157 607 080 000
Биыл 8 айда бюджетке түскен кедендік төлемдер мен салықтар көлемі осынша теңгені құрады.
Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері құрған Кеден одағына байланысты ел шебіндегі кеден бекеттері жабылғанмен, көршілес мемлекеттер арасындағы барыс-келіс, алыс-беріс тоқтаған жоқ. Сыртқы саудада да тауар айналымының көрсеткіші төмендемеді. Кедендік түсімдер мен салықтар өсті. Мәселен, биылғы 8 айда Атырауда кедендік төлемдер мен салықтар түсімі 157 миллиард 607 миллион 80 мың теңгені құрады. Бұл – өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 4,2 есе көп деген сөз.
Сонымен қатар, сыртқы сауда айналымында да қарқынды жандану бар. Жыл басынан бергі 8 айда сыртқы сауда айналымы 18 миллиард 373 миллион АҚШ долларын құрап, былтырғыдан 38,8 пайызға ұлғайған.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.
* * *
59 623
2011 жылдың екінші тоқсанында облыс бойынша орташа еңбекақының көрсеткіші осынша теңгені құрады.
Бұл – өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6,8 пайызға артық. Жалақының орташа көрсеткіші күнкөріс деңгейінен 4 есе, ең төменгі еңбекақы мөлшерінен 3,7 есе асып түсті.
Осы мерзімде ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметі саласында (87 724 теңге) тіркелді. Бұл – облыстық орташа көрсеткіштен 1,5 есе көп. Сондай-ақ, Степногор, Көкшетау қалаларында, Еңбекшілдер, Зеренді және Бурабай аудандарында еңбекақы мөлшері орта деңгейден жоғары болды. Аталған өңірлердегі көрсеткіш 60 471 мен 68 199 теңге аралығында.
Жақсы ауданында айлық жалақының орташа деңгейі 44 415 теңгені құрап, облыстағы ең төменгі көрсеткіш тіркеліп отыр.
Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.
* * *
1 272
Соңғы жылдары «Дипломмен – ауылға» жолдамасымен елде еңбек етіп, қызмет жасауға осыншама жас маман келіпті
Жас мамандардың арасында 1049 мұғалім, 201 дәрігер, 22 мәдениет қызметкері бар. Ауылға келген осы жастардың барлығы да мемлекет тапсырмасына орай тиісті қолдауға ие болды. Яғни, жас мамандарға 70 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жергілікті бюджеттерден көмек көрсетілді.
Өткен жылы жеңілдетілген несие жүйесі арқылы 156 жас маман үй алды. Биыл оларға арналған ауылдағы, аудан орталықтарындағы несие жүйесімен алынатын пәтер құны төмендемекші. Бұл жоо бітірген жастарды ауылға шақыруға жақсы жол ашады.
Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.