2005 жылдың сәуір айында Әлемдік азық-түлік бағдарламасының үйлестіру кеңесі Қытай үкіметімен бірлесе отырып, мынандай мәлімдеме жасаған болатын: “Үстіміздегі жылдың аяғында Қытай сырттан азық-түлік көмегін алуды тоқтатады”. Осыдан 25 жыл бұрын жүздеген миллион адамы аштықтан зардап шеккен бір жарым миллиард халқы бар алып ел үшін әлгіндей батыл мәлімдеме жасауға үлкен негіз болған сыңайлы. Шындығында да, солай болып шықты. Қытай дәл сол жылы шеттен келетін азық-түлікке тәуелділіктен біржолата құтылып қана қоймай, бір сәтте басқаларға өзі көмек ұсына алатын әлемдегі үшінші нәрлендіруші елге айналып шыға келді.
Қытайдың қол жеткізген табыстарының басты сыры 1978 жылы ел ішінде іске асырылған экономикалық реформамен тікелей байланысты болатын. Тез арада қолға алынған батыл шаралардың нәтижесінде елде бұрыннан қалыптасып қалған ауылшаруашылық ұжымдары жүйесі түгел таратылып, олардың орнын енді жеке отбасы фермалары басқан-ды. Әрбір елді мекенде жер жеке шаруашылықтарға ұзақ мерзімге жалға берілді. Бұл бетбұрыс жердің майын ішкен еңбекқор шаруалардың ынта-жігерін тасытып, 1986 жылы Қытайдың астық өнімдері 1977 жылмен салыстырғанда бірден 50 пайызға көтерілді. Тез арада елдің экономикалық әл-ауқаты артып, жұрттың табысы молайып, халықтың демографиялық өсімі саябырлады. Жылдан-жылға астық өндіру үлкен қарқын алып, бас-аяғы он жылдың ішінде Қытай мемлекеті азық-түлік жетімсіздігінен түбегейлі арылды. Бұл тарихта бұрын-соңды болмаған ең озық жетістік болатын.
Қытай аштықты еңсере бастаған кезде Африка Сахарасының оңтүстігі мен Үндістан субконтинентінің біраз аймағында азық-түлікке зәрулік, керісінше, үлкен қарқынмен өрши бастаған. Соның салдарынан дамушы елдердегі аштыққа ұшырағандардың саны 1996 жылы 800 миллион адам болса, 2003 жылы бұл көрсеткіш 830 миллионға жетті. Ал 2007 жылы әлгі үрдіс одан бетер ұлғайып, ашаршылықтан, ең алдымен, жас балалар қатты зардап шеккен болатын.
Әлемдік сарапшылардың пікірінше, 1950 жылдардан бермен қарай жаңа дамып келе жатқан елдердегі астық өнімдері үш есеге ұлғайған. Мұның басты себебі мынау: Жапонияда сұрыпталған бидай мен күріш дақылдары мен Америка Құрама Штаттарында бапталған көп өнім беретін бұршақ гибридтерінің тұқымдарын тиімді пайдалану Қытай, Үндістан және басқа да Шығыс Азия елдерінде қолға алынды. Оның үстіне суармалы жерлердің көлемі үш есеге арттырылып, тыңайтқыштар көлемі 11 есеге өсті. Бұл шаралар өз кезегінде әлемдегі егістік жерлердің шығымдылығын да үш есеге ұлғайтқан болатын.
Солайы солай болғанмен, бүгінгі фермерлерді енді су тапшылығы, тыңайтқыш жетімсіздігі, климаттың өзгеруі, басқа мақсаттарға пайдаланудың салдарынан егіндік жерлер көлемінің қысқарып кетуі, жанар-жағармайдың қымбаттауы, өнімді көбейтетін аграрлық технологиялардың заман талабынан қалып қоюы сияқты қиындықтар тығырыққа тірей бастады. Оның үстіне бүгінгі таңда ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс ғаламшарда бұрынғыдан бетер үдей түсуде. Себебі, әлем халқының саны жыл сайын 70 миллионға өсіп отыр.
Дегенмен, фермерлер мен агрономия ғалымдары бұл қиындықтарды еңсерудің де тиімді амалдарын тапқан сияқты. Біріншіден, құрғақшылық пен суыққа төзімді дақылдарды сұрыптап шығару жолға қойылды. Мәселен, Американың Канзас, Небраска, Оңтүстік Дакота, Солтүстік Дакота және Миннесота штаттарында әлгіндей дақылдарды егудің арқасында өнім анағұрлым көбейді.
Егіндік жерлердің шығымдылығын арттырудың екінші жолы бір жылда екі рет өнім алуды қалыптастырумен тікелей байланысты. Мысалы, АҚШ пен Қытай, Үндістан және басқа да Азияның оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекеттер бір жыл ішінде жаздық және күздік дақылдарды қатар егіп, егістіктерден екі дүркін өнім алудың нәтижесінде бүкіл әлемдегі астық қоры көлемін 1950 жылмен салыстырғанда үш есеге арттыруға мүмкіндік туды.
Солтүстік Қытай алқабында суыққа төзімді күздік бидай мен жүгері дақылдарын егудің нәтижесінде алынатын өнім көлемі АҚШ-тағы өнімге теңесуге жақын қалды. Америкада өсірілетін күздік бидай бір гектардан 40 центнерден өнім берсе, жүгері өнімі 50 центнерге дейін жетті. Сөйтіп, бір гектар егістіктен алынатын өнімнің жалпы көлемі 90 центнерді құрады. Ал Қытайда бұл көрсеткіш бір гектарға шаққанда 80 центнерге дейін жетті.
Міне, бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып әлемде қолға алынып жатқан үлкен шаралардың бір парасы жоғарыдағыдай. Бірақ осы келтірілген деректер өз еліміздің азық-түлік әлеуетінің қаншалықты деңгейде екендігін бағамдауға және оның әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне тигізер әсерінің қаншалықты пәрменді екенін пайымдауға жеткілікті ғой деп ойлаймын.
Аллаға шүкір, біздің халқымыздың маңдайына әлемде тоғызыншы орында тұрған ұлан-байтақ жер байлығы жазылған. Егістіктерден жыл сайын алынатын астық өнімдері еліміздің ішкі сұранысын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өзге елдерге де қолұшын беруге жетіп жатыр. Мысалы, астық пен ұн экспорттаудан Қазақстанның әлемдегі ең ірі мемлекеттердің қатарына іліккені жоғарыда айтылғанның айқын дәлелі деуге болады. Алайда, еліміздің бұл саладағы мүмкіндігі осымен шектелмесе керек. Егер өз елімізге АҚШ, Қытай, Үндістан немесе басқа мемлекеттердің астық өндірудегі ең озық агрономиялық және агротехникалық үлгілерін кеңінен ендіретін болсақ, біздің мемлекетіміздің де бұл саладағы әлеуеті әлдеқайда ауқымды болатыны және әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де ерекше мәнге ие болатыны күмән тудырмайды. Бұлай деудің реті бар. Өйткені, қазір біздің ғаламшарға төніп келе жатқан қауіп-қатерлер күшейіп келеді. Олардың ішінде азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысты қатерлер де бар. Мысалы, Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтонда 2001 жылы құрылған “Жер саясаты институтының” президенті әрі іргелі де ойшыл ғалым Лестер Р. Браунның (Lester R.Brown) 2008 жылы толықтырылып қайта шығарылған “Жоспар Б 3.0: Өркениетті сақтап қалуға жұмылу” (“Plan B 3.0: Mobilizing to Save Civilization”) атты 400 беттік құнды кітабының алғысөзінде терең зерттеулер мен ауқымды сараптама негізінде аталмыш ғалымның түйіндеген мына бір тұжырымдарына көңіл аудармауға болмайды: “Біздің әлем үлкен жылдамдықпен өзгеріп келеді. Осыдан екі жыл бұрын “Жоспар Б 2.0” (монографиясының атын айтып отыр – Ә.Ахметов) баспаға жіберілген кезде әлемдегі мұздардың еру қарқыны туралы мәліметтер жұртшылықты алаңдата бастаған еді. Ал бұл туралы бүгінгі мәліметтер тым қорқынышты.
Осыдан екі жыл бұрын экономикалары құлдырап бара жатқан бірнеше мемлекеттің бар екенін білуші едік. Ал олардың саны жылдан-жылға артып келеді. Ендеше, мемлекеттердің бұлайша құлдырауын бүкіл өркениетке төніп келе жатқан қатерлердің алғашқы белгілері деуге әбден болатын сияқты.
Екі жыл бұрын мұнай өндіруді ұлғайтудың мүмкіндігі алдын-ала жасалған ресми жоспарлардан көп төмен екендігінің кейбір белгілері байқала бастаған болатын. Ал бүгін бұл үрдіс шарықтау шегіне жетіп, энергетикалық қауіп есікті қағып тұр. Өйткені, екі жыл бұрын мұнайдың бір баррелі 50 доллар болса, бүгін, осы кітап жазылып жатқан 2007 жылы, әлгі көрсеткіш 90 долларға жетті.
Осыдан екі жыл бұрын ғана біздер астық өнімдерінен автомобильдерге арналған этанол шығаратын зауыттардың саны көбейе берсе, астықтың бағасы да күрт өсіп, мұнайдың құнына теңесетін болады деп топшылаған едік. Енді, міне, АҚШ-та бүгінгі күні астық өнімдерінің бестен бірін этанолға айналдыруға мүмкіндігі жететін қуатты зауыттар жұмыс істеп тұр. Есесіне, жүгерінің бағасы дәл қазір екі есеге өсіп кетті.
Екі жыл бұрын біз соңғы алты жылдың бес жылында азық-түлікке жұмсалатын астық көлемінің күрт кеміп кеткенін баяндаған едік. Ал соңғы сегіз жылдың алғашқы жетеуінің ішінде әлемдік астық өнімдері қорының кемуі тарихта болмаған құлдырау шегіне жетті.
Жер бетіндегі халықтар санының өте тез өсіп келе жатқандығы, су қорының жетіспеушілігі, ормандардың азаюы, топырақтың эрозияға ұшырауы және жайылым жерлердің шөлге айналуы сияқты проблемалардың көбеюі әлжуаз мемлекеттер күрмеуі қиын әлгіндей қиындықтарға төтеп бере алмай, күйреп қалудың аз-ақ алдында тұрғанын байқатып отыр.
Әлемдегі мұнай қорының сарқылуы, климаттың күрт жылынуы немесе азық-түлік бағаларының шарықтап кетуінің салдары бүгінгі таңда ең алпауыт мемлекеттердің өздерін де тығырыққа тіреуі ғажап емес.
Экономикалық тұрғыдан, Қытай қазір кейбір негізгі ресурстарды тұтыну жөнінен Америка Құрама Штаттарын басып озды. Бұл үрдіс Үндістанда да байқалады. Ал аталмыш ресурстардың көлемі жылдан-жылға азайып келе жатқаны айқын байқалып отыр.
Сонымен, адамзаттың алдында қазір азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, энергетикалық қауіпсіздікті қалыптастыру, Жер климатын қалпына келтіру, халықтардың демографиялық өсім қарқынын реттеу, кедейшілікті жою және ғаламшардың бүлінген экологиялық жүйелерін қайта қалпына келтіру сияқты үлкен-үлкен нысаналар тұр.”
Дәл осы жерде ескере кететін өте маңызды фактор мынау: Лестер Браунның аталмыш еңбегі бүкіләлемдік деңгейде ғылымның әртүрлі саласында жүздеп саналатын айтулы ғалымдардың ұзақ жылдар бойы толассыз жүргізіп келе жатқан зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен терең сараптамалық тұжырымдардың негізінде жазылған. Шындап келгенде, бұл ғылыми туындыда жинақталған құнды ақпаратты мемлекетіміздің басқару жүйесінде қызмет істейтін әр азаматтың, әрбір маманның білуі, біліп қана қоймай, әлгілердің ең құнды дегендерін сүзіп алып, іске жаратуы міндет дер едім. Өйткені, аталмыш монографияда көтерілген проблемалардың басым көпшілігі біздің елімізге де тән. Сосын оларды еңсерудің ең тиімді әдістері де тайға таңба басқандай, әдемі сипатталған. Ең бастысы, еліміздің барлық саладағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ауадай қажет әлемде қолға алынып жатқан әрі тікелей іске асырылып жатқан нақты үлгілер мен озық шаралардың тізбегін әр саланың мамандары жете зерттеп, оларды басшылыққа алса, еліміз ұтылмас еді.
Сөз соңында мына бір пікірді де айта кеткен жөн болар. Жер бетінде ең халқы көп Аспан асты елі бұл күнде тек өзін ғана емес, басқаларды да асырап отырғанда, әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленетін біздің елге ауылшаруашылық өнімдерінің қай-қайсысын да шеттен тасу үлкен сын емес пе? Ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан қаражат жылдан-жылға өсіп отырғанда, оны тиімді жұмсап, ауылдық мекендерде жылыжайларды көптеп салып, жергілікті халықты сол жерде оқытып, жермен жұмыс істеуге үйретіп, әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланып, Қытайдағы сияқты озық тәжірибе тез қолға алынса, азық-түлік саласында еліміздің ішкі сұраныстарымен қатар әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мүмкіндігі де бүгінгіден бетер еселене түсер еді.
Халықтың аузында жүрген “әр адамның өзім дегенде өгіз қара күші бар” деген аталы сөзге жете мән берген дұрыс болар деп ойлаймын. Өйткені, елімізде өндірілетін көкөністің басым көпшілігін бұл күнде ірі ұжым қожалықтары емес, жеке-жеке аула қожалықтарының қамтамасыз етіп отырғаны құпия емес. Мен бұл пікірді өмір бойы жермен жұмыс істеп келе жатқан маманның аузынан естідім. Демек, ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия ірі қожалықтармен қатар, әсіресе, аула қожалықтарына, алаланбай, тұтас жететін болса, әрі бұл мәселеге бақылау күшейтіліп, Үкімет тарапынан жіті қадағаланса, елді мекендердегі халықтың ынта-жігері еселеніп, жергілікті тұрғындардың жерге деген көзқарасы тез өзгеріп, жер кәсіптің көзіне айналар еді. Сөйтіп, ауылдық жердегі жұмыссыздықтың тамырына балта шабылар еді. Шынын айту керек, әзірше жермен жұмыс істеуге қолбайлау болып отырған себептер баршылық. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселеге жете мән беріп, тиісті шараларды тез іске асырса, көрші елдер қол жеткізген жетістіктерге біздің ел де жететініне күмән жоқ. Жақында Оңтүстік Қазақстан облысының бір азаматы біздің елде де банан өсіріп, жеткілікті өнім алуға болатынына көз жеткізді. Демек, сондай азаматтарға қолдау көрсетіп, жеке шаруалардың басқаларға үлгі болатын озық кәсіптерін ақпарат құралдары арқылы көпшілік қауымға үнемі дәріптеп отырса, бойкүйездік, енжарлық, құнтсыздық және, ең бастысы, кезінде ұлы Абай сынап-мінеп кеткен еріншектік пен жалқаулықтың ауылы алыстар еді. “Жері байдың елі бай” деген аталы сөз бекер айтылмаған. Ендеше, айналамыздағы Жерді еміп отырған ағайындардан үлгі алып, құнарлы жерді кәсіптің көзіне айналдырудың тетіктерін ойластырып, кезінде есепсіз оңды-солды бөлінген құжаттары дұрыс, бірақ қурай ғана өсіп тұрған жер телімдерін қайта іске қосудың заңды тетіктерін жасау Үкіметтің кезек күттірмейтін мәселесіне айналуы керек. Тек солай еткенде ғана ит-арқасы қияндағы сырт елдерден картоп немесе басқа өнімдерді тасу тоқталады. Демек, азық-түліктің бағасы да өз сабасына түсетін болады.
Әділ АХМЕТОВ, сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.