Өңір толық энергетикалық тәуелсіздікке жете ала ма?
Кешегі кеңестік кезеңде Орал өңірі Қазақстанның бірыңғай электр жүйесінен тым оқшау орналасты. Сондықтан да облыс тұрғындары Ресейден тасымалданатын электр энергиясына кіріптар болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндағы электр қуатының импорты 80 пайызға дейін жеткені жөнінде деректер бар. Ал бүгінгі көрініс қандай?
«Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі Темір Құсайын Батыс Қазақстан облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім бастығы Қуаныш Шарафутдинге:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Бұл іс егемендіктің елең-алаңының өзінде қолға алынды. Осы мақсатта аймақ аумағында бірнеше газтурбиналық электр стансалары салынып, іске қосылды. Оның бірі Киото хаттамасы бойынша Қазақстанда іске асырылған тұңғыш жоба болатын. Соның нәтижесінде энергетика импорты 20 пайызға дейін төмендеді. Бұған қоса, Чинарев кенішінде өндірістік қажеттілікті қамтамасыз ете алатын газтурбиналық қондырғының құрылысы аяқталып келеді.
Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысы энергетикалық тәуелсіздіктің қарсаңында тұр деп түйін жасауға толық негіз бар. Қазір энергетика импорты үлесін небәрі 2-3 пайызға дейін түсіруге мүмкіндік туып отыр. Алайда, Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандарының орталықтары және Жақсыбай ауылы Ресей Федерациясының энергетикалық жүйесіне қосылған. Бұл елді мекендер облыс орталығынан шалғай әрі Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан. Сондықтан «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген ұстанымның дәл осы арада қажет екені де талас туғызбайды. Несі бар, көршімен қарым-қатынасымыз жақсы. Ендеше, оңтайлы әрі тиімді жолдан неге бас тартамыз?!
Дегенмен, электрмен жабдықтау нысандарын жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде және қыс мезгілінде үдемелі жүктемені қамтамасыз ету мақсатында бағасы ресейліктерден арзан Маңғыстау атом энергиясы комбинатынан электр қуатын облысқа жеткізудің резервтік сызбасы әзір тұр.
Орал.