Қазіргі таңда республикада 13 мың қолайсыз отбасында 20 мың бала өсіп жатса, мұнайлы облыста 720 бала осылай «бағаланған» 376 шаңырақта тәрбие алуда. Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жыл басынан бері 228 жасөспірім қабылданып, оның 178-і отбасына қайтарылған. 2011 жылдан бастап жетім балаларды асырап-баққаны үшін 22 мыңнан астам қамқоршыға ай сайын он айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленетін болса, Атырау облысынан отбасылы болып, шаңырақ жылуына ие болған 751 баланы асырап-бағуға 103 млн.теңгедей бөлінген. Тағы бір ауыз толтырып айтар жай: «Қуан, сәби», «Әр балаға – отбасының бақыты» сынды шаралардың нәтижесінде арнайы ұйымдардағы 23 тәрбиеленуші жазғы каникулды туған-туыстарының үйінде өткізді. 11 отбасы осы санаттағы балаларды алуға ниет білдіріп отыр.
Атырауға келген сапарында Білім және ғылым министрлігі балалардың құқын қорғау комитеті төрайымының орынбасары Б.Әлібаева келтірген мына бір дерек ойландырмай қоймайды. «Сандж» орталығының зерттеуінше, ата-аналардың 20 пайызға жуығы балаларына 4 сағат, 22 пайызы бар-жоғы 2 сағат арнайды екен. Демек, баланың әке-шешесінің тәрбие процесіне белсене қатысуын қамтамасыз ету кезек күттірмей қолға алатын істің бірі болуы тиіс.
Қ.ҚУАТОВА.
Атырау облысы.