Кеше Ержан Қазыханов Қазақстанның Сыртқы істер министрі ретінде өзінің Бейжіңге алғашқы ресми сапарын жасады. Қытайлық әріптесі, ҚХР Сыртқы істер министрі Ян Цзечи Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшысымен кездесу өткізді.
Бұл кездесу мерейтойлық дата қарсаңында болып өтті. Алдағы жылдың басында Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Осыған орай министрлер тарихи өлшеммен салыстырғанда осыншама қысқа мерзімде біздің елдеріміз үлкен жолды өткенін мәлімдеді. «Өзара тиімді ынтымақтастыққа негіз сала отырып, Қазақстан мен Қытай әріптестіктің әр кезеңінде екі елдің әрі қарай жақындай түсуіне деген шынайы ниеттері мен өзара ұстанымдарын нақты істермен дәлелдеді», деп атап өтті Е.Қазыханов.
Тараптар Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне шыққанын қанағатпен атай отырып, өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетудің ең маңызды факторы жоғары және аса жоғары деңгейдегі тұрақты саяси үнқатысу болып табылатындығын баса айтты. Министрлер атап көрсеткендей, екі ел көшбасшыларының – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Төрағасы Ху Цзиньтаоның бір-біріне деген сенімді және сыйластық қатынастары жаңа мүмкіндіктерді, екіжақты және көпжақты тұрғыдағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін қамтитын перспективалық салалар мен бағыттарды қарастыруға берік негіз және күшті серпіліс ретінде қызмет жасап отыр.
Ынтымақтастықтың саяси векторын жаңа мазмұнмен толықтыру мәселесімен қатар, Ержан Қазыханов пен Ян Цзечи сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелерін де талқыға салды. Соңғы он жыл ішінде біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 12 еседен аса жоғарылады. Осындай даму ырғағын сақтаған жағдайда екі елдің басшылары атап көрсеткендей, 2015 жылға дейін тауар айналымы деңгейін 40 млрд. долларға жеткізуге мүмкіндік мол.
Сонымен қатар, кездесуде Астана мен Бейжің арасындағы энергетика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, Орталық Азия – Қытай көлік желісінің интеграциясын дамыту, атом энергетикасы саласындағы және агроөнеркәсіп кешеніндегі ықпалдастықты арттыру болашағы зор бағыттар ретінде атап өтілді. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың, атап айтқанда, АӨСШК, БҰҰ және ШЫҰ секілді ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері қозғалды. Түрлі бағыттардағы ортақ бастамаларға өзара қолдау көрсетіліп келе жатқанына ризашылық білдірілді.
Тараптар, сонымен қатар, қыркүйек айының соңында тарихымызда алғаш рет жүзеге асырылатын Халық өкілдерінің Жалпықытайлық жиналысының Төрағасы У.Бангоның Қазақстанға сапарының практикалық тұстарын талқылады.
Кездесу аясында тараптар кейбір халықаралық және аймақтық көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасты.