«Ойға түстім толғандым, өз мінімді қолға алдым» деп данышпан Абай айтпақшы, соңғы кездері маза бермей жүрген кейбір ойларымды, дәлірек айтсам, міндерімізді айтып көрейінші деп қолға қалам алдым. Бәлки, біраз жұртқа ой салар...
«Петропавл – Алматы» бағытындағы пойыз Петропавлдан сағат 23 кезінде шығып, таңғы 04 кезінде Көкшетауға жетеді. Жол үсті шаршатқан халық бұл уақытта таңғы тәтті ұйқының құшағында. Бірақ Көкшетаудан мінген жүргіншілер жұрт ұйықтап жатыр-ау, арасында жас бала, сырқат жандар да болуы мүмкін-ау, сондықтан дыбысымызды білдірмей, ақырын ғана мінейік демейді, бірдеңеден қалып қоятындай немесе қалың орманның ішінде адасып жүргендей дабырласып, шығарып салушыларымен қоштасқанда вагонды басына көтере айқайласып жатқаны. Бұлардың көбінің қолында билеті болады. Ал егер алда-жалда орнына (әсіресе, төменгі) біреу жатып қалған болса, «кешіріңіз, менің орным еді» дегенді әсте айтпайды, «освободите, это мое место!» деп ара шағып алғандай шаңқ етіп, ата жауын көргендей түсі бұзылып ұрсысуға, таласуға тіпті жұлқысуға дайын кейіпке әп-сәтте еніп алады. Және талап сөздерін міндетті түрде орысша айтады. Әйелі де, еркегі де, жасы да, кәрісі де осылай. Егер орнын қарт кісі алып, ол орынға жолсерік уақытша жатқызып қойса дігірлеген қалпы оған жетіп барады. У-шу, айғай шығарып, ақыры төменгі орнында 90-ға келген шал немесе кейуана жатса да тартып алады. Міне, осылай. Нанбасаңыздар сол пойызбен бір рет жүріп көріңіздер немесе жолсеріктен сұрап біліңіздер.
Мұндай мінез жалғыз көкшетаулықтарда ғана емес, бәрімізде де бар. Неге біз осындай өзімшіл, басқалардың жағдайымен санаспайтын әдепсіз екенімізді ойланып көрдік пе екен?
Бірде Астанада ауруханада жатып мынадай оқиғаның куәсі болдым. Түнгі сағат 12 кезі. Дәлізде екі қыз еден жуып жүр. Швабралары сарт-сұрт, әзілдері саңқ-сұңқ, күлкілері шиқ-шиқ... Бір уақытта: «Әй, Тәттігүл, и-й, ана трәпкені әкеле салшы», деген қатты дауыс шықты. Екіншісі орманда адасып қалғандай: «Ол қаяқта?» – деп айқайлады.
Мезгіл түн ғой. Жұрт ұйықтап жатыр-ау, бұлар науқас жандар ғой, мазасын алмайықшы деген ой олардың кәперіне де кіріп шыққан жоқ. Және соларға ескерту жасаған да адамдар болған жоқ. Медбикелер де дауыстары ащылау шығып, күлкілері қарқылдай естіліп жатты.
Ал кезекке тұрғанда қандаймыз? Бір-бірімізге мініп кете жаздаймыз ғой. Жетпей қалатындай, ала алмай қалатындай өңмеңдеп, алдымыздағы адамды басып кетуге шақ тұрамыз. Қозғала қоймаса, кінәсіз жанды ішімізден сыбап, тыпыршып кетеміз. Ал мәдениеті жоғары елдерде алдындағы адамның желкесіне дем алуға да ұялады, кем дегенде бір метр кейін тұрады.
Бірде Алматының қонақ үйінде жатыр едік, у-да шу, шаңқылдаған, гүжілдеген дауыстар, балалардың шуынан шошып ояндық. Алматы десе, жер сілкінісінен қорқасың ғой, апыр-ай, сондай бірдеңе болып қалды ма екен деп жүрегіміз дүрсілдеп атып тұрдық. Сағатқа қарасақ, таңғы 5. Шала киініп, дәлізге шықтық. Жоқ, зілзала емес, тек көрші нөмірлердің бірінен айқай-шу естіледі. Кезекшіден сұрасақ, қонуға келгендердің дауысы ғой дейді. Жұрт ұйықтап жатыр, ақырын сөйлеңіздер, деп неге ескертпейсіз дейміз ғой баяғы. Ә, кейбіреулерге дауа жоқ, айттың не, айтпадың не, бәрібір, дейді кезекші. Бірде таң алдында осында француздар келіп қонды. Әлгілер бізбен де, бір-бірімен де сыбырласып сөйлесті. Міне, мәдениет деген қайда жатыр.
Енді біз неге осындаймыз дегенге келейікші. Бір-біріміздің жағдайымызды неге ойламаймыз, мазамызды алатынымызды түйсінбейміз? Кітапшылап айтсақ, бір-біріміздің дем алу құқымызды неге сыйламаймыз, керісінше, оны неге таптағымыз келіп тұрады? Және КСРО шеңгелінен шыққан республикалар халқының көбі осындай.
Біздіңше, осының себебі біздің қиын, үнемі жетіспеушілікті бастан кешкен ауыр халден шыққанымыздан. Шұбалған ұзыннан-ұзақ кезекке тұру және онда айқайлап, айбат шегіп, бір-бірімізге өшпенділікпен қарау әдеті бізді осындай әдепсіз халге жеткізген секілді. Біз көрмесек те білеміз, кәртішкемен берілетін нанның кезегіне ала таңнан тұратын жандар бір-бірін әсте сыйламайтын, өйткені, оған нан сол күні алдында тұрған адамдардың кесірінен жетпей қалуы мүмкін еді. Сондықтан айқайлап, өшіретсіз кіргісі келетіндерге жекіріп, айбат шегіп, жұрттың бәріне жаулықпен қарауға тура келетін. Автобусқа, пойызға билет алғанда да сол. Алдыңдағы адам соңғысын алып кетіп, саған билет жетпей қала ма деп жүйкең тозып, өшіретті тезірек жылжытуға, кезегіңнің тезірек келуіне асығып, қылпылдап тұратынсың. Және кімнің уақытын кезекте өткізгісі келсін!
Сондай жағдайда біреуді сыйларсың ба, сыпайы бола аларсың ба? Қаптаған халықты тек өзіңе кедергі келтіретін, тапшылықты жеткізбей тастайтын, орныңды алып қоятын қаскүнемдей көріп, олармен іштей жауығып тұратынсың.
Осындай ахуал қалыптастырған біз кезекке әдеппен тұруды, қоғамдық жерде ибалық сақтап, сыпайы жүруді, басқаны сыйлауды, ұйықтап жатқан жұрттың мазасын алмауды білдік пе? Әрине, арамызда бірен-саран зиялы, жоғары мәдениетті, көнтерілі адамдар болатын, бірақ негізгі халық осындай еді. Мәдениет тек үлкен қалалардағы театрларда ғана болуы мүмкін шығар деп ойлайтын едік.
Ал, қазір, құдайға шүкір, жағдай басқа ғой. Бір-бірімізді сыйлап, біріміздің біріміз мазамызды алмауға ұмтылсақ, кезекте тұрғанда кимелемесек, бәрі де еркін жететінін ойласақ, мінезіміз де, ісіміз де, түсіміз де өзгеріп, жақсара түсер едік-ау. Мәдениетті болу, әдепті болу деген осы емес пе?! Біз бұрынғыдай басқаның шылауындағы емес, өз билігіміз өзіміздегі Қазақ елінің азаматтарымыз ғой. Бір-бірімізді қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда сыйлап өткенге не жетсін?! Болмашыға күйгелектенбей, пейілімізді кеңейтіп, кез келген нәрсеге биік тұғырдан қарайықшы.
Жақсыбай САМРАТ.