10 Қыркүйек, 2011

Бастапқы бағдарға бетбұрыс

292 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Даму институттарын мемлекеттік органдарға сенімді басқаруға берудің мәнісі неде?   Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары туралы» 2011 жылдың 10 тамызындағы Жарлығына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақса­тын­да «Самұрық-Қазына» АҚ-қа қарасты даму инсти­ту­т­та­рының акциялар пакеті Индустрия және жаңа технологиялар, Экономикалық даму және сауда министрліктерінің сенімді басқаруына берілетіндігі мәлім. Одан сәл бұрынырақ, Президенттің үстіміздегі жылдың 17 сәуіріндегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары шеңберінде институттарды басқаруға беру мәселесі 2011 жылдың 18 сәуі­рінде өткен «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының, сол сияқты 21 сәуірде өткен қордың директорлар кеңесінің қа­рауына шығарылған болатын. Осы орайда, даму инсти­тут­тарын сенімді басқаруға берудің директорлар кеңесінің осы жыл­дың 20 шілдесінде өткен қор­дың соңғы отырысында қарал­ған даму стратегиясына деген жаңа көзқа­растармен өзара бай­ланысты екенін және эконо­ми­каны модернизациялау саласын­дағы мемлекеттік саясатты жү­зеге асырудың қазіргі сатыдағы қисынды қадамы болып табы­ла­тынын да бірден айта кету орынды. Қор ендігі жерде осы ар­қы­лы мемлекеттік бағдарла­ма­лар­ға «жолсерік» рөлін қамтыған қазіргі стратегиядан неғұрлым нарықтық принциптер негізінде ұлттық компаниялардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ұзақ мерзімді инвестициялық саясатты жүр­гізу­ге жағдай жасайтындай да­мудың анағұрлым белсенді моделіне көшуді қарастырып отыр. Даму институттарының, әу бастан-ақ мемлекеттік бағдарла­ма­ларды жүзеге асыру құралы ретінде құрылғаны, сонымен бір­ге, табыстарды ұлғайтудың он­дай компаниялар үшін басты мақсат болмағандығы белгілі. Кезінде, яғни «Самұрық-Қа­зы­на» холдингін құру сатысында даму институттарын бір ғана акционердің басқаруына біріктіру еуропалық тәжірибені, сол сияқты, Сингапурдың, Малай­зия­ның осыған ұқсас компания­ларының тәжірибелерін ескере отырып корпоративтік басқару­дың озық тәжірибелерін енгізуге, компаниялар қызметтерінің тиімділігі мен мөлдірлігін арт­ты­ру үшін қажетті процедура­лар­ды, жоспарлау, бюджеттеу жүйесін жолға қоюға жағдай жасағанын да айта кету керек. Дағдарыстың неғұрлым өткір кезеңінде жұмыс істеп тұрған даму институттарының, атап айт­қанда, Қазақстанның Даму банкінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мүмкін­дік­те­рін кеңінен пайдалана отырып қор Үкіметтің дағдарысқа қар­сы бағдарламасының негізгі операторына айналды. Дағдарыстан кейінгі кезеңде ел Үкіметінің алдына экономи­каны кең ауқымда модернизация­лау және индустрияландыру, рентабельділігі төмен жобалар­ды қоса ала отырып, страте­гия­лық жобаларды жүзеге асыру, қазақстандық экспортты сырт­қы рыноктарға шығару, кәсіп­кер­лікті дамыту және қолдау жө­нінен міндеттер қойылды. Осы орайда мемлекеттің маңыз­ды әлеуметтік міндеттерді шешуге, оның ішінде, өндірісте жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік белсенділікті арт­ты­руға мүдделі екенін де есте сақтаған жөн. Даму институттарын сенімді басқару функцияларының берілуі арқылы министрліктер «­Өнім­ділік-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Экспорт­тау­шы-2020», кәсіпорындарды сауықтыру бағдарламасы сияқ­ты мемлекеттік бағдарлама­лар­ды табысты жүзеге асыру мүм­кіндігіне ие болады. Салалық министрліктер тарапынан компаниялар қызметін оперативті басқару функциялары страте­гия­лық инвестициялық жоба­лар­ды жүзеге асыру барысында қажетті шараларды уақытылы қабылдауға, сол сияқты, түйт­кілді түйіндерді шешуде мемлекет тарапынан жан-жақты қол­дау көрсетуге жағдайлар туғы­затынын да ешкім теріс дей алмайды. Осылайша, мемлекеттік ин­вес­тициялық саясатты жүзеге асыру құралы ретінде құрылған даму институттарын сенімді бас­қаруға беру атқарушы билікке даму институттарына салын­ған бюджет қаржыларын пайдалана отырып, ірі мемлекеттік бағдарламаларды неғұрлым тиімдірек жүзеге асыруға қолайлы жол ашпақшы. Сонымен бірге, даму инс­ти­туттарын қоса алғанда, қордың барлық компанияларының ал­ды­на корпоративтік басқару дең­гейін көтеру, директорлар кеңесі жұмысының сапасын арт­тыру, қызметтің мөлдірлігі мен тиімділігін қамтамасыз ету міндетінің қойылып отырғанын да айта кету қажет. Осыған байланысты басқаруға берілетін компания­лар­дағы қазіргі бар корпоративтік процедуралар шең­берінде корпоративтік бас­қаруды, соны­мен бірге, қаржы жағдайына бақылау жасауды да қордың өзін­де сақтап қалуы мүмкінді­гін де жоққа шығаруға болмайды. Егер сенімді басқаруға беру мәселесіне нақтырақ тоқталар болсақ, жоғарыда қабылданған шешімдер нәтижесінде негізінен 2008 жылға дейін «Қазына» АҚ-тың құрамында болып келген активтер министрліктер мен ведомстволардың басқаруына бе­ріледі. Жарлықта көрсетіл­ген­дей, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі басты бенефициар болып табылады. Оның басқаруына Даму банкі, «Инвестициялық қор» АҚ, «Kazyna Capital Management» АҚ, «КазЭкспертГарант» сараптама-несиелік сақтандыру кор­порациясы» АҚ берілсе, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Экономикалық даму және сауда министрлігіне беріледі. Оның сыртында, «Қазақ­стан­ның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Қазақстандық ипоте­ка­лық несиелерді кепілдендіру қо­ры», «Қазақстандық Ипоте­калық Ком­пания» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамдары иелік ету және пайдалану құқы­ғында Құ­рылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің құзырына көшеді. Іс жүзінде алғанда, бұл қа­дам Президенттің биылғы жыл­дың 17 сәуірінде Үкімет мүше­лерінің, әкімдердің, орталық ор­гандардың, «Нұр Отан» пар­тия­сы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшыларының қатысуы­мен өткен кеңесте берген тап­сырмаларына сәйкес елдің стра­тегиялық даму міндеттерін шешу қажеттілігінен туындап отыр. Үкімет пен әкімдер ал­дын­да тұрған жаңа міндеттің мағынасы шикізаттық емес секторды, шағын және орта бизнесті интенсивті дамыту ар­қы­лы экономиканың жыл сайын қосымша тағы да 3 пайыз және одан да жоғары өсімге жетуін қамтамасыз ету болып табыла­ды. Аталған міндетті шешу тұрғысында Мемлекет басшысы инвестициялар тарту, иннова­ция­ларды енгізу, мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімділігін арттыру сияқты үш бағытты атап көрсеткені белгілі. Сөз ретінде «Самұрық-Қа­зына» қорының 2008 жылдың қа­зан айында құрылғанын еске сала кеткен жөн. «Самұрық-Қазына» холдингі жаһандық дағ­дарысты еңсеруде Қазақстан Үкіметі бағдарламасының ядро­сына айналып, сонымен бірге Үкіметтің мемлекет мүм­кін­дік­те­рін ұлғайту үшін пайда­лана­тын негізгі құралына айналатын болады деп есептеймін, деген болатын Президент қордың ал­дында тұрған міндеттерді атап көрсете отырып. «Дағдарыс кезінде қорға оған онша тән емес болса да, бірақ сол шақ үшін өмір­лік маңызды дағдарысқа қар­сы менеджер функциясы жүк­тел­ді. Бұл компанияларды «қолдан басқарып», экономи­ка­ға тиетін теріс зар­дап­тар­ды жою үшін Үкі­метпен бірлесе оты­рып оперативті шаралар қа­былдау қажет болған кез еді. Бүтіндей алғанда, экономикалық дағда­рыс­ты табысты еңсеру мемлекеттік холдинг­тің тиімділігін көрсет­ті», дейді ҰӘҚ-тың ақпараттық-тал­да­ма­лық департаментінің ди­ректоры Рахым Ошақ­­баев. Бүгінде қор­дың өзі холдингті да­мыту ісіне деген көз­қа­растарды қайта қа­рай­тын, Мемлекет бас­шысы белгілеп берген бастапқы мақсаттарға оралатын кез келді деп есептейді. Ол міндет, бірінші кезекте, ұлттық ком­пания­лар­дың құнды қағаз­дарын қор ры­но­гына шығару арқылы көрініс табады. Соңғы өткен директорлар кеңесінде қозғалған шешуші мәселелердің бірі дағдарыс­тан кейінгі даму­дың қисынын басшылыққа ала отырып, қор стратегиясын кө­кей­кестілендіру болып табыл­ды, деп атап көр­се­теді Р.Ошақ­баев. Оның айтуын­ша, өз ак­тивтерінің рыноктық құнын өсіру мақсатын алдыға қоятын компания ретінде хол­дингтің рыноктық бағдарын тұ­жы­рым­дамалы түрде қолдау жө­нінде шешім қабылданған. Осындай мақсаттарды басшы­лық­қа ал­ғанда, даму инсти­тут­тары холдинг құрылымына етене кіріге алмайды, өйткені өз­дерінің ры­ноктық құны мен табысын ұл­ғайту олардың бас­ты мақ­сат­тары болып шықпауы мүмкін. Сондықтан еншілес ком­пани­я­ларды министрліктер мен ве­дом­стволарға беруге қор­дың стратегиялық міндеттерін жү­зеге асыру ісімен бір мәтінде қараған дұрыс. Даму институты ретінде құрылған, олар үшін өзге функциялар бастапқы, яғни маңызды болып саналатын активтер басқаруға берілмек. Өйт­кені, белгілі бір уақытта олар­дың алдында табыстарды ұлғай­ту керек пе, жоқ, әлде мемлекет жүктеген даму институты функ­цияларын жүзеге асыру керек пе деген таңдау туары анық. Сон­дай сәтте олар сол мақ­саттар үшін құрылғандықтан да, сөз жоқ, екінші жолды таңдай­ды, сондықтан оларды өкілетті мемлекеттік органдардың бас­қар­ғаны көкейге қонымдырақ, дейді Р.Ошақбаев. Дегенмен, мұн­дай пікірмен келіспейтін са­рапшылар да бар. Мәселен, «Ракурс» экономикалық талдау және болжау орталығының жетекшісі О.Жандосов сенімді бас­қа­руға пакет қана беріліп, бо­рыштар ҰӘҚ-та қалатындықтан, қазіргі таңда бұл шешім жарты­кеш қана сипатта болып отыр деп есептейді. Р.Ошақбаевтың бұл жөнінде де өз пікірі бар. Баланс шынымен де қорда қалып отыр, дейді ол. Бірақ ҰӘҚ қа­зіргі күні жеке-жеке есеп жүр­гізуді енгізу қажеттігіне салмақ салған дұрыс деп біледі. Ондай жағдайда ҰӘҚ қызметінің көр­сеткіштері екі ракурста: қор компанияларының ұзақ мерзімді құнын жоғарылату мақсат бо­лып саналатын рыноктық қыз­мет бөлігінде бір бөлек, ал қор­ға Үкімет жүктеген әлеуметтік жүктемені орындау жағын ескергенде өз алдына жеке қа­растырылмақ. Қалай дегенде де, даму институттарын министрліктер мен ведомстволарға басқаруға берудің уақыт талабынан туын­дап отырған шара екеніне еш күмән жоқ. Осы арқылы, атта­ры­ның өзі айтып тұрғандай, даму институттары мемлекетті өр­кен­дету ісіне үлес қосса, «Са­мұрық-Қазына» қоры өзінің бас­тапқы бағдарына қарай бет­бұрыс жасамақ. Ал ондай қа­дамның бүтіндей алғанда бүкіл Қазақстан үшін пайдалы екендігіне ешкім де күмән келтірмеуге тиіс. Қолға алынып отырған шара да, түптеп келгенде, осындай мақсаттарды көздейді. Сейфолла ШАЙНҒАЗЫ.