Астанада Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының күндері өтуде
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланғаны белгілі. «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» – біздің мерейтойымыздың ұраны осы. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жолының – БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ секілді арқаулық құндылықтары қалыптастырылды» деп атап көрсетті Елбасы биылғы Жолдауында. Осы бүкілхалықтық шараға орай арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, мерекенің Жалпыұлттық жоспары бекітілді. Міне, осы мемлекеттік жоспарға сәйкес еліміздің бас қаласында барлық облыстардың күндерін өткізу белгіленген болатын. Кеше сол ауқымды шара шымылдығын Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары ашты. Төмендегі мақалаларда аталмыш облыстардың Астанадағы күндері көрініс тапқан.
Шұғылалы Шығыс шақырады
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шаралар шеңберінде басталған Астанадағы облыс күндерінің ашылу салтанатын Шығыс Қазақстан облысы бастады. Шығысқазақстандықтар өздерінің елордадағы күндерін «Шұғылалы шығыс шақырады» атты театрландырылған кавалькадамен ашты. Елорданың орталық көшелерімен мерекелік рухтағы шығысқазақстандықтардың шеруі өтті. Облыс күндері аясында өткізілген бұл карнавал астаналықтар көңілінен шықты.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсу жолдарында ерекше орын алып отырған өңір. Облыс аймағында жалпы республика қорлары мөлшеріне шаққанда қорғасынның шамамен 24 пайызы, мырыштың 41 пайызы, мыстың 45 пайызы шоғырланған. Түсті металдың қоры шамамен 25 кен орнына тиесілі. «Үлбі металлургия зауыты» АҚ әлемдік деңгейдегі бірегей өнім саналатын атом стансаларына қажетті отын түрлерін, берилий, тантал өндіреді. «Жаңа металлургия» жобасы аясында «Қазцинк» ЖШС жаңадан мыс балқыту және электролиз зауытын іске қосқан. Облыстағы Титан-магний комбинаты титан құймалары мен балқымаларын шығару жөніндегі инновациялық жұмысты аяқтап қалды. Облыстағы «Азия Авто» көлік құрастыру зауытының қазіргі өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту жұмысы жалғасуда.
Шығыс Қазақстан облысы елімізде бастау алған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инвестиция тарту мәселесі бойынша елімізде алғашқы орында тұр. Қазір Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық портфелі жалпы құны 603,6 миллиард теңгені құрайтын 34 ірі индустриялық жобадан тұрады. Өткен жылы осындай қарқынды өндірістік даму жетістіктері нәтижесінде қосымша 97,3 миллиард теңгенің өнімдері шығарылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Шығысқазақстандықтар міне, осындай өндірістік жетістіктермен қоса, ауыл шаруашылығы саласында да үлкен нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Оған Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекелері шараларының аясында өткізіліп отырған Астана қаласындағы Шығыс Қазақстан облысының күндерінде көзіміз анық жеткендей. Елордада шығысқазақстандықтар ұйымдастырған ауылшаруашылық жәрмеңкесіне 17 ауданнан 83 кәсіпорын қатысып отыр. Жәрмеңке барысында ұйымдастырылған көрмелерге Өскемен және Семей қаласының ірі компаниялары өздері шығаратын автомобильдер, автобустар және тракторларды келушілерге паш етті.
Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда Шығыс өңіріне тән қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге жәрмеңкеде «Бал және жаңғақ фестивалі», «Қымыз мерекесі» және басқа да шаралар өткізілмек. Сонымен бірге астаналықтар шығысқазақстандық өнер шеберлерінің күмбірлеген күйі мен әуезді әніне де тәнті болады.
«Бәйтерек» ұлттық баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Астана қаласында өтіп жатқан облыс күндері аясындағы осындай жетістіктер мен шаралар туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Сондай-ақ өңір басшысы облыстың болашақтағы әлеуметтік-экономикалық даму бағдарлары туралы да баян етті. Бердібек Сапарбаев астаналық БАҚ өкілдерінің қойған сан-алуан сұрақтарына тиянақты жауап берді.
Көне Тараздан келген көш-керуен
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып өткізіліп отырған Астана қаласындағы Жамбыл облысының мәдени күндері ұлыларды ұлықтаудан бастау алды. Елордадағы Жамбыл Жабаев ескерткіші алдындағы алаңқай мерекедегідей безендірілген. Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан қасиетті Тараз өңірі – киелі Жамбыл жері қашанда ұлыларын ұлықтап өткен. Жүз жасап, артында өлмес мұра қалдырған, өз заманында «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ұлы ақын, теңдессіз жырау Жамбыл баба ескерткішіне облыс басшылығы, еліміздің Парламентінің депутаттары, өңірдің құрметті азаматтары гүл шоқтарын қойды.
Осыдан кейін бұл салтанатты топ аты аңызға айналған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының Астана қаласындағы еңселі ескерткішінің алдына келді. Өскелең ұрпаққа Отанын сүюдің баламасыз үлгісін көрсетіп кеткен батыр бабамыздың заңғар ескерткіші бүгінде бас қаламызға асқақ рух беріп тұр. Ескерткіш алдына төселінген алқызыл кілемшенің үстімен салтанатты қадам басқан екі әскери қызметкер қуатты марш үнімен «Жамбыл облысы әкімінен» деген жазуы бар лентамен безендірілген гүл толы себетті Бауыржан Момышұлы ескерткішінің түбіне қойды. Одан кейін облыс әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысынан шыққан белгілі тұлғалар Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның атақты әртістері Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және басқа да ресми адамдар батыр ескерткішіне тағзым етті.
Елордадағы Жамбыл облысының мәдени күндері аясында облыс әкімі Қанат Бозымбаев астаналық БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына жан-жақты тоқталып, бүгінгі облыс күндері шеңберінде ұйымдастырылып отырған «Көне Тараз жәрмеңкесі» шарасы туралы кең мағлұмат берді.
Астанадағы «Көне Тараз жәрмеңкесі» 8-9 қыркүйек күндері «Хан Шатыр» маңындағы үлкен алаңда жалғасын таппақ. Облыстың ауылшаруашылық тауарларын өндірушілері бұл жәрмеңкеге өз өнімдерін молынан әкеліпті. Сауда-саттық 42 дүңгіршекте жүргізіледі. Жәрмеңкеде облыс кәсіпкерлері елорда тұрғындарына 36,4 мың кило ет өнімдерін, 4 мың кило шұжық, 4,3 мың кило сүт өнімдерін, 40 мың дана жұмыртқа, 40 мың кило балық, 500 кило бал, 1 мың кило тұз, 124,5 мың кило көкөніс пен жеміс-жидек, 20 мың кило бақша дақылдарын ұсынады. Жәрмеңке бағасы Астана базарлары бағасынан 15-20 пайыз төмен.
«Көне Тараз жәрмеңкесі» Жамбыл облысының Астана қаласындағы мәдени күндері шеңберінде өткізіліп отырғандықтан бұл күндері сауда-саттық шараларымен қатар елорда жұртшылығы мен қонақтарға көрме түрінде ежелгі Әулиеата жерінің көне дәуірдегі сауда мәдениеті, өңірде өндірілетін өнімдер көрсетіледі. Сонымен бірге, жәрмеңкенің алғашқы күні Жамбыл облысы өнерпаздарының үлкен концерттік бағдарламасы ұсынылады. Облыс күндері ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отырғандықтан бұл күндері бас қала тұрғындары мен қонақтары Жамбыл облысы агроөнеркәсіп кешенінің 20 жылдық даму жетістіктерімен танысатын болады.
Алтай арасының балы дауа
Шығыс Қазақстан таңдай қақтырар тамаша балымен де танымал – Алтай араларынан алынатын балдың жұпар иісі, дәмі мен шипалық қасиеті әлемде теңдесі жоқ деп саналады. Бұған қоса осыдан бір жарым ғасыр бұрын Өскеменнің іргесіне алғашқы араларды әкеліп, қолға ұстай бастаған. Сол себепті Шығыс Қазақстан облысы Орталық Азия аймағында, Сібірде және Қиыр Шығыста омарта шаруашылығының отаны болып саналады. Елімізде өндірілетін балдың 80 пайызға жуығы Шығыс Қазақстанның үлесінде. Сондықтан халықаралық бал фестивалінің дәл біздің өңірде өткізілуі заңдылық. Осы орайда II халықаралық бал фестиваліне облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасын қолдап, әлемнің 9 елінен өкілдер арнайы келіп қатысқандығын атап айтқым келеді.
Менің әкем Виктор Иманбаев өмір бойы бал омартасын ұстап келеді. Катонқарағай ауданында біздің омартамыздан алынатын бал жоғары бағаланады. Қазір әкем өзінің немерелерін де осы кәсіпке баулып, соңғы жылдары «Иманбаев» шаруа қожалығын құрды. Алтай өңірінің сулы да нулы өлкесіне қоныстанған «Ново-Поликовка» ауылында орналасқан «Иманбаев» ШҚ-ның бал аралары табиғаттың тамаша өңіріндегі сан түрлі гүлдердің шырынын жинап, балға айналдырады.
Бүгінде «Иманбаев» ШҚ-ның бал омарталарында 100 ара-отбасы бар. Бұл ара-отбасыларының әрқайсысы бір омартаға бал жинайды. Сонда маусым ішінде әрбір ара-отбасы бір фляга бал береді. Облыс басшысының бастамасымен былтырдан бастап біздің облысымыздағы барлық мектептердің оқушыларына жергілікті бюджеттің есебінен міндетті түрде балмен тамақтандыру жөніндегі қанатқақты іс-шара қолға алынды. Біз өзіміздің жеке шаруашылығымыздан алынатын өнімді маңайдағы мектептерге де тапсырамыз.
Аудан әкімінің орынбасары Сергей Мүбәраковтің және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Дархан Алдажаровтың көмегімен біз облыста өткізіліп тұратын ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне тұрақты түрде қатысып тұрамыз. Міне, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай еліміздің бас қаласы Астанада өткізіліп отырған Шығыс Қазақстан облысының күндеріне де өзіміздің тарту-таралғыларымызды алып келіп қалдық. Мен бұл жолы астаналық тұтынушыларға Алтай өңірінен 1,5 тонна шипалы бал әкелдім. Елорда тұрғындары біздің әкелген өнімдерімізді зор қызығушылықпен алып жатыр.
Кеше Астана қаласына келгенде мен ертегілер еліне кіргендей әсер алдым. Мұндай тамаша қалада тұратын тұрғындар қандай бақытты. Тәуелсіз еліміздің мерейі өсе берсін.
Бақты ӘЛУЕТОВА, «Иманбаев» ШҚ жетекшісі.
Шаруа кеңейіп, табыс молайып келеді
Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толып отыр. Мен де осы ғұмырымның 20 жылын ерекше қанағаттанғандық сезіммен еске аламын. Осы жылдар бойы мен мал өсірумен айналысып келемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл еңбеккерлеріне көрсеткен көмегінің арқасында осыдан 10 жылдан астам бұрын «Жафар» атты шаруа қожалығын құрып алдым. Әрине, бастапқы кезде қиындықтар болды.
Қазір менің шаруа қожалығымда 70 сауын сиыр, 45 бордақыға қойылған өгізше және 100-ден астам тайынша бар. Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылында 25 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мен алдымен өгізшелерді бордақы алаңына қойып, семіргеннен кейін етке өткіземін.
Соңғы жылдары Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге шынайы көңіл бөліп, еліміздің ет экспорттайтын әлеуетін арттыру жөнінде келелі міндеттер қойды. Осыған байланысты мен мемлекеттің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржы алып, шаруашылығымды одан әрі кеңейтуді қолға алдым.
Біздің Байзақ ауданы Астана қаласындағы облыс күндері шеңберінде өткізіліп отырған жәрмеңкеге 50 тоннаға жуық ет өнімдерін, 20 тонна картоп, 20 тонна пияз және басқа көкөніс өнімдерін әкелді. Елорда тұрғындарына ұсынылып отырған бұл ауылшаруашылық өнімдерінде менің шаруа қожалығымның да қомақты үлесі бар.
Рүстем СҮЛЕЙМАНОВ, «Жафар» шаруа қожалығының жетекшісі.
Атыраулықтар тартуы қомақты
Каспий теңізі жағасынан елордаға бағыт алған Атырау облысының көш-керуені 7 қыркүйек күні Астана қаласына келіп жетті. Осы көштің алғы сапында келген Қызылқоға ауданы «Жасқайрат асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС-нің директоры Төлеген Жасимовті әңгімеге тартқан едік. «Армысыздар, астаналық ағайындар! Автокөлікпен 2700 шақырым жол жүріп, теңіз тартуларын ала келдік», деп бастады ол өз сөзін.
– Менің «Жасқайрат» ЖШС-ін басқарғаныма біраз жылдың жүзі болды. Кешегі өкпені қысқан өтпелі кезеңде ақтылы қойдан айрылып қала жаздаған күндеріміз де болған. Тәубе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шынайы қамқорлығының арқасында ауыл тұрмысы да қатарға қосыла бастады. Қазір біздің «Жасқайрат» шаруашылығында 11 мың қой бар. Ірі қара мен жылқыны қоспағанда, 100 түйе өсіріп отырмыз. 1000 гектардан астам жерге егін себеміз. Дәнді-дақылдар өнімінен негізінен күнбағыс майын өндіреміз.
«Елде болса, ернің кезермейді» дегендей, табысымыз жаман емес. Жасқайрат ауылының тұрғындары түгелдей дерлік, яғни жүзден астам адам осы серіктестікте еңбек етеді. Табыстары баршылық. Ауылымызда үлкен орта мектеп және басқа әлеуметтік мекемелер жұмыс істейді.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына байланысты өткізіліп отырған Астанадағы Атырау облысының күндеріне облысымыздың 8 ауданынан және 1 қаладан кәсіпкерлер өздерінің өнімдерін әкелді. Басқасын айтпағанда, өзім басқаратын серіктестік еңбеккерлері бұл жәрмеңкеге 2 тонна қой етін, 2 тонна сазан балығын және өңірімізде өндірілетін басқа да өнімдерді әкелдік, дейді сөзіне нық, ісіне сенімді серіктестік бастығы Төлеген Жасимов.
Бетті ұйымдастырған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.