Мемлекеттік тілді енгізу үдерісі телекоммуникация компаниялары жүйесінде кеңінен қолдау тауып, бүгінгі күні белсенділікпен жалғасып келеді. 2007 жылы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатымен осы сала бойынша бірінші республикалық Тілдер фестивалінің ұйымдастырылуы іске жаңаша сипат берді. Содан бері жыл сайын еліміздің әр өңірінде осындай тағылымды басқосу өткізу дәстүрге айналды. 5-ші Тілдер фестивалінің шымылдығы «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» деген атпен Қызылжар өңірінде ашылып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Игі шара Парламент Мәжілісі депутаттарының, Байланыс және ақпарат министрлігінің, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауына ие болып, ұйымдастыру жұмыстарын «АЛТЕЛ» АҚ ойдағыдай атқарып шықты.
Фестивальге 6 ірі телекоммуникациялық компаниялар, атап айтқанда, «Қазақтелеком» АҚ, Қазпошта» АҚ, «GSM Қазақстан» ЖШС, «Кар-Тел» ЖШС, «КазТрансКом» АҚ және «АЛТЕЛ» АҚ қатысып, «түрі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» деген ұранмен өзге ұлттардың өкілдері бақ сынасты. Фестивальдің ашылу салтанатында Ақпарат және байланыс министрлігі ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, белгілі публицист, ақын Ербол Шаймерденов сөз сөйлеп, Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілді дамыту аясы кеңейе түскенін, бүгінгі шара соның бір көрінісі екенін айта келіп, сайысқа қатысушыларға ақ жол тіледі. «АЛТЕЛ» АҚ-тың департамент директоры Ринат Сисембаев бәсекелі додаға еліміздің әр өңірінен қазақ тілінің майталмандары мен жүйріктері жиналғанын жеткізді. Шара тақырып аясының кеңдігімен ерекшеленіп, мемлекеттік тілмен қатар қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениетін жан-жақты насихаттау мақсатын көздегені аңғарылды. Жасыратыны жоқ, көптеген мекемелер мен ұйымдарда кеңселік іс-қағаздарды жүргізу мемлекеттік тілге көшкенімен, экономика, банк, байланыс салаларында проблемалардың қордаланып қалғаны жасырын емес. Осы жолғы байқау көңілдегі күдіктерді сейілтіп, жан-жақты ізденісімен, білмекке құмарлығымен әсер етті. Байланыс саласы қызметкерлері мен мамандарының қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойларын анық жеткізіп, ыңғайына қарай, әдемі әзілді де, ойнақы қалжыңды да араластырып отыруы көкейге қонды. Мәселен, құрамы көп ұлтты «алтелдіктер» барлық кезең сындарынан мүдірмей өтіп, қазақ тілін жап-жатық меңгеріп алғандарын байқатты. Олардан тілдері жатық, ойлары оралымды «қазақтелекомдықтар» да қалыспады. Бірі өзін «ұлтым татар, жүрегім – қазақ» деп таныстырса, екіншісі «ана тілін білмейтін қазақтардың алдына үлгі болуға шықтым» деп іліп әкетіп, бойдағы намысты қамшылап жатты. Басқа командалар да жақсы дайындықпен келгендерін білдіріп бақты. «Қазақтелеком» АҚ ұйымдастыру-бақылау департаментінің жетекшісі Нағима Смағұлованың сөзіне қарағанда, бас дирекцияда 19 қазақ тілін үйрену үйірмесі құрылған. Тыңдаушыларға арнап арнайы сөздіктер, тілашарлар құрастырылған. Демек, байланыс салаларында да мемлекеттік тілдің маңызы мен қажеттілігі барған сайын артып келеді деген сөз. Мұндай көзқарас алдымен тілді құрметтеуден бастау алары анық. «ҚазТрансКом» АҚ командасы атынан келген Ирина Пак та қазақ тілін үйрену ешқандай қиындыққа соқпағанын алға тартты.
Қазылар алқасы ақылдаса келіп, бірінші орынға «АЛТЕЛ» АҚ пен «Қазақтелеком» АҚ құрама командаларын лайық деп тапты. Екінші орынды «Қазпошта» АҚ, үшінші орынды «GSM Қазақстан» ЖШС жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ауыспалы кубок, бағалы сыйлықтар мен Байланыс және ақпарат министрлігінің құрмет дипломдары табыс етілді. Жеке сайысшылар арасында І, ІІ орындарды «Қазақтелеком» АҚ-тың қызметкерлері Элина Иванова мен Елена Косенкова, ІІІ орынды «АЛТЕЛ» АҚ өкілі Николай Соботович иеленді. Жеті аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. «АЛТЕЛ» АҚ балалар үйіне арнайы сый-сияпаттар тарту етті.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.