10 Қыркүйек, 2011

Көпір

610 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасының Сыр еліне жасаған сапары сәтті болды. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дейтін халықпыз ғой. Мемлекет басшысының келуіне орай халық игілігіне жұмыс істейтін нысандар іске қосылып, ел еңсесін тіктеді. Талай жылдан бері тұрғындарға ыңғайсыздық туғызып келген мәселелер де шешімін тапты. Соның бірі темір жол үстінен өтетін жолайырық еді. Теміржолдың солтүстігінде орналасқан Шанхай, Гагарин, Титов, Қызылжарма тұрғын­да­рының бергі бетке өтуі қиын болатын. Өйткені, өткел бол­ған­мен, күн сайын темір жол ар­қылы он­да­ған локомотив құрамалары өте­ді. Олар өткен кезде жол жабылады. Сөйтеді де, кептелек пайда болады. Пенде емеспіз бе? «Асыққан шайтанның ісі», дегенмен, жұ­мысына не бол­маса сабағына кешіккен адамдар темір жолды кесіп өтіп кетеді. Жыл­да­м­дық­пен келе жат­қан пойыз оған қарасын ба? Содан апат орын алады. Кейбір адамдардың ажалы осы арадан табылып жатты. Оның үстіне қалада жыл сайын халық саны артып келеді. Ел саны арт­қаннан кейін, көлік­тің де көбейе­тіні бесенеден белгілі. Темір жол­дың осы бір ұрым­тал тұсына кө­пір түсіру қы­зыл­ордалықтар үшін 30-40 жылдан бері арман еді десек, артық айт­паймыз. Арман болғаны сол, кеңестік кезең­нің өзінде көпірдің қажеттілігі туралы айтылды. Жазылды. Дегенмен, еш нәтиже болмады. Пой­ыз тізбегінің өткенін күтіп тұрған көлік кептелегі секілді бір ор­ны­нан жылжымады да. Тек ел егемендігін алып, еңсесін тіктеп, эко­номикасы артып, әлеуеті зорай­ған­да ғана барып көпір құрылы­сы қолға алынды. 2009 жылы құрылыстың жо­ба-сметалық құжаттамасы дай­ын­далды. Оған облыстық бюд­жеттен тиісті қаржы бөлінді. Жо­лайырықтың құрылысын жүр­гі­зетін компания да белгілі еді. Ол «Бушра» ЖШС болатын. Құрылыс сол жылы басталып кетті. Солайша, темір жолдың үстінен өтетін жолайырықтың құрылысы Елбасының келуіне орай аяқталды. Президент ар­найы барып көріп, құрылыс­шылармен жүздесті. Бұл өзі заманауи талап­тарға сай көпір. Ұзындығы – 887 метр. Күніне 12 мыңнан астам көлік өткізуге мүмкіндігі бар. Айналма жолдары халық­тың ары-бері қатынауына өте ыңғайлы. Осы көпірдің салынуына 1 миллиард 641 мың теңге қаржы жұмсалған екен. Ол халықтың толайым табыстарынан құралға­ны анық. Басқа бір аймақта мұн­дай күрделі құрылыс жергілікті бюджеттен қаржыланды­рыл­ды дегенді естімедік. Ендеше, мұны қызылордалықтардың ерен күш-жігерінің жеңісі десек, болатын­дай. Туған жерін, елін көркейтуге қосқан титтей де болса еңбегі ретінде бағалауға тұрарлық. Елбасы өз сөзінде: «Тәуел­сіз­діктің жиырма жылдығы құр дабырамен өтпеуі керек. Мерейлі мерекені әрбір ауыл, аудан халқы сезінуге тиіс. Ол үшін аулалар абаттандырылып, ауыл­дар көр­кеюі қажет», деген еді. Ата-ба­ба­мыз осы күнді сан ғасырлар бой­ы­на армандап өтті. Талай ердің қаны төгілді. Ана­лардың көзінен жасы ақты. Ақыры соның өтеуін­дей болып бақ бізге қонды. Сол ақ таңның атқанына да 20 жыл толып отыр. Елбасының бұл ме­рей­­той­ды әрбір қазақстандық сезінуі қажет дегені де осыдан. Ал Қы­зыл­орда қаласының тұр­ғын­­дары Тәу­ел­сіз­діктің 20 жыл­­дығын жан-жүйесі­мен сезініп отыр. Көптен күткен көпір ашылды. Темір жолдың екі бетіне қатынас оңтайландырыл­ды. Ба­рыс-келісте енді қиындық бол­май­тын болды. Уақытыңды жеп, жүйкеңді жұқартатын кептелістен де арылдық. Осының бәрі Тәуел­сіз­діктің арқасы. Қызылор­далық­тар бұл көпірді ел Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғы­на тарту ретінде қабылдап отыр. Жәнібек НҰРҚЫШҰЛЫ, көлік саласының ардагері. Қызылорда.