Парламенттің төртінші сайланымдағы бесінші сессиясы ашылар қарсаңда мен Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары, қала әкімдігіне қарасты бөлімдер мен кент және ауылдық округ әкімдері, қалалық ардагерлер кеңесінің, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдерімен кездестім. Кездесу барысында маған бірқатар пікірлер айтылып, сұрақтар қойылды.
Атап айтқанда, кәсіпкерлер тарапынан жұмысшыларға еңбекақы төленгенде 30 пайыздық экологиялық коэффициенттер төленуі қажеттігі көлденең тартылды. Сондай-ақ Қазақстан бойынша ең арзан газ Қызылорда облысында екендігі, дегенмен, өңірдегі газ өзге облыстардан неге қымбатқа түсетіні туралы мәселе қозғалды. «1941-1945 жылдары тыл ардагерлері жауынгерлерді киіммен, тамақпен қамтамасыз етті. Осы орайда тыл ардагерлері заң жүзінде қашан Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен теңестіріледі?» деген сұрақ қойылды.
Соңғы үш жылдан бері ауған соғысы, Чернобыль апаты және Семей полигоны ардагерлерінен коммуналдық қызметтерінің төлемдерін және көлік құралдарында (таксиден басқа) тегін жүру шығындарын өтеу үшін қалалық бюджеттен көмек көрсету туралы ұсыныстар берілуде. Осыған орай шығындарды жергілікті бюджеттен төлеу немесе төлемеу мәселесін анықтап беру жөнінде өтініш жасалды.
Қызылорда қаласында жеке балабақшалар мен мектепке дейінгі шағын орталықтар саны көбейіп келеді. Бірақ та осы мекемелерге кететін шығындарды өтейтін қаржы республикалық бюджеттен бөлінбейтіні байқалып отыр. Осы мәселенің негізін зерттеп, жауабын беруімді өтінді.
Орта кәсіптік және жоғары кәсіптік білімі бар мүгедектердің жұмыспен қамтылу дәрежесінің төмендігі мен азаматтық және мемлекеттік қызметтерде мүгедектердің мүлдем жоқтығы сөз болды. Бұл «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 31-бабының орындалмай отырғанын көрсетеді. Заңның 31-бабында: «Жергілікті атқарушы органдар мүгедектерді жұмыспен қамтуды: жұмыс орындарының жалпы санының 3 пайызы мөлшерінде мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу арқылы жүзеге асырады» деп көрсетілген. Осы бапты нақтылау керек, өйткені, қазірде азаматтық және мемлекеттік қызметтер бар, тұлға екеуіне де конкурс арқылы орналасады делінген. Сондықтан азаматтық және мемлекеттік қызметтерге қабылдау туралы ережелерге өзгерістер енгізу қажет немесе осы бапты мүлдем алып тастау жөн деген пікірлер білдірілді.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі айтылды. Біріншіден, әлеуметтік жағынан қорғалатын жіктерге І және ІІ топ мүгедектері жатады деп көрсетілген, ол нақтылауды қажет етеді, дейді сайлаушылар. Пәтер кезегіне тек өмір бойы мүгедектік (бессрочный) алған азаматтарды жатқызу керек. Өйткені, қазір кезекке мүгедектікті 1, 2, 3, 5 жылға алған азаматтар тұруда (пәтер кезегін тым көбейтіп жібереді), ол дұрыс емес және әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарға мерзімсіз мүгедектік алған ІІІ топ мүгедектерін жатқызған дұрыс.
Қойылған сұрақтарға менімен қатар, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастығы Н.Пірімов жауап берді. Жалпы, кездесу барысында көпшілік тарапынан қойылған сұрақ та, айтылған ұсыныс та көп болды. Осы орайда әрбір ұсыныс рет-ретімен шешілетіні туралы мәлімдеді.
Сайлаушылармен кездесу кестесіне сәйкес «Ыбырайхан и К ЛТД» ЖШС директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Ы. Мұсабаевпен және БАҚ өкілдерімен де жүздестім. Және «Нұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалы ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдадым. Қоғамдық қабылдауға келген Қызылорда қаласы тұрғындарының негізгі мәселесі әлеуметтік көмек көрсету жөнінде болды. Атап айтсақ, Тасбөгет кентінің тұрғыны А.Қожахметова әлеуметтік жағдайының нашарлығын айтып көмек беруді сұраса, Б.Бекбасаров автомобиль жолдары мамандығы бойынша жоо бітірген қызын жұмысқа орналастыруға ықпал етуін өтінді. Сондай-ақ «Ақмешіт» шағын ауданының тұрғыны А.Сыздықова мен Т.Пірмағанбетов «ҚазТрансГазАймақ» ҚПФ» АҚ мекемесінің заңсыз іс-әрекеттеріне байланысты шағым түсірді. Өтініште өткен жылы 21 қыркүйекте А.Сыздықова мен Т.Пірмағанбетовтің үйіндегі газ есептегіш құралдарын алып кеткені туралы жазылыпты. Алайда, осы күнге дейін пайдаланған газға жоғары бағамен төлеу талап етілген.
Жалпы, тамыз айында мен облыстың барлық ауданын аралап, ондағы тұрғындармен кездестім және жергілікті жердегі «Нұр Отан» ХДП-ның филиалдарында қоғамдық қабылдаулар өткіздім. Кездесулерге барлығы 1800-ге жуық адам қатысып, олар жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу балабақша салу, жайылымдық жердің тапшылығы сияқты өздерін толғандырған мәселелерді қозғады. Осы мәселелер бойынша түсінік беріліп, өкілетті органдарға тиісті хаттар жолдануда.
Құттықожа ЫДЫРЫСОВ, Мәжіліс депутаты.