«Қазақфильм» киностудиясының шаңырақ көтергеніне – 70 жыл
Нақты дерекке сүйенсек, Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1941 жылғы 12 қыркүйектегі №762 қаулысына сәйкес Алматы көркемфильм киностудиясы құрылып, мұнан кейін 1960 жылы бұл ат «Қазақфильм» киностудиясы болып өзгергені мәлім. Одан соңғы мәдениет ошағы тарихындағы айтулы оқиғаның бірі – 1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясына қазақтың айтулы кинорежиссері, сахна саңлағы Шәкен Аймановтың есімі берілгендігі. Осы аралықта 228 толықметражды, 70 қысқаметражды көркемфильм экранға жол тартса, 1133 деректі, 139 анимациялық туынды көрерменнің көзайымына айналып үлгерді.
«Елу жылда – ел жаңа» дейді халқымыз. Ендеше, бүгінгі көрермен талғамы мен талабына сай өнім ұсыну киногерлерге үлкен жауапкершілік жүктейді десек, «Қазақфильм» киностудиясы да өзін соңғы уақытта тың идеялар мен жобалар арқылы таныта түсуде. Студияның алғашқы кезеңі мен қазіргі тынысын салыстырғанда, арасы жер мен көктей деп айтуға болады. Ш.Айманов атындағы бүгінгі «Қазақфильм» акционерлік қоғамы заман үніне сай технологиямен жабдықталған жоғары үлгідегі киностудия саналады. Халыққа сапалы өнім ұсынуда өзге әріптестерінен оқ бойы озық келе жатқан студияның негізгі мақсаты көрерменді көркем, деректі, анимациялық туындылармен қамтамасыз ете отырып, шетелдік фильмдерді қазақ тіліне тәржімалау десек, студияда сандық кешеннің болуы қазіргі көрермен талғамынан шығуға жасалған тағы бір мүмкіндік екені рас. Орталық Азия бойынша тек қана Қазақстанда ғана «Dolby» қайталап жазу жүйесінің орны ерекше саналады. Дыбыстық жазбалар, тәржімалау, өнімді түрлі форматқа түсіру, т.т сол сияқты негізгі жұмыстардың жүзеге асырылуы уақытқа сай жаңғырып, екі түсірілу павильонына ие болу дегеніміз қазақ ұлттық киноөнерінің жаңа белеске көтерілуінің бірден-бір айғағы болып табылады. Жаңа технологиямен жабдықталған анимациялық кешен де алуан түрлі қызметімен назар аудартады. Ал енді оның нақты нәтижелері туралы сөз етсек, соңғы жылдарғы қарқын айтарлықтай, экранға көркемдік деңгейі мен сапасы көңіл көншітерлік дүниелер көптеп шыға бастады. Режиссер Фархад Шәріповтің «Қызғылт қоян туралы ертегі», Ақан Сатаевтың «Ликвидатор», Рүстем Әбдрашевтің «Балалық шағымның аспаны», Қанағат Мұстафиннің «Секіріс», Ержан Рүстембеков пен Александр Черняевтің «Махаббат тәлкегі» фильмдері көпшіліктен оң бағасын алып, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ киносының айтарлықтай жемісіне бағаланып отыр.
«Егемен-ақпарат».