14 Қыркүйек, 2011

Зифа-Алуа Әуезова: «Шығыстануды таңдауыма әкем ықпал етті»

627 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-Түрк» шығармасын орыс тілінде сөйлеткен Зифа-Алуа Әуезова бүгінде Орталық Азияны зерделеу жөніндегі Еуропалық қоғамның (ЭСКАС) президенті. Голландияның Хертогенбос қаласында тұратын ғалым бізбен жүздесу барысында шығыстануға, өзінің зерттеу еңбектеріне қатысты былай деп әңгімелеген. – Бір сәт өзіңіздің балалық шағы­ңызды еске түсіріңізші. – Мен Мәскеу қаласында тудым. Сол 1966 жылы менің әкем мен анам осы қалада тұрып, жұмыс істеп жүрген еді. Анам – Хорлан Рахымбекованың Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетін тәмамдап қалған, ал әкем – Мұрат Әуезовтің Әлемдік әдебиет инс­титутының аспиранты болып жүрген кезі. Менің балалық шағым нағашы ата-әжемнің жанында өтті. Яғни, солардың қолында тәрбиелендім. Ал Алматыға, яғни әке-шешеме екінші сыныпқа баратын кезде оралдым. Бұл қалада мен ағылшын тіліне тереңдетіп оқытатын әрі музыкаға бейімдейтін №120 орыс мектебінде оқыдым. Әжем секілді анам да менің көп оқуыма және музыкамен шұғыл­дануыма ерекше көңіл бөлді. Ал 16 жасымда орта мектепті бітіргеннен кейін Ленинград мемлекеттік универси­тетінің шығыстану факультетіне оқуға түсу үшін сол қалаға аттандым. – Шығыстану ғылымын неліктен таңдадыңыз? Әлде үй-ішіңіздің ақыл-кеңесі әсер етті ме? – Менің бұл мамандықты таңдауыма әкемнің әсері болды. Мектепте мені гуманитарлық ғылымдардан гөрі физика, химия, математика секілді түсінікті, нақты салалар анағұрлым қызықты­ратын. Соған орай математика мен физикаға жан-жақты дайындалып, осы сала бойынша Мәскеудің жетекші жо­ғары оқу орындарының біріне түспек ойым бар еді. Бірақ, бітіру емтиханы кезінде әкем екеуміз отырып, ұзақ сөй­лестік. Нәтижесінде, ол маған отба­сылық дәстүрдің жібін үзбей, шығыс­тану ғылымын таңдауыма өзінің ақыл-кеңесін берді. Себебі, менің әкем Мәс­кеу­дегі Шығыс тілдері институтын бітіріп, қытай филологиясы мамандығы бойынша білім алған болса, атам Мұх­тар Әуезов Ленинградтың тарих-филология факультетін бітіргені белгілі. Әкемнің сенімі менің жүрегіме берік ұялады. Ал анам біздің бұл ойымызды қуаттап, қолдай түсті. Осылайша, 1982 жылы мен Ленинград мемлекеттік уни­вер­ситетінің шығыстану факультетіндегі араб филологиясы кафедрасының студенті атандым. – Шығыстануға бет бұруыңызға орай ғылымға деген құлшынысыңыз да оянды ма? – Ленинград мемлекеттік университетінде басынан бастап аяғына дейін оқып шығу мен үшін мереке сынды болды. Себебі, маған тілдер мен әде­биет­терді зерттеу, ешқандай да бұрма­лаушылыққа және идеологиялық түсін­дірулерге ұрынбаған тарихи оқиғалар­дан шынайы хабар беретін, оларды көз алдыңа келтіріп, елестететін ежелгі қайнар көз деректерімен танысу, олар­дың терең иірімдеріне бойлап ену – айрықша ұнады. Шығыстану факультетінде белгілі ғалымдардың сыни мектебінен өткен жоғары біліктілікке ие оқы­тушылар қызмет етті. Бұл факультетте деректер мен көне мәтіндерді оқитын және оларға түсініктеме беріп, талдай­тын деректанушылар сабақ беретін. Маған аудармадан дәріс беретін Кемаль Юнусовтың және араб-мұсылман әдебие­тінен дәріс беретін Анна Долини­наның сабағы айрықша ұнайтын. Профессор Долинина араб әдебиеті туралы мазмұнды әрі қызықты еңбектерімен танымал еді. Үшінші курста мен Анна Аркадьевнадан X-XI ғасырларда өмір сүрген аль-Хамадинидің мақамдары туралы курстық жұмысымның жетекшісі болуға өтініш жасадым. Бұл жұмы­сымды төртінші және бесінші курстарда да жалғастырдым. Яғни, дипломдық жұмысымда екі автордың новеллала­рына салыстырмалы саралау әрі талдау жүргіздім. Университетті тәмам­даған­нан кейін А.Долининаның кафедра­сында жүріп, аспирантураны жалғастыр­дым. Кейіннен кандидаттық диссертациям­ның тақырыбы да ХІІ-ХV ғасырлардағы бірнеше араб тілді авторлардың мақамы болды. Аспирантурада оқып жүрген кезімде Мәскеудегі ресейлік аспирант­тарға арналған Сорос қорының грантын жеңіп алдым да бір жыл бойы (1991-1992 жылдар) Оксфорд университетінде білім алуыма мүмкіндік туды. 1993 жы­лы кандидаттық диссертациямды қор­ғап шығып, Алматыға қайта оралдым. – Сіздің 1200 беттен асатын Мах­мұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-Түрк» шығармасын орыс тілінде тәржімала­ғаныңызды біз білеміз. Бұл шығар­маны аударуға кез келген ға­лымның жүрегі дауалай қоймайтыны да белгілі. – Не айтқыңыз келгенін түсіндім. Менің ХІ ғасырдағы түркі лекси­кографиясы жөніндегі араб тілді дерек­көз – «Диуани лұғат ат-Түркке» бет бұ­руым – бір жағынан, кездейсоқтық бол­ғанымен, екінші жағынан араб тілді ортағасырлық мәтіндермен жұмыс істеудегі тәжірибемді ескеретін болсақ, бұл заңдылық еді. 1997-1998 жылдары Махмұд Қашғаридың атақты трак­таттарының орыс тіліндегі қажет­ті­ліктері туралы біздің аға буын әріп­тестеріміз айта бастады. Осы орайда, бұл трактаттарды аударатын, осы бір қиын жұмысқа тісі бататын ғалымдарды Ал­матыдағы Сорос қоры іздестіре бастаған. «Диуани» – өзінің ауқымды­лығымен ерекшеленетін еңбек. Ал оған мойын бұру үшін ортағасырлық мәтін­дерді ау­дарудағы тәжірибе жеткіліксіз болатын, ол үшін бірнеше жыл қатарынан басқа тақырыптардан да қол үзе тұру қажет еді. «Диуани» еңбегінің аударма­сына кірісуге мүмкіндік алғаныма қатты қуандым. Себебі, бұл жұмыс мен үшін өте тартымды болатын. Оның үстіне 1999 жылы біз Нидерландыға отбасымызбен көшуге шешім қабылдаған едік. Себебі, менің еріме сол жақтан қызықты жұмыс ұсынылған болатын. Ерім Роберт Эрмерс осыдан аз ғана уақыт бұрын Нидер­ландыда түркі тіл білімі тарихына қатыс­ты докторлық диссертация қорғаған еді. Ол өзінің еңбегінде ежелгі дереккөздері ретінде Қаш­ғаридың «Диуаниына» арқа сүйеген-тін. Яғни, менің жолдасым осы трактатқа деген қызығушылығымды толықтай құптап, мәтін құрылымының жасалуы мен жазылуына қолұшын беретінін айтты. Сөйтіп мен 1999 жылы «Диуани лұғат ат-Түркті» аударуға тілек білдірдім. Нә­тижесінде аудармаға бөлінген арнайы грантты ұтып алдым. – М.Қашғаридың осы еңбегін аудару кезінде нендей тың дүниелерге ке­зіктіңіз? Ол қандай мәселелерді қам­туымен ерекшеленеді және несімен құнды? – «Диуани лұғат ат-Түрк» еңбегін аудару кезінде көптеген жәйттерге қанық­тым және тың жаңалықтарға кезіктім. «Қазақ әдеби тілі ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қа­лыптасқан» деген кеңестік риторика бекіткен нұсқауға, оның өзінде орыс мәдениетінің ықпалымен қалыптасқан пікірге қарамастан, ХІ ғасырдағы «Диуани» еңбегіндегі өлеңдер, мақал-мәтелдер қа­зақ тілінің қазіргі мамандарына ешқандай аудармасыз түсінікті болатын үлкен кө­лемдегі сөздер мен мәтіндерден тұра­тындығын баса айтқым келеді. Бір атап өтерлігі, бұл мәтіндер тек ХІ ғасырға ғана тиесілі емес. Махмұд Қашғари өз еңбегіне одан да ежелгі кезеңге жататын мәтіндерді қосып отырған. Меніңше, автордың «Диуани» еңбегін жазудағы көздеген басты мақсаты – барлық мұсыл­ман әлемін түркі тайпалары әлемімен біртұтас қарастыру және солай таныс­тыру болған сияқты. ХІ ғасыр Селжүктер әулетінің батыс түркі тайпалары үшін зор жеңісті кезең болды. Себебі, олардың жау­лап алған жер көлемі де, халифаттағы саяси мойындалуы да айрықша еді. Дәл осы бір кезеңде Қарахан әулетінің шығыс түркі тайпалары да өздерінің Орталық Азиядағы ұстанымдарын нығайта түсті. Яғни, екі тайпа да өздерінің тұрмыстық мәдениеттері мен сыртқы болмыс-бітім­дерінің айырмашылықтары мен өзге­шеліктеріне қарамастан, түркі тілдерінде сөйлейтін болған. Екі тайпа одағының басшылары өздерін мұсылманбыз деп жариялады. Сондай-ақ олар өздерін «дар уль-Исламның» ортақ құндылықтарын сақтаушы ретінде таныта бастады. Түркі интеллектуалды элитасының өкілі ретінде Махмұд Қашғари үшін «дар уль-Исламды», оның жаңа қорғаушылары, яғни түркілердің тілі мен мәдениетімен таныстыру айрықша маңызға ие болған. Сондықтан, «Диуани» еңбегі араб тілінде жазылды. Ал ондағы түркі сөздері, ма­қалдар, аңыздар мен өлеңдер араб тіліне аударылған. Түркі грамматикасы да араб тілтану тұрғысынан түсіндірілген. Қазіргі таңда «Диуани лұғат ат-Түрк» – түркі мәдениеті мен тілі туралы ең танымал жүйелі өлеңдердің ішіндегі ең көнесі болып есептеледі. – «Диуани лұғат ат-Түрк» бұған дейін француз, ағылшын, түрік және басқа да тілдерге аударылғаны белгілі. Ал оны орыс тіліне аударудың қажет­тілігін немен байланыстырасыз? – «Диуани лұғат ат-Түркті» орыс тіліне аударудың қажеттілігі туралы айта­тын болсам, жиырмасыншы ғасырдың 90-шы жылдары түркі тілдес халықтардың басым бөлігі бұрынғы Кеңес Одағының тер­риториясын мекен еткені белгілі. Ал осы кезеңде орыстар түркі тілі мен әдебиетін біртіндеп ығыстыра бастаған болатын. Екіншіден, идеологиялық ұста­нымдар жалпы түркі мәдениетінің құнды­лықтарын шеттетілген этностық дең­гейге дейін алып келді. Сондықтан «Диуани» еңбе­гінің орыс тіліне аударылуы осы бір ежелгі дереккөзіне және жалпы түркі мәдение­тінің тарихына қызығушылық та­нытып отырған көптеген оқырмандардың қолже­тімділігін арттыруға сеп болатын еді.  – Ежелгі түркі мәдениетіне қа­тысты көптеген құнды әдеби жазба­ларды зерттеп, халыққа ұсынған көр­некті ақын, әдебиет сыншысы, аудар­машы-ғалым Асқар Егеубаев болатын. Оның аударма саласына сіңірген еңбегін М.Қашғаридің «Диуани лұғат ат-Түрк» атты сегіз кітаптан тұратын көптомдығымен де айқын бағамдауға болады. Асқар Егеубаев қазақшаға тәржімалаған «Диуани» мен сіз орыс тіліне аударған еңбектің мәтінінде қандайда бір айырмашы­лықтар мен өзгешеліктер кездесе ме? – 1999 жылы маған «Диуаниды» қазақшаға тәржімалауды тәмамдап қалған Асқар Егеубаевпен кездесудің сәті түсті. Бұл аталған трактаттың Қазақстанда та­нымал болуы үшін айрықша маңызды қадам болып саналған-тұғын. Алайда, А.Егеубаев араб тілін меңгермегендіктен, өз еңбегін С.Муталлибовтың 1960 жыл­ғы өзбек тіліндегі аудармасына сүйеніп аударды. Ал өзбек тіліндегі аудар­маның өзі түрік тіліндегі аудармаға сүйеніп дайындалған болатын. Сондық­тан бұл аудармадан түпнұсқадан ауыт­қушылық пен кейбір үзінділердің өзінің айқындылығы мен анықтығын жоғалт­қандығы едәуір байқалып тұратын. – Ал сіздің бұл жұмысты аяқтауы­ңызға қанша уақыт кетті? – Еңбекті аударуға, оның алғысөзін жазуға және еңбектің сілтемелерінің ба­сын құрауға, жалпы алғанда төрт жылға тарта уақыт кетті. Аудармамен жұмыс кезінде «Диуанидің» барлық шығары­лы­мына, сондай-ақ 1969 жылы Ленинградта шыққан «Ежелгі түркі сөздігіне», Ж.Кло­зенің 1972 жылы Оксфордта шыққан  «ХІІІ ғасырдағы түркі этимологиялық сөз­дігіне» және т.б еңбектерге жүгінуге тура келді. Себебі, ол еңбектерге «Диуани» еңбегінен бай лексикалық материалдар енгізілген болатын. Сөздік араб әліпбиі мен грамматикасын білмейтін жандарға ыңғайлы әрі түсінікті болуы үшін орыс әліпбиі бойынша арнайы тізім (индекс) жасау керек болды. Ол үшін барлық сөздік мақалаларында басынан аяғына дейін нөмірлер мен қодтар енгізілді. Бұған қоса, ғылыми шығарылымда мәтіннің нақты транслитерациясы болуы өте маңызды аспект еді. Ал ол көп уақыт пен ұқыптылықты ауадай қажет етті. Бұл ретте, менің ерім Роберттің көмегі мен тәжірибесін айрықша атап өткім келеді. – Естуімізше, бүгінде сіз XX ға­сырдағы қазақ тарихы мен әдебиеті мәселелерін зерттеп жүрген көрінесіз. Бұл ғасырды зерттеуге ниет бұруы­ңызға нендей жайт түрткі болды? – Қазіргі таңда мен қазақтар мен Орталық Азияға көршілес халықтардың өткені кеңестік тарих пен әдебиеттерде қандай тұжырымдарға сүйеніп қалып­тасты, қандай тақырыптар мен қадамдар жаңа идеологиялық құрылымдарға сәй­кес, жарамсыз болып саналды және ығыс­тырылған материалдардың орнын нелер толықтырды деген сауалдарға жауап іздеп жүрмін. Кеңестік кезеңдегі қазақ хал­қының тарихы ақылға сыймайтын идео­логиялық амал-айлалардың құралына айналғаны белгілі. Мұны ХV-ХІХ ғасыр­лардағы қазақ тарихының қаһарман тұл­ға­ларын Ресейдің қарсыласы етіп насихаттаумен байланыстыруға болады. Ха­лық­тар достығының кеңестік тұжырым­дамасы үшін мұндай қарама-қайшылық тек қазақ батырлары негізінде ғана шешілетіндей көрінгені белгілі. Яғни, оларды табиғатынан агрессияшыл, халықтың қа­ра­пайым өкілдерінің ұстанымдарын таптап өтетін және Ресейдің алдыңғы қатар­лы, ілгерішіл билеушілеріне дұшпандық та­нытатын жандар деген насихаттаушы­лық белең алған болатын. Ал өткен шақтың әдебиетте көрініс табуына келетін болсақ, онда да автордың ішкі цен­зурасы көп жағдайда шығарманың жетістігін және жазушының тағдырын ай­қындап беретін еді. Менің бұл тақы­рыптарға қызы­ғушылық танытуым­ды жиырмасыншы ғасырдың басындағы қа­зақ қоғамының өмірінде айтарлықтай рөл атқарған Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовтың еңбектерін асқан қызығушылықпен оқуым­мен де тығыз байланыстыруға болатын секілді. – Сіз бүгінде Орталық Азияны зерделеу жөніндегі Еуропалық қоғамның (ЭСКАС) президенті екенсіз. Ол қандай ұйым? – ЭСКАС – Орталық Азия елдерінің мәдениетінің түрлі аспектілерін, тарихы және саяси-экономикалық дамуын зерттейтін мамандардың халықаралық кәсіби жүйесі. Әр екі жыл сайын ЭСКАС мү­шелері еуропалық университеттерде ұй­ым­дастырылатын конференцияларда бас қосады. Биылғы жылдың қыркүйек айында біз өзіміздің конференциямызды Кембридж университетінде өткіздік. Кембридж университеті секілді жетекші жоо-ның ЭСКАС-тың конференциясын өздерінде өткізуге  ниет танытуы – ха­лықаралық академиялық орталарда ор­талық-азиялық өңірге деген қызығушы­лықтың артқандығын байқатса керек. Соңғы жылдары конференцияға Ор­талық Азия елдерінен, әсіресе Қазақ­стан­нан қатысушылар санының артып отыр­ғанын айрықша атап өткім келеді. Менің ойым­ша, еуропалық елдер мен Орталық Азия өңірі ғалымдарының үнқатысу алаңында тікелей кездесуі – ақпарат алмасу жағы­нан екі жаққа да пайдалы. Себебі, мұндай басқосулар түрлі елдерде қалып­тасқан қазіргі заманғы зерттеу үдерістерін на­сихаттауға мүмкіндік береді, сондай-ақ өзара бірлескен жобаларды әзірлеуге жағдай жасайды. – Қазіргі таңда Голландияда тұрады екенсіз. Бұл елдің Қазақстанға деген көзқарасы қандай? – Тұтастай Еуропа кеңістігі секілді Нидерландыда да Қазақстан мен Орталық Азияға деген қызығушылық жыл өткен сайын артып келеді. Кеңес Одағы құлаған алашқы жылдары бізге жалпы мәдени кеңістіктің белгілі бір бөлшегі ретінде ғана қараған болса, бүгінде еуропалық­тарды әр елдің өз қоғамына тән жеке ерекшелігі анағұрлым қызықтырады. Ең алдымен, мұны Еуропаның біздің өңірге деген экономикалық қызығушы­лықтарымен байланыстыруға болады. Тағы бір атап өтерлігі, біздің өңірдің еуропалық бағытқа бет алуы бизнес, мә­дени және әлеуметтік құрылымдар ара­сындағы өзара байланыс – екіжақты диалог­тың артуына сеп болуда. Соңғы жылдары мен Нидерландының кәсіпкер­лері мен дипломаттарының алдында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты бірнеше мәрте лекция оқыдым. Биылғы жылдың 28 сәуірінде Witteveen en Bos компаниясының ұйытқы болуы­мен, Девентер қаласында «Қазақстандық фестиваль» өтті. Қазақстанның елшілігі Қазақстан туралы көптеген қызықты материалдарды, буклеттер мен кітаптарды әкеліп берді. Фестивальге Қазақстаннан музыканттар шақырылды. Шараның шымылдығы менің қызым Жанельдің орындауында Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнімен ашылды. Ал фестивальден бір апта бұрын осы шараға дайындық ретінде Девентердағы кино­театр­да Рүстем Әбдіраштың «Сталинге сыйлық» фильмі көрсетілген болатын. «Желсіз түнде жарық ай» осы фильмдегі басты музыкалық тақырып еді. Менің қуанышыма орай, Девентердағы театр залына адам лық толды. Яғни, «Қазақ­стандық фестивальге» деген көпшіліктің қызығушылығы айрықша жоғары болды. – Өзіңіз Голландиядағы Лейден университетінде сабақ береді деп естідік. Қандай пәндерден дәріс оқисыз? – Иә, мен үш жылға жуық, яғни былтырғы жылдың соңына дейін Лейден университетінде сабақ бердім. Бұл уни­вер­ситеттің магистранттарына Орталық Азияға қатысты, атап айтқанда Орталық Азия қоғамы мен мәдениеті, ондағы дінге қатысты дәрістер оқыдым. Лейден университетінде оқытушы болу мені айрық­ша қуантатын. Себебі, мен өзімнің туған мәдениетім туралы білімімді, ойға түй­ген­дерімді айрықша қызығушылық та­ныт­қан еңбекқор жастармен бөлістім. Менің дәрісімді Нидерландының, Италия­ның, Түркияның, Грекияның, Иранның жастары тыңдады. – Енді отбасыңыз, балаларыңыз жайлы айтып берсеңіз. – Менің үлкен қызым Роттердам университетінің магистратурасында, ал екі кішкентай балам орта мектепте оқиды. – Бір-бірлеріңізбен өзара қай тілде сөйлесесіздер? – Тілдік ортаның жоқтығына қара­мастан, олар үшін бірінші тіл – қазақ тілі болды. Біз оған барынша көңіл бөлуге тырыстық. Мен Алматыда бірнеше жыл жұмыс атқарған кезде кіші қызым «Көкіл» деп аталатын қазақ мектебінде оқыды. Бұл мектепте жүріп, қызым дом­быра шертуді үйренді. Әлі мектепке бармағанына қара­мастан, ұлыма да тәр­биешілер қазақ өлеңдерін жаттатты. Өкінішке қарай, қазір мектепте ағылшын тілдерінің айқын ба­сым­­дылығына байланысты қазақ тілін үйренуге аз уақыт қалып отыр. Алайда, олардың тіл білудегі негізі қаланған. Қазақстанға келген кезде неғұрлым қазақ тілінде сөйлесуге тырысады. – Сіз еріңіздің түрколог ғалым екендігін әлгінде айттыңыз. Және ол естуімізше, М.Әуезовтің «Көксерек» әңгі­месін шетел тіліне аударған екен. – Менің ерім Роберт шын мәнісінде Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесін голланд тіліне аударды. Ол кезде біз енді-енді ғана танысып жүрген едік. Сол кезде ол аталған әңгіменің орысша ау­дар­масы мен қазақ тіліндегі түпнұс­қасында кездесетін кейбір маңызды фрагменттердің сақталмағанын байқаған еді. Ол кездің өзінде ол түрік және араб тілдерін де жақсы меңгерген болатын. Кейін Нидерландыдағы Неймеген университетінде түрік және араб тіл біліміне қатысты докторлық диссертация қор­ғады. Біз Санкт-Петербургте өткен Ислам және арабтанушылықты зерттеу жөнін­дегі Еуропалық қоғамның конфе­рен­циясы кезінде таныстық. Бізді белгілі петербургтік арабтанушы Анас Халидов таныстырған болатын. – Роберт қазақ тілін жақсы біле ме? – Ол қазақ тілін біз танысқан кезден бастап үйрене бастады. – Қазір  қандай қызмет атқарады? – Қазіргі таңда Роберт Таяу Шығыс­тың мәдени антропологиясы жөніндегі курстардан дәріс береді. – Енді Мұхтар Әуезов қорына тоқ­талсаңыз. Бүгінгі таңда қор қандай жұмыстар атқарып жатыр? – Мұхтар Әуезов қоры – М.Әуезов ұрпақтарының бастамаларының жалға­сы, бүгінгі жаңа желісі. Оның басты мақсаты – жазушының рухани мұрасын сақтау және насихаттау, сондай-ақ қазақ мәдениеті саласына байланысты жаңа бастамаларды қуаттап, қолдау. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық биографиясы кеңестік дәуірге дейінгі кезеңнен тамыр тартады. Ал оның қайнар көзі мен бастау бұлағында Алаштың ой өресі биік, па­расатты тұлғалары тұр. Менің ойымша, оның шығармаларының тартымдылығы мен ондағы идеялардың мықтылығы Әуезовтің негізгі бағытының айқын, бұлжымас көрсеткіші. Кеңестік мемле­кет­тің ауық-ауық өзгеріп отырған идео­логиялық ұрандарына, идеологияның жа­зушыдан бірқатар шығармалардан өздігінен бас тарту мен «идеологиялық сән» ыңғайына байланысты кейбір сюжеттердің басқаша өрілуін талап етіп, міндеттегеніне қарамастан, олар қашан да Әуезов идеясының басты бағдары болып қала бермек. Оның өте бай әрі әр түрлі шығармашылық мұрасы оқырман­дарға Қазақстанның жиырмасыншы ға­сырдың басынан алпысыншы жылдарға дейінгі күрделі өмір сүру кезеңін түсінуге мүмкіндік береді. Бұл қордың президенті – менің әкем Мұрат Әуезов. Ал оның ұйымдас­тыру­шысы және қозғаушы тетігі – бауырым Мағжан. Туысқан бауырым Дияр Қо­наев және мен қордың құрыл­тайшы­сымыз. Ал қор басқармасының құра­мына он­дағы маңызды жобалар туралы шешім қа­былдайтын шығармашылық интел­лиген­цияның белгілі өкілдері, қазақ тілі мен әдебиетін жетік мең­герген мамандар кіреді. Қордың арнайы интернет-сай­тынан оның қызметі жө­нінде жан-жақты мәлімет алуға болады. Сайт қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат береді. – Бүгінде қандай зерттеу жұмыс­тарымен айналысып жүрсіз? – Бүгінде Берлинде орналасқан Қазіргі заманғы Шығыстану орталығын­дағы мамандар алдында Орталық Азия­дағы мұсылман халықтарының тарихы жөнінде лекция оқып жүрмін. – Атаңыз Мұхтар Әуезовтің туған жеріне жиі барып тұрасыз ба? – Қалыптасқан отбасылық дәстүрге орай, жиі барып тұруға тырысамын. Мұхтар Әуезовтің, қазақтың Мұхтары­ның туған жеріне табан тіреу менің жан дүниемді қашанда ерекше сезімге бө­лейді. Бұл – дәуірлердің алтын қорына есімдері мәңгіге өшпестей етіп жазыл­ған, артына өлмес мұраларын, өлеңдері мен қарасөздерін қалдырған тұлғалар­дың жері. Мұхтар Әуезовтің туған жері – Абай мен Шәкәрімнің кіндік қаны тамған жер. Қазіргі таңда мен үшін және менің отбасым үшін Семейдегі, Бөрілі­дегі және Жидебайдағы адамдар мен олардың өмірі анағұрлым қызығырақ. Себебі, олар өмірден өткен «интел­лектуал­дар» туралы мәдени ескерткіштерді сол күйінде сақтап қана қоймай, оларды келер ұрпаққа аманаттау үшін үлкен жұмыстар атқарып келеді. Олар­дың ішінде бір өзі тұтас энциклопедияға тати­тын қарияларымыз да бар. Сол қарияларымыз өткен шақтың бірнеше ондаған ұрпақтарының атына дейін жатқа соғады, осы бір қасиетті жердің белгілі азаматтары туралы халық ара­сына тараған әңгімелер, рулар ара­сындағы қақтығыстар мен текетірестер, олардың шешілу жолдарына қатысты да әсерлі әңгімелеп береді. Бұлардың барлығы Еуропаның бүгінгі өмірінен мүлдем бөлек, өзгеше әлем. Олар соны­сымен де құнды болар. – Мұхаңның бүгінгі ұрпақтары жиі кездесіп тұра ма? – Алматыға жолым түскен кезде мен атам Мұхтардың ұрпақтарымен, немерелерімен үнемі кездесуге тырысамын. Ернар Мұхтарұлының балалары мен немерелеріне қатысты ақпараттарды да жиі естимін. Соңғы уақытта менің әкем тағдыр тәлкегіне байланысты жер-жерге шашырап кеткен өзінің туыс­қандарының басын қосып, олардың арасындағы туыстық байланысты ны­ғай­туға айрық­ша көңіл бөліп жүр. Бұл маған да ауадай қажет. – Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.