10 Қыркүйек, 2011

Астанада Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының күндері өтті

453 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Елдің лебі Елордадан сезіледі

Атыраулықтар асқан асу Көнеден толқын тартқан кәрі Каспийдің құт қойнауында қоныс тепкен мұнайлы өлкенің тәуелсіз елі­міздің қарқынды дамыған экономи­касында алатын орны ерекше. Атырау жерінен Қара теңіз жағалауына тікелей тартылған мұнай құбыры арқылы экспортқа айдалып жатқан қара алтынның ел игілігін еселеуге қосқан үлесі өлшеусіз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Атырау – қар­қынды өркендеп, өсіп келе жатқан аймақтардың бірі. Әлі де қарқынды даму үрдісі жалғаса береді», деп атап көрсеткен болатын. Елбасының тікелей тапсырмасы­мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты жасалған Жалпыұлттық жоспарға сәйкес бекітілген шаралар шеңберінде Астана қаласында өткі­зілген Атырау облысының күндерінде өңір жетістігі бар қырынан паш етілді. Мұнайлы өлкенің жиырма жылдағы даму үрдісі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық орасан жетістіктерімен орайлас өрбіді. Мәселен, Атырау облы­сының 20 жылдағы өңірлік жалпы өнімінің өсуі 1991 жылғы 4,6 миллиард теңгеден 2010 жылдың қоры­тындысында 2,8 триллион теңгеге немесе 600 есеге артқан. Бүгінде Атырау – тәуелсіз Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік, индустриялы облысы. Егер 1991 жылы облыстың өнеркәсіп өнімінің көлемі небәрі 30 миллиард теңгені құраса, 20 жыл ішінде ол 3 триллион 119 миллиард теңгеге дейін өсті. Облыс еліміздегі инвестиция тарту саласындағы көш­басшы болып табылады. 1991 жылы облысқа тартылған инвестиция 24 миллиард теңге болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 1 триллион 105 миллиард теңгеге жетті. 2010 жылы облыста 30 миллион тонна мұнай, 13,6 миллиард текше метр ілеспе газ өндіріліп, 1991 жылдың көрсеткішінен тиісінше 8 және 20 есе артық өсімге қол жеткізілді. Өңірде мұнай өнімдерін өңдеу,  мәшине жасау, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, минералды тыңайт­қыштар, резина және пластмасса бұйымдар шығару сияқты өндіріс қарқынды дамуда. Жалпы, 20 жылда өнеркәсіп саласында 130 өндіріс орны ашылып, 30 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде Атырау облысында 110 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді. Егер 1991 жылы тұрғындардың 27 пайызы ғана таза ауыз су тұтынатын болса, қазір бұл көрсеткіш 99 пайызға жетіп отыр. Сонымен бірге, тәуелсіздік жылдары 120 елді мекен «көгілдір отынға» қол жеткізіп, таби­ғи газды тұтынатын халықтың үлесі осы кезеңде 11 пайыздан 96 пайызға дейін өсті. Мұнайлы да өндірісті өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға да барынша көңіл бөлініп келеді. Мәселен, ауыл шаруашылығының көлемі 1991 жылмен салыстырғанда 40 есе, соның ішінде мал басы 1,3 есе өсті. Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақса­тында 17 жылыжай, 24 көкөніс сақтау қоймасы, ауылшаруашылық цехтары және бордақылау алаңдары іске қосылған. Облыстың 12 шаруашы­лығында тамшылатып суару техно­логиясы қолданылады. Осының нәтиже­сінде қазір облыс көкөніс өнімдері бойынша сұранымның 60-70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Балық аулау көлемі жылдан-жылға артып келеді. 1991 жылмен салыстырғанда бұл сала 1,4 есе өсімге қол жеткізді. Оған Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары 8-9 қыркүйек күндері елордада өткізілген Атырау облысы күндері шеңберіндегі «Отан-Ана» монументі алаңында қанат жайған облыс ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәр­мең­кесінде анық көз жеткізді. Атырау облысы әкімінің орынбасары Асқар Керімовтің айтуынша, облыстың балық шаруашылықтары Астанадағы жәрмең­кеге 15 тонна балық жеткізіпті. Ас­таналықтар оның 10 тоннасын жәр­меңкенің бірінші күні-ақ сатып алыпты. Соған байланысты Атыраудан қосымша тағы да 5 тонна балық жеткізілген көрінеді. Атыраулық кәсіпкерлер Астана қаласында өткен жәрмеңкеде шынымен-ақ мәрттік танытты. Алаңда қаз-қатар қоныс тепкен ақшаңқай шатырлардағы сауда барынша қызып тұрды. Оның себебі де мол еді. Атыраулықтар ұйым­дастырған жәрмеңкеде қой еті 800 теңгеден, пияз  45 теңгеден, қырыққабат 25 теңгеден, сәбіз 55 теңгеден, қияр – 45, қарбыз – 20, қауын – 35, картоп – 45, алма 150 теңгеден саудаланды. Ақиқатын айтсақ, Атырау облы­сының жәрмеңкесіне келген елорда тұрғындары балық және балық өнім­деріне бір жарып қалды. Астаналық­тардың жоғары сұранысына ие болған кептірілген және тұздалған балық­тардың 300 грамы 400 теңгеден, тоңазытылған табан балықтың 1 килосы 200, арнайы өсірілгені 250, ал 1 кило лақаның жон еті 500 теңгеден сатылды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.   Әулиеата әлеуеті Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңындағы шаралар тізбегінде алғаш рет Астанада өткен облыс күндері аясында Жамбыл облысының «Хан Шатыр» сауда орталығы алаңында ұйымдастырған жәрмеңкесі де қала жұрт­шылығының көңілін ерекше аударды. Әулиеата жерінен жеткен көкөніс, бау-бақша өнімдері, балық, ет және сүт өнімдеріне деген сұраныс басым болды. Жалпы, Жамбыл облысы бұл күндері Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына өңірдің 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерін толығымен таныта білді. Иә, көне Әулиеата өңірінің табысы да тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ішінде толайым болғаны анық. Мәселен, облыста ауыл шаруашылығының жал­пы өнімі 1994 жылмен салыстырғанда 13 есе артқан. Егер ол 1994 жылы 5 миллиард теңге болса, 2010 жылы 68,5 миллиард теңгеге жеткен.  Облыстың аграрлық саласына тартылған инвестиция көлемі 2010 жылы 8,3 миллиард теңгеге жетіп, 1994 жылмен салыс­тырғанда 35 есе өскен. Облыста картоп өсіру деңгейі 1991 жылғы 3,8 мың гектардан 2011 жылы 7,2 мың гектарға дейін, көкөніс және бақша дақылдарының көлемі 1991 жыл­ғы 6,8 мың гектардан 29,8 мың гектарға дейін, жеміс-жидек және жүзімдіктер көлемі 1991 жылғы 818,9 гектардан, 2011 жылы 2852,5 гектарға дейін артқан. Мал шаруашылығында 1991 жыл­мен салыстырғанда сүт өндіру 2,9 есе, ет өндіру 1,7 есе артқан. Облыс шаруа­шылықтары 2001-2006 жылдар ара­лығында жалпы құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын 659 бірлік ауыл­шаруашылық техникаларын сатып алса, тек 2011 жылдың 8 айында ғана 2,5 миллиард теңгеге 232 бірлік жаңа техника алған. Жылыжай шаруа­шылық­тарының көлемі 2001 жылмен салыс­тырғанда 2,1 есеге артқан. Қазір облыста жалпы аумағы 21,2 гектарды құрайтын 304 жылыжай жұмыс істейді. Биылғы жылы тағы да жалпы аумағы 5 гектар 100 жылыжай құрылысын салу жоспарланып отыр. «Хан Шатыр» сауда орталығы ала­ңында орналасқан Жамбыл облысының жәрмеңкесінен осы жетістіктер шыны­мен көрініс тапты. Біз Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Береке асыл тұқымды мал шаруашылығы» шаруа қожалығы­ның жетекшісі Ғабит Сұлтанбаевты әңгімеге тарттық. – Мен көптен бері асыл тұқымды мал өсірумен айналысып келемін. Негізінен шаруашылығымызда қазақтың етті ақбас сиырлары мен қылшық жүнді қазақы қойлары өсіріледі. Сонау бір тәуелсіздігіміздің таңы енді ғана арайлап атқан жылдары орасан қиын­дық­тарға тап болғанымыз да рас. Қиындық қаншама қабырғамызға батса да, шаруа­шылығымыздағы асыл тұқым­ды мал басын жоғалтпауға барлық күш-жігерімізді салдық. Әрине, шығынсыз болған жоқ. Қазір шаруашылығымда 3 мың бас қазақы қылшық жүнді қой тұқымы өсіріледі. Бұл қойдың жүні сапалы, еті мол екенін әрбір қазақ баласы білсе керек. Тәубе, соңғы кезде Мемлекет басшысының шынайы қам­қорлығының арқасында ақтылы қойы­мызды өз төлі есебінен көбейтуге ден қойдық. Қазір шаруашылық малшылары 200 бас қазақтың етті ақбас сиырларын өсіріп отыр. Бұл тұқымның асылдығын ата-бабамыз ерте бастан-ақ таныған. Бұл сиырлар күй талғамайды. Жайы­лымда жүріп-ақ тонналаған ет береді. Сонымен қатар, 1700 гектар жерге егін егеміз. Қазір шаруа қожалығында 20-ға жуық адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, Тараз қаласында асхана ұстаймын, Алматы – Ташкент – Термез бағытындағы тасжол бойында дәмханалар аштым. Зайыбым Гүлмира екеуміз 6 бала өсіріп, шаруашылығымызды дөңгелетіп келеміз, дейді қарапайым шаруа қожа­лығының жетекшісі Ғабит Сұлтанбаев.   Шығыс шырайы Шынымен шығыстықтар Астана қаласы әкімдігі алдындағы орталық алаңның екі күн бойы шырайын кіргізіп-ақ жіберді. Күмбірлеген күй, әуезді ән, ұзақты күн бір толас таппай, ақшаңқан шатырлардағы сауда сөрелеріне қойылған азық-түлік тауарларын алуға келген астаналық тұрғындардың көңілін көтеріп, жүректеріне ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ішінде жеткен жетістіктер мен береке-бірліктің әсерін паш етті. 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі «Туған жерге тағзым» атты патриоттық акцияға ұйытқы болған екен. Содан бері бұл өңірде «Туған жер – алтын бесігім» атты облыстың аудандары мен қалаларының мәдениет күндерін тұрақты өткізіп тұру дәстүрге айналыпты. Өңір басшысы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарса­ңында облыста 20 жарқын іс бас­тамасын көтеріпті. Бұл бастама әрбір қала мен аудан, ауыл мен мекеме, кәсіпорын мен фирмаларда жалғасын тауып келеді. осының нәтижесінде мыңдаған әлеуметтік мазмұндағы мә­селелер шешімін тапқан. Шығыс Қа­зақстан облысы кәсіпкерлерінің көме­гімен Брюссель, Семей қалаларында, Қайнар ауылында ядролық сынақ құрбандарына арналған ескерткіштер бой көтерді. Абай ауданының Қарауыл ауылында мектеп-интернатқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Үржар ауданының Мақаншы ауылында орта­лық аурухана бой көтерді. Облыстың ірі қаласы – Семей Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен орайлас биыл ядролық сынақ полиго­нының Елбасы Жарлығымен жабылуы­ның 20 жылдығын атап өтті. Осы маңызды датаға байланысты шаралар облыста әлі жалғасын табуда. Алды­мыздағы қараша айында Семейде халықаралық ядролық қаруға қарсы форум өткізілмек. Жақында Шығыс Қазақ­станда облыс әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті халықаралық ұйымы­ның бастамасымен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты тұңғыш халықаралық форум өткені белгілі. Шығыс Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері аясында ұйымдастырылған шаралар шын мәнін­де тартымдылығымен, ауқымдылығы­мен келушілерді тәнті етті. Астана қаласы әкімдігі алдындағы орталық алаңда бірнеше алты қанат киіз үйлер бой көтеріпті. Сәні мен салтанаты жарасқан киіз үйлерге көңіл аудару­шылар да көп екен. Біз осы киіз үйлер алдында ұйымдастырушылық шарала­рымен айналысып жүрген Шығыс Қазақстан облыстық білім басқарма­сының бастығы Нәзігүл Сейсембинаны әңгімеге тарттық. – Елордада өткізіліп жатқан облыс күндері бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған шараларымыз ау­қым­ды. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тікелей тапсырмасымен бірнеше қайырымдылық шараларын өткізіп жатырмыз. Астана қаласында 204 ата-анасыз қалған жеткіншектер тәрбиеленетін жетім балалар үйі бар екен. Өңір басшысы осы жетім балалар үйіне 1 фляга бал, ет және жүздеген кило қарбыз жөнелтті. Арқа төсінде орналасқан бас қала­мызға келіп отырғаннан кейін Шы­ғыстың шырайлы дастарқанынан дәм татқызу – бір парыз. Оның сыртында облыс басшысының тапсырмасымен жетім балалар үйіндегі бүлдіршіндерге және Астана  қаласындағы қарттар үйін­дегі үлкендерге қайырымдылық дастарқанын жайып, түскі ас мәзірін жасадық. – Иә, Шығыс Қазақстан облысы күндері аясында өткізіліп жатқан қа­йырымдылық шараларға біздің қарт­тарымыз шынайы алғыс сезімін білдіруде, – деді осы сәтте сөзге араласқан Астана қалалық ардагерлер кеңесінің хатшысы Қыдырбай Бейсенов. – Жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қарттар үйінің үлкендерінен басқа, екі күннен бері осы алты қанат ақбоз үйлердегі берекелі дастарқаннан қаламыздағы Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен бір­қатар ардагерлер де дәм татты. Үлкенді сыйла­ғанның үнемі мерейі үс­тем болмақ. Ендеше, өңір басшысына, шығыс­қа­зақ­стандықтарға айтар алғы­сымыз шексіз. Әкімдік алдындағы орталық алаңда Тәуелсіз­дігіміздің 20 жылдығына байланысты шаралар ау­қы­мында өткізіліп жатқан облыс күндеріне байла­нысты Астана қаласының әкімі Иманғали Тасма­ғамбетов пен Шығыс Қа­зақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы шараларды жарыққа шығарып жүрген журналистермен брифинг өткізді. – Біз Шығыс Қазақстан облы­сының күндері аясында өткізіліп отырған жәрмеңкеге 500 тоннадан астам азық-түлік  тауарлары мен ауыл­шаруашылық өнімдерін әкелдік. Өңірімізде шығарылатын техникалар мен өндірістік тауарлардың көрме­лерін ұйымдастырдық. Шығыс қол өнері мен мәдениетінің жетістіктері де осы көрмелерде көрініс тапқан. Біздің мақсатымыз, облыс күндерін өткізу кезінде өңіріміздің экономи­калық жетістіктерін көрсетіп, жәр­меңке ұйымдастырумен шектелу емес. Өздеріңіз куә болып отыр­ғандай, екі күннен бері Шығыс өңірінің айтулы өнер саңлақтары сахналардан өздерінің әуезді әндері мен құйқылжыған күйлерін тарту етуде. Бұл – өңірлер арасындағы рухани байланысты нығайту, ел Тәуелсіз­дігінің 20 жыл ішіндегі береке-бірлігінің толайым жетістіктерін паш ету, – деді баспасөз брифингінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. – Екі күннен бері еліміздің бас қаласында айтулы мереке орын алды. Сауда жәрмеңкесі ұйымдастырылған алаңдарда сауда-саттықпен қатар, маңызды да мазмұнды мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жәрмеңкеге жинал­ған жұрттың жүзінен қуаныш пен ризалықтың лебі еседі. Бұл – өңірлер жеткен табыс тартуы, бұл – ел бірлі­гінің жемісі. Бұл – Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара басшылығымен тұтас еліміз жеткен зор жетістіктің айғағы. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңындағы шаралар ауқымында өткізіліп отырған Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының күндері өте табысты өтті, – деді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов журналистермен болған жүздесуде. – Алайда, басқа екі облысқа қарағанда Шығыс Қазақстан облысының осы шара аясында атқарған ауқымды жұмысын атап көрсетуіміз керек. Облыс бұл маңызды шараға шын мәнінде үлкен дайындықпен, шынайы ұйымдас­тыру­шылық белсенділікпен келген. Облыс күндері шеңберінде өткізіліп жатқан шаралардың бәрі ауқымды да мазмұнды. Сондықтан шығысқазақ­стандықтарға, өңір басшысы Бердібек Сапарбаевқа Астана қаласы жұртшылығы атынан алғысымды білдіргім келеді. Бас қаламызда облыс күндерін өткізу бұл шаралармен ғана шектелмейді. Береке-бірлігімізді жарастыра отырып, болашақта да бұл дәстүрлі шараны лайықты жалғастырамыз. Лайым, ел бірлігі нығайып, берекеміз толайым болсын! Ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдық торқалы тойы ауқымында жүздесер мерейлі де мәуелі жүздесулеріміз жалғаса берсін! Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.