Алматыда Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің төрағалығымен «Ақпараттық технологиялар паркі» АЭА-ны одан әрі дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өтті.
Кеңес алдында Ә.Исекешев парк аумағында өндірісін ұйымдастыратын 6 компанияның жобаларымен танысты. Шығаруға жоспарланған өнімнің ассортименті өте мол, олар – жарық беретін шамдар, лазерлі принтерлерге арналған жинақтаушылар, ұялы телефондар, коммутаторлар, телекоммуникациялық жабдық, кеңсе тауарларын сату жөніндегі автоматтар. Қазіргі уақытта, аталған компаниялар технологиялық қажеттілікке арналған өндірістік модулді қайта жасақтау жөнінен жұмыстар жүргізуде. Өндірістер ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосылмақ. Әсет Исекешев жобалық толықтыру жөнінде жүргізіліп отырған жұмысты оң бағалады және елеулі инновациялық әлеуеті бар әрі экономиканың технологиялық жаңғыртылуына оң әсер ететіндерін ғана паркке жібере отырып, жобаларды іріктеуге егжей-тегжейлі келу керектігін атап өтті.
Кеңесте паркті одан әрі дамыту жөніндегі Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы, жаңа объектілерді салуға дайындық, «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» заңның жаңа редакциясын қабылдаумен байланысты басқару жүйесін өзгерту барысы, сондай-ақ, ұйымдастырушылық сипатындағы басқа да мәселелер талқыланды.
Кеңеске қатысушылар инженерлік желілерді және паркте қалыптастырылатын инновацияларды жинақтау жүйесінің негізгі элементі болатын бірқатар объектілерді жобалау жөніндегі жұмыс барысы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Қазақ мұнай және газ институты 7,2 га аумақта орналасатын және парк аумағында пайдалануға берілетін алғашқы объекті – ғылыми-зерттеу кешенін құру жоспарын аяқтады.
Қазақ-британ техникалық университетінің ректоры Ескендір Бейсембетовтің айтуынша, паркте студенттерді оқыту және олардың тұруы үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен 50 гектарға дейінгі аумақта жаңа кампус орналастыру жоспарланып отыр. Жаңа кампусты салу мен жарақтандырудың құны 200 миллион АҚШ долларын құрайды.
Сөз сөйлеушілер паркке жаңа инвесторлар мен инновациялық компаниялардың келуі үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін инженерлік коммуникациялар желілерін салуды жедел бастау қажеттілігін атап өтті.
«Егемен-ақпарат».