16 Наурыз, 2017

ҚР Парламенті Ресейдің Қазақстанға жерді қайтаруы туралы хаттаманы ратификациялады

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «1995 жылғы 20 қаңтардағы ҚР мен РФ арасындағы Ембі полигонын пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімінің және 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Ембі сынақ полигонын жалдау туралы шарттың қолданысын тоқтату жөніндегі шаралар туралы ҚР мен РФ арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Хаттамаға 2016 жылғы 20 қазанда Мәскеуде қол қойылды. Құжатта Ембі сынақ полигонын жалдау және пайдалану тәртібін реттейтін халықаралық шарттардың қолданысы тоқтатылады. Сондай-ақ, Ресейге уақытша пайдалануға берілген жер телімдерін, жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктерді қабылдау жөніндегі қажетті шараларды жүргізу көзделген», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров заң жобасы бойынша баяндамасында. Қорғаныс министрлінің мәліметінше, полигонның жер учаскелері ары қарай пайдалану үшін жарамды жағдайда. Ресей тарапынан полигонды пайдалану бойынша тиісті міндеттерді орындауға қатысты шағым жоқ. Полигонды жалдаудан шығару аймақтық экономикалық дамуға қолайлы әсер етеді деп күтілуде. Оның ішінде қайтарылған жерлерде ары қарай пайдалы қазбаларды барлау, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің, ұйымдардың мүддесінде пайдаланылатыны белгілі. Сонымен қатар, полигонның учаскілері Ақтөбе облысындағы әлеуметтік маңызы зор инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы үшін пайдаланылуы мүмкін. Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған полигон ядролық сынақ алаңы санатына жатпайды, сондықтан да тұрғындар мен жергілікті билік органдары тарапына қандай да бір аурулардың туындауына байланысты шағымдар түспеген көрінеді.