Қазақ даласының солтүстігінде орналасқан Мамлют ауданының Бостандық ауылындағы Есмұқан ақсақал мен Рысты ананың шаңырағында дүние есігін шыр етіп Ғазиз есімді бір сәби ашты. Ол саясаттың сызы өтіп, қазақ ұлтының азат басына қиянаттың құрығы төніп келе жатқан кез-тін.
1943 жылы Ұлы Отан соғысының нағыз қайнаған тұсында, әкелер қан майдан ортасында, аналар ауыр еңбек ішінде жан салып жүрген шақта бала Ғазиз Бостандық бастауыш мектебінің табалдырығын аттады. Бүгінгідей сән-салтанат жоқ. Иықта дорба, үстінде жамаулы киім, түлкіқұрсақ жүрсе де сол кездің балалары мұғалімнің аузынан шыққан әрбір білімді сөзді қағып алуға аса ынталы еді. Сабақтан шыға сол жеткіншектер жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамастан үлкендермен бірдей қиямет бейнетке жегілетін. Сөйтіп жүріп, тағдырдың тарам-тарам соқпағына шашылған несібе мен білімді жинап жеген жас Ғазиз 1955 жылы Қызылжар қаласындағы №5 мектепті үздік шәкірттер қатарында тәмамдап шықты. Мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ математика, химия, физика, орыс әдебиеті секілді пәндерді сүйіп оқыған білімді жас Омбы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, өзге ұлттың жастарымен жарыса жүріп, аса қажетті маман агроном мамандығын алып шығу мүмкіндігіне ие болды.
Оқу іздеп Омбы асқан талдырмаш жігіт елге білімді маман боп оралды. Ол кезде Ғазиз Есмұқанұлы өз алдына шаңырақ көтерген, қай жұмысқа салса да қайтпайтын қылшылдаған жігіт шағында еді. Алғашқы еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Булаев ауданындағы «Победа» кеңшарының бас агрономы болып бастады. Содан кейін Ленин ауданына қарасты «Бұлақ» кеңшарының бас агрономы қызметін атқарды. Осы ауданның В.Комаров атындағы кеңшарында партия комитетінің хатшысы болды. Бұл алдағы ұзақ жылға созылатын жауапты қызметтердің бастамасы ғана болатын.
Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінде нұсқаушы болып қызмет етіп жүрген Ғазиз Есмұқанұлы 1972 жылдың көктемінде Соколов аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына тағайындалғандығы жөнінде нұсқау алады. Тапсырылған жауапкершілікті абыроймен атқарып шығу өз алдына, ол кезде партия мүшесіне неше алуан міндеттер де жүктелетін. Тек сондай сан қырлы сынақтан сүрінбей шыққан адамға ғана аса жауапты лауазымдар сеніп тапсырылушы еді. Біз сөз етіп отырған Ғазиз Есмұқанұлы да сондай азаматтардың қатарынан табылып, 1974 жылдың тамызынан 1983 жылдың шілдесіне дейін Соколов аудандық атқару комитетінің төрағалық қызметін абыроймен атқара білді.
1977 жылы маусым айында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төралқа отырысы болады. Ол жерде Соколов аудандық атқару комитетінің іс-тәжірибесі туралы есеп тыңдалып, мәжілісті басқарып отырған Үкімет басшысы Бәйкен Әшімов аудан басшысының еңбегіне оң баға береді. Бұл үлкен жетістік еді. Барлық аудандарға жылдық, бесжылдық жоспар деп міндеттеме берген партия, кеңес тарапынан жоғары баға алу тек таза еңбек пен жоғарғы нәтиженің ғана көрсеткіші арқасында қол жеткізуге болатын мәртебе-тін. Жоспарды үнемі артығымен орындап, Қызылжар қаласының тұрғындарын азық-түлікпен, ет, сүт, жұмыртқа, көкөніспен толық қамтамасыз етіп тұрған аудан лайықты марапатын алмай қайтсін?! Төралқа отырысынан кейін, келесі күні сәті түсіп Ғазиз Есмұқанұлы Үкімет басшысының қабылдауына кірді. Елді-жерді көркейту мақсатымен Министрлер Кеңесінің Төрағасынан аудан орталығын көркейтуге деп 100 мың сом қаржы, 1 мың шаршы метр жаяужолға төсейтін бетон тақта, ауылдық кеңестер үшін 4 жеңіл мәшине сұрады. Бәйкен Әшімұлы ауыл азаматының тілегін қанағаттандырып, алдағы өмір жолына оң сапар тілеп шығарып салды.
Ғазиз Есмұқанов 1983 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1985 жылдан 1988 жылға дейін Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарып, сол жылдары Қазақстан Компартиясының ХVІ съезінде Орталық Комитеттің мүшелігіне кандидат және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1988-1989 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгеруші және Орталық Комитетке мүше болып сайланды. 1989 жылдан 1993 жылдың маусымына дейін республика мемлекеттік агроөнеркәсіптік комитеті төрағасының орынбасары, одан кейін Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметін абыроймен алып жүрді. Министрліктегі кезінде Ғазиз Есмұқанұлы ауыл шаруашылығы салаларына ғылыми жетістіктерді, алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерді енгізіп, ғылыми-зерттеу институттарына, салалық жоғары оқу орындарына, техникумдар мен кәсіптік-техникалық училищелерге жетекшілік етті. Кадрларды даярлау және олардың білімін жетілдіріп, ұтымды пайдалану міндетін тиімді жүзеге асыра білгендігі үшін 1990 жылы Қытайдағы Үрімжі жәрмеңкесіне Қазақстанның агроөнеркәсіптік делегациясын бастап барды. Келер 1992 жылы агроөнеркәсіптік салада нарықтық экономиканы тиімді пайдаланудың жолдарын меңгеру мақсатымен Франция, Германия секілді дамыған мемлекеттерге еліміздің шаруашылық басшылары мен мамандарын апарып, сол жылы күзде екінші рет Үрімжі жәрмеңкесіне қатысты. Ел игілігіне жарайтын біршама келісімдерге қол қойылды. Күні бүгінде қарқынды насихатталып жатқан өсімдіктерді тамшылатып суару тәжірибесімен танысудың сәті сол 1992 жылы Израиль мемлекетінде түсіп еді.
1993 жылы мамыр айында Еңбек министрі Саят Бейсенов басқарған үкімет делегациясы Ұлан-Баторға барып, Моңғолия үкіметімен сонда тұратын және елге қайтқысы келетін қандастарымызды көшіру туралы мемлекетаралық шарттың жобасын даярлаған еді. Туған тіліміздің жанашыры ретінде «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына көп көмек көрсеткен Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ғазиз Есмұқанұлы осы делегация құрамында болып, ұлттың өзекті мәселесіне бел шеше кірісті. Еліміз есін енді жия бастаған тұста ою-өрнегін келістіріп киіз үй тігіп алғашқы наурыз тойын ұйымдастыру шарасы да жүрегі ел деп соққан ердің тірлігі. Тіл туралы қабылданған жаңа заңды іске асыруда академик Әбдуали Қайдар, Өмірзақ Айтбаев, Рабиға Сыздықова, Асылы Осман, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев секілді аға буын өкілдерімен ұлы істе тізе қосып қатар бейнеттенді.
1994 жылы мамыр айының соңында ТМД елдері мен көршілес мемлекеттердің босқындар, репатрианттар, қонысы өзгерген адамдар мен басқа да көші-қон үдерісінің мәселелері жөнінде Женевада аймақтық конференция өтетін боп белгіленді. Осы конференцияның құжаттарын даярлау үшін және Қазақстанның бұл мәселеге байланысты көзқарасын, іс-әрекетін басқа елдермен үйлестіру мақсатында бірнеше кездесулер ұйымдастырылды. Көші-қон мәселесі қай елге болса да оңай шаруа болмағандықтан Бішкекте, Женевада, Ашхабадта 1995-1996 жылдары екі реттен осындай отырыстар болды. Аталмыш мәселелердің маманы ретінде Ғазиз Есмұқанұлы қазақстандық жұмыс тобын басқарып, үлкен істің ішінде жүрді. Атқарылған шаруа жемісін беріп, кейін Иран Ислам Республикасынан, Моңғолиядан қандастарымыз лек-легімен ағыла көшті. Жалпы ұлы көш басталған 1991 жылдан 1996 жылдың аяғына дейін 146 мыңнан аса қазақ туған жер топырағына табан тірепті. Ғазиз Есмұқанұлы Көші-қон департаментін басқарып тұрған үш жарым жыл ішінде аталмыш департаментті дербес мекеме жасау, көші-қон туралы жаңа заңның жобасы, жеке Қор құру туралы Президент Жарлығының, Үкімет қаулысының жобаларын даярлау, сол аралықта елге оралып жатқан қандастарымыздың басындағы ауыр жағдайды қозғап Елбасы атына, Үкімет назарына бірнеше хаттар жазумен тынбай айналысты. Осыншалық үлкен мақсатты жүзеге асыру барысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары марқұм Қалдарбек Найманбаевтың көрсеткен азаматтық қолдауын, тигізген көмегін Ғазиз аға ыстық ықыласпен, адами сүйінішпен әрдайым еске алып отырады.
1997 жылы Ғазиз Есмұқанұлы зейнет демалысына шықты. Алайда, елге болсын деп тұратын азамат қол қусырып үйінде отыра алмады. 1997 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан суармалы жерлерді жөндеумен шұғылданатын жұмыс тобы құрылып, сонда кеңесші болып тәжірибесімен бөлісті. 2007 жылдан күні бүгінге дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ардагерлер кеңесінің төрағалығын абыроймен атқарып келеді. Құдайға шүкір, елі үшін ерен еңбегін аямаған ерді Үкімет те ескерусіз қалдырмады. Жауапты да лауазымды қызметтерді сеніп тапсырумен қатар, төрт мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен, жеті медаль, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бүгінде Ғазиз Есмұқанұлы әдемі қарттықтың әрін кіргізіп отырған сыйлы кісі. Кейінгі жас ұрпақ бес күндік жалғанды мағыналы өткізуде осындай тағдыр иесінен үлгі алса екен дейміз.
Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.