Семейдегі Шығыс Қазақстан облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде швед суретшісі Туве Крабоның «Түзелмейтін қателік: алғашқы жарылыс» жеке көрмесінің ашылуы өтті.
Көрме Швеция Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің қолдауы арқылы музейдің «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылыпты. Көрмеде осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан Президентінің Жарлығымен жабылған Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың адамзатқа және қоршаған ортаға тигізген зардабын көрсетуге арналған жұмыстар сериясы ұсынылыпты.
Суретші Туве Крабоның қылқаламынан туған картиналарда ядролық қарудан зардап шеккен орындар бейнеленеді. Бұл көріністер қазіргі кездегі қауіп-қатерлерге қайтарылған қатқыл жауап секілді. Суретші қолтаңбасының бір ерекшелігі, оның картиналары әңгімені баяндайтын сахналық көрініске айналғандығында. Туве Краво туындылары топтамаларына негіз болған темірқазық-ұғым – «барлық зұлымдықтың артында адам тұрады». Ащы да болса, ақиқат.
«Көбіне өз образдарымды интернет желісінен аламын, олардың басым бөлігі – адамзат трагедиясы мен экологиялық зардап шеккен орындар. Мен қазіргі қоғамдағы апатты оқиғалар ағымы адамзатты мейірімсіз ете ме деп қорқамын. Адамзатқа шынайы мән-мағына беретін жанашырлық пен түсіністік секілді сезімдерді бейнелеу өнері арқылы қайтарғым келді», дейді суретші.
Туве Крабо өзі айтпақшы, «соғысты жан алысқан ұрыс алаңы ретінде емес, қылмыс жасаған орындар ретінде салғысы келген». Семей полигоны – қылмыс жасалған орынның бірі. Қазақ халқының қасіретінен шведтік суретшінің қолтаңбасы арқылы төрткіл дүние хабардар болып жатса, бұл да ақиқаттың салтанат құрғандығының тағы бір айғағы. Швед суретшісінің ықыласына ұйитынымыз да сол. Көрмедегі адам қолымен жасалған қылмыс орындары картиналарға көз тастай отырып, ядролық қарусыз әлемнің маңызын тереңірек ұғына түскендейміз.
Қазіргі уақытта Туве Крабо Швецияның Гетеборг қаласында жұмыс істейді. Ол 16 жыл бойы шет елде тұрған, соның ішінде Франция, Австралия, Иордания елдері бар. Ол Марсель және Парижде бейнелеу өнеріне үйреніп машықтанды, ал 2003 жылы Парижде бейнелеу өнері мектебін бітірген. Автор кино, проза, бейнелеу өнері тәрізді өнердің түрлі саласымен шұғылданады.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист
СЕМЕЙ