Түркия мен Израильдің керіскені кімге пайдалы
Бір кезде жап-жақсы дипломатиялық қарым-қатынаста болған бұл екі елдің арасы нілдей бұзылды: Израиль кешірім сұраудан бас тартқан соң, Түркия бұл елдің елшісін кері қайтарып, дипломатиялық қарым-қатынасын ең төменгі шекке түсірді.
Түркия, оның премьер-министрі Реджеп Тәйіп Эрдоған осындай шешім қабылдады. Оған себеп – өткен жылы Израиль әскерінің әрекеттерінен тоғыз түрік азаматының қаза болуына Израиль жағы кешірім сұрамаған, тек өкініш білдірген де қойған. Және кешірім сұрамайтынын атап көрсеткен. Мұндай жағдайда түрік жағының қадамдары орынды сияқты көрінеді. Сөйтсе де сұрақ көп.
Арада жылдан аса уақыт өтіпті. Бұдан бұрынырақ неге мұндай талап қойылмаған? Және осыдан біраз бұрын ондаған жылдар бойы Түркия мен Израиль жақсы қарым-қатынаста емес пе еді? Мұсылман елдері ішіндегі Израильдің тірегі Түркия еді ғой? Біраз араб елдерімен тіл табыспаған Түркия Израильмен тіл табысқан. Сірә, бұл сұрақтың жауабын үкімет басына исламдық Әділет және даму партиясының келуінен табуға болғандай. Израиль мен исламдық араб елдері арасындағы қайшылықта енді Түркияның исламға қарсы жақпен ынтымақта болуы қиын. Ал Израильдің кешірім сұрамауына байланысты Түркияның жауабы себептен гөрі желеуге жақын.
Желеу десек те, сол екі елдің арасын ажыратқан оқиғаға сәл тереңірек тоқталайық. Өткен жылдың мамыр айының аяғында Түркияда бірнеше кемеден тұратын «Бостандық флотилиясы» жасақталып, Палестина автономиясының бір бөлігі саналатын Газа секторына гуманитарлық тауар жеткізбек болды. Ал Газа секторы Израиль қоршауында. Мұндай жағдайда оған басқалардың баса-көктеп кіруіне болмайды, ұнасын-ұнамасын Израильдің рұқсатын сұрауға тиіс. Мұны түрік жағы жақсы білді. Сөйтсе де, бір жағы дау тудыру үшін де болар, флотилия рұқсатсыз кіруге әрекет жасады. Сонда Израильдің арнаулы әскері оларды бейтарап теңізде тоқтатып, тексеруге алды. Осы кезде флотилияның флагманы саналатын «Мави Мармара» кемесінде Израиль теңіз әскерилері гуманитарлық көмек белсенділері тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Олар, әскерилер қару жұмсамайды деген болар, арматура, пышақты пайдаланып, оларды сабай бастады. Оған жауап ретінде қару қолданған израильдіктер тоғыз адамды атып өлтірді.
Біз бұл оқиғаны БҰҰ-ның арнаулы комиссиясы әзірлеген баяндама бойынша баяндап отырмыз. Комиссия Израиль арнаулы әскерінің әрекеттерін «орынсыз және ақтауға болмайтындай» десе де, Газа секторының Израиль тарапынан қоршауға алынуын негізді санайды.
Сонымен қатар, Түркия біршама қатқыл мәлімдемелер жасап, Израильмен сауда және әскери қатынасын тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Эрдоғанның «Біздің кемелеріміз олардың аумақтарында жиі көрінетін болады», дегені мәселенің тым тереңдеп кеткенін аңғартады.
Екі ел арасындағы шиеленістен оның бір жағы айтарлықтай дипломатиялық жеңіске жетті деп тұжырым жасаудың реті жоқ. Олардың екеуі де әлемдік саясаттағы мықты бір серіктесінен айрылғаны анық. Бұл олардың саясатына да, экономикасына да әсер ететін болады. Ал бұл екі елдің қақтығысы Таяу Шығыс дейтін аймақтағы шиеленісті күшейте түседі. Израиль Түркиядан айрылса, оның орнын басқалар басады, Түркияға да солай. Бірақ оның екі ел үшін біраз қолайсыз салдары болатыны заңдылық.
Қазіргі заманның басты қатері
Жамандық қайталанбасын деп сол жамандықты да еске алып отыруға мәжбүрміз. Осыдан он жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2001 жылдың 11 қыркүйегінде Нью-Йоркте ең үлкен қаңқұйлы лаңкестік әрекет жасалып, әлем жұртшылығының жанын түршіктірді. Содан бері қай жерде болса да лаңкестікке жұрттың құлағы түрік жүреді.
Лаңкестіктен сақтану керек. Бұрын көбіне осынау қазіргі заманның басты қасіретіне айналған құбылыс ислам экстремизміне тән деген пікір қалыптасса, енді жағдай өзгеріп отыр. Жақында ғана барынша тыныш ел саналған Норвегияда бір лаңкестің қолынан жүзге тарта жасөспірімнің өмірі қиылғаны осынау кесапаттың географиясы шексіз екенін аңғартады. Лаңкесті күтпеген жерден көруге болады екен.
Соңғы он жылдағы лаңкестікпен күрес сабағы бұл құбылысқа көзқарасты да, онымен күрес жолдарын да өзгертті. Айталық, сол лаңкестікке қарсы күрес ұранымен басталған Ирактағы соғыстың салдары мыңдаған жазықсыз құрбандыққа душар етумен қатар, онда ислам тармақтары арасындағы азамат соғысын да тудырды. Ауғанстандағы соғыс туралы да осыны айтуға болар еді. Онда кімнің лаңкес, кімнің билікке қарсы күресуші екенін әлі талайлар анықтай алмай жүр. Содан да ондағы халықаралық күштерге жергілікті тұрғындар тарапынан сенімсіздік үлкен.
Жыл сайын АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің халықаралық лаңкестік ұйымдардың тізімін жариялау дәстүрі бар. Сонда Египеттегі «Мұсылман бауырлар» ұйымы үнемі сол тізімнен орын алатын. Рас, бұл ұйым осы елдегі билікке қарсы күресіп келді, Мүбәрак режіміне қарсы шықты. Кейде қарулы қақтығыстан да бас тартпайтын еді. Енді Мүбәрак билігі құлаған соң оған көзқарас өзгеріп отыр. Сол билікті құлатуға «Мұсылман бауырлар» айрықша үлес қосты. Тіпті алдағы сайлауда жеңіске де жетуі әбден мүмкін. Сонда олар билікке келсе, лаңкестердің билігі орнады деп ешкім айта алмайды.
Билікке қарсы күресуші сепаратистердің барлығын лаңкестер қатарына қосуға болмайды, әрине. Бірақ сол күресте бейбіт халық қырылып, жапа шегіп жатса, олардың әрекеттерін ақтаудың да реті жоқ. Ал лаңкестер болса, халықтың билікке қарсы көңіл күйін өз пайдасына асыруға құмар-ақ. Олар сол көтерілген халықпен араласып, өздерінің бүлдірушілік әрекеттерін жандандырады, тым болмағанда қажетті ортаға кірігіп алады.
Соңғы он жылда лаңкестерге қарсы күрестің айтарлықтай нәтижесі болғаны анық. «Әл-Каида» сияқты халықаралық лаңкестік ұйымның өрісі тарылды. Бұл жерде оның көсемі Усама бен Ладеннің өлтірілгені өз алдына, тіпті Ауғанстан, Пәкстан сияқты елдердегі олардың оқу базалары жойылып, жергілікті тұрғындардың қолдауынан айрылды. Біршама сарапшылар жаһандық лаңкестік қауіптің үрейі азайды деп тұжырым жасайды. Және олардың сипаты мықтап өзгергенін айтады.
Жаһандық болмағанмен, жергілікті сипаттағы лаңкестік әрекеттердің азаймағаны, қайта жаңа түрге еніп, көбейе түскені даусыз. Олар өмірдің түрлі жақтарынан көрініс тауып жатады. Көп елдерде кәсіптік бәсекеге, дінге қатысты лаңкестік әрекеттер етек алып отыр.
Лаңкестік әрекеттер қазіргі заманның басты қатеріне айналған кезде, оған қарсы күрес әр ел үшін айрықша маңызды. Жау жоқ деме, жар астында демекші, бұл кесапат тыныш отырған елде де аяқ астынан пайда бола кетеді. Тіпті қонақ болып келгендердің арасынан жат ниеттілердің табылатыны жайында мысал көп. Қазіргі келім-кетім көбейген кезде, көрінгенді жау санамағанмен, абай болған жақсы. Шекарадан өткен адамның кім екені анықталса жөн.
Тарихтағы ең үлкен лаңкестік әрекеттің болғанына 10 жыл толғанын еске алғанда, ешкім де оны тойламайды. Одан сақтануды еске салады.
Мамадияр ЖАҚЫП.