10 Қыркүйек, 2011

Шуақ шашқан шұғылалы әлем

552 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Суреттері «сөйлейтін», әрбір тың туындысы өз алдына сыр шертетін қылқалам шебері Өмірбек Жұбаниязовтың әлеміне кездейсоқ тап келіп, уақытты бедерлеудегі бірізділікті, болмысынан бөлін­беген даралықты көріп, тағы бір тамаша талант иесімен қауыш­қанымызға қуанғанбыз. Осы суретші қауымының шеберлігі немен өлшенеді, деген сауалдың жауа­бын қылқалам иесінің шеберханасынан тапқандай әсерге бөлене отырып, Жұ­баниязовтың жұмыстарына сапар шеккізген себеп пен сәттілікке іштей алғыс айта кетуді де ұмытпаған едік. Іргелі, ілкімді жұмыстардан Жұбаниязовтың ішкі болмысын, ізденісін іздеп әуре болып жатудың қажеті жоқ. Әрбір туынды менмұндалап, дара­ланып барып, қайта бірігіп, уақыт деген кеңістіктегі көш­пенділердің көшіне ілестіріп әкетеді. Өнерді бағалайтын, оның тілін түсініп, қылқалам құдіретінен туған дүниелерді жинайтын жан бірден оның әлемін аралап кете барады. Бір айта кететін жайт, ол осы уақытқа дейін талғампаз сыншылардан да өз бағасын алып үлгерген. Ұлт­жан­дылығынан да айырылмай, өз заманы­ның да үдерісіне ілесе отырып, мәң­гілік шексіздікті бүгінгімен қоса өрген Өмірбек – өз әлемінің дара иесі. – Өзін мына өмірден тапқан адам б­ақытты. Көп адамның бағы жанбай­тыны – өз кәсібін таба алмағанынан деп білемін. Ал мен өзімді бақытты адам деп есептеймін. Сүйікті маман­дығым бар. Мен үшін дүниеде сурет салудан асқан рухани ләззат жоқ. Еркіндік... Ешкім де сенің ой-қиялыңа тежеу сала алмайды. Сосын суретшілер ешқашан зейнетке шықпайды, – дейді қылқалам шебері. Ақиқатында, өз шеберханасына бір соғып кетпесе жаны жай таппайтын шығармашылық иесі бұл жолы өз кі­тапханасын ақтарыстырып, ойға шо­мып отыр екен. Ал біз ғайыптан туған осы мүмкіндікті пайдаланып, Жұбания­зовтың жұмыстарын жағаладық. Өнер­тану­шылардың Өмірбекті мойын­дағаны өз алдына бір бөлек әңгіме болса, қылқалам иесінің соңғы он жылдың ар жақ-бер жағындағы жетістіктері де бір төбе. Осыдан дәл 9 жыл бұрын біздің «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетінде бір фото жарияланған-ды. Онда Елбасы Қазақстанға  арнайы келген Рим Папасы ІІ Иоанн Павелге тамаша бір өнер туындысын тарту етіп, оны мәртебелі қонақ шынайы ықыласпен қабыл алып отырғаны бейнелеген. Бұл сурет Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Өмірбек Жұбаниязовтың «Кездесу» атты туындысы болатын. Балбал тастың түбінде сырласып отырған қыз бен жігіт... Осы суретке қарап отырып, «Сіз де біздей болғансыз, біз де сіздей болармыз» дейтін бабалардан қалған тәмсіл еске түседі. Бұл ғашықтардың ғана кездесуі емес, бір кездегі белгілі бір бекке қойылған тас мүсін түбіндегі дәуірлердің де тоғысуы деп біліңіз. Бір біріне ынтық жандардың төбесінде қалықтаған құс олардың басына бақ болып қонар ма екен?! Өмірбектің «Сұлтан Бейбарыс» пен «Мәмлүктер», «Қасиетті жер», Қозы мен Баян» жұмыстары да шоқтығы биік шығармалар санатынан орын алады. Айтқандай, «Мәмлүктер» картинасы Катар шейхына тарту етілген.  Ал Рим Папасына сыйланған туынды Ватикан музей қорына қосылғаны бізге де  мәртебе. Өнертанушылар қылқалам шебері­нің Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының төрінен орын ал­ған, Президент резиденциясы, Президенттік мәдениет орталығы, Тәуелсіз­дік сарайы сияқты ғимараттарға қойыл­ған суреттерін ұлттық бейнелеу өнерінің қор­жынына түскен сүбелі үлес санайды. «Қозы мен Баян» картинасы да Өмірбектің өнерден өз еншісін дауламай алатын дарын екенін дәлелдейтін туынды. Алыстағы алып  шынарды сая­лаған, сағым сынды уақыттың тасасын­дағы ғашықтарды суреткер мүлде басқа қырынан баяндайды. Буалдыр­ланып барып, бері жақын­дай­тын сайын дала­дағы  қас­қа күрең мен ақбоз ат  маза­сыз жер тар­пып, таби­ғат­пен тұтасып ба­рып, бүтін бір тағ­дыр­лар­ды көз ал­дыңа әкеледі. Көрмелерде көз тартатын «Бүр­кітшілер» сериясы да су­ретшінің құ­май тазы ертіп, қыран бүркіт ұстап саят құр­ған баба­лар­дың ата кәсібін лайықты тірілтетін туын­ды­лар. Қалай десек те, суретші тектілікке тәу етіп, сайын да­ланы еркін жай­лаған ер­жү­рек тари­хы­мызды қалғып кеткен сәтінен  қала­мы­мен қай­та «түр­тіп» оятып, ұлттық өнер дейтін ауылға үйіріп қосып жатқандай әсер қал­дырады. Ежелгі ел мен қазіргі туған жер сүйіспеншілікпен, елжан­дылықпен Жұбаниязовтың қиялынан сурет болып төгіліп жатқанын көріп, жан сарайың­нан жылы леп өткендей күй кешесің. Бұл «Көш», «Жолаушы» туынды­лары­нан кейін туған ойлар. Алты жыл бұрын салынған мына бір «Бүлдірген» деген туындысы да еріксіз ойға жетелейді. Әу баста бүлдірген қызыл болмаған көрінеді... Әлмисақтан жеткен әпсаналарда абай­сызда пәктігінен айырылған бойжет­кеннің «оқиғасынан» кейін осы бір жеміс қызыл түске боянған дейді... Теріс қарап, тағдырына нала айтып отыр­ғандай болып көрінетін ару жайлы бұл сурет те бір мөлтек әдеби шығарма іспеттес әсер қалдырады. Жұбаниязовтың көптеген карти­нала­рында асылтекті жылқылар, бота­лы түйелер орын алған. Оның да өз жөні бар. Суретшінің пайымынша, жылқы мінезді қазақтың ұлттық брэнді – сәйгүлік болуы тиіс. Текті жануардың жоны мен таңы, тірсегі мен сауыры күнге шағылысып, қол тигізсең – бітпейтін кеңістіктің бедерінде қазір зулай жөнелетіндей көрінеді. – Негізі, қазақ халқының болмысы ән мен күйге жақын. Ал сурет – кенже дамыған сала. Әйтсе де, шетелдерге іссапармен  шыққанда байқағаным әрі көзімнің жеткені – бізде мықты суретшілер көп. Көлік, компьютер жағынан басқалармен бәсекелесе алмасақ та, бейнелеу өнері бойынша кез келген елмен иық тірестіре аламыз. Тек соны бағалап жатқан ешкім жоқ. Жасы­ра­тыны жоқ, нанға ақша таппай қиналған күндер бастан өткен. Сондайда күн­көріс қамы үшін Түркіменбашы рези­денциясын, Румыния халықаралық қаржы орталығын, Алматыдағы іргелі кеңселік ғимараттарды безендіргенмін. Әрине, бүгінде біржолата шығармашы­лығыма бет бұрдым,  – дейді суретші. «Шығармашылығымның басты та­қырыбы – ата жолы, кешеден бүгінге жеткен тарих керуені. Суретші де ғалымнан кем емес. Жұмысқа кіріспес бұрын қаншама зерттеу жолынан өтеді» дейтін Жұбаниязовтың сөзінде титтей де жасандылық жоқ.  Осы ұстаным туындылармен тұтасып, бояу тілімен суреттелетін әлемнің салмағын арттыра береді. Қылқалам шеберінің осы қағи­дасына сай келетін, талғампаз сын­шылар сәтті дүние деп қабылдаған  жұ­мыстардың қатарына «Кәмелет» жатады. Уақыттың арғымағынан түс­пеген қазіргі қазақ баласы кешегі Берел қорғанынан табылған сәйгүлікті қайта ерттеп мініп, уақыттың көшіне қосылып барады. Байқаған адамға тарихи тұлғаларды бөлек қойғанда,  Өмірбектің көптеген жұмыстарында адамның бет-бейнесі анық бейнеленбейді. Уақыттың қойнауынан үзіліп түскен сәттерді тамашалаған адам  оны өз қиялындағыдай елестете берсін. – Дегенмен, Кенесарының бейнесін саларда мен қатты қиналдым. Өзі де күрделі тұлға. Ізденіс нәтижесінде Орынбор мұрағатынан табылған тарихи деректерге тап болдым. Қазақ сарбаздары орыстарға тұтқынға түсіп қалған кезде Кенесарының бет-әлпеті қағазға сипатталып жазылған екен.  Сол жазба арқылы ұлттық батырдың портреті дү­ние­ге келді, – дейді Өмір­бек. Жұбания­зовтың «Ке­не­сары хан» суреті қазір көп­теген кітап­тар­дың мұ­қа­баларын көр­кемдеп жүр. Ресей бас­па­ла­ры да қа­же­тіне пай­да­ла­нып жүргенін айта кетуге бо­лады. Ал ту­ындының түпнұсқасы  ханның ұр­па­ғы – Нәпуса Әзімхан­қызы­ның жеке қо­рында көрі­не­ді десек, по­ли­гра­фиялық өнердің ұңғыл-шұңғылына бойлап, содан табыс тауып жүрген іскер компаниялар да Жұбаниязовтың жұмыс­тарына жиі құда түсетіні байқалады. – Ең алғашқы суреттерім респуб­ликалық «Жігер» фестивалінің аясын­да ұйымдастырылған көрмеге қойыл­ған еді. Тұңғыш қадам қашанда ыстық. Ол кезде көрме туындылары алдын ала комиссия мүшелерінің талқысынан өтетін. Сонау Қызылордадан Алматыға суреттерімді арқалап келуден шарша­майтынмын. Іріктеуден өтпей қалсам, ренжімейтін едім. «Демек, деңгейім төмен, әлі де ізденуім керек  екен» деп өзімді қайрай түсетінмін...», – дейді ол. Осыдан-ақ бейнелеу өнерінің майтал­маны өз биігіне қалай көтеріліп келе жатқанын аңғару қиын емес. Өнертанушылар Өмірбектің өзіне тән ерекшелігі – көркем туынды­ла­рының көпшілігі ландшафтың бір жазық бойымен бедерленуі дейді. Ұлттық бейнелеу өнерінің сардары  Сабыр Мәмбеев сынды суреткер Өмірбектің «Күміс терек» атты ту­ындысын көріп, арқасынан қаққан екен. Әфсана, тіпті аңыз сияқты, жұм­бағын ішіне бүккен осы сурет біздің де назарымызды аудара берді. Атан түйе­нің құнына бергісіз бұл сурет-шығарма әлі де әлемдік деңгей­дегі өнертану­шылар тарапынан ауызға алына беретініне бек сеніңіз. Атан түйенің құны демекші, бүгінгі таңда суретшілердің бірегей туындыларын жинайтын отандық коллекционерлердің қоржынында Өмір­бектің бірқатар жұмыстары бар­шылық. Бұл суреттер енді қайталанбақ емес. Біз бейнелеу өнерінің майын ішкен маман болмасақ та, қатардағы қара­пайым көрермен ретінде оның туын­дыларының бәріне дерлік тән жылы, шуақ шашқан мейірлі түстерді алға тартқан болар едік. Бояулардың бір біріне өту күрделілігі де суретшінің қарымын  танытады. Өмірбектің  де шуақ шашқан шұғылалы әлемі  неге мұңды? Ол да болса уақыттың өтпелі, бақтың көшпелі, мәңгіліктің шау­жайына ешкім жармаса алмайтын­ды­ғынан, сағыныштан сарғайған дүние­лер сияқты көрінбек... Айтқандай, суретшінің жанына өзің­ді матап қоятын жұмысының бірі – «Қыз қуу». Бұл біз білетін, ауыз­дығымен алысқан жүйріктердің үстінде қапталдасып кетіп бара жатқан қыз бен жігіт емес.  Мұнда ен далада оңашада сырласып бара жатқан екеу. Егер қыз жігіттің қуып жеткенін қаласа – тізгінін тежейді... Ал «Байқоңыр» туындысы да уақыт өзгергенімен қазақтың ен даласы өзгермегенін сыр етіп төгеді. Шетсіз де шексіз Сарыарқаның төсіндегі боталы түйе жануарының түлеген қызыл сауырынан экология көрем десеңіз – өз еркіңіз. Жұбаниязовтың мазмұнды әлемі аздап мұң шақырып тұрғаны болмаса, уақытқа ешкімнің әмірі жүрмейтіндігін айта отырып, ұлттық рухты, баба­лар­дың қанымен жеткен болмысты ұлық­таудан шаршамайды. Орайы келгенде айта кетсек, отан­дық бейнелеу өнеріндегі шынайы та­ланттарды тану мен насихаттаудың кезегі баяғыда туған. Өнер адамы қай кезде де қолдау күтеді. Оның бар байлығы – қаламы мен қабілеті. Оған қоса бүгінгі шығармашылық иелері – өнер­танушылардың әділ бағасына, жал­пақшешейлікке салынбаған шынайы пікіріне зәру. Тіпті көзі қарақты халықтан да жақсысы мен жаманының аражігін бөліп берер жылы тілек іздейді. Сон­дықтан да Жұбаниязовтай қабілет иелерінің еңбектері еленуді күтеді. Осы арада өнертанушы, профессор Құдайберген Болатбаевтың: «Ұлттық өнердің бағыты айқындалмай, бола­шағы түзелмейді. Сондықтан жеңіл мазмұнды, композициялық құрылымы айқындалмаған көшірмелі, жасанды­лығы мол жарнамалық суреттерге жол бермеуіміз керек. ...Отандық өнерге өз үлесін қосып жүрген талғампаз суретші Өмірбек Жұбаниязовтың бергенінен бермегені көп деп білемін» деген пікі­рінің астарында да тарқатып айтар шындық жатыр. Жалпы, өнертанушылардың тоқы­рау кезеңі, ілгерілеу дәуірі деген құр сөзге еліктемей, өмір сүріп отырған кезеңнің сұрыпталған көрінісін бүк­пелемей бейнелейтін суретшілер тәр­биелеуіміз керек деген пайымының да жаны бар. Атағы жоқ демесеңіз, таланттан тапқан абыройы бар, шетелдік көр­мелерден олжалы оралып жүрген, сурет әлеміндегі сүбелі үлесі, сүйекті дү­ниелері жеткілікті Жұбаниязовтай қыл­қалам шеберлерін өз деңгейінде баға­лау бүгінгі елдіктің парызы мен қарызы. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.