Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында 2011 жылға арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы нақтыланды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуына қарағанда, көрсеткіштер болжамын нақтылауға ішкі жалпы өнім бойынша болжанған базаның ұлғаюы, экономика салаларының жыл басына қарағандағы қарқынды дамуы әрі 2010 жылмен салыстырғанда әлемдік тауар рыноктарындағы энергия ресурстарына, ауылшаруашылық өнімдеріне және металға деген сұраныстардың артып, олардың бағасының көтерілуі әсер еткен. Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларындағы әлемдік рыноктағы мұнайдың орташа бағасы 1 барреліне 111,78 АҚШ долларын құрады. Мұның өзі біздегі мұнай бағасының болжамды 1 баррелі 65 доллардан болады деген көрсеткішті 90 долларға дейін көтеруге мүмкіндік беріп отыр.
Міне, осындай себептерге байланысты жыл ішіндегі отандық экономиканың өсімі бұрынғы болжамды көрсеткішке (5 пайыз) қарағанда, одан да көтеріліп (2 пайызға), 7 пайыз болады деп бұрынғы болжамды нақтыландыра түсуге себепші болды.
Сонымен қатар, 2011 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 6 пайызға өседі, мұнай өндіру көлемі 81 миллион тоннаға жетеді деп қайтадан нақтыландырылды.
Осылардың нәтижесінде экспорттың жылдық көлемі бұрынғы болжамдардан 17,2 миллиард долларға артып, 76,3 миллиард долларды, ал импорт болжамы 38,4 миллиард долларды құрамақ.
Еліміздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері болжамының осылайша өсу жағына қарай қайта нақтылануы 2011 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерін қайта қарауға негіз болды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішев 2011 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері бұрынғыға қарағанда 183,3 миллиард теңгеге арттырылып, жалпы көрсеткіш 4 триллион 439,9 миллиард теңге болады деп қайта жоспарланғандығын жеткізді. Бұл қосымша кіріс көздері корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге салынатын қосылған құн салығы, республикамыз аумағына импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығы болжамды көрсеткіштерінің бұрынғыға қарағанда едәуір дәрежеде өсе түсуі есебінен алынбақ.
Республикалық бюджет кірісінің артуы оның шығындарын да арттыра түсуге мүмкіндік беретіндігі айқын. Сондықтан республикалық бюджеттің шығыс бөлігіндегі қаржы көлемі де бұрынғыға қарағанда 217,9 миллиард теңгеге өсіріліп, 5 триллион 170,3 миллиард теңге болады деп болжанып отыр.
Сонымен қорыта айтқанда, осы жолғы республикалық бюджеттің нақтылануы ел халқының пайдасына қарай шешілді деп анық айта аламыз. Соның нақты дәлелі ретінде әлеуметтік салаға бөлінетін шығындардың бұрынғыдан 40 миллиард теңгеге арта түскендігін айтуға болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.