гектар өнімділігін 20 центнерден айналдыруға мүмкіндік беріп, молшылық жорығына ұласып отыр
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында егіс танаптарын, шаруашылықтарды аралап, мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының орындалу жайымен танысты.
Жазда жаңбыр жиі жауып, жұртты әбден ығыр қылды. Ендігі үміт – күз. Маңдай термен өсіріп, жас балаша мәпелеп күткен ризықты шашпай-төкпей жинап алуға бәрі асық. Шүкіршілік, күздің алғашқы айы жауын-шашынсыз басталып, айналаға нұрлы шуағын төгіп тұр. Ел назары егін орағына ауған сәт бұл! Қызылжар өңірінің диқандары биыл 4,2 миллион гектер алқапқа дән сіңірсе, оның 3,9 миллионы – дәнді дақылдар.
Мерекелі жылдың астығы берекелі болғалы тұр. Алғашқы нәтижелер қуантарлық. Гектар өнімділігі 18,5-19 центнерден айналуда. Айыртау, Тайынша, Мүсірепов, Ақжар аудандарының көрсеткіштері 20-дан асып жығылады. Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко секілді түсімді 25-30 центнерге жеткізгендер қатары күн санап көбейіп келеді. Соған қарағанда, облыс бойынша 6,5-7 миллион тонна астық жиналады деп болжануда.
Елімізде өндірілетін астықтың үштен бірі Солтүстік Қазақстан облысының үлесіне тиеді. Тек биылдың өзінде ғана ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 41,1 миллиард теңге жұмсалды. Өндірілген жалпы өнім 32,9 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік қаржылай қолдаудың, инвестициялар тартудың, астық өндірісін жаңа технологияларға көшірудің арқасында егіншілік мәдениеті айтарлықтай жақсарды, ауыспалы егіс жүйесі қалыптасты. Шығымдылық артып, тұрақты өнім алуға қол жеткізілді. Аграрлық тауар өндірушілер биылғы орақ науқанына үлкен ұйымшылдықпен кірісті. Техника, жұмыс күші, жанар-жағармай жеткілікті.
Елбасыға күзгі жиын-терін жұмыстарының атқарылуы жайлы облыс әкімі Серік Біләлов баяндап берді. Бірінші жартыжылдықта 3,8 миллиард теңгеге 392 жаңа техника сатып алынғанын, 179 техника бірлігі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингпен жеткізілгенін, астықтың 70 пайызы жоғары өнімді шетелдік комбайндармен жиналып жатқанын жеткізді.
Елбасы алдымен «Петерфельд-Агро» және «Сби-Агро» ЖШС-лерінің егіс алқаптарына келді. Мұнда жүздерін күн қаққан комбайншылармен жайдары амандасып, хал-жағдайларын сұрасты. Еңбек озаттарының бірі Қасен Құсайынов жұмыс істеуде барлық жағдайдың тудырылғанын айта келіп, Президентке ауыл еңбеккерлеріне жасалып жатқан зор қамқорлық үшін алғыс сезімін білдірді. Серіктестік егіншілікпен көптен бері шұғылданып келеді. 3 мың гектар алқаптың жартысына жуығы бастырылып, қызу еңбек қырмандарға ауысқан. Шығымдылық айтарлықтай: 25-27 центнер!
– Қазақстан – астықты сыртқа сататын бес мемлекеттің қатарында. Жыл өткен сайын біздің елдің астығына деген сұраныс артып келеді. Ауа райының күрделі жағдайына қарамастан, биыл да елімізде егін бітік шықты. Енді оны төкпей-шашпай, ысырапсыз жинап алу міндеті тұр. Облыс егіншілерінің жауапты науқанға тиянақты әзірленгені байқалады. Күзгі жиын-терін жұмыстарына бір кісідей жұмыла кіріскендеріңіз көрініп тұр. Алдағы айтулы мереке – Тәуелсіздіктің торқалы тойын толымды тартулармен қарсы алып, өнімділікті 20 центнерге дейін жеткізеді деген сенімдемін. Бұл – ала жаз бойы атқарылған кәсіптің нәсібі, еңбектің жемісі. Мұның бәрі жоғары тәртіп пен ұйымшылдықтың арқасы. Ауыл-село тауар өндірушілеріне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Алда да көмектесетін боламыз, қаржыдан таршылық көрмейсіздер. Бірақ оның қайтарымы болу керек. Ауыл шаруашылығынсыз экономиканы көтеру қиын. Экономикамыз көтерілсе, тұрмыс та жақсарады, тіршілік те оңалады. Тек биылдың өзінде ғана ауыл шаруашылығына 177 миллиард теңге мөлшерінде мемлекеттің қолдау қаржысы берілді. Соңғы бес жылда бұл саланы қаржыландыру 670 миллиард теңгеге жетті, – деді Елбасы диқандарға арнаған сөзінде.
Елбасы келесі кезекте осы серіктестіктегі репродукты шаруашылық кешеніне соқты. Мұнда 860 ірі қара, 400 жылқы, 800 қой өсіріледі. Жуырда Германиядан 400 бас асыл тұқымды симменталь сиырлары жеткізіліп, 12 адам жұмыспен қамтылыпты. Мал бордақылау алаңы іске қосылып, етті мал шаруашылығын дамытуға бел шеше кіріскен агроқұрылымның қадамын құптап, табыс тілеген Нұрсұлтан Әбішұлы серіктестік басшысы Асқар Мәдиевті әңгімеге тартты. Ол өз сөзінде берік жем-шөп базасын жасауға баса назар аударылып отырғанын, 4500 тонна шөп, 1500 тонна пішендеме жинап алынғанын, енді сүрлем салуға кірісетіндерін мәлімдеді. Шетелден әкелінген малдар енді төлдей бастайды. Еркек бұзауларын бордақылап, 18 айда 450-500 кило салмақ тартатын болады, деді ол.
– Мен биылғы Жолдауымда ауыл шаруашылығына қатысты іргелі міндеттер қойдым. Тағы да қайталап айтамын, 2020 жылға таман еңбек өнімділігі 4 есе артатын болады. Бұл – сараланған жоспар, орындалатын меже. Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде үлкен жобалар игеріліп жатыр. 2016 жылы ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді. Мұның құны 4 миллион тонна бидайға тең деген сөз. Өңірлерді дамыту бағдарламаларында мал шаруашылығына неге баса назар аударылып отырғанын түсінген боларсыздар. Осының нәтижесінде елді мекендерде мыңдаған тұрақты жұмыс орындары ашылады. Төрт түлік малымыз көбейіп, әркімнің кіріс көзіне айналады, – деді Президент.
Облыста Елбасы жүктеген міндеттерге сәйкес мал шаруашылығын, оның ішінде етті бағыттағы мал өсірудің серпінді жолдары белгіленген. «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы шеңберінде 10 мың бас бордақылайтын алаң, 4 мың басқа арналған репродуктор-шаруашылық, 15 600 басқа лайықталған фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыру міндеттері тұр. Қазірдің өзінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 237 миллион теңгенің 37 жобасы қаржыландырылды. Фермерлік шаруашылықтар құру мақсатымен 90 агроқұрылым қаржылық институттар мен өз қаражаттарына 4,7 мың бас ірі қара малын әкелді. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жарғылық капиталы 754 миллион теңгемен толығып, шетелден асыл тұқымды мал сатып алуды қамтамасыз ете бастады. Нәтижесінде «СБИ-Агро-Ташкентка» және «Нұр-Сен» серіктестіктерінің әрқайсысы 400 бас етті бағыттағы малдармен толықты.
Соңғы жылдары Қызылжар өңірінде мал шаруашылығымен тұрақты айналысушылар қатарының көбейе түскені байқалады. Солардың бірі – «СБИ-Агро» ЖШС-нің қадамын Президент құптады. Серіктестік 17 мың гектар егістік алқапқа иелік етеді. Оның 7729 гектары – бидай, 3139 гектары – майлы дақылдар. Былтырғы қуаңшылық жылының өзінде бидайдың өнімділігі 16,5 центнерден айналса, биылғы көрсеткіш 5-10 центнерге артық. Мұнда 2472 ірі қара малы, 1119 жылқы өсіріледі. 7100 шошқаны бағып-қағуда голландтық тәсіл қолданылады. 400 сиырға арналған сүт фермасы жабдықталған. 120 бас симменталь сиырлары Австриядан алдырылыпты. Енді Германиядан 395 сиыр әкелінбек. Елбасы мемлекеттің қаржысын тиімді пайдаланып, орнымен жұмсаған шаруашылықтардың тіршілігіне ризашылық білдірді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Елбасына агроөнеркәсіп кешенінің даму барысын бейнелейтін диаграммалы стендті ұсынып, не атқарылып, не тындырылғанын айтып берді. Былтыр жалпы өңірлік өнім 457 миллиард теңгені құраған. 8,3 миллиард теңгеге жаңа техникалар сатып алынған. Еліміздің ішкі сұраныстарына 2,2 миллион, алыс-жақын шетелдерге 1,4 миллион тонна астық жөнелтілген. Көктемгі, күзгі дала жұмыстарын атқаруға 3 миллиард теңге субсидия бөлінген. Жеңілдікті несие мөлшері 3,5 миллиард теңгеге жеткен.
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Алексей Чен мал және өсімдік шаруашылықтарына қатысты 15 жобаның игеріліп, 400 адамның жұмыспен қамтылатынын, израильдік МАД компаниясының президенті Авраахам Фаевский құс өсіретін асыл тұқымды зауыт салынатынын мәлім етті. Елбасы осы жерде ірі агроқұрылым, кәсіпорын жетекшілерімен, аудан, қала әкімдерімен жүздесіп, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысты пікірлер алмасты.
«Бабық-Бұрлық» ЖШС директоры Сейілбек Махметов Президенттің жұмыс сапарына орайлас жиындардан қалмай қатысып жүргенін, әр кездесуден үлкен тағылым алатынын айта келіп, гектар басы 20-25 центнерден астық алып жатырмыз, деді көтеріңкі үнмен. «Сіздің жаман еңбек етуге қақыңыз жоқ. Кеудеңіздегі орденді не үшін бердік?» – деп әзіл тастады Президент.
«Алабота» асыл тұқымды шаруашылық басшысы Төлеген Қонысбаев шетелден 400 бас герефорд сиырларын сатып алғандарын, биыл қолдағы малды 5000 басқа жеткізетіндерін айтса, жеке кәсіпкер Сергей Звольский тамшылатып суару арқылы көкөніс пен картоптың шығымдылығын үш есе арттырғанын жеткізді.
Осы күні Елбасы «Пассик Қызылжар» серіктестігінде болып, омарташылардың ара шаруашылығы, бал өндірісі жайлы ой-пікірлерін тыңдады. Омарташылардың айтуынша, түрлі ауру-сырқауларға шипасы мол бал жинауға түйебұршақ, қарақұмық, экспортцет, фацелия, күнбағыс секілді өсімдіктер мен майлы дақылдар қолданылады. Ол үшін 800 гектар жер арнайы бөлініп берілген. Облыс – ара шаруашылығына қатысты арнайы бағдарлама қабылдаған санаулы өңірлердің бірі. Омарташылардың жергілікті қауымдастығы да бірталай бастамаларға мұрындық болыпты. Соңғы кездері аймақ басшысының бастамасымен мектеп оқушыларына тегін бал таратыла бастады. Алайда ара шаруашылығымен жүздеген кәсіпкер айналысқанымен, өндірген өнімдері дүкен сөрелеріне жете бермейтіні, делдалдардың қолында кететіні алаңдатады. 90-шы жылдары Қазақстанның омарташылары жылына 50 мың тоннаға дейін бал өндіріп келсе, бүгінде 1 мың тоннадан да аспайды. Өткен жылы күзде өткен облыс омарташыларының жәрмеңкесі бал өнімдеріне деген жоғары сұранысты айқындап берді. Біле білгенге, адам ағзасына балдың пайдасы ұшан-теңіз. Балды көп тұтынатын адамдардың орта жасы 80-нен жоғары. Елімізде кез келген кәсіппен айналысуға жағдай бар. Ара шаруашылығын дамытуға мүмкіндіктер мол. Бұл саланы алға бастырудың жолдарын өздеріңіз де айтып отырсыздар. Істеріңізге сәттілік тілеймін. Жергілікті билік қолдайды деп ойлаймын, деді Мемлекет басшысы.
Елбасының ендігі тоқтаған жері жаңадан бой көтерген Тәуелсіздік стелласы болды. Мұнда ассамблея өкілдерімен, ұлттық-мәдени бірлестіктер жетекшілерімен жүздесті. Олардың атынан М.Гусейнов сөз алып, өз ойын былай сабақтады: Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Сіздің ұлттар мен халықтар арасын достастырып, бір туғандай жақындастырып отырған саясатыңызға өте тәнтіміз. Сіздің адамның патриоттық сезімін оятатын тамаша сөздеріңіз әр қазақстандықтың жүрегінде ұялап қалған десем, артық айтқандық емес. Мен осыдан 22 жыл бұрын Қазақстанға көшіп келген едім. Содан бері парасатты уақытпен тексерілген тамаша бастамаларыңыздың куәгерімін.
Бұдан кейін Н.Назарбаев күрделі жөндеуден өткен «Солтүстік жұлдызы» саябағына атбасын тіреді. Пестрое көлінің жағалауында орналасқан кешенді мәдениет орталығында спорт алаңдары жұмыс істейді. Күлтегін, Тамғалыдағы петроглифтер бейнеленген мүсіндік композициялар қойылған. Жобаның құны – 152 миллион теңге. Елбасы осында «Дипломмен – ауылға!» бастамасын қолдаушы бір топ жастармен кездесті. Солардың бірі Азамат Мәуленов жас мамандарға жасаған қамқорлығы үшін Президентке деген ақ алғысын арнады. Медицина академиясын аяқтаған соң шалғайдағы Ғ.Мүсірепов ауданына жолдама алыпты. Хирург болып орналастым. Баспана да, біржолғы көтерме ақы да алдым, деді ол. Пәтер иелері кооперативінің төрайымы Рашида Морозова тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту бағытында игілікті шаралардың басталғанын, оған мысал ретінде өзі жетекшілік жасайтын ПИК-ті келтірді. 45 пәтердің шатырын жөндеуге 13 миллион теңге бөлінген. Үкіметтің қолдауынсыз атқара алмайтын едік. Осы үшін Сізге деген тұрғындардың ризалығын айтуды өзіме парыз санаймын. Әлеуметтік жаңғырту, білім, денсаулық сақтау салалары бойынша да жаңа бағдарламалар іске қосылуда. Мұның бәрі Қазақстан халқының игілігі үшін жасалған, деді қоштасар сәтте Елбасы.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.