09 Қыркүйек, 2011

Байлығым, бақытым – ауылым!

431 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Қазақстан – астықты сыртқа сататын бес мемлекеттің қата­рын­да. Жыл өткен сайын біздің елдің астығына деген сұраныс артып келеді. Ауа райының күрделі жағ­дайына қа­ра­мастан, биыл да елімізде егін бітік шықты. Енді оны төкпей-шашпай, ысырапсыз жинап алу міндеті тұр.

Кеше Мемлекет басшысының  Қостанай облысына сапары аяқталды

Шіркін, қыркүйек молшылық пен сұлулықты бірдей ұғынды­ра­тын бояулар гаммасын ала келеді. Көшенің қос қапталын көм­кер­ген тал-қайың, жөке, шетен мен үйеңкі тамыздағы тоқ жасыл күйден алуан түске ауыса бас­та­ған. Ақша бұлттардан ада көк зең­гір аспандағы алтын күннің шуағы бояуы қаныққан гүлдерді де, көңілдерді де құлпырта түс­кен­дей. Қостанай қаласының қа­сын­дағы осы аттас аудан орта­лы­ғында мамыр айында ашылған стадионның айшықтығы да қыр­күйек бояуларымен үйлесім тау­ып тұр. Ауыл спортшылары ста­дионды тиісінше еркін мең­гер­ген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа сапарының екінші кү­нін Затобол кентіндегі осы ста­дионды көруден бастады. Жазық алаң болса доп қуа жөнелетін ауыл баласы енді УЕФА-ның та­лап­тарына жауап беретін кәсіби стадионда жаттығулар өткізеді. 61 миллион теңгеден аса қомақты қаржыға салынған стадиондағы футбол алаңына жасанды кілем төселген, оның астына жылу құ­быры жүргізілген, прожектор ол жанып тұр. Стадионның әкім­ші­лік ғимаратының ішінде спорт­шы­лар мен жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, ал жертө­ле­сінде жаттығу залдары орна­лас­қан. Ауыл стадионы енді рес­пуб­ликалық чемпионат ойындары өтетін базалық нысанға айналды. Нұрсұлтан Назарбаев өзін қарсы алған спортшылармен тілдесті. Президент тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары өзі әкелген гольф ойыны енді тек Астана мен Алматыда ғана емес, облыстарда да қолға алына бастады. Бес жыл бойы команда республикалық жарыстардан төбе көрсетіп жүр. Биыл облыста құрылған гольф мектебіне 120 ойыншы, 4 жат­тық­тырушы қабылданды. – Бізде бокс, күрес сияқты дәс­түрлі спорт түрлері бар. Ал үл­кен теннис, гольф сияқты дү­ние жүзі ойнайтын сұлу спорт­тың түрлерін кеңейте беру керек, – деді Елбасы қостанайлық го­льфшыларға. Ал спорттың төресі жеңіл атлетиканың негізі ауылда жатыр. Ауыл баласы қашанда секіріп, жүгіріп өседі. Президент олардың жетістіктерін сұрап, ауыл балаларына ризашылығын білдірді. Дегенмен, жеңіл атлетикадан әлемдік жарыстарда елдің байрағын көтергендер аз. Президент жас спортшыларға еліміздегі спорттың осы түрінен биік жетістіктерге жету керектігін және спорт денсаулық кепілі екенін тағы да еске салды. Нұрсұлтан Назарбаев Қоста­най­ға келген сапарларында білім ошақтарында болады. Бұл сапа­рын­да да Қостанай ауданында ашылған қазақ орта мектебіне жолы түсті. Осы ауданның Зареч­ный ауылында биыл 1 қыркүйекте оқушыларға есігін ашқан 300 орындық жаңа мектептің құры­лысы өткен жылы басталған еді. Республика бюджетінен бөлінген 729 миллион теңге қаржының арқасында сәні де, сәулеті де келіскен мектеп үйі бір жылдың ішінде ауыл балаларының игілігіне ұсынылды. Ауылда бой түзе­ген мұндай мектеп алдымен ауыл баласына қазіргі заманғы өрке­ниет жетістіктерінен қалыс қал­мауға мүмкіндік береді. Жаңа мек­тепте балалар екі интерактивті тақтаны, мультимедиялық, лин­гафон, заманауи жабдықталған фи­зика, химия, биология, информатика кабинеттерін пайда­лана­ды. Мектепте 42 балаға арналған шағын орталық жұмыс істейді, сонымен қатар 22 бүлдіршін дай­ындық сыныбына барады. Об­лыс­тағы тілдік ортасы жұтаң Федоров және Таран аудандарында 300 орындық қазақ мектептерінің құрылысы басталды. Есір ауылын­да 150 орындық мектеп мен Аман­гелді кентінде 100 орындық мектеп-балабақша кешені таяу уақытта пайдалануға берілмек. Осының барлығына ең алдымен білікті мұғалім мамандар қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен мектепке Қостанай педагогика инс­ти­тутын бітіргеннен кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарла­ма­сы бойынша келдім. Жәрдем ал­дық, енді пәтер алуға мүмкін­ді­гіміз бар. Мемлекет тарапынан жастарға жасалып отырған қол­дау үшін рахмет, – деді ағылшын тілінің мұғалімі Арайлым Сәуе­ке­нова. Облыста «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасы ерекше назар­ға алынып отырады. Өйткені ауыл жастармен ғана өркендейді, гүлденеді. 2009 жылы жоғары және арнайы орта оқу орынд­ары­ның – 573, ал 2010 жылы 679 тү­легі ауылға барды. Биыл тамыз айы­на дейін тағы да 379 түлек мамандығына сай қызметті ауыл­дан тапты. Олардың арасында әлеуметтік салаға барғандарына мемлекет тарапынан көмек көр­сетілді, ауылдарда жастарға ар­налып үйлер салынып жатыр. – Мемлекет білім саласына жұм­сайтын қаржыны жыл сайын көбейтіп келеді. Тәуелсіздік жыл­да­ры Қазақстанда 780 мектеп са­лынды. Мұның барлығы да эко­но­миканың өсуі мен мемлекеттік саясаттың дұрыстығының арқа­сы. Ал мұғалімдерге қойылар талап күшті. Білімдеріңіз бен бі­ліктеріңізді жақсарту үшін талап­таныңыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мұнан кейін Елбасы отырған кортеж Қостанай ауданындағы астықты алқапты бетке алды. «Заречный» тәжірибе шаруашы­лы­ғы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық алқабын ара­лады. Бұл шаруашылықты Қос­танайдағы астық өсіру ісінің аңызына және абызына айналған ғалым-агроном Валентин Двуреченский басқарады. Валентин Иванович көп жылдан бері ас­тық­ты нөлдік немесе ылғал сақ­тау технологиясымен өсіреді. Өзі озық әдісті насихаттаудан да жа­лыққан емес. Президент аралаған алқаптың бидайы мен арпасы белуардан асады, масағы иіліп тұр. Шаруашылық мамандарының ай­ту­ынша, әр шаршы метр жерде 550 тал масақ өсіп тұр, әр масақ­тың басында 40-тан аса дән бар. Бидай орылып жатыр, әр гек­та­рынан 30 центнерден айналуда. Мұндай көрсеткіш республиканы қайдам, Қостанайда әлі қайта­лан­ған жоқ! Валентин Двуреченский бас­та­ған ылғал сақтау техноло­гия­сын облыстың барлық дерлік диқандары қолдайды, оның тиімділігін де жақсы біледі. Биыл Тобыл-Торғай өңірінде көктемде 4,6 миллион гектарға дәнді да­қыл­дар себілді. Соның 3,9 миллион гектары немесе 90 пайызы нөлдік технологиямен өңделді. Осы озық технологияның арқа­сын­да облыс диқандары қатары­нан екі жылғы құрғақшылықта да қамбаны астықсыз қалдырмаған еді. Ал биылғы жаңбырлы жылы Қостанай даласына бұрын-соңды болмаған бітік егін бітті. Бүгінге дейін 2 миллион 400 мың гектардың егіні орылып, 2 миллион 370 мың тонна астық бас­тырылды. Гектар түсімділігі 17 центнерден айналуда. Қыркүйек шуағының арқасында астықтың ылғалдылығы 12 пайыздан ас­пай­ды. Мамандардың айтуынша, биылғы алтын дәннің қамырлы­лығы да нормаға сай. Диқандар келесі жылдың қамын ойласты­рып, тұқымдыққа қажетті бидай­дың 370 мың тоннасын қамбаға құйып қойды. Ендігі мақсат қысқа уақытта астықты жинап алу болып отыр. Алтын аймақ төрінде тұрып, Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев қостанайлық ди­қан­дарды маңдайалды деп ба­ға­лады. Нұрсұлтан Назарбаев дала қо­сында облыстың ауылша­руа­шы­лық тауар өндірушілерімен кездесіп, келелі кеңес құрды. Осы са­ланы, ауылды көтеру үшін тәу­елсіздік алған жылдардан бастап көп жұмыс атқарылды. Алайда оның нәтижесі қанағаттандыра қоймайды. – Ауыл шаруашылығында ха­лықтың еңбекке қабілетті бөлі­гі­нің 30 пайызы жұмыс істейді, сол 30 пайыз Қазақстан экономикасы көлемінің 5 пайызын ғана береді. Осы көңілге қона ма? Мен ал­да­ғы уақытта осы көрсеткішті 20 пайызға дейін көтеруді міндеттеп отырмын, – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Елбасы ауыл шаруашылығы экономикасын көтерудің мақсат­ты жолдарын санамалап көрсетті. Ауыл шаруашылығы табысты негізінен егіннен алады. Президент сондықтан диқандарға ең алды­мен жаңа, озық технологияны пай­далануды тапсырды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, нөлдік технология астықтың гектар айна­лы­мын 1,5 есеге арттырды. Екіншіден, техниканы барынша жа­ңа­лау осы саланы табысқа жеткізеді. Ол үшін ауыл шаруашылы­ғы­на қажетті техниканың барлығын да мүмкіндігінше Қазақстанда құ­растыру керек. Мұның жақсы мысалдары қазірдің өзінде бар. Мысалы, Қостанайдағы «АгромашХолдинг» акционерлік қо­ғамы құрастырған комбаиндар шетелдік техникалардан ешқан­дай кем емес. Есесіне ол диқанға 30 пайыздай арзанға түседі. Үшіншіден, Елбасы диқандарға мал шаруашылығына бетбұрыс жасауды тапсырды. Іргедегі көр­ші Ресей Бразилиядан 800 мың тонна ет сатып алады. Ал осын­дай сұранысты дәл қасында оты­рып жіберіп алу шаруаға да сын болар еді. Кеден одағы да тиімділігін көрсетері хақ. Нұрсұлтан Әбішұлы 2015 жылы Ресейге 60 мың тонна ет жіберу міндетін айта келіп, ол үшін Қазақстан бой­ынша 54 бордақылау алаңдары мен 2300 фермерлік шаруашы­лықтар құруды тапсырғанын жеткізді. Мал шаруашылығы жем-шөпсіз тұл болады. Сондықтан малға жұғымдылығы күшті рапс, жүгері алқаптарын кеңейтетін уақыт жетті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы мал тұ­қы­мын асылдандыруды егін шаруа­шы­лығындағы техника жаңа­лау­мен салыстыра айтты. Асыл тұ­қым­ды мал ет молшылығына жет­кізеді. Елбасы, төртінші міндетті ауылдың экономикасын көте­ріп, елдің молшылығын жасайтын көкөніс шаруашылығы деп атады. Тамшылатып суару технологиясы – көкөніс молшы­лы­ғының кепілі. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы оның еліміздің оңтүстік аудандарындағы жақсы мысалын да тілге тиек етті. Тамшылатып суару көкөніс өнімділігін 4-5 есеге дейін арттырады. Көкөніс көбейсе оны өңдейтін зауыттар қатары да түзелері сөзсіз. Елбасы көкөніс сақтау қоймаларын көп­теп салу бесінші міндет екенін айтты. Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев ауылшаруашылық тауар­ла­рын өндірушілерге ауылдың әлеуметтік жағын тапсырды. – Еліміз тәуелсіздігін алған 20 жылдың ішінде көп іс тын­дырылды. Алты мың километр жол салынды. 2020 жылға дейін қалалардың барлығы, ауыл-селоның 80 пайызы тұщы сумен қамтамасыз етіледі. Мемлекет осының барлығына қар­жы бөліп отыр. Халықты жұ­мыс­пен қамту, «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ла­маларын жа­садық. Енді осы бағдарламалар жергілікті жерлерде жұмыс істеу керек, – деді Елбасы жи­нал­ғандарға. Елбасының бұл сөзін Қа­зақ­станның Еңбек Ері, «Қар­қын» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің директоры С.Бұқанов, Алтынсарин атын­да­ғы шаруа­шы­лық жетекшісі Б.Князев, «Диев» агрофирма­сы­ның басшысы О.Да­ни­ленко, Науырзым ауданындағы Қожа ауылдық округінің әкімі А.Күйекбаева, тағы басқалар қол­дады. – Нұрсұлтан Әбішұлы, ең ал­дымен астықтың бағасын ше­шіп бердіңіз. Тоннасын 25 мың теңге­ден сатсақ бұл тақия­мыз­ға тар келмейді, диқандар үшін жақсы баға! Ал қазіргі рынокта бидай­дың тоннасы 12-15 мың теңгеден артпайды. Азық-түлік корпора­ция­сына биыл сатқан астығы­мыздан ғана біздің шаруашылық 50 миллион теңге табыс табады екен. Екіншіден, жанар-жағар­май­дың жеңілдігі де диқандарға үлкен мүмкіндік берді. Мысалы, базарда майдың литрі 120 теңге тұрады, ал біз оны 79 теңгеден жеңілдікпен алдық. Біз науқанға төрт мың тонна жанар-жағармай алып жұмсадық, сонда 16 миллион теңгені тек осыдан ғана үнем­деппіз. Сізге диқандарды қолда­ға­ныңыз үшін рахмет айтамын. Өзіңіз айтқан әлеуметтік әріптес­тікті әрқашан қолдап келеміз. Мысалы, ауылда тұрған соң ең алдымен баспана керек. Мен биыл бір пәтерді жас мұғалімге, екінші пәтерді қаладан ауылға көшіп келген мал дәрігеріне са­лып бердім. Ауылдағылардың жағ­дайы жақсы, – деді Сайран Бұқанов. Елбасы ауыл экономикасын көтеру жолында тер төгіп, мол­шылық жасап жүрген кәсіпкер­лер­мен әңгіме барысында ауыл халқымыздың кіндігі байланған қасиетті мекеніміз екенін еске салды. Ауыл шаруашылығы да­мыса, ауылдағы ағайынның әлеу­меттік тұрмысы жақсара түссе байлықтың да, бақыттың да мекені сол. Елбасының сындарлы сая­саты да, халқы үшін жасап отыр­ған еңбегі де осы бағытта екенін қостанайлықтар да ұғынды. Н.НАЗАРБАЕВ. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.