Жақсыны білмек үшін біз қала шетінде орналасқан «Гофротара» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталатын кәсіпорынға келдік. Бұдан бұрын серіктестік директоры Гүлнәр Қайдарованы кездестіргенімізде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының кәсіпкерлерге көмегі тие бастады. Осы жобаның арқасында жеңілдетілген несиеге де қол жетті. Қазір кәсіпорнымыз өндірісін бұрынғы қарқынына қарағанда 2-3 есе ұлғайтты. Өйткені, жаңадан алынған құрал-жабдықтар зауыттан шығатын қағаз өнімдерінің сапасына да әсер етті деп еді. Гуілдеген цех іші. Қатты қағаздардан, яғни гофрокартоннан бір-бірімен жалғасқан автоматты құрылғылардың соңына дейін аралап шыққанда не жасалып жатқанын көзіңмен көресің. Қарап тұрған адамға мына ғажайып автоматты құрылғылардың ойлап таппайтындары жоқ сияқты, бірі қағазды қиып жаста, екіншісі, өрнектеп, үшіншісі, бүктеп, сөйтіп әрі қарай кәдімгі өзіміз күнделікті көріп жүрген жұмыртқа салатын гофрокартон қорапшалар пайда болады. Цех іші тап-таза, кең де жарық. Шаң-тозаң деген жоқ. Бәрі де автоматты желімен басқарылатын жаңарған, жаңа заман кәсіпорны деген осы. Жұмысшыларға қауіп-қатер жоқ. Ұзын желінің бір басына қойылған қағаз орамасы арнайы қондырғылар арқылы ширатылып, кесіледі де, екінші шетіне дайын қорап түрінде шығады. Ал желі бойында қалған қағаз қалдықтары әп-сәтте жиналып алынады. Кәсіпорын оны қайта өңдеуден өткізіп, өндіріске жаратады.
Жаңа технология қай кәсіпорынның болмасын бағын ашады. Осының арқасында «Гофротара» серіктестігі бүгінде еліміздің қағаз өнімдері рыногының 20 пайызын алып отыр. Еліміздің бүкіл өңірлерімен жұмыс жасайды. Жуырда кәсіпорын өнімдеріне қызығушылық танытқан Ресей, Тәжікстан бизнес өкілдері де келіп кетіпті. Гофрокартоннан жасалған қорапшалар сапалы қағаздар өнімі болғандықтан, бағалары тым арзанға түсе қоймайды. Өйткен, қорапшалар жасалатын қағаз құрамында целлюлоза бар. Ол Ресейден әкелінеді. Біздің елімізде әзірге целлюлоза шығарылмайды. Сондықтан, шеттен келген қағаз бағасы қымбат. Келешекте тетрапак қораптарын шығаруды ойластырып отыр. Ал кәсіпорыннан, негізінен, гофрокартон өнімдері мен еліміздің құс фабрикаларына қажетті жұмыртқа салатын шұңқырлы қорапшалар, азық-түлік қораптары шығарылады.
Қағаз қораптар әртүрлі азықтық тауарларға арналған, сұранысқа да ие. Мысалы, Қарағанды, Қостанайдың кәмпиттерін алайық, олар цехтардан оралып шыққаннан кейін қайда барады, әрине, павлодарлық «Гофротара» серіктестігі шығарған дайын қораптар күтіп тұрады. Гүлнәр басқаратын шағын кәсіпорын осылайша отандық рынокта жұмыртқа қорапшаларын шығару арқылы таныла бастады. Басқа емес, қорапшалардан бизнес жасау ойыңызға қалай келді деген сұрағымызға бәлкім, қызығушылықтан, осылай жасап көрсек қалай болар екен деген талпыныстан туған болар деп ойлаймын. Алғашында небары 100 мың шаршы метр қағаз орамдарын шығардық. Көбі жарамсыз болып қалушы еді, себебі 1996 жылдары өндірістік желіміз ескі болды, дейді кәсіпорын басшысы. Гүлнәр институт бітірген соң, Екібастұздың атақты ГРЭС-2 стансасына жас маман болып келді. Облыстағы Май ауданы, Жалтыр ауылында туып-өскен қыз бала электр инженері мамандығын алып, өндірісте бірнеше жыл еңбек етті. Кейін, өз мамандығына сай бизнес жолын таңдағаны да сол еді. Ал, қазір ол басқаратын шағын кәсіпорын гофро-жұмсақ-бүртік картон жасайтын замануи жоғары технологиялық желі жүйесінде жұмыс жасайды. Еліміздің әр жерлерінен сұраныс көптеп түсуде, ал, қораптарға, жұмыртқа қорапшаларына деген тапсырыс көбейген сайын кәсіпорын тіршілігі де алға басуда.
Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуға өтініш жасады. Жоба біраз уақыт қаралып, ақыры кәсіпорынның қаржыға да қолдары жетіпті. Сөйтіп, өңірдің индустрияландыру картасы аясында өз өндірісін ұлғайтуға кіріскен кәсіпорын Германия, Қытайдан автоматты желілер, қағаз қораптарды өлшейтін қондырғылар да сатып алды.
Бұған 211 миллион теңге қаражат жұмсалды. Бұрын бір айда 800 мың шаршы метр қағаз өнімдерін шығару мүмкіндігіне ие болса, қазіргі күні қуаты 2 миллион шаршы метрге жетіп отыр. Өйткені, кәсіпорын сатып алған жаңа қондырғылар жоғары жылдамдықпен жұмыс жасайды. Мұның ішінде «Inline» деп аталатын автоматты қондырғылы желі бүгінде қағаз өнімдерін өндіру бойынша әлемдегі замануи техника түрінен саналады. Әрине, серіктестік шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері үшін осындай жаңалыққа шын мәнінде қол ұшын беріп, несиенің пайыздық жүгін жеңілдетуге көмектескен мемлекет қолдауына риза. Бұл күндері кәсіпорында 140 адам жұмыс жасайды.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.