Бұл проблема туралы соңғы кездері аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Дегенмен, мәселенің көкейкестілігін ескеріп, қолымызға қалам алғанды жөн көрдік.
Тіршіліктегі басты құндылық – адамның өмірі екені белгілі. Бір күннің ішінде сан мыңдаған адам өмірге келіп жатса, сол секілді сан мыңдаған адам бақилық болады. Оның ішінде, талқаны таусылып, Жаратушы қалауымен өмірден озатындарын айтпағанда, өз өміріне өздері балта шауып, ажалынан бұрын өмірімен қоштасатындары қаншама. Бүкіл әлемді алаңдатып отырған осынау мәселе соңғы жылдары өршіп келеді.
Австрия мамандарының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында (ДДҰ) жасаған баяндамасы бойынша, бүгінгі күні соғыс пен қанды қылмыстарға қарағанда, әлемде өз-өзіне қол жұмсау салдарынан өмірден өтетіндер көп екен. Бұл қауіпті құбылыстың біздің еліміздегі көрінісі де көңіл қуантарлықтай емес. Десек те, ДДҰ зерттеулері нәтижесіне жүгінсек, өзін-өзі өлтіру жөнінен Қазақстан үшінші орынға, Орталық Азия елдері бойынша бірінші орында тұр екен. Осыған сәйкес, жалпы әлемде әрбір 40 секунд сайын, елімізде әр сағат сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайтын көрінеді.
Латын тілінен аударғанда суицид мағынасы (cui – өзін, caedere – өлтіру), яғни өз өміріңе балта шабу, саналы түрде өмір сүруді тоқтату дегенге саяды. Бүгінгі таңдағы өте салмақты мәселеге айналған осынау аты жаман дертті әркім әрқалай қабылдап, өз алдына топшылайды. Бірі – заманның өзгеруі десе, екіншілері – әлеуметтік жағдайдың қиындығынан, не болмаса, денсаулықтың салдарынан деп таниды. Ал кейбіреулер тұқым қуалаушылық жолымен келеді деседі. Ойлап қарасаң, дене түршігерлік жәйт. Расында, мұндай жағдайларға адамдар түрлі себептермен барады.
Кеңес Одағы кезінде бұл мәселе жабық қаралатын болған. 1930 жылы Санақ жөніндегі мемлекеттік комитет өз-өзіне қол жұмсағандармен айналысатын секторды жауып, бұл жұмысты психиатрға тапсырады. Неге десеңіз, өзіне-өзі қол жұмсағандарға ақыл-есі кеміс, психикалық ауруға шалдыққандар деп баға берілді. Сол кезде АҚШ-та да өзін өлімге қиып, одан аман қалғандарды жазасын өтеу үшін түрмеге қамайды екен. Дүние жүзінде жыл сайын шамамен 1 миллиондай адамның өз-өзіне қол жұмсап, 10-20 миллиондай адамның өз өмірлерін қиюға әрекет жасайтындығы белгілі болып отыр. Осыған орай, мамандардың пікірін білу үшін ІІМ емханасының дәрігер психиатры Зәуреш Солтанғазиноваға жолығып, қоғамды алаңдатып отырған суицид мәселесі жайлы ойын сұраған едік.
– Ғылыми болжам бойынша, суицидтің үш түрі бар, – дейді Зәуреш Баритденқызы. – Оның біріншісі көбінесе жасы егде тартқан адамдар мен жасөспірімдер арасында ашық түрде белең алатын түрі. Мысалы, жасөспірімдерге «Қалай өмір сүремін? Мен қандай адам боламын?», яғни болашаққа деген сенімсіздік себеп болса, қарт кісілерді «Мен қалай өмір сүрдім, бұл өмірде кім болдым?» деген ой мазалайды екен. Екінші топқа өз өміріне жауапсыз қарайтын, атап айтқанда, белгілі бір қауіпті аймақтарда жиі жүретін кісілерді жатқызуға болатын сыңайлы. Үшіншісі – қорқыту, үркіту, немесе өз айтқанымен жүргізу мақсатын көздейтін, әйелдер арасында көп кездесетін демонстрациялық түрі.
Адамдардың өз еркімен өмірін қиюы мәселесін дәрігерлер, психологтар, психотерапевтер, зерттеушілердің қарастырып келе жатқанына да біраз уақыт болды. Алайда, одан еш нәтиже шығар емес. Керісінше, күн өткен сайын жағдайдың ушығып бара жатқандығы байқалады. Дағдарысты күйге тап болғандар оны тек үйдің ішінде талқыға салып, сыртқа шығармауға тырысады. Сондықтан да, мұның себебі көп жағдайда анықталмай қалады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицидтің 800-ден астам түрін анықтаған. Ежелгі халықтардың діліне жат болған бұл ұғым, соңғы жылдары белең алып, дерт көзіне айналды. Бұл ретте, кез келген дін өз-өзін ажалға қиятындарға оң қабақ танытпайтыны белгілі. Кезінде христиан діні өкілдері осы жолды таңдаушыларды жер қойнына тапсырмаған. Ал ежелгі Грекияда өздеріне қол жұмсауға ұмтылғандардың қолдарын шауып тастаған. Ал ислам мемлекеттерінде бұл – сирек кездесетін құбылыс. Шариғатымызға қайшы келгендерге жаназа намазы оқылмайды, Құран бағышталмайды.
Қиындықтан құтылудың жалғыз жолы – өз-өзіне қол жұмсап, ажал құшу болмаса керек. Оны «ойланбастан шешім қабылдаудың салдары» деп түсінген дұрыс. Адамдар көбінесе басына қиыншылық түскен кезде оны шешудің жолдарын таба алмай, осы дертке шалдығып жатады. Шығыста «Бір күндігіңді ойласаң, күріш ек, он жылдығыңды ойласаң, ағаш ек, жүз жылдығыңды ойласаң, ұрпағыңа жақсы тәлім-тәрбие бер», деген қағида бар. Бұл жерде айтайын дегенім, егер әрбір балаға жастайынан жақсы тәрбие беріп, стереотипке бой алдырмай, өмірді бағалай білуге үйретіп өсірсек, мұндай қайғылы жағдайларға тап болмасымыз кәдік. Бұл ретте баланың бойында патриоттық сезімді оятып, өмірге деген құлшынысын арттыру үшін нәтижелі әрі түзу бағыт-бағдар беруіміз абзал. «Адам өмірге ессіз болып келеді, есалаң өмір сүреді», деп адам өміріне қысқа ғана «мінездеме» берген Асқар Тоқпановтың бұл сөзінен талайды аңғаруға болады. Әйтсе де, ессіз кезінде өмірмен есеп айырысқысы келетіндер көбейіп кетті. Содан секем алды ма, соңғы уақытта өз-өзіне қол жұмсаушылар арасындағы суицид себептерін анықтау үшін елімізде мамандар сараптама жүргізе бастады. Соның нәтижесі бойынша балиғат жасқа толмаған балалар арасында 2005-2007 жылдары 1146 өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы тіркеліп, соның 750-інде кәмелетке толмағандар сөзге келмей, «жүріп» кеткен. Мұндай жәйттер күн өткен сайын өсе түсуде.
Қалай десек те, тілге тиек етіп отырған бұл проблеманың себебі өте көп. Дегенмен, мұсылман баласы үшін өзіңе-өзің қол жұмсау ауыр күнә екендігі еш күмәнсіз. Өйткені, жан – Жаратушының адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат. Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп біледі, өткінші деп қарайды. Әрбір қиындықтан кейін, жеңілдіктің келетініне сенеді. Жаратушыдан үмітін еш үзбейді. Сабыр етеді. Өмірдің ең қиын сәттерінде де өзін өлтіруге бармайды. Ендеше, өзін-өзі өлтірудің себептерін өмірдің қиындықтарынан іздеу дұрыс емес. Мұндағы басты себепті «сенім» деп білген жөн. Иманы толық адамдарда қандай да бір қайғыны жабыла көтеру, қиыншылыққа ортақтасу деген бар. Ал имансыз жандарда мұндай жағдайлар кездесе бермейді. Сол себепті қиналған кезде қайғысы еселеніп, бұл дүниеден қашудан басқа жолы қалмайды. Өйткені, о дүниеге деген сенім жоқ. Сөйтіп, онсыз да қызығы қашқан өмірінен баз кешіп, бұл жалғанмен қош айтысып кете барады.
Суицидтің алдын алу үшін бірінші кезекте күнделікті қарым-қатынастағы жақын адамдарымызға жылы шырай танытып, ішкі жандүниесін түсінуіміз қажет. Осы арқылы ғана жақсы жағынан ықпал етіп, үлкен нәтижеге жетеріміз хақ. Сонымен қатар, қолдау көрсететін түрлі мекемелер де жеткілікті. Солардың көмегіне жүгініп, өмірімізге қажетті нәр ала білсек, бұл проблеманы еңсере алатынымыз күмәнсіз.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.
Астана.