Астанада Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының күндері аяқталды. Кеше осы шараның аясында Бейбітшілік және келісім сарайында үш аталған облыстың тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарын көрсеткен көрме ұйымдастырылды. Көрмемен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев танысты.
Тәуелсіздік жылдарындағы Атырау облысының жетістіктерін паш еткен көрмеде аймақтың мұнай-газ өндіру саласындағы табыстары молынан көрсетілген. Соның ішінде атақты «Теңізшевройл» БК-ның бүгінгі және болашақта қол жеткізетін табыстары түрлі слайдтар арқылы көрсетіліпті. Қарт Каспийдің қазақстандық секторы игеріле бастағанда еліміздегі мұнай өндіру көлемі 100 млн. тоннаға, ал газ өндіру 63 млрд. текше метрге жететін болады делінген көрме деректерінде. Сонымен қатар, Атырауда салына бастаған мұнай-химия кешені де өңір ғана емес, бүкіл республика мақтан тұтатын жоба болмақ. Құны 6,3 млрд. доллар болатын бұл жоба 2016 жылы аяқталмақ. «ИСИ Гипс Индер» ЖШС өнімдері де көз тартарлық екен. Ол жылына 4,0 млн. текше метр гипс-картон шығарады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Атырау мен Атырау облысы басты нысандарының суреттері ілінген стендтер жанындағы қос монитордың алдында ұзақ тұрды. Оның бірінде аймақтың даму тарихы хронологиялық реттілікпен көрсетіліпті. Ал екінші мониторда Атыраудың бүгінгі тыныс-тіршілігі молынан берілген. Осында глобус түрінде жасалған, аумағы 8х9 метрлік алып елтаңба да орын алған. Елтаңбаның биік нүктесі шамамен бес метрді құрайтын мұнай мұнарасы екен. Оның қақ ортасында Атырау облысының картасы бейнеленген және осындағы плазмалық экраннан облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жасаған бейне-баяндамасы көрсетілді.
Жалпы, көрмеге Атырау облысынан 28 компанияның іске асыратын жобалары қойылған екен. Соның ішінде 15 жоба үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылыпты.
Жамбыл облысының көрмесі аймақтың Тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген табыстарын баяндаған анықтамалықтан басталыпты. Соңғы жылдары облыс өңірлік жалпы өнім (ӨЖӨ) өндіруде ауыл шаруашылығынан гөрі, өнеркәсіптік бағытқа көбірек бет түзей бастаған екен. Қазір өнеркәсіп өнімінің үлесі ӨЖӨ-нің 20 пайызға жуығын құрайды. 2010 жылы құны 55,9 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылған. Соның ішінде «Мыңарал Тас компани» ЖШС іске қосқан цемент зауыты бар. Құны 34,9 млрд. теңгені құраған бұл жоба 350 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріпті. «Тараз металлургия зауыты» ЖШС ферроқорытпа өндіруді жаңғыртатын құны 11 млрд. теңгелік жобаны іске асырған.
2011 жылы құны 23,0 млрд. теңге болатын тағы жеті жоба іске асырылмақшы. Бұл жыл бойына 1120 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Соның ішінде «Алтыналмас» АҚ «Ақбақай кластері» жобасын іске асырған. Бұл – алтын рудасын өңдейтін кәсіпорын. 9,6 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба қазірдің өзінде іске асып, жылына 1 млн. тонна руданы өңдейді және одан шамамен 2,8 тонна таза алтын алынады. «Тараз құбыр зауыты» ЖШС полиэтилен және тамшылатып суаратын құбырлар шығаратын зауытты іске қосты. Мұның құны – 960 млн. теңге. 2011 жылдың екінші жартыжылдығында құны 12,3 млрд. теңгені құрайтын тағы 4 жоба іске асырылмақ.
Осы және басқа да жұмыстар туралы Елбасы Н.Назарбаевқа облыс әкімі Қ.Бозымбаев баяндап берді. Сонымен бірге, ол ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1994 жылмен салыстырғанда 13 есе ұлғайғанын жеткізді. Осы салаға барлық көздерден тартылған инвестиция көлемі аталған кезеңде 8,3 млрд. теңгені құраған. Сөйтіп, өсім 35 есеге жетіпті. Бір қызығы – көкөніс-бақша дақылдарының көлемі Кеңес өкіметінің мұрты әлі бұзыла қоймаған 1991 жылмен салыстырғанда 4,4 есе өскен. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш 1991 жылы 6,8 мың гектар болса, 2011 жылы 29,8 мың гектарға дейін ұлғайған. Жеміс-жидек пен жүзімдіктерді егу көлемі де 20 жыл бұрынғыдан 3,5 есе артқан.
Нұрсұлтан Назарбаев шығысқазақстандықтардың көрмесіне де ұзақ аялдады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қол жеткізген табыстарды мұқият баяндап берді. Мұнда 12 өнеркәсіп кәсіпорны өздерінің өнімдерін қойған екен. Соның ішінде «ҚР Ұлттық Банкінің монета сарайы» РМК, «Ұлтық ядролық орталық» РМК, т.б. айрықша кәсіпорындар да бар. Облыс аумағында еліміз бойынша қорғасынның – 24, мырыштың – 41, мыстың 45 пайызы өндірілетін көрінеді. Жалпы айтқанда, бағалы түсті металл облыс аумағындағы 25 кен орнында табылған. Соның ішінде «Үлбі металлургия зауыты» атом электр стансаларына қажетті әлемдік деңгейде бірегей өнім саналатын берилий, тантал секілді отын түрлерін шығарады екен. Тәуелсіздік жылдарында «жаңа металлургия» жобасы аясында «Қазмырыш» ЖШС жаңадан мыс балқыту және электролиз зауыттарын іске қосыпты. Бұрын осы кәсіпорын бұл өнімдерді шығаратын шикізатты сыртқа тасыса, қазір кәсіпорынның өзінде дайын өнімдер өндіріледі. Бұлар туралы бейнеролик арқылы көрсетіліп тұрды.
Атақты «Титан-магний комбинаты» да өз өнімдерін мақтанышпен көрсетіп қойыпты. «Азия-Авто» мен «СемАЗ» АҚ өнімдеріне деген қызығушылық та зор болды. Бұл кәсіпорындар қазір шетелдік автомобильдердің 4-5 түрін құрастыруды игеріп, отандық және шетелдік рынокқа өз өнімдерін шығарады. Шығыстың тағы бір ерекшелігі – мұнда еліміздегі балдың 80 пайызы өндіріледі. Халықаралық бал фестивалі де өткізіліп тұрады. Биыл өткізілген ІІ халықаралық бал фестиваліне әлемнің 9 елінен делегациялар қатысыпты. Олардың бәрі Алтай балына тәнті болғандары анық аңғарылады.
«Шығыс Қазақстанның туристік мүмкіндіктері» атты экспозиция да көп нәрседен хабардар етіп, адамдардың ұлылар еліне саяхаттап баруға деген қызығушылығын тудырады.
Көрмені аралап болған соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы үш облыс өнерпаздарының күшімен дайындалған концертті тамашалады. Онда Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай» сияқты тыңдарманның құлақ құрышын қандыратын күйлері, Абайдың «Айттым сәлем, қаламқас», Ш.Қалдаяқовтың «Ақ ерке – Ақ Жайық» және т.б. тамаша лирикалық әндер орындалды.
Жақсыбай САМРАТ.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.