Еліміздің батыс өңірінде бұған дейінгі үш жыл қатарынан болған қуаңшылық диқан бабаның қамбасын ортайтып, егіс салу керек пе, керек емес пе деген екіұдай ойға итермелегені де рас. Шаруашылықтардың экономикалық-қаржылық жағдайы әлсіреді. Өткен жылы облыс қажетті тұқымдық астықты да жинай алмады. Бұл егіс алқабын әртараптандыруға мәжбүр етті. Яғни, анағұрлым өнімділігі жоғары, балл бонитеті 25-30 болатын алқаптарға ғана тұқым себуге шешім қабылданды. Бұрындары облыс бойынша 730 мың гектардан астам алқапқа дән себіліп келсе, енді оны 505 мың гектарға дейін кеміту ұсынылды. Соның өзінде де Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау сияқты аудандардың құнарлы алқаптарына егіс салу қажеттігі туындады. Осы алқаптың өзіне себілуге қажетті 55 мың тонна тұқымның 25 мың тоннасы ғана облыстан табылды. Сондықтан ел Үкіметі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысынан қосымша 30 мың тонна тұқым бөлгізді. Сөйтіп, қашанда ауа райының қас-қабағын аңдитын диқан қауымы ылғалды көктемге үміт артып 588 мың гектарға егіс салған болатын. Бұл жерде өз қаржыларына тұқымдық астық тауып, егіс алқабын ұсынылған межеден кеңейте түсуге бағыт ұстаған шаруа қожалықтарының бастамашылығын да айта кеткен жөн.
Диқан қауымы күткендегідей биылғы жаз жауын-шашынды болды. Егіннің көктеуі, сабақтануы жақсы өтті. Алайда, егін дән салар кездегі тамыздың аптап ыстығы кей жерлерде астықтың толысуына кері әсер етті. Дегенмен биыл ақтөбелік диқандар қуаңшылықты жылдармен салыстырғанда біршама тәуір егін өсірді. Қазір егін орағы қарқынды жүргізілуде. Егін орағында 2 мыңнан астам комбайндар жұмыс істейді, оның 120-сы өнімділігі жоғары, технологиялық мүмкіндігі әмбебап шетелдік техникалар. Астық жинау жұмысы екі ауысымда ұйымдастырылған. Осы кезге дейін астығы жиналуға тиіс 588 мың гектар алқаптың 60 пайызының алтын дәні бастырылып, қырмандарға жеткізілді. Облыста жұмыс істеп тұрған 120 механикаландырылған қырманда астық тазарту жұмыстары қыза түсті.
– Облыс бойынша гектар түсімділігі биыл салыстырмалы түрде анағұрлым жоғары. Арпаның әр гектарынан 7,7 центнер өнім жиналды. Мәртөк ауданының диқандары гектар түсімін орташа 12 центнерден айналдырса, қарғалылықтар – 10, хромтаулықтар 9,6 центнерге жеткізді. Ал, бидайдың түсімі сәл төмен, гектарына облыс бойынша орташа 7,5 центнерден келуде. Мәртөк ауданы әр гектардан 11 центнер алтын дән бастырып, көш бастауда. Қарғалы және Хромтау аудандарында тиісінше өнімділік гектарына 8,7 және 8 центнер болып отыр. Жалпы, биыл өңір диқандары 400 мың тоннадан астам астық дайындауға бағыт ұстауда. Бұл өзімізге қажетті астықты дайындап алуға, тұқым құйып алуға молынан жетеді. Сондай-ақ, шаруа қожалықтары мен шаруашылық құрылымдарының көктемде алған тұқымын өтеуге, ішінара болса да бұрынғы қарыздарын қайтаруға алғышарт жасайды. Үкімет егін орағын өткізуге жеңілдетілген бағамен жанармай бөлген-ді. Облыстық бюджеттен осы мақсатқа бұған қосымша 113 миллион теңге қарастырылды. Бұл дизель отынының литрін 71 теңгеге дейін арзандатуға мүмкіндік берді. Мұның өзі шаруаларға біраз қолдау-көмек болып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұхтар Жұмағазиев.
Оның мәлімдеуінше, жиналған астықты сақтаудың мүмкіндігі мол. Өңірдегі 11 элеватордың барлығы жаңа егіннің астығын қабылдауға сақадай-сай әзір. Астық қоймалары газдандырылып, тазартылған, жөндеу жұмыстары алдын-ала жүргізілген. Бұл элеваторлардағы сыйымдылықтарда 600 мың тонна астық сақтауға болады. Оларда облысқа қажетті азық-түліктік және тұқымдық астықпен бірге Азық-түлік корпорациясының 200 мың тонна астығын да сақтау көзделуде.
Бұдан басқа 54 мың гектарға майлы дақылдар өсірілуде. Бұл өткен жылғыдан екі еседен астам көп. Қазір осы майлы дақылдарды жинап алудың алғышарттары жасалуда. Майлы дақылдардың шығымы жақсы, гектар түсімділігі ойдағыдай болады дейді мамандар.
Облыс диқандары келесі жылдың егісіне жер дайындауға да көңіл бөлуде. Қазірдің өзінде 205 мың гектар парлы алқап дайындалды. Егін орағы еңсеріле келе күздік сүдігер жыртуды да іле-шала бастаудың барлық мүмкіндіктері қарастырылуда. Осы кезге дейін 1,5 мың гектар күздік бидай себілді. Бұл жұмыс алда да жалғаса бермек. Егіншіліктің агротехникалық талаптарын қатаң сақтауға шаруалардың өздері де мүдделілік танытып отыр. Сондықтан да олар ресурс сақтағыш техникалар алуға, егін алқаптарын химиялық өңдеуге ден қоя бастапты. Олар бұл гектар түсімділігін арттырудың бірден-бір жолы екенін бек түсінген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы облыстағы ғалымдармен кездесіп, егіншіліктің өзекті мәселелерін ортақ ойласып шешуге, астықтың аудандастырылған, өңірдің ауа райына бейімделген сорттарын өндіріске пайдалану бағытында ой-пікірлерін білуге ұмтылысы да құптарлық. Ауа райы қалай болады деп күтіп отырмай, егіншілікті ғылыми негізде жүргізуді уақыттың өзі талап етіп отыр. Бұған қуаңшылықты жылдардың ащы сабағы да итермелеуде. Жаңбырлы жаздың несібесін төкпей-шашпай құт қамбаға құйып алуға ұмтылған диқан қауымы еңбегінің егіншіліктің қайтарымдылығын арттыру бағытындағы қадамдармен ұштастырылуы бұл саланың табысты бола түсетініне сендіреді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.