Комсомол қызметіне жаңа келген кезім. Фрунзе (Бішкек) қаласында бүкілодақтық жас қырықтықшылар слеті өтетін болып, Қостанай облысының өкілдерін басқарып баруды облыстық комсомол комитеті маған жүктеді. Республика бойынша бізді Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің екінші хатшысы бастап барды. Бастап барды демесе, ол жігіттің бізде мүлде шаруасы болмай кетті. Біз оны, ол бізді көрмеді. Сонымен өзімізге міндетті шараларға қатысып, Алматыға оралдық. Енді Қостанайға қайтайық десек, билет жоқ. Сол кезде ұшаққа билет алу, қонақ үйге орналасу өте бір қиын іс болатын. Өзіміз олай-былай байқап көріп едік, ретін келтіре алмадық. Қонақ үйлер жолатпады.
Тапсырыс берілмеген. Таныс-білістерге қонақтап, қасымдағылардың мазасы кете бастаған соң: «Не де болса ЦК комсомолға барайын», – деп сонда жеттім. Кейін республикаға белгілі үлкен қызметкер болған, сол кезде Орталық комитетте қызмет істейтін бір жігіт жағдайымызды білген соң: «Жүр, Өзекеңе кіргізейін, ол кісі қазір-ақ мәселеңді шешіп береді», – деп алды-артқа қаратпай жетелей жөнелді.
Бірінші хатшының бөлмесінің есігін ашып кіре бергеннен үстелдегі қобыраған қағаз, фотолар, көзге түсті. Өзекеңнің қолында қайшы. Бірден әлгі жігітке дүрсе қоя берді. Ол қипақтап қалды. Мен не істерімді білмей, кейін шегініп шығып кетпек болып едім: «Қайда барасың, отыр!» – деді. Шамасы, әлгі жігіт берілген бір тапсырманы дұрыс орындамаған сыңайлы. Айтарын айтып болған соң оған бара бер деді де, маған қарап: «Басыңдағың немене?!» – деді. Қырғыздар бір-бір ақ қалпақ кигізген, Арқадағы бізге ол кезде бұл таңсық болатын. Мен бірінші хатшыға сол қалпақпен кіріп келіппін. Жалмажан қалпақты қолыма алып, жағдайымды айттым.
– Делегация басшысы бар емес пе, сол бәріне жауапты еді ғой?
– Ол кісінің бізде шаруасы болмай кетті.
– Әй, сол да бір... – деді де, Бротты (сол кезде комсомолда қаржы шаруашылық жағын басқаратын) шақырды да, қонақ үй, билет, көлік жәйін шешуді тапсырды. Сол күні ұшаққа билет алып, қонақ үйге қонып, ертеңгісін арнайы мәшине келіп, әуежайға апарып салды.
Бұл Өзағаңның, Өзбекәлі Жәнібековтің алдын алғаш көруім. Қайшылықты көзқараста кеттім. Ана жігітке менің көзімше соншама ұрысқаны біртүрлі көрінді. Ал бізге жасаған жағдайы мүлде басқа. Қатал кісі-ау дедім іштей.
Кейін білсем, Өзағаңның бұл да күйдім-жандым жұмыс істеп жатқан бір тұсы екен. Комсомолдың одақтық съезіне даярлық үстіндегі кезі, Қазақстан жастарының өмірін бейнелейтін стенд жобасымен отыр екен.
Кейін республика комсомол ұйымының талай шараларына қатысып жүргенде мұндай ағаттық еш болған емес. Қарсы алу, қонақ үйге орналастыру, билет алу деген сөз болмайтын, бәрі даяр, мінсіз атқарылатын, барлық деңгейде тәртіп болатын. Жиындар сондай тартымды, қызықты, пайдалы болатын. Сол көргендерімізді жергілікті жерде жүзеге асыруға ұмтылатынбыз. Сондай жиындарда бізді міндетті түрде театрларға, мұражайларға, көрмелерге апарып, ел мәдениетімен таныстыратын. Опера және балет театрының бір қойылымынан шыққанымызда, орыс жігітінің: «Қазақта мұндай мәдениет барын білмеппін», – дегенін де естігенбіз. Бұл Өзекең ісінің мақсатты шаруа екенін сонда ұққанбыз. Ойын-сауық үшін ғана емес, ұлт мәдениетін көрсін, білсін, түсінсін дегендік екен.
Мен 1965 жылы аудандық комсомол комитетін күйсіз жағдайда қабылдадым. Көлік қирап біткен, үстел, орындықтардың өзі тозығы жеткен, сейф атымен жоқ. Комсомол билетін ауыстыру науқанына байланысты Қостанайда Өзағаңның қатысуымен арнайы пленум болды. Сол кезде облыстық комитетте сектор меңгерушісі, әрі осы билет ауыстыруға жауапты Мұхамбетқали Айсин (кейін аудандық, облыстық деңгейде басшылық қызметтерде болды): «Жағдайыңды тартынбай айт. Бірінші хатшы естісін, әйтпесе, мыналар саған ештеңе бөлетін емес», – деген соң, сөз тигенде бәрін жайып салдым. Өзағаң сол жолы бізге жағдай жасауды ескерте кетті. Артынан облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Петр Черныштың: «Осыны менің өзіме айтпадың ба?!» – дегені де есімде. Не керек, көп кешікпей-ақ Қостанайдан арнайы түрде кеңсе жабдықтары жеткізілді. «Газ-69» (сол кездің тәуір көлігі) жеңіл мәшинесі берілді. Қостанайдан 500 шақырым, әрі жолсыз өңірде жатқан ауданда кеңсе мүліктері, әсіресе, үстел, орындықтар тапшы, табылмайтын зат есебінде болатын. Бір жарылқанып қалдық.
Жалпы, облыстың оңтүстік өңіріндегі қазақ аудандарының жастар ұйымдарына дұрысырақ көңіл бөліне бастады. Бұрындары облыстық комсомол комитетінен бұл өңірлерге ешкім келмейтін, осы жақтағы жақсы істер еленіп, айтылып, тәжірибе таратылмайтын. Енді облыстағы бірінші хатшыдан бастап бәрі оқтын-оқтын келіп, көріп, елді-жерді танып, бағалай бастады. Бұл Тың игерудің дабылы басылыңқырап, келгінбайлардың жергілікті жұртты мойындай бастаған шағы болатын. Өзағаң сол заманда Қазақстан жастары арасында шынайы жетекші, беделді көшбасшы болды. Ол бүкілодақтық лениншіл коммунистік Жастар одағының Орталық комитетінің бюро мүшесі болып, одақтық деңгейде танылған жастар жетекшілерінің бірінен саналды. Одақтық мінберден келелі мәселе көтере айтқан сөздеріне тәнті болатынбыз. Заманында қазақ жастарына бұл үлкен мақтаныш-ты.
Өзағаң, міне, сол шақта-ақ ел-жұрттың сеніміне бөленіп, үмітті тұлғасына айналған-ды. Ол кісінің анда-мында айтқан сөздерін, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіндегі хатшылармен келіспей қалған жағдайларын өз ортамызда құпиялап айтып, пікір алысатынбыз, риза болатынбыз.
Мен 1970 жылы комсомол жұмысынан Алматы Жоғары партия мектебіне кеттім. 1972 жылы Торғай облыстық партия комитетіне жолдандым. Үгіт-насихат бөліміне нұсқаушылыққа, тура Өзағаңның қарауына топ ете қалдым. Жаңадан ашылған Торғай облысына идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшы болып барған Өзағаңның даланы дабылдатып жатқан кезі. Қорқып та, сеніп те келе жатқаным Өзағаң. Басқа ешкімді білмеймін.
Бірден Өзағаңның алдына бардым. Жылы қарсы алып, мән-жәйді түсіндіріп, сәт тіледі. Бірінші хатшы Сақан Құсайыновқа телефон соғып, кіруге келісім алып, мені өзі ертіп апарды. Ол кісінің алдынан өтіп, жұмысқа кірістім. Өзағаңа еш жерде баспанам жоқ, Алматыда отбасыммен пәтерде тұрып оқыдым деп жағдайымды айттым. Он үш күнде үш бөлмелі үй бергізді.
Жұмысқа жегеді, қолынан бірдеңе келеді-ау деген азаматтарды көбірек маңында ұстайды. Талап қатты, жұмыс тек жоғары сапада орындалуы керек. Қарауында болған адам ысылып та, төселіп те, танылып та шығады. Көп адам Өзағаңнан қорқатын. Қызметінен емес, сыйлағандықтан, қабілетіне сүйінгендіктен қорқатын. Сыйлап қорқу, бұл құрметтің ең шыңы болса керек.
Иә, Өзағаңнан қорқатындар екі түрлі еді. Бірі қызметінен болса, бірі құрметтеуден-ді. Қызметінен қорқатындар ол кісіден үркіп жүрсе, құрметтейтіндер Өзағаңның тарпаңдығын елең қылмай, тапсырмасын орындауға құлшына түсетін. Бір-біріне ол кісіден қандай «сыбаға» алғандарын да бүкпей айтып, күлісетін.
Әдетте, ол кезде идеологиялық хатшыны барлық сатыда «үшінші секретарь» дейтін. Аудан, облыс, Орталық комитетте де солай. Осыған қатысты Қарекең, Қаратай Тұрысовтың бір әзілі бар еді. Торғай облысында бастапқыда үш-ақ хатшы болған. Оларды бірінші, екінші, үшінші деп санамалайды. Кейін өнеркәсіп жөнінде төртінші штат беріліп, оған Қарекең хатшы болып бекиді. Отбасы әңгімесінде: Торғайдың обкомына төртінші хатшыға штат беріліпті, соған баратын болдым, – дегенде анасы: Шырағым, төртінші хатшылыққа бола сонша алысқа несіне барасың?! – деген көрінеді. Одан кейін бесінші, яғни құрылыс жөнінде хатшы қосылды. Е.Башмаков деген кісі сол қызметтен республикаға өсті.
Осы кісілер: Сақан Құсайынов, Өзбекәлі Жәнібеков, Қаратай Тұрысов, Мақтай Сағдиев (облатком төрағасының орынбасары болған) Торғайдың ырысы, бағы бола білді. Ол бір Торғай даласының бағы жанған, бақыты ашылған заман-ды. Торғай облысын көтеруге қазақ жерінің бар түкпірінен азаматтар жиналып, бір атаның баласындай ынтымақта жұмыс істеген тұс еді-ау. Солардан талай ел таныған кадрлар өсіп те шықты.
Сақан Құсайынов Өзағаңа қатты сенім артты. «Мен Өзбекқалидай сауатты емеспін (осылай атайтын), жұмысшымын. Барлық саяси, мәдени мәселелерді Өзбекқалимен шешіңдер», – деген сөзін талай естідік. Өзағаң да облыста еркін қимылдады. Әлбетте, бас пайдасына, сауық-сайранға емес, облыстың мәдени өмірін өркендетуге күш салды.
Институт, училище, техникумдар, балалар бақшалары мен мектептер, кітапханалар, кітап дүкендерін аштыру, мәдениет үйлерін жабдықтату сияқты жұмыстар қайнап жататын. Қалалық партия комитетінің қолайлы жерде тұрған үш қабатты ғимаратын дізелеп отырып, облыстық өлкетану мұражайына алып берді. Бір күні «Шертер» көне аспаптар ансамблі, бір күні драма театры ашылады немесе бір мәдени орын жөнделіп іске қосылады. «Торғай әуендері» фестивалі немесе орталықтан өнер адамдары, ақын-жазушылар келіп, кездесулер болып жатады. Не керек, облыстың мәдени өмірі қайнап жатушы еді.
Бәрінің басы-қасында тікелей өзі жүретін. Бірақ мен демейтін, ол істеді дейтін кісі еді. Белгілі «Тағдыр тағлымы» атты еңбегінің екінші кітабында еліміздің әр өңіріндегі мұражай қызметкерлерінің еңбектеріне ризалық баға берген екен. Солардың бірі Арқалықтағы облыстық өлкетану мұражайының сол кездегі директоры Раиса Ілиясова туралы: – «Жоқтан барды құрастырып, қазақ ою-өрнегін, таңбалы белгілердің эволюциялық дамуы арқылы үш мың жылдық мәдени тарихы бар елдің болмысын шығару үшін бір жағынан экспонат, сан түрлі деректі құжаттар жинауға тура келсе, екінші жағынан оларды музей экспозициясына лайықтап орналастырудың бар тауқыметі осы бір нәзік жанды, оп-оңай жарқаттанатын, сөзі мен тындырған ісінің арасында алшақтық бола бермейтін қарапайым қазақ әйелінің үлесіне тиген еді. Оның бар іс-қарекеті өзі басқарған ұжымды нақтылы істерге жұмылдыра білетінімен, шешімін табу қиын-ау деген мәселелердің өзіне де ыңғай табыс іздестіре түсетінімен ерекшеленетіні – белгілі геолог-ғалым Алан Медоевпен, музейдің өз археологі Владимир Логвинмен ақылдаса отырып, «Сақтан Қазаққа дейін» деп аталған музей экспозициясын құрғанда сан қырынан көрінді» (73-74 б.), – деп жазды.
Рас, осы мұражайды қалыптастыруда Рысжанның (Раиса) еңбегінің айтарлықтай болғандығында, сөз жоқ. Дегенмен, осы орайдағы қыруар жұмыстың жетекшісі де, бейнетін көтерген де өзі екеніне куәмін. Жұмыс бөлмесіне талай ғалымдар мен мамандарды шақырып, талдап, талқылап, жан-жаққа телефондап, сұрастырып, кеңесіп, жиі-жиі мұражайда болып, кей жұмыстарына өзі қолма-қол араласып кетіп жатушы еді. Маңайына келіп қалған адам болса, оларды да жегіп жіберетін.
Торғайдың өнер адамдары: театр, филармония, ансамбль әртістері, ақын-жазушылары, сазгерлері, ғалымдар мен ұстаздар Өзағаңды қамқор әкедей көретін, сенетін, арқа сүйейтін. Пейіл кеңдігі солардың бәріне жетіп жататын.
Арқалықта театр мәдениетін көтеру де оңай болған жоқ. Драма театрына бір Мәдениет үйін қайта жабдықтатып, Талдықорғанға бөлінген Щепкиннің бір жылғы қазақстандық түлектерін Торғайға бұрып әкеліп, өнер шымылдығын аштырғанда ел бір дүр сілкініп еді. Театр әртістерінің бәріне келген бетте үй бергізді. Жағдайларын біліп, қамқор болып жүрді.
Түркістандағы Әзірет Сұлтан қорығында мұражай ұйымдастырған кезінде, шамасы бұл Мәдениет министрінің орынбасары болған кезі болса керек, облыстың басшылық жұмыстарындағы кейбір кісілердің марғаулығына ренжіп: «Шымкентте обкомға хатшы немесе облаткомға орынбасар болсам, мен, әрине, бір айға жуық мерзімде Түркістанға кем дегенде үш-төрт рет келіп кеткен болар едім. Ал мәдениет басқармасына бастық болсам, осында қонып-түнеп жатқан болар едім», деген екен. Рас, сөйтер еді. Талай солай жұмыс істеген де ғой. Тіпті, бұған сол мұражайды ұйымдастыруда 28 күн бойы сонда болғандығы да дәлел-ау. Қазіргі вице-министрлерді сондай жағдайда бір жетіге де ұстай алмассыз.
Өзағаң қабілетті кісілерді қатты қадірлейтін, ал іске жоқ, шорқақ, орынтаққа жабысқыштарды ұнатпайтын. Оған көмектесуге, бірі оң, бірі сол қолы болуға тиісті облыстық атқару комитеті төрағасының мәдени жұмыстар жөніндегі орынбасары Ә.Дүйсенов, облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Б.Щелоков дегендер оралғы болғандары болмаса, қолын ұзартуға жарамады. Олардан көңілі қалғандығы сонша, тіпті іске қоспайтын да болды. Мұндай өз қалауынан тыс бопсамен жүргендер аз болмайтын.
Бір күні Щелоков мені шақырып: «Бүгін осында Есенов келеді, бір мекемеден «Уазик» ал да, аэропорттан қарсы ал», – деді.
– Қайда түседі?
– Жалпы, қонақ үйге барсын.
– Ол кісі академик, белгілі ғалым, құрметті кісі ғой. Менің бұлай қарсы алуым лайықсыз, менен гөрі жоғарырақ қызметтегі адам қарсы алғаны жөн.
– Ей, ол орнынан түсіп қалған, қазір академияның президенті емес, – деп қарап отыр.
Содан Өзағаңа барып айтып едім: «Әй, соны... – деді де – Жарайды, өзім реттеймін. Мен хабарсыз едім, ұят бола жаздаған екен», –деді. Сөйтіп, Ғылым академиясының президенттігінен түскеніне бір айдай ғана болған Шахмардан Есеновті әуежайдан өзі қарсы алып, дұрыс орынға жайғастырып, қабылдау жасаттырып, шаруасын тындырып беріп, аттандырған еді.
Ғафу, Шәмші, Мұхтар (Шаханов), Әсет, Сәкендер келген кезде де оларды қуана қарсы алатын. Қазақтың көне аспаптарын жинаушы, белгілі музыка зерттеуші Болат Сарыбаевқа қандай қолдау жасап, көмектесті десеңізші. Талай өнер адамдары, ұжымдар Торғай даласында ат шалдырған. Соның арқасында Торғай таланттарының да көзі ашылып, қанаттанып, түлеген-ді.
Тынбайтын, өмірді тұндырмайтын, жандандырып, жаңғыртып, жарқыратып жүретін, тындырымды кісі еді ғой Өзағаң.
Өзағаңның отбасы, жолдас-жоралары, сондай-ақ үзеңгілестерімен қарым-қатынасы туралы білмеймін. Мен ол кісінің қарамағында қызмет істеген адам ретінде, өз өремде ғана көріп-білгенімді, өзімше түйгенімді айтамын. Әлбетте, соған орай айтарым да негізінен өзіме қатысты жайлардан өрбиді. 1974 жылы оншақты жылдай қол үзіп қалған мамандығыма ойысқым келіп «Социалистік Қазақстан» газетінің облыстағы тілшісі болуға ниет еттім. Ұсыныс бұрынғы тілші, редакцияға бөлім меңгерушісі болып орналасқан Бекболат Әдетовтен болды. Өзағаң қолдады. Обкомның келісімі, мінездемесі керек-ті. Мінездемеге өзі қол қойды. Сол кездегі «СҚ»-ның редакторы Сапар Байжанов мақұлдады. Содан бергі жорналшылықтағы соқпақты-соқтықпалы жол Өзағаңның сол кепілдігінен арна тартады.
Сол кезде Өзағаң анда барады екен, мында барады екен деген хабар жиі шығып тұратын. Тек айтылып, басылып қала беруші еді. Бұдан кейін істеген қызметтерін шынын айтсақ, олқысынғанымыз да есте. Бәрін ұлтжандылығынан, жоғарыдағы басқа ұлт өкілдерімен пікірталасынан, бақталастарынан болар-ау деп өзімізше жорамал жасайтынбыз. Сөйтіп жүргенде Мәдениет министрі болды деген хабар жетіп, оған өзіміз болғандай-ақ қуаныстық. Ал Қазақстан Компартиясы Орталық партия комитетінің хатшысы болғанында «заман бір жолға түсті-ау» дестік, жақсылыққа баладық.
Өзағаң бұл жағдайды кітабында сәл басқашалау түсіндіреді. Ал менің болжамымда бұл да Мәскеудің саясаты ма деймін. Себеп, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін билік пен халық арасы, ұлт пен басқа ұлттар арасы ашылып кетті. Колбин елді баурап әкете алмады. Боссөзділеу адам екені аңдала бастады. Жұбан Молдағалиев сынды жеке тұлғалар наразылықтарын ашық айта да бастады. Осы кезде билік пен елді жақындастыра алатын тұлға қажеттілігі туды. «Батыр – жаугершілікте, шешен – даугершілікте», дегендей, сондай кісің сол шақта еңбегімен елге танылған Өзбекәлі Жәнібеков еді. Оны Колбиннің қолпаштап, көтермелеуі де, ұсыныстарын қолдауы да осы себепті деп білемін. Мұндай қабілет сол тұста Колбинге де, Мәскеуге де керек-тін.
Ал ұлт, қазақ аңсаулы болатын. Мұны Өзағаң сезінбеді деуге болмас. Ол тек өзін көтермелемеу үшін, мақтанға салынбас үшін өзін әдейі тежей жазған болса керек.
Дегендей-ақ, Өзағаң Наурызымен, Қазақ тілі қоғамымен, өнер адамдарын қанаттандырып оятуымен елді сілкіндіріп, еңсе көтертіп, тыныс ашты.
Өзағаң жан-жақты болатын. Ғалым, қаламгер, тарихшы, этнограф, өнертанушы еді. Мемлеттік һәм қоғамдық қайраткерлігі бір төбе де, ғалымдық білімпаздығы бір төбе-тін. Тек ғалымдық пен қаламгерлікті тым кеш қолға алды. Әйтсе де, құнды мұра қалдырып үлгерді. Аз да болса, саз жазылған «Жолайырықта», «Уақыт керуені», «Тағдыр тағлымы» (екі кітап) т.б. шығармалары келер ұрпақ көкейлеріндегі көп сұрақтарына жауап табар еңбектер болып саналады.
Басқа ғибратты һәм даналық ойлары бір басқа да, осы еңбектеріндегі бүгінгі өзекті тақырып тілге қатысты пікірлеріне, тіпті жеке сөздердің мән-мағынасын ашып, тың қолданыс, соны мазмұн беруіне кәнігі қаламгерлер мен тіл мамандарының өздері де тәнті болардай. «Төркіні рушылдыққа, тайпаға, жүзге, жерлестікке, жікшілдікке бөлінуге апарып соғатынына қарамастан, сол бес-алты сөзден «диалект» жасап жүрген зерттеушілер де бар. Әрдайым бір-бірімен молынан араласып, Алтайға жау тисе-ақ Атырауға, кәрі Каспийге дейін үдере көшетін, отбасын құрайтын күн туса, экзогамиялық неке қатынасының талаптарына сай қалыңдығын генеалогиялық жағынан жеті атадан арғы жерде ажырасатындардан іздестіретін қазақта, керек десеңіз, бұрын жекелеген хандықтарда оқшаулана өмір сүріп көрмеген қазақта диалект қайдан болсын»; «Өмірімде бір-ақ рет терминкомның мәжілісіне қатысып, талдықорғандық бір азаматтың қауынды «діңке», қарбызды «қауын» деп жазғызғысы келіп шарқ ұрғанын да көргенім бар. Сонда оның ауылында солай айтса, бүкіл қазақ болып қайталауы қажет пе?» («Тағдыр тағлымы») – дегені қандай дәлелді, өміршең сөз. Ғылымның өмірлік пайдасы үшін емес, тек ғылыми атақ үшін шатпақтайтын, ұлт келешегіне пайда-зияны қалай деп таразыламай, өз мүддесі үшін ғана жан салатындарға бұл сабақ болса керек.
Алайда, оны білуге, түсінуге де өре керек. Олай дейтініміз, әлі де қазақ сөзінен диалект іздеп жүргендер жоқ емес. Орыс тіл ғылымы салып берген сүрлеуден шығар емес.
Біздің дағдылы сөз қолданыс, сөз саптауымызда абай деген сөзді сақ болу, сақтық тұрғысында абайла, абай бол деп қолданамыз. Ал ұлы ақын Абай (Ибраһим) есімін әжесі еркелетіп айтқан екен дегенге саямыз. Өзағаң осы сөзді: – «баланың абайында қалып қоятыны бар»; «қайталанбас бейнелер ретінде жұрттың абайында мәңгі қалып қойды» дегендей орамдарда қолданады. Бұларда абай сөзінің ес, жад, сана, зейін мәндері ашылған. Шамасы, бала Абайды әжесі «сүйікті ақылдым-абайым» деп еркелеткен болса керек.
Осы кітабында «қажағаймен таңба басқандай», «қажағаймен тайға таңба басқандай» – деп бір-екі тұста қажағай сөзін қайталай қолдануымен оның тілдік қорымызда барлығын шегендейді. Ыңғайтабыс электр қағанақтары, кептеуіл, «құрылыс мәдениетінің нәрегейлігімен» – дегендей көне сөздердің тың оралымдардағы қолданыстары айналымға енуге, сөздіктерге қосылуға сұранып тұр һәм тиісті де. Начетничество сөзін дүмше деп баламалауы да орынды. Жалпы, Өзағаңның сөздік қоры ғылыми-зерттеу нысанына алынса, көп жаңалық табылғандай.
Кітаптарында ғылым мен өнердің, қоғам мен өмірдің сан тарау салаларына қатысты ой-пікірлері, өзі бастап, басқарып, атқарған істеріне орай көзқарастары мен пайымдары қаншама. Мен Өзағаңды өз көңілімде беріде Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаров, одан әрі Алаш қайраткерлері – Әлекең, Ахаң, Жақаңдар, одан да әрі қазақ тағдырының шешуші кезеңдерінде тізгін ұстаған әз Тәуке сынды тұлға деп білемін. Қазақ абайында ісі қалған, ізі қалған, сөзі қалған қайраткер деп танимын.
Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ, жазушы-көсемсөзші.
Астана.