Бүгінгі дәуірде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығудың жолы білім мен білікте қалды. Сонау ғасырларда «Мен – білім десе, таңдайы кепкен саяхатшы секілдімін» депті Әл-Хорезми. Шынында, еліміздегі білім алу деңгейі қазір жоғары деуге болады. Бүгінде Қазақ елінде 6-дан 24 жасқа дейінгі азаматтардың 75,3 пайызы білім беру бағдарламаларымен қамтылған, сауатты тұрғындар 99,6 пайызды құрайды. 4,3 миллион адам білім алу үстінде. Білім және ғылым саласында 411 мың педагог пен ғалымдар жұмыс істейді десек, ол осы салада 30 пайызды қамтиды.
Осындай жетістіктерімізбен танысу үшін арнайы келген Біріккен Ұлттар Ұйымының білім алу құқығы жөніндегі арнаулы баяндамашысы Кишор Сингх пен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың кездесуі болды. Өз кезегінде отандық министр еліміздегі білім беру саласы, ғылыми ұйымдар, ел дамуы, ел астанасы туралы қонақты жан-жақты хабардар етті. Сапардың мақсатына келер болсақ, халықаралық міндеттемелерге сәйкес Қазақстандағы білім алу құқығын қамтамасыз етудің жай-күйін бағалау көрінеді. Сапар қорытындысы бойынша БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі есеп берілмекші.
К.Сингх Астана, Алматы қалаларының білім беру ұйымдарымен танысып шықпақ. Біздің еліміз негізгі халықаралық құқық қорғау шарттарының қатысушысы болып табылады. Сондықтан да мемлекет жан-жақты білім беру мақсатында қолда бар ресурстар аясында әкімшілік, соттық, заңдылық іс-шараларды жүзеге асыруға міндеттеніп отыр. Отанымыздың білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ақылы білім беру жүйесінің мемлекеттік жинақтаушы құрылымы арқылы халықтың қол жетімділігін қамтамасыз ету қарастырылған. Соның орайында Қазақстанның әрбір азаматына болашақта өз баласын жоғары оқу орындарында, колледждерде оқытуға қаражат жинақтау мүмкіндігі жан-жақты ойластырылған.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері білім алу саласына, әсіресе балалардың құқығын қорғау мәселесіне Елбасы тікелей мән беріп отырғаны мәлім. Қаржы бөлу жағы да жыл сайын еселеп артуда. Осындай оң қадамдармен танысқан К.Сингх еліміздегі аталмыш салаға оң баға берді. Сапар шеңберінде ол «Назарбаев университетінде», Л.Н.Гумилев атындағы білім ордасында болады.
Сүлеймен МӘМЕТ.