комсомольская правда» газеті: «Мұндай жаңалықты қолдауға болмайды, аудандық комсомол жетекшілері бүкіл аудан шаруашылығына жастарды жұмылдыруы тиіс, бір ферманы емес...» деп қарап отыр.
Айтты-айтпады, Көрік екеуміз бір тапсырманы осылай орындаған едік.
Содан көп ұзамай досымыз партия қатарына өтіп, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне жауапты қызметке орналасты. Одан көп ұзамай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің партиялық-ұйымдастыру бөліміне инспектор-ұйымдастырушы боп өсті. Мақтадық, мақтандық. «Ой, ерім-ай! Тусаң – ту», дедік. Біздер сол отыз бес болып бітірген жігіттер арасынан ғалымдар, ақындар, жазушылар, облыстық газеттердің редакторлары шықты. Бес жыл бойы курста белімізден басып «старосталықта» жүрген апайымыз Тұрсынхан Әбдірахманова филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның халық жазушысы, Жайсаңбек Молдағалиев – ғылым кандидаты, Жазушылар одағының мүшесі, тың туралы романдарды дүниеге әкелген әйдік прозашы болды. Содан кейінгі төрт курстасымыз: Бақыт Мұстафин – Солтүстік Қазақстан, Салық Молдахметов – Қостанай, Құмар Жиенғалиев – Гурьев, (Атырау) Бақтияр Әбілдаев – Жамбыл облыстық газеттерін басқарды. Бекен Әбдіразақов – «Жұлдызда» жауапты хатшы, Байжігіт Әбдіразақов – «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі, Мағзом Сүндетов – зор қаламгер, «Жазушы» баспасының жауапты қызметкері, Әбіқұл Ибрагимов – Алматы облыстық радиосының директоры жұмысын абыроймен атқарды. Бұларға «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакторының орынбасары Таңатқан Рсаевты, тарихшы Ағыбай Мұқатаевты, журналистерден шыққан тұңғыш генерал-майор Мұрат Қалматаев пен телевизия қызметінің ардагері Нығметжан Әбеновті қосыңыз. Бәрі-бәрі Көрік Құндызбайұлының жақын, пікірлес достары еді.
...Үшінші курста оқып жүрген кезде ол «Білім және еңбек» деген журналда машинистка болып істейтін Тойхан деген қызға үйленді. Комсомолда қызметте жүргенде. Мен күйеу жолдас болдым Көрікке. Ақ жарқын, әдемі күлкісі бар, бидай өңді, ажарлы қыз еді. Тойларында Ғафу Қайырбеков асабалық жасап, дүниені, жас жұбайларды асқақ көңіл күйге бөледі. Қасымның «Дариға сол қыз» әнін шырқап берді...
Көрік Тойханнан екі ұл, бір қыз көрді. Ермек, Еркін, Ажар. Олар да әкелеріне тартып білімді, қарымды, адал азаматтар боп өсті. Үйлі-баранды, балалы-шағалы, әртүрлі қызметте қазір.
Көрік Дүйсеев келе-келе Орталық Комитеттегі үлкен басшы – идеология хатшысының көмекшісі, сондағы идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары, аға газет «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы, республика Жоғарғы Советінің депутаты деген биік мансаптарда тізгін ұстап, беделі биіктей берді. Сөйтіп, біз біраз жылдар курстас, сырлас, адал әріптесімізден алыста қалып, шеттей жаздағанымыз бар.
Біз оны Белинский деуші едік... Әдебиетті, әдебиет сынын жақсы көретін. Барлық жанрларды талдай түссе, білімдарлығына таң-тамаша қалатын едік.
Көрік Құндызбайұлы Дүйсеев еліміздің тәуелсіздікке қол жеткен жылдары Президент Әкімшілігі Наградалар бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де мемлекеттік, қоғамдық қызметтердің тізгінін ұстап халқына, туған еліне, жеріне берілгендігін көрсетті.
Белгілі қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Көрік Құндызбайұлы Дүйсеев шығармашылық жұмыста да айтарлықтай еңбек етті. Әдеби-публицистикалық үлкен шығармаларды қазақ тіліне ғажап тәржімалады. Ол туындылары қазақ әдеби аудармасының алтын қорында. Журналистер достығынан артылып, халықтар достығын, бірлігін ойлаған азаматқа қандай ескерткіш қойса да жарасады.
Көкеңмен «Егемен Қазақстан» газетіне басшы болып барғанда жиірек хабарласып тұрдық. Республиканың бас газетіне басшылық жасау жауапкершілігін ойдағыдай атқару үшін жанын салып жұмыс істегеніне куәміз. Жолыға қалғанда, газет нендей мәселе көтеріп жатқанын айтып, әңгіме арнасын соған аударар еді. Әлі есімізде, Алаш ардақтылары Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовты ақтау жүріп жатқанда, олар жайында жедел материал беруде «Егемен Қазақстан» үлкен белсенділік көрсетсе, оның Көрік Дүйсеевке тікелей қатысы болды. Ол үкіметтік комиссиямен байланыс жасап, кімнің қашан ақталатынын біліп отырды, күні бұрын олар жайында материалдар әзірлетті.
Адами құрмет өз алдына, Көрік ресми құрметке де бөленген жан еді. Ордендермен, медальдармен, Құрмет грамоталарымен де бір емес, талай рет марапатталған. Жақын жүрген, жақын білген адамдардың көңілінде оның айналасына шуақ шашқан жайдары бейнесі ешқашанда өшпейді. Оның достары көп еді. Бәрін жақсы көретін.
Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ, жазушы.
Алматы.