Өмір толқынында тосыннан немесе жүре келе дертке шалдығып, сырқат азабын тартқандардың көпшілігі табиғаттың өзінен дәрмен тауып, ауруынан айығып жатқан жағдайларын жиі кездестіруге болады. Осы орайда емдеу-сауықтыру орындарына деген халық ықыласы айрықша артып отырғанын айтуға тиіспіз. Жанына дерт жамап, жүйкесін мұң торлаған мыңдардың денсаулығын қалпына келтіріп, көңіліне шуақ құйған осындай киелі орындар қатарында ғасырдан астам тарихы бар «Жаңақорған» шипажайының орны өзінше маңызды.
Теріскен көлінің тұзды суы мен батпағының айрықша шипалық қасиетке ие құрамын ерте кезден байқаған көкірегі ояу, көзі қарақты жандар адамзат маңдайына біткен «маржан» мекенді игілікті мақсатқа пайдалануда парасатты жұмыс жүргізіп келіпті. Біз әңгімегелі отырған Жаңақорған аймағындағы емдік шипасы бар тұзды кеніш ХХ ғасырдың басында белгілі болған екен. Оның негізін қалаған Федор Мартюков аталмыш орында хуторлар салдырып, халықты емдеу ісін бастаған. Өзі 1920 жылдан 1941 жылға дейін осы орында дәрігерлік қызмет атқарыпты. Соғыс жылдары бұл орын жаралы жауынгерлерді емдейтін әскери госпиталь қызметін атқарса, 1954-60 жылдары соғыс мүгедектерін емдеу-сауықтыруға арналған санаторий, 1961 жылдан бастап Кәсіподақтар федерациясының мүлік пен активтер басқармасы акционерлік қоғамы Жаңақорған санаторийі болып қызметін жалғастырып келеді.
Кеңестік кезеңде еңбек адамдарына деген қамқорлық пен жанашыр көзқарастың нәтижесінде ауыр өндірісте, ауыл шаруашылығында тер төккен еңбеккерлер мүддесін қорғау бірінші орынға қойылғаны жасырын емес. Мұғалімдер қауымына құрмет қалыптасты. Нағыз еңбек адамдары қоғамымыздың адал құрылысшылары саналды, мекеме, кәсіпорын кәсіподақтары ұйымы тарапынан жеңілдіктерді пайдаланды. Міне, сол кезеңдері аталмыш санаторийге жұмыс орындарының жолдамасымен ағылып келіп жататын қарапайым еңбек адамдары қажыған тәнге қуат, шаршаған жүйкеге шуақ сыйлаған киелі мекеннің мейіріміне қанып, құр атқа мінгендей сергіп қаларын өздері де ап-айқын сезініп, жыл айналмай тағы жолдама алып, Жаңақорғанның қара батпағына балаша құндақталып, бойды буған жел-құздан ада-күде арылуға асығатын. Негізінде, ережесіне келсек, сүйек буынның жанды сыздатқан сырқатына таптырмайтын дауа болып табылатын «Теріскен» көлінің тұзды батпағымен емдеуді үш жыл қатарынан қабылдау ләзім. Міне, сонда алған еміңіздің тиянақты нәтижесі жаныңызды жаздай жадыратары кәміл.
Рас, өтпелі кезеңнің қиыншылығына тап болған санаторий жұмысы нарық қыспағына төтеп бере алмай, біраз тоқырады. Мекемелер қысқарып, мемлекет қамқорлығынан қағажу қалған қызметкерлердің қалтасы көтермейтін жолдама құнының қымбаттығы талай талапқа тұсау салды. Келуші болмаған соң санаторий жұмысы да тоқтаудың сәл-ақ алдында қалды. Осы кезеңде басшылықты батыл қолға алған білікті маман Амангелді Абдуллаев қаржы көздерін қарастыруға көшті. Қарамағындағы мамандарды өңірдегі жұмысы дұрыс жолға қойылған алпауыт компаниялар мен өндіріс орындарына жіберіп, қалталы азаматтарды шақырып, шипажай қызметін жарнамалауды міндеттеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде тамырына қан жүгіріп, қарқын ала бастаған Теріскеннің тірлігі ендігі кезекте жаңа технологияның талабына икемделуге көшті. Жаңадан физиотерапиялық кабинеттер ашылды. Бұрыннан келе жатқан әдіс: лаймен емдеу және рапа (тұзды су) ваннасын қабылдау сынды емдеу түрлерін жан-жақты кеңейту бағытында жаңадан аппараттар сатып алынды. Нақты анализдер үшін лабораториялық аппараттармен толықтырылды.
Емдеу-сауықтыру орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде шипажайдың бас директоры Бақытжан Абдуллаев былай деп әңгімелейді:
– Біздің санаторий бір мезгілде 650 кісіні қабылдайды, жылына 13-14 мың емделушіге қызмет көрсетіледі. Емделушілер 6 жоғары білімді дәрігер, 24 орта буынды медқызметкерлердің қарауында болып, қалыпты қызметтеріне қалтқысыз ықыластарын білдіріп жатады. Емдеу орнының аты мен атағы елімізден тысқары жерлерге де кеңінен танымал болып отыр. Қазірде Түркия, Қытай, Ресей, Әзербайжан мемлекеттерінен келушілер қатары көбейіп келеді. Негізінен кеннің еш қоспасыз қара батпағының сүйек-буын, қуық, бедеулік ауруларға керемет емдік шипасы барына бүгінде кім-кімнің де дауы жоқ. Аяғын баса алмай келген жүздеген қалталылар сырқатынан құлан-таза айығып, қуаныштарында шек болмай, алғыс жаудырып аттанып жататынын көргенде Жаратқан Иеміздің өзі берген сырқаттың шипасын да қоса жаратып, пенделеріне тарту еткен теңдессіз жақсылығы еске түседі. Тағы бір айта кетерлігі, 1994 жылдан бастап санаторий маңынан жерасты шипалы су көзі табылды. Бұл су арқылы ауруларды асқазан-ішек сырқатынан айықтыру қызметі жолға қойылып келеді. Санаторийде ем түрлерін ұлғайту мақсатында игілікті бастамаларымыз көп. Атап айтқанда, бұғы мүйізінің қанымен жүйке, иммундық жетіспеушілік, бел күшінің әлсіздігі сынды адам ағзасындағы ақауларды емдеуді жолға қойдық. Балмен орау әдісі арқылы буындағы суықтарды алу, теріні жұмсартып, жасартуға болатыны дәлелденіп отыр. Сол сияқты демікпе ауруларын тұзбен емдейтін арнайы бөлме аштық. Массаж жасаудың да нүктелік, классикалық, шығыстық түрлері қолданылып келеді. Емдеу орны жаңадан УЗИ, кардиограмма аппараттарымен қамтамасыз етілді. 500 орындық асханамыз нәрлі тамағымен демалушылардың зор ықыласына кенелуде. Ағарған жағын жергілікті кәсіпкерлеріміз қамтамасыз етуде. Емдік денешынықтыру, жаттығу залы, теннис, бильярд әркімнің қалауына қарай қызмет жасайды.
Қалың жұртшылықтың жан қалауына айналған қасиетті емдеу орталығы жөнінде емделушілердің өздері де жылы лебіздер білдіреді. Халқымыздың мақтанышына айналған Қасым Қайсенов, Роза Бағланова, Қадыр Мырза-Әлі сынды қазақтың біртуар перзенттерінің арнайы жазып қалдырған қолтаңбаларындағы ақжарылқап тілектер де біздің ойымызды растай түседі.
Баян ҮСЕЙІНОВА, Құдайберген ЕРТАСОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері.
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы.