Еліміздегі діни ортада қалыптасқан әртекті ахуал дін саласындағы саясатты белсенді түрде сақтап қалатын мемлекеттің назарынан тыс қала алмайды. Осы мақсатта діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасауға және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруға уәкілетті Дін істері агенттігі құрылған. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң жобасының қабылдануы қазіргі уақытта өте маңызды әрі ең бастысы. Айта кету керек, жаңа заң жобасын Дін істері агенттігі әзірледі. Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама ШӘРІПпен осы жайында әңгімелескен едік.
– Бүгінгі әлемдегі дін қоғамдағы тіршілік етудің барлық салаларын қамтитын әлеуметтік қатынастардың әсер етуші факторы болып табылады. Осыған байланысты қандай маңызды міндеттер қойылады?
– Қойылатын маңызды міндет, ол – конфессияаралық толеранттылық пен келісімнің қазақстандық үлгіні сақтау. Қазақстан батыс құндылықтары мен шығыс дәстүрлерін ұштастыра білді, діни мәдениеттің діңгектерін бекітті. Оған дәлел ретінде Құрбан айт және Рождество мерекелерін айтуға болады.
Біз еліміздегі қазіргі діни ахуалды қарастыра отырып, Қазақстанның азаматы өзін исламға немесе басқа да дәстүрлі конфессияларға жатқыза отырып, тек өз дүниетанымдық көзқарасын емес, сонымен бірге ұлттық сана-сезімін білдіретінін айта аламыз. Тәжірибеге сүйенсек, соңғы жылдарда Қазақстан үшін дәстүрлі болып саналатын конфессияларды ұстанушылар саны діндар адамдарға қарағанда, көбірек. Сондықтан, адам дінге қатты берілмесе де өзін тарихи-мәдени дәстүрлердің ықпалымен белгілі бір конфессияны ұстануы әбден мүмкін. Бізге діни фактор әрбір қазақстандық азаматтың этностық өзін-өзі теңестіруінің элементі болғанын түсіну қажет. Мәселен: «Сіз қандай дінді ұстанасыз?» деген сұраққа көп жағдайда берілетін жауаптар: «Мен орыс ұлтымын, демек православ дінін ұстанамын», «Мен қазақ ұлтымын, демек мұсылманмын», дейді. Дін көбінесе тек дүниетаным ұғымында емес, сонымен бірге, мәдени мұраның және адамның тұрмыс қалпының бір бөлігі ретінде түсіндіріледі. Бұған қоса, мәдени құрастырушы діндер зайырлы қоғамда туып-өскен адамдарға жақынырақ келеді.
– Қандай да бір дiндi ұстанушы қазақстандықтардың пайыздық көрсеткішін білу қызығушылық туғызады. Осы жайында кеңірек айтып берсеңіз.
– Қазақстанда қазіргі уақытта 4551 діни бірлестік әрекет етеді, оның 2815-і исламдық, 306-сы православтық, 1283-і протестанттық, 118-і католиктік, 25-і иудейлік және 4-еуі буддистік. Дербес талдамалы орталық болып табылатын Саяси шешімдер институтымен жүргізілген зерттеулердің деректері бойынша қазақстандықтардың 93 пайыздан астамы қандай да бір дінді ұстанады екен. Бұл ретте исламды қазақстандықтардың 64 пайызы ұстанса, христиан дінін ұстанатындар 29 пайызды құрайды, ал қала тұрғындарының 6 пайызы өздерін атеист санайды. Өзін мұсылманмын деп танитындардың басым бөлігі қазақтар (94%). Орыс халқы христиан дінін ұстанады. Діншілдік ұғымына қатысты сауалнамаға жауап бергендердің басым бөлігі діншілдік ұғымның бірінші белгісі ол «адами және моральдық-этикалық қалыптардың сақталуы» деп ойларын білдірген. Бұл жайт мұсылмандар мен христиандар үшін маңызды болып шықты.
Осылайша, өзін қандай да бір конфессияны ұстанамын деушілер мен ғибадат үйлеріне баратын және діни нұсқамаларды орындайтын дінге сенушілердің саны арасында айырмашылық бар деуге болады. Бұл үрдіс тек Қазақстан үшін емес, сондай-ақ әлемнің басқа да елдері үшін қалыпты жағдай және қазіргі қоғам өмірінің қарқынымен байланысты.
– Қазақстанда 1992 жылдан бастап «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қолданылып келеді. Жаңа заң жобасын әзірлеудің қажеттігі неде?
– «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң біздің еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейін бір айдан соң, яғни 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған. Қазақстан 20 жыл бойында дінаралық, ұлтаралық толеранттылықты насихаттап келді. Қазақстан өзін ұлт пен діни нанымға қарамастан, барлығы үшін тең мүмкіндіктері бар ел ретінде танытады. Діни бірлестіктердің қызметі мемлекеттен бөлінген деп бұрыннан айтылады. Бірақ, діни бірлестіктермен және әртүрлі конфессия өкілдерімен өзара іс-қимыл жасаудың тәжірибесі біздің елде миссионерлік қызметті, діни сипаттағы өнімдердің таратылуын, діни оқу орындардың қызметін лицензиялауда құқықтық регламенттеу жеткіліксіз қолданылатынын және діни тәжірибемен айналысуға құқығы бар заңды тұлғалар үшін бір қатарлы өлшемдердің жоқ болуын дәлелдеді. Осы жылдары мемлекеттің конфессияаралық келісім, діни ортамен өзара іс-қимыл жасау мәселелерінде жинаған тәжірибесі 1992 жылғы заңға өзгерістер енгізу қажеттігін көрсетті. Бұл заңға қолданылу кезінде өзгерістер жеті рет енгізілген, бірақ олар қағидашыл сипатта болмай, жеке мәселелерге қатысты болды. Осыған байланысты елдегі діни ахуалды ескеріп, заңнаманы кешенді жетілдіру міндеті қойылды.
–
Аталған заң жобасын әзірлеу кезінде әлемдегі өзге елдердің тәжірибесі ескерілді ме?
– Әрине. Жаңа заңның жобасын дайындау кезінде Қазақстан сияқты зайырлы мемлекет саналатын Ресей, Беларусь, Армения, Грузия, Тәжікстан, Литва, Испания және басқа да Еуропа елдерінің тәжірибесі назарға алынды. Басқа елдердің діни бірлестіктер туралы заңдарына талдау жүргізу арқылы Қазақстанның діни бірлестіктерін жіктеу кезінде сандық көрсеткіштер басты өлшем ретінде алынса, шет мемлекеттерде діни бірлестіктердің мәртебесі аталған ел үшін тарихи маңызы бар өлшеммен белгіленетіні мәлім болды. Мысалы, Италияда барлық діндер католиктік және католиктік емес болып екіге бөлінеді. Латвияда діндер дәстүрлі емес діни ұйымдар және діни конфессиялар болып екіге бөлінеді. Литвада дәстүрлі және дәстүрлі емес діни қауымдар болып анық түрде бөлінеді. Бельгияда танылған және танылмаған діндер деп жіктеледі.
Австрияда діни ұйымдар мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасауда артықшылықтарға ие діни қауымдарға және қауымдастықтарға бөлінеді. Ал Швейцарияның конституциясына сәйкес әрбір кантон діни ұйымдармен қатынастарды өзі айқындайды. Негізінен танылғандар қатарына католиктер жатады. Қалған діни ұйымдар көрсетілген мәртебені белгілі бір шарттарды орындағаннан кейін алады. Португалияда діндер төрт санатта орнатылған: осы елдің тумасы болып саналатын шіркеулер мен діни қауымдар, діни корпорациялар, жеке корпорациялар, тіркелмеген қауымдастықтар. Словакияда діни бірлестіктер тіркелген діни топтар және азаматтық қауымдастықтар болып екіге бөлінеді.
Бұл елдерде діни бірлестіктердің құқықтары мен міндеттері нақты реттеледі және пролонгация болжамдамайды. Біздің заң жобасына сәйкес діни бірлестіктерге, егер қолданыстағы заңнамаға сәйкес келсе, өздерінің мәртебесін өзгерту құқығы беріледі. Мысалы, жергілікті діни бірлестіктер өзінің даму барысында өңірлік немесе республикалық болып қайта құрылуы мүмкін. Бұл тағы да сөз қылып отырған жаңа заң бағытының демократиялық сипатына көңіл аудартады.
–
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын әзірлеу кезінде қоғамдық және діни мүдделердің тепе-теңдігін сақтауға ерекше назар аударылды. Бұл басты назар аударатын жәйт емес. Діни бірлестіктердің қызметін реттеудің механизмдерін де қарастыруды ескеру қажет. Енгізілетін жаңа нормалардың мәні неде?
– Ең алдымен, заң жобасының Қазақстан Республикасының діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетілдіруге бағытталғанын атап өту қажет. Одан басқа, онымен діни бірлестіктердің қызметін реттеу тетіктері енгізіледі, сондай-ақ әртүрлі нормативтік актілердің құқық нормалары арасындағы кемшіліктерді жою үшін негіз құрылады. Заң жобасының тағы бір жаңалығы – ханафи бағытындағы ислам мен православ діндерінің тарихи рөлін белгілеу. Өткенге тарихи шолу көрсеткендей, бұл екі діни бағыттың қағидалары адамзатты сүю және құрмет көрсету қалпында этностық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды толықтырып, біздің ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған этностық тамырларды сақтап қалды.
Бұл ретте, айта кету керек, жаңа заң жобасында ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде орнатылмауы тиіс деп көрсетілген. Біздің мемлекетіміздің зайырлы тұрақтылығына кепілдік Қазақстан Республикасының Конституциясымен беріледі.
Заң жобасындағы тағы бір жаңа енгізілме – діни жоралар мен рәсімдердің мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің, қарулы күштер құрылымдары мен әскери жасақтардың, құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызмет мекемелерінің ғимараттарында өткізілуіне тыйым салуды регламенттейді.
–
Жаңа заң жобасында діни бірлестіктердің мәртебесін белгілеуге ерекше назар аударылған екен. Бұл ережені регламенттейтін нормаларға қандай өзгерістер енгізілмек?
– Заң жобасында діни бірлестікті құрушы бастамашылардың санын реттеуші нормаларға біршама өзгерістер енгізілді. Әсіресе, діни бірлестіктерді жіктеудің өлшемдері көзделген. Сонымен, Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының бастамасы бойынша құрылған, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, Қазақстан Республикасының астанасы шегінде әрекет ететін діни бірлестік жергілікті діни бірлестік болып танылады. Кемінде екі облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан, Қазақстан Республикасының астанасынан өкілдік ететін, әрқайсысында кемінде екі жүз елу адам саны бар екі және одан да көп жергілікті діни бірлестіктердің мүшелері болып табылатын Қазақстан Республикасының кемінде бес жүз азаматының бастамасы бойынша құрылған діни бірлестік өңірлік діни бірлестік болып танылады. Барлық облыстардан, республикалық маңызы бар қаладан, Қазақстан Республикасының астанасынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасының кемінде бес мың азаматының бастамасы бойынша құрылған, әрқайсысында кемінде үш жүз адам саны бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық аумағында өз құрылымдық бөлімшелері, филиалдары мен өкілдіктері бар діни бірлестік республикалық діни бірлестік болып танылады.
–
Жаңа заңда дінтану сараптамасы туралы да айтылған. Ол қандай жағдайларда жүргізілетін болады?
– Жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті органға, яғни Дін істері агенттігіне жіберген өтініші, Қазақстан Республикасының мекемелері мен ұйымдарының кітапханалық қорларына діни әдебиеттің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келіп түсуі, миссионерлер мен діни бірлестіктерді тіркеу дінтану сараптамасын жүргізуге негіз болады. Бұған қоса, сырттан әкелінетін діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға да дінтану сараптамасы жүргізіледі.
Сонымен қатар, жеке өзі пайдалануға арналған материалдарды қоспағанда, сырттан әкелінген діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға дінтану сараптамасы жүргізіледі. Бұған қоса, дінтану сараптамасының объектісі ретінде құрылтай және діни мазмұндағы басқа да құжаттар, діни мазмұндағы ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттар саналады. Айта кету керек, дінтану сараптамасын жүргізудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Дінтану сараптамасын ғалым дінтанушылар және қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың бір салалы мамандары жүргізуі тиіс.
– Аталған құжат жобасында мемлекет діни бірлестіктерден бөлінген деп бекітілген. Бұл мемлекеттің діни бірлестіктердің қызметіне араласпайтындығын білдіре ме?
– Бұл, егер діни бірлестіктердің қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, мемлекет олардың қызметіне араласпайды дегенді білдіреді. Сондай-ақ, мемлекет азаматтар мен шетелдіктердің дінге деген көзқарастарын айқындауға, егер мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмесе не оның құқықтарын шектемесе, ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеу процесіне де араласпайды.
Діни бірлестіктер мен Қазақстан азаматтары дінге деген көзқарасына қарамастан, заң алдында бірдей екенін атап өту қажет. Ешкімнің де өз діни нанымдарын себеп етіп, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.
Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде орнатылмайтынын түсіну өте маңызды. Қазақстан азаматтары жеке өзi, сол сияқты өзгелермен бірлесіп, діни нанымдарды ұстануға және таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға құқылы. Бұған қоса, діни бірлестіктің жетекшісі кәмелетке толмаған балалардың олардың ата-анасының біреуінің қарсылық білдірген жағдайында діни бірлестіктердің қызметіне тартылу немесе қатысуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдауы тиіс.
Қарастырылып отырған заң жобасында дiни негіздегі партиялардың қызметіне, мақсаттары мен қызметі мемлекетте бір дiннің үстемдігін орнықтыруға, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен және өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттермен байланысты діни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздыруға бағытталған діни бiрлестіктер құруға тыйым салынатыны туралы анық жазылған. Ал діни қызметшілер, діни бірлестіктердің басшылары немесе мүшелері болып табылатын Қазақстан азаматтары саяси өмірге республикамыздың барлық азаматтарымен бірдей тек өз атынан ғана қатыса алады.
– Жаңа заң жобасында діни бірлестіктердің мәртебесі, тіркеу тәртіптері айқындалған, діни әдебиеттерді әкелу мен таратудың талаптары енгізілген. Діни бірлестіктердің қызметін реттеу мақсатында тағы қандай шаралар қабылданады?
– Заң жобасында діни бірлестіктерді тіркеу мәселелері жөнінде нақты айтылған, тіркеудің мерзімі, тәртібі мен тіркеуден бас тартудың себептері көрсетілген. Сонымен қатар, ғибадат үйлерін, ғимараттарын салудың тәртібі белгіленген. Міне, бұл осындай ғимараттардың бақылаусыз салынуына тосқауыл қойылып, қараусыз қалған ғибадат үйлерінің мәселесін шешуге септігін тигізеді.
Діни бірлестіктердің қызметін реттеудің тағы бір аса маңызды шарасы – тіркеуден өтпеген діни ұйымдардың қызметіне жол бермеуге, сондай-ақ діни бірлестіктердің өкілі болып саналмайтын тұлғалардың миссионерлік қызметті жүзеге асыруына тыйым салуға бағытталатын болады. Бұған қоса, құжатта жаңа заң жобасында дiни бiрлестiктердің қайырымдылық қызметін жүзеге асыруға және қайырымдылық үйлерiн (баспаналар, интернаттар, ауруханалар және басқалар) ашуға құқылы екені анық көрсетілген. Алайда, қайырымдылықты жүзеге асыру кезінде діни қызметке тарту мақсатында азаматтардың материалдық зәрулігін пайдалануға жол берілмейді.
–
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасы діни бірлестіктер қызметін реттеуге бағытталған және түрлі заңнамалық актілердің нормалары арасында туындайтын мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл құжатты қабылдағаннан кейін тағы қандай нәтиже күтуге болады?
– Аталған заңды әзірлеу қазақстандық қоғамда конфессияаралық және этносаралық келісімді дамыту жолында уақтылы және әрекетті қадам болғандығы күмәнсіз. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, діни бірлестіктермен қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың басым сипаттағы бағыттарының бірі – аталған ел үшін дәстүрлі болып саналатын діни ұйымдардың мәртебесін заңды бекіту болып табылады. Бұған қоса, мемлекет халықты мәдени тәрбиелеу, ұлттық дәстүрлерді дамыту, өнегелі құқықтық мәдениетті жоғарылату салаларында дәстүрлі діни ұйымдарға сүйенеді. Мұндай мақсаттарды діни ахуалы заңнамалық базаның жетілдірілуін қажет ететін басқа да мемлекеттер алға тартады. Мәселен, Еуропада жаңа діни ағымдар тудырған көптеген қайшылықтар мен қайғылы жағдайлардың салдарынан мемлекеттер деңгейімен қатар, еуропалық халықаралық ұйымдар деңгейінде де маңызды шаралар (арнайы министрліктераралық комиссиялар) қабылдау қажеттігіне әкеліп соқты.
Еуропарламент 1996 жылғы 12 ақпанда Еуропадағы секталар туралы қаулы қабылдады, онда мүше мемлекеттерді өз елдерінде қолданылып жатқан салықтық, қылмыстық және сот-процестік заңдарының осындай топтардың құқыққа қарсы әрекеттер жасауын тоқтату тиімділігін тексеруге шақырады. Дәл осы ұжымдық құжат мүше мемлекеттердің үкіметтерін секталарға діни бірлестіктердің мәртебесін беруде ұқыпты болуға және олардың қызметі қылмыстық істерге қатысты болса мәртебесінен айыруға үндейді.
Жапонияда Токио метросында болған қанды оқиғалардан кейін құқықтық базаға маңызды өзгерістер енгізіліп, заңнама күшейтіліп, қазір діни бірлестіктер жыл сайын қаржылық құжаттарын тексеріске ұсынып отырады. Одан басқа, кез келген адам егер оған моральдық тұрғыдан зиян келтіріліп немесе қауіп төніп тұр деп ойласа, дін істері жөніндегі уәкілетті органға қандай да бір діни бірлестіктің қызметін тексеруді өтіне алады.
– Жаңа заң жобасы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Бұл қандай өзгерістер?
– Ең алдымен, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгеріс енгізу жоспарлануда. Оның ішінде медицина және фармацевтика қызметкерлерінің жұмыс уақытында кәсіби міндеткерліктерін орындау барысында діни жораларды жасауына тыйым салыну көзделуде. Себебі, бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңға діни рәсімдер мен жораларды, сондай-ақ діни ілімді таратуға бағытталған шараларды балалардың емделу мекемелерінде, спорт ұйымдарында, демалыс орындары мен шипажайларда жүзеге асыруға рұқсат бермеу жөнінде өзгеріс енгізу қажет.
Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасының нормаларын бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бекітілуі қажет. Сондай-ақ «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы», «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» және «Лицензиялау туралы» заңдарға да өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.