Жаңа заман бейнесі
Ол ақпараттық-коммуникациялық даму арқылы қалыптасады
Жалпы, қай заманда болса да жеке адам мен қоғам өмірінде ақпараттың рөлі өлшеусіз. Егер адамзат қоғамының қалыптасу тарихына назар аударатын болсақ, ақпарат пен оның құралдарының даму деңгейі бір есептен алғанда өркениеттің қалыптасуы мен даму деңгейін де білдіретіндігіне көз жеткіземіз. Мәселен, адамзат өзіне алғаш тіл бітіп, бір бірімен түсінісу, ойын жеткізу мүмкіндігіне ие болған сәттен бастап, алғашқы ақпараттарды тарату әрекетінің пайда болғандығы, мұның өзі қоғамдық негіздегі саналы тіршіліктің белең алып, адамзаттың жан-жануарлар ортасынан бөлініп шығуына өлшеусіз ықпал еткендігі анық. Мұнан кейін жазу мен қағаздың пайда болуы адамзатты дамудың келесі сатысына шығарды. Қағаз ақпаратты жинақтау, сақтау және таратудың басты құралына айналды. Білім мен ғылымды қалыптастырып, дамытуда, адамзат қоғамының тарихы мен жетістіктерін жүйелеп, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде мұның әсері үлкен болды. Ал біздің ата-бабаларымыз өз тарихын тастарға қашалған сына жазулар арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізгені белгілі. Мұнан кейін пошта, телеграф жүйесінің дамуы, газет-журналдар мен теледидардың пайда болуы ақпаратты таратудың жеделдігін арттырды, қоғам дамуына жаңа серпін берді. Ал ендігі ақпараттардың электронды тасымалдағыштарға түсірілуін және таратылуын адамзат дамуының жаңа кезеңі деп атауға әбден болады. Осылайша бірте-бірте әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде ақпараттық қоғам қалыптасу үстінде. Қағазға қарағанда электронды тасымалдағыштың бір ерекшелігі, оны интернет арқылы әлемнің кез келген нүктесіне сол сәтінде жеткізуге болатындығымен қатар, енді ақпаратты тарату мүмкіндігіне қолында құралы бар мемлекет, медиатоптар, бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларымен қатар әрбір жеке адам ие. Бұл жағдай келешекте әлемнің саяси кеңістігіне, экономикалық кеңістігіне, адамдардың қарым-қатынас мәдениетіне өз ықпалын тигізетін болады. Сондықтан да қазіргі уақытта әрбір ел мен қоғам үшін ақпараттық қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызды болып отыр. Қалай алып қарағанда да, ақпараттық-коммуникациялық жүйелер мен технологиялардың дамуының пайдалы жақтары өте мол. Бұл – адамзат қоғамының бүгінгі шыққан биігі. Ал оның нәтижесі бүкіл халыққа ортақ жетістік болып табылады. Оның үстіне қоғам дамуының диалектикалық заңдылықтарынан оқып-білгеніміздей, өркениетті даму мен техникалық прогресс ешуақытта кері шегінбейді. Сондықтан болашақта ақпараттық технологиялардың бүгінгі жеткен жетістіктерін бойына неғұрлым тезірек сіңірген елдердің ұтатындығы барған сайын айқындала түсуде. Міне, осы үдеріс негізінде ақпараттық технологиялар мен олардың құрал-жабдықтарын меңгеру, игеру және олармен қарулану бүгінгі қоғамдық бәсекелестіктің басты шарттарының біріне айналып, барған сайын өмірді өзгертуші мәнге ие бола түсуде. Бұған көз жеткізу үшін мына бір мәселеге назар аударып көрейік. Адамдар неге үлкен қалаларға, ірі орталықтарға қарай ұмтылады? Бұл сұрақтың бірнеше жауабы бар. Соның ең бастылары қатарында осыған дейінгі заманда орын алып отырған ақпараттық жұтаңдық пен көліктік және тұрмысқа қажетті инфрақұрылымдардың жетімсіздігін атауға болады. Енді техникалық прогресстің қарқын алып, ақпараттық технологиялардың серпінді дамуының нәтижесінде алдымыздағы заманда басқаша жағдайлар орын алатындығы байқалып отыр. Мұның алғашқы белгісін қалалық орталықтардың емес, агломерациялардың дамуынан байқауға болады. Кез келген қаланың орталық көшелерінде көлік кептелістері жиі орын алып жатады. Көліктен тараған улы газдар да қала орталығындағы экологиялық жағдайға өз әсерін тигізеді. Оның үстіне, орталық көшелер қашанда шулы келеді. Үйлер мен пәтерлер де тығыз орналасқан. Қазіргі адамдар осыдан қашып, қаланың шеткері өңірлерінде жеке коттедждерде өмір сүруді дағдыға айналдыра бастады. Қала маңайының қарқынды дамуына қазіргі құрылыс индустриясының ықпалымен қатар ақпараттық технологиялардың да өз әсері бар. Қалаларда интернет желісі жақсы дамыған. Интернет желісі қазіргі күні байланыстың басты құралдарының біріне айналып отыр. Әр адам өз үйінен шықпай-ақ туған-туыс, дос-жарандарымен күнделікті түрде бетпе-бет тілдесіп отыру мүмкіндігіне ие. Міне, осы жағдай бірте-бірте адамның өз тұрмысында қай жерде тұру жағдайына да ықпал ете бастады. Бұрын қашықтық мәселесі үлкен рөл атқаратын. Қаладан 20-30 шақырым қашықтықта тұратын адамдардың қалаға келу мүмкіндігі шектеулі болатын. Қазіргі көліктік инфрақұрылымдардың дамуы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың жетілуі енді адамдарға қаладан тыс жерлердегі қалашықтар мен кенттерде немесе көркем табиғат аясындағы ың-шыңсыз шағын да жайлы қалаларда өмір сүру мүмкіндігін ұсына бастады. Сөйтіп алдағы өмірде адамдар үшін ірі мегаполистерге қарай ұмтылу мұрат болмайтын болады. Сонымен қазіргі ақпараттық технологиялар жетілген сайын заман өзгеріп, виртуалды өмірдің мәні мен сәні басым түсе бермек. 1980 жылдарға дейін ақпараттық технологиялар негізінен алғанда электронды есептегіш мәшинелер түрінде дамып келген еді. Бұл құралдар өте қымбат болғандықтан оның мүмкіндіктерін ірі корпорациялар мен қаржы ұйымдары ғана пайдалана алды. 1960-1980 жылдардың аралығында осы салада бүкіл әлем бойынша 12 миллионнан астам жұмыс орындары құрылған. Ал қазіргі уақытта нақ осы салада істейтін адамдар саны жылдан-жылға басым түсіп келеді. Мәселен, АҚШ-та халықтың 60 пайыздан астамы, Еуропада үштен екі бөлігі ақпараттық салада жұмыс істесе, кейбір деректер бойынша ТМД-да бұл көрсеткіш 40 пайызға жуықтап қалған. Заманауи ақпараттық технологиялардың шапшаң қарқынмен дамуы еңбектің жаңа түрлерін ұйымдастыруға мүмкіндік беруде. Осының ықпалымен тұрмыста, білім беруде, медицина саласында жаңалықтар кеңінен пайда болып, адамның әлеуметтік жағдайларына жағымды әсер етуде. Осы ретте әзірге өмірдің барлық салалары бірдей ақпараттық технологиялар ықпалына жеткілікті дәрежеде түсіп отыр деп айтуға келмейді. Ақпараттық технологиялар жаңа қаржы және сақтандыру қызметтерінің дамуына үлкен ықпал етсе, сауда, байланыс және көлік салаларында оның ықпалы негізінен еңбек өнімділігінің артуынан көрініс табуда. Ал бірқатар әлеуметтік және дербес қызметтерге оның ықпалы мен ауқымдылығы жеткіліксіздеу болып отыр. Осының алдындағы мақаламызда ақпараттық технологиялардың дамуы Қазақстанда да қарқынды жүріп жатқандығын, мұның өзі «Электронды үкіметтің» қалыптасуына үлкен ықпал еткендігін айтқан болатынбыз. Мәселен, 2009 жылы ақпараттық технологиялар қатысатын байланыс қызметін көрсетулерден түскен кіріс 430 миллиард теңгені құрап, оның алдындағы жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға өсті. Интернет қызметіне қолжетімділік 2008 жылмен салыстырғанда 22 пайызға ұлғайса, ұялы байланыс қызметі 9 пайызға дамыды. 2008 жылы елімізде интернет желісін пайдаланушылардың саны 3,15 миллионға жетсе, әр 100 адамға 11,2 компьютерден айналды. 2009 жылы желі арқылы байланысатын телефон нүктелерінің саны 3,7 млн. дананы құрап, еліміздегі әр 100 тұрғынға 24,2-ден айналғанда, ұялы байланыс абоненттерінің саны 15,0 миллионға жетіп, әр 100 адамға 95 телефоннан келді. Саланы қарқынды дамытудың стратегиясы бойынша, көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, инфо-коммуникация мамандықтары бойынша үш кәсіптік-техникалық оқу орны құрылып, салаға қажетті кадрлар дайындау ісі қолға алынды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарындағы инфо-коммуникация мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттар саны 2 есеге өсірілді. Алматы қаласында «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы базасында мемлекеттік сектордың ірі өнім берушісі болып табылатын халықаралық компаниялардың жабдықтарын жинау және техникалық қызмет көрсету жөнінде кәсіпорындар құру ісі қолға алынды. Міне, осы ретте Қазақстанда жедел дамушы ақпараттық-технологиялық сала жетістіктерінің негізінде қалыптасу үстіндегі «Электронды үкіметтің» жұмысынан үлкен үміт күтеміз. Ол азаматтарымызға құжаттандыру, түрлі істерді жүргізу, бизнес-операцияларды іске асыру мәселелерінде үлкен жеңілдік беріп, уақыттарын үнемдеуіне көмектесіп, бюрократтық шырғалаңдардан құтылып, артық жүрістерден арылуына ықпал ететін болады. Өйткені, адамдар ендігі кезекте кез келген анықтама үшін қалаларға шапқыламайды. Тіпті ауылдың өзінде отырып-ақ қалада өтіп жатқан тендерлерге қатысып, тапсырыстар алу мүмкіндігіне ие болады. Қысқасын айтқанда, сіздің алдыңыздағы компьютер немесе алақандай планшет сізді интернет желісі арқылы әлемнің кез келген түк- пірімен байланыстырып қана қоймай, сонымен қатар көптеген істерді жүргізуіңізге, өзіңізге қажетті құжаттарды алуыңызға және жөнелтуіңізге мүмкіндік береді. Тіпті, алдағы уақытта адамдар осы интернет арқылы бір-бірімен танысып қана қоймай, некеге де отыра алады. Мәселен, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев отбасын құруды жоспарлап жүрген болашақ жас жұбайлар некені тіркеу туралы өтінімді интернет арқылы, «www.egov.kz» сайтының көмегімен бере алатындығын мәлім етті. «Біз олардың үйлену тойларына бірегей сыйлық әзірлеп қойдық. Алғашқы 50 жұп отандық эстрада және телевизия жұлдыздарының атаулы құттықтауына ие болады» деді. Осы министрліктің ұйымдастыруымен жаңа электронды қызмет көрсетулер әзірленіп, олардың саны уақыт өткен сайын артып келеді. Оның ішінде әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау секторларындағы, көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы саласындағы қызмет көрсетулердің жаңа жүйесі әзірленіп, электронды лицензиялау, электронды нотариат және электронды сатып алулардың ақпараттық жүйелері жұмыс істеуге кірісті. «Электронды үкімет» аясындағы қазақстандық контентке халықтың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында интернет желісінің қазақстандық сегментін дамытудың бірқатар шаралары әзірленіп, жүзеге асырылуда. Соның ішінде бизнес үшін электронды коммерциялық алаң құрылды. Ұлттық интернет ресурстарды, оның ішінде, жаңалық, мультимедиялық, әлеуметтік желілер құрылып, олардың қызметі халыққа ұсынылды. Қазақстанда осы уақытқа дейін электронды үкімет құрудың кезеңдік екі бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылған болатын. Олар – Қазақстан Республикасында электронды үкіметті қалыптастырудың 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары. Міне, осылардың негізінде мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара қарым-қатынасын қалыптастыратын интерактивті қызмет ұсыну жүзеге асты. Қаржылық және заң операцияларын үкіметтік порталдар арқылы жүзеге асырудың транзакциялық қызмет көрсету ісі қолға алынды. Электронды үкіметтің базалық инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру, адамдар үшін қолжетімділігін кеңейту, мемлекеттік басқаруды және әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді ұсынудың сапасы мен тиімділігін арттыру мақсаттары алға қойылды. Сонымен қатар, транзакциялық жүйе бойынша «Электронды мемлекеттік сатып алулардың» ақпараттық жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдете түсуге мүмкіндік берді. Елбасының еліміздің индустрияландыру стратегиясын жүзеге асыру жөнінде Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес және еліміздің ақпараттық кеңістігін заман талабына сай ету, соның ішінде «Электронды үкіметтің» қызметін одан әрі ілгері жылжыту мақсатында Байланыс және ақпарат министрлігінің әзірлеуімен «Қазақстан Республикасында ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарлама» қабылданды. Бағдарлама еліміздің ақпараттық қоғамға және инновациялық экономикаға көшуін және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың экспортқа бағдарланған бәсекеге қабілетті ұлттық секторын қалыптастыру мақсатын көздейді. Оны іске асыру екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 2010-2011 жылдары ақпараттық-коммуникациялық саланы институттандыру және оның ұзақ мерзімді дамуға негізделген ресурстарын жасау жұмыстары жүзеге асырылса, 2012-2014 жылдарғы екінші кезеңде қалыптасқан ақпараттық-коммуникациялық әлеует бизнесті дамытуға, қол жеткізілген баршаға ортақ игіліктерді мемлекеттің және қоғамның тиімді пайдалануына қызмет ететін болады. Аталған мақсат пен міндеттерге қол жеткізу үшін бағдарламаны жүзеге асырудың нақты көрсеткіштері белгіленген. Осы бойынша айтсақ, 2014 жылға таман ақпараттық-коммуникациялық саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 3,8 пайызға жеткізу көзделеді. Бұл уақытта сандық телекоммуникациялар желілерінің үлесі 100 пайызға дейін жетіп, әрбір 100 адамның 22-сі интернеттің кеңжолақты желісіне қол жеткізіп, әрбір 100 адамға 111 ұялы телефоннан айналады, халқының саны 1 000 және одан көп барлық елді мекендер ұтқыр байланыс қызметтерімен қамтамасыз етіледі, әрбір 100 адамның 25-де жеке компьютер болады, халықтың компьютерлік сауаттылығы 40 пайызға дейін жетеді деп күтілуде. Осылардың негізінде «Электронды үкімет» қызметі одан әрі дамытылмақ. 2014 жылға таман әлеуметтік мәні бар мемлекеттік қызметтердің кемінде 50 пайызы электронды тасымалдағыштаға көшірілетін болады. Азаматтар мен бизнес қоғамдастықтар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Электронды үкімет» веб-порталында «Мемлекеттік қызметтердің электронды тізілімі» іске асырылып, барлық екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне кіріктіру нәтижесінде «Электронды үкіметтің» төлем шлюзі дамиды. Бұл кезеңде «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қорын дамыту нәтижесінде лицензиялардың 100-ге тарта түрі автоматты үдерістерге көшіріліп, олардың 80 пайызын электронды түрде беру қамтамасыз етіледі. Сөйтіп, бірте-бірте қағазсыз технологияға өту ісі жүзеге асып, құжат айналымының 80 пайызы электронды түрге көшіріледі. Біз осы межелерге қарай бірте-бірте таяп келеміз. Мәселен, қазірдің өзінде «Электронды үкімет» веб-порталында 2 мыңнан астам ақпараттық қызметтер және халық пен бизнеске арналған 74 электронды мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Веб-порталды пайдаланушылар саны күніне 4 мыңнан 24 мыңға дейінгі аралықты құрап отыр. Міне, осындай істерді алға жылжыту үшін Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиев жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл топ өткен жылдың сәуірінен бастап жұмыс істеп, әр ай сайын нақты мәселелер талқыланатын отырыстар өткізіп келеді. Оларда бизнес-үдерістерді оңтайландыру, мемлекеттік қызметтерді ұсыну уақытын және азаматтардан талап етілетін құжаттар санын қысқарту мәселелері талқыланады. Отырыста қаралған мәселелердің нәтижесі министрлік сайты арқылы хабарланады. Жуықтағы осындай отырыстардың бірі Әділет министрлігі мен Жер ресурстарын басқару агенттігінің жекелеген қызмет көрсету үдерістерін электронды түрге көшіру мәселесіне арналды. «Әріптестерімнің ұсыныстарымен танысып, «Азаматтық хал актілерін тіркеу» және «Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәлікті қайтадан беру немесе анықтама беру» қызметін электронды форматқа көшіру туралы шешім қабылдадық. Бұл шешімнің артықшылығы мынада, бұрын біз қайтадан куәлік немесе анықтама алу үшін 5 күннен 30 жұмыс күні аралығында күтуіміз керек болатын. Енді біз қажетті анықтама мен куәлікті 1 күннің ішінде алатын боламыз (тиісті акт 2007 жылдан кейін тіркелген жағдайда). Бұрын бір құжат алу үшін орта есеппен 4 құжат тапсыратын болсақ, оның санын 1-ге қысқарттық», деді осы отырыс қорытындысына байланысты сөзінде Асқар Жұмағалиев. Сонымен, қазіргі күні еліміздің ақпараттық-коммуникациялық саласы қарқынды даму үстінде. Қазақстандағы осы үдеріске шетелдік білікті сарапшылар да жоғары баға беруде. Мәселен, осы сала бойынша әлемге танымал J’son & Partners компаниясының бас директоры Карл Йоханссон жуырда ғана әлем елдері бойынша жүргізген зерттеу сараптамаларында қазақстандық бұл саланың халықаралық компаниялар үшін тартымды рыноктардың біріне айнала бастағандығын атап көрсетті. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.