Ұлттың ұйытқысы, жұрттың жетекшісі болған Алаш арыстарының алға қойған мақсаты, көздеген жері, діттеген мұраты тәуелсіздік еді. Тәуелсіздік жолында күрескен ұлыларымыздың көш басында «Қазақтың – Қазақстаннан басқа Отаны жоқ» деп қаймықпай айтқан Әлихан Бөкейхановтың тұрғаны анық. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мен сол ұлт асылының 145 жылдығына арналған «Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтті. Мұндай алқалы басқосуға «Нұр Отан» ХДП, «Азаттық» – «Азат Еуропа», Азаттық радиосының Қазақ редакциясы, «Абай.kz» ақпараттық порталы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйытқы болды. Конференция жұмысына Алаш туралы тыңғылықты зерттеп жүрген ғалымдар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Мемлекет тарихы институттарының басшылары, Сырым және Нұрым Бөкейхановтар, өзге де азаматтар, отандық және шетелдік сарапшылар қатысты. Бұлардың арасында АҚШ-тан, Жапониядан, Ресейден, Чехиядан, Моңғолиядан келген қонақтар да бар.
Алғашқы сөзді «Нұр Отан» ХДП хатшысы, саяси ғылымдар кандидаты Ерлан Қарин алып, тәу етер тәуелсіздігіміз туралы жан-жақты айта келіп, Тәуелсіздік Кенесары, Әлихан, Ахмет, Мұстафа, Смағұл, Міржақып, Мағжан, Шәкәрім және түрлі дәуірлерде құрбан болған басқа да ұрпақтардың аңсаған арманы еді. Сол еркіндікке жеткізген қазақтың өршіл рухы. Бұл рух қар жамылып, мұз төсенсе де кеңес империясына қарсы шыққан желтоқсандықтарды да жасқандыра алмады. Сөйтіп, қазақ қамындағы азаттық рух 1991 жылы тәуелсіздікке бастап әкелді, деп ел үшін, ел тәуелсіздігі үшін күрескен арыстардың бірі Әлихан Бөкейханов екенін қадап айтты. Осындай болмысы бөлек, бітімі ерен, тұлғасы биік, тұғыры мықтыларды жаңғырту арқылы кейінгі ұрпақтың бойына отаншылдық сезімді сіңіруге болатынын да назарға салды.
Бұдан кейінгі сөзді алаштанушы, көрнекті ғалым Т.Жұртбай алып, Алаш көсемі туралы арнайы конференция ұйымдастыру Қазақстанның саяси партиясының қуат алып келе жатқанын дәлелдейді. Бұл үлкен ұлттық жұбаныш, ұйымдастырушыларға мың алғыс дей келіп, Бөкейханов және ұлттық бірлік идеясы туралы ой өрбітті. Ал Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов Алаш және қазіргі заман туралы әңгіме қозғап, еліміздегі демократияның салтанат құруы туралы байланып, байыпталып Алаш қозғалысының табиғатын, тағылымын айқындау жолында атқарылуға тиіс бес ұсынысын жұрт талқысына салды. Мәскеуден келген профессор Д.Аманжолова Бөкейхановтың саяси сабақтары, жапониялық профессор Томохоки Уяма Әлихан мен оның замандастарының ХХІ ғасырдың басындағы халықаралық ахуалды ұғынуы, АҚШ-тан келген Карнеги корының ғылыми қызметкері, Орта Азия бойынша сарапшы Марта Бриль Олкотт Алаш және Әлихан жайлы ой қозғап, Қазақстанның өткені мен бүгінгісіне тоқталды. «Азаттық» радиосының Прагадағы тілшісі С.Аққұлұлы Әлихан Бөкейхановтың ұлт көсемі боларлық үлгісін тілге тиек етсе, профессор Д.Қамзабекұлы Әлихан және ұлт руханияты, профессор Б.Аяған Әлиханның асқақ арманы, Х.Әбжанов Бөкейханов ұлт зиялыларының көшбасында тұрғаны туралы талдаулар жасады.
Бұдан кейін конференцияға қатысушылар секцияларда тәуелсіздік және Әлихан Бөкейханов деген тақырыптар бойынша жұмыс жасады. Осы жиынның аясында Алаш арысының «Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының толық жинағы – Полное собрание сочинений» деген 7 томдық кітабының тұсаукесері болды. Сол секілді Әлихан Бөкейханов пен оның «Алаш қозғалысындағы үзеңгілестерінің өмірі мен қызметі туралы мұрағат құжаттардың, тарихи деректер мен жәдігерлердің және суреттердің көрмесі өтті.
Сүлеймен МӘМЕТ.