Талдықорғандағы тілшілер қосынына хабарласқан Сайлаубек Әжіқожаев Айдарлыға Өскеменнен жолы түскен сайын жолаушылар аялдайтын Қаншеңгелдің бүгінгі жағдайы алаңдататынын айтып, пікір бөлісті.
«Егеменнің» тұрақты оқырманымын. Қайта құру кезінде осы Айдарлы, Сарытауқұм ауылдарының халқы шаруашылық таратылғанда үдере көшті. Сол кезде біраз жыл осында еңбек еткен ұлым Берік те қалаға қоныс аударды. Немерем үйленіп, осы жерден құда-жекжат таптық. Жасым сексеннен асқанымен жолым түсіп, жиі келіп-кетіп тұрамын. Бір кездері қайнаған тірліктегі Сарытауқұм мен Қаншеңгелді көріп, көңілім құлазиды. Ойым осы жайлар журналистің қаламына арқау болса, оның үстіне Елбасының тапсырмасымен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасында бір мекеннен екіншісіне көшіру, жұмыссыздықтың алдын алу жайы көтеріліп жатыр ғой, деген Сайлаубек ағаның пікірі ойландырды.
Міне, бұрын да білетін алыс ауылдарға жол осылай түсті. Талдықорғаннан шыққанда машинаның есептегішіндегі соңғы санды белгіледік. Шамамен 505 шақырым жол жүргенде алдымыздан «Ащысу ауылы» деген белгі шықты. Оңға бұрылдық. 1977 жылы құрылған «Сарытауқұм» түйе шаруашылығының орталығы шынымен жүдеген. Әр тұстағы әп-әдемі салынған үйлердің бұзылмай қалғандары кетік тістей көзге оғаш көрінеді. Ауыл әкімі Талғат Жарықбасовты кеңседен кездестірдік. Әкімдік ғимаратына кіргенде манағы құлазыған көңіліміз жайланғандай болды. Жарық, әрі мұнтаздай таза кабинетте пікірлесуге мүмкіндік бар екен.
– Тірлігіміз осы. Округ аумағында екі елді мекен бар. Округ орталығы осы Ащысу және Қаншеңгел ауылы. Алматы қаласынан 178 шақырым қашықтықтағы Алматы – Астана сайрағының бойында болғандықтан, әрі-бері ағылған жолаушылар осында аяқ жазады. Қаншеңгелдегі халық сауда-саттықпен күн көріп отыр. Ащысулықтар 86 гектарға бақша дақылдарын егіп, саудалайды. Әр отбасында кем дегенде 50-100 қой, сауын сиыр бар. Дәрігерлік қосын мен мектепте жұмыс істейтіндер күнкөрісін осылай айырып отыр, – деп тұрғындар өмірінен хабардар етті.
Нарықтың салмағы иығына түскенде жан-жаққа көшкендер негізінен жағдайы жақсылар. Өйткені, біріншіден, барған жерінен баспана сатып алуы керек. Сол кезде мұнда 91 отбасы қалыпты. Қазір 418 адам тұрады. Араларында қазақтармен бірге орыс, татар, қырғыз және қарақалпақтар бар. Әкім соңғы жылдары ауылда қоғамдық тәртіпті бұзған оқиға тіркелмегенін, ұрлықтың мүлде жоқтығын қадап айтты. Мұны жағымды жәйт деуге болар.
Мектеп жасына дейінгі 26 бала, ал орта мектепте 56 оқушы білім алуда. Екі қабатты мектепке де бардық. 640 балаға арналған мектептің бір қанатында ғана бала оқытылады. Барлығы 19 мұғалім. Мектепті 13 оқушы бітірген. Солардын арасында биылғы бірыңғай ұлттық тестілеуде 108-116 аралығында балл алған Гүлсім Жораева, Әлия Әріпбаева, Томирис Рахманова, Мақсат Сағанбаев тәрізді оқушылар өздерінің білімдерін нақтылап, ұстаздар мен ата-аналардың мерейін өсіріпті.
Мектеп ғимараты сұйық отынмен жылытылады. Мектеп директоры Серғазы Қонақбаев кейбір түйткілдерді жеткізді. Бала санының жеткіліксіздігі өз алдына, 19 ұстаздың 10-ы жалданбалы үйлерде тұрады. Мектептің электр желісі ескіргендіктен кейбір кабинеттерде жарық істен шыққан. Айта берсе, әлі де жетпейтін, жетіспейтіні көп. Елбасының «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен Қыздар педагогикалық институтын бітірген Гүлнұр Оспанова балаларға тарих сабағынан дәріс берсе, өзге де жастар алыс ауылдың шырағын жағып, жастық жігерлерімен еңбек етуде. Қуанышты әрине. Олардың тікелей араласуымен осында игі істердің үрдіс алғанын байқау қиын емес.
Ащысудан 20 шақырым қашықтықтағы Қаншеңгелге келдік. Жолдың сол қапталынан шама-шарқынша кафе, кейбірі күрке жасап, жолаушыға ас әзірлеп, оны күнкөріс көзіне айналдырған. Алғаш пікірлескеніміз Сайлаугүл жай-жапсарды жасырмады.
–Осы жерде 1953 жылдан бері тұрамын. Ол кезде 20-шақты үй болатын, аурухана бар еді. Қыстауда малшылар жағалай отыратын. 50 адамға арналған мына кафенің құрылысын биыл бітірдік. Немерем жасынан мүгедек. Қызым Құралайға бас-көз болып отырмын. Күніне 20 жолаушыға дейін аялдап, тамақтанады. Ешқайда көшетін ойымыз жоқ. Кафенің бір бөлмесінде тұрамыз. Қазіргі кезде мемлекет үй салып, жалға беріп жатыр ғой, бізге де сондай жағдай жасалса, әрине, жақсы болар еді, деді кейуана.
Халық ауыз суды 28 шақырым жерден автокөлікпен тасымалдайды. Ауылдағы 23 отбасындағы 100-ден аса тұрғыннан басқа осында күнделікті тоқтап, тамақтанатын 450-ге таяу жүргіншіге де ауыз су керектігін ескерсек, осы мәселені шешетін кез жеткендей. Өйткені, су мәселесі ащысулықтар үшін де дәл осындай күрделі мәселе күйінде қалып отыр. Ал, сусыз тіршіліктің жоқтығын ескерсек, мұндағы жұрттың алаңдайтын-ақ жөні бар. Демек, жас ұрпаққа білім беру, ауыз су, тұрғын үй, тағысын-тағы мәселелер Сарытауқұм селолық округіндегі тұрғындарды ойландыратынына куә болдық.
Айдарлы ауылының көршілес екі елді мекенмен салыстырғанда, жағдайы едәуір жақсы көрінді. Ауылды 1,5 мыңға жуық халық мекендесе, экономикалық белсенді тобы – 863 адам. Шаруашылық негізі 1964 жылы құрылыпты. Жер көлемі 98 675 гектар. Бүгінгі күні 73 шаруа қожалығы төрт түлікті өз төлі есебінен өсіріп, өнімділігін арттыруда. Мұнда дәрігерлік емхана, байланыс бөлімі жұмыс істеп тұр. Ал, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары басталып, құрылысшылар қарқынды қимыл танытуда. 1992 жылы Қытайдан – 40, Моңғолиядан 27 отбасы келіп, қоныстанды. Бүгін бәрі халықпен араласып, бір-бірімен құдандалы болып кеткен.
Жалпы, халықтың күнкөрісі жаман емес. Қандасымыз Қален Қатиранның 1500 бас қойы, 100 ірі қарасы, жылқысы бар. Оның інілері Жайлаубай, Мұттахи, Қабдіғалым, Әбдіғалам, Қатирандарда жүздеген қой, жылқы, ірі қара өсіруде. Бұлардан Қытайдан келген Әбдімәжит Аутан мен Нығмет Қажы да қалыспай, мыңдап ақтылы қой өсіріп отыр.
Қазақстан Үкіметінің, Әлемдік экологиялық қордың, БҰҰ Даму бағдарламасы мен Германияның техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жобасы негізінде ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту және экологиялық тұтастығын сақтау мақсатында жайылымды тұрақты басқарумен Жамбыл ауданындағы Айдарлы, Шиен, Үлгілі, Мәттібұлақ селолық округтерін қамтыған нақты істер жұртшылықтан қолдау тапқанын айтуға болады. Шөлейтті аймақта қолға алынған жобаға шаруалар ынта-ықыласымен ден қойған. «Жері байдың – елі бай» тақырыбында тозған жерлерге екпе шабындық пен жайылым жасаудың үлгі-тәжірибелік танаптарын ұйымдастыру жайы да қолға алынатын болыпты. Әлемдік экологиялық қор есебінен Сарытауқұм қыстауына да 30 метр тереңдіктен бес құдық қазып, төрт түлікті суару мәселесі толық шешілсе, шаруа қожалықтарына 10 қазақ үй тегін берілген.
Ащысу жазығындағы «Кеней» тоспасы тазаланып, бассейн жасалған. Қазір осы бассейннен сегіз отар қой мен ірі қара, жылқы суарылып, шаруақор жандарға көп көмек болыпты. Айдарлылықтар амандық болса, бос жатып, сор басқан алқаптарға екпе шөп егілетін сәтті асыға күтуде.
Экология мәселесіне байланысты мектеп оқушылары арасында да «Жасыл жер» шығармашылық конкурсы өткізіліп, оған қатысқандардан түскен 90 шығармадан бүлдіршіндердің туған жер табиғатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқанын аңғарасың. Жүлделі орынды Үлгілі орта мектебінің оқушысы Линара Өміржан иеленсе, Мадияр Сағайбек, Айжан Мондыбай екінші үшінші орындардан көрініпті. Айдарлылық Фариза Аймұхаммед, Аман Ғалымжан және Бұлбұл Семетай тәрізді оқушылар қоршаған ортаға деген қамқорлығын ауылды көркейту мәселелеріне қатысты ұтымды ойларымен өрнектегені қуантады.
Десек те айдарлылықтар да бұрынғы су құбырлары жөнделіп, іске қосылса, ауыз судан қыжалат көрмес едік, шіркін, деп отыр.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.