15 Қыркүйек, 2011

Басты жетістіктер баяндалды

293 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «2010 жылы Қазақстан Респуб­ли­касындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баянда­ма­сының халықаралық тұсаукесері болып өтті. Бұған дейін баяндама халық­ара­лық және отандық сарап­шы­лардың оң бағасын алған бола­тын. Осы ретте адам құқықтары жөніндегі баяндама Ұлыбрита­ния­ның Қазақстандағы және Қырғызстандағы елшіліктерінің, ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының техникалық көмегі арқасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шықты. Тұсау­ке­сер рәсіміне қатысқандарға арнап Қазақстан Республикасының Сырт­қы істер министрі Ержан Қа­зыханов, Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі ко­мис­сияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов, Ұлыбританияның Қа­зақстандағы және Қырғыз­ста­н­да­ғы Дипломатиялық миссия­лары басшысының орынбасары Джон Терлоу және Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мының Астанадағы орта­лығы­ның басшысы Александр Кельчевский құттықтау сөз сөйледі. Өзінің құттықтау сөзінде Адам құқықтары жөніндегі ко­мис­­сияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов еліміздегі құқық қор­ғау тетіктерінің халықаралық стан­дарттарға сәйкестігін, әйтсе де бұл бағытта әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар екендігін айта келіп, нақты қадамдар ба­ры­сын тілге тиек етті. Е.Қазыханов құқықтық ортаны жетілдіру жө­нін­дегі жұмыс бағдарламалық құ­жаттармен – 2010-2020 жыл­дарға арналған Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы құқықтық саясат тұжырымдамасымен және 2009-2012 жылдардағы адам құ­қы саласындағы іс-әрекет ұлттық жоспарымен үйлестірілгендігін ерекше атады. Қазіргі таңда екі құжат та Президент тарапынан бекітілген. Е.Қазыхановтың пайымынша, бүгінде баяндамада ұлттық заң­на­мамен салыстырмалы саралау және олардың адам құқы сала­сын­дағы халықаралық стандарт­тарға сәйкестігін айғақтайтын құқық қолдану тәжірибесі де бар. Ол нақты адамның азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарының сақ­талу мәселелерін қамтиды. Бұл ха­лықаралық және үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдары жіті назар аударған бағыттар болып табылады. Осы орайда министр адам құқын қорғау мен оны алға жылжытуда әлемдік тәжірибені есепке алмай ілгері жылжи ал­май­тынымызды ерекше айтты. Міне, бұл факторлар көп жағ­дайда Қазақстанның БҰҰ-ның адам құқықтары саласындағы негізгі саналатын келісімдері мен конвенцияларына қосылуы бой­ын­ша шешімге келуін айқындап берді. Оның үстіне Қазақстан адам құқын сақтауды қадағалау халықаралық тетіктерімен ын­тымақтастықты үнемі қолдап келе жатқандығын айта кеткен жөн. 2011 жылдың шілдесінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінде Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде көрсетілген ережелерді сақтауы жөніндегі ұлттық алғашқы баяндамасы қорғалды. Жалпы, 2010 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығындағы кезең ішінде комиссия хатшы­лы­ғына жеке және заңды тұлға­лар­дан құқық пен бостандығы бұ­зы­луы бойынша 1320 жазбаша ша­ғым келіп түскен. Соның 27,20 пайызы құқық қорғау орган­дары­ның әрекеттері мен әрекет­сіздіктеріне байланысты екен. Ал 19,62 пайызы әкімдердің, ат­қару­шы және өкілетті билік орган­дары лауазымды қызметтерінің әрекеттеріне күйінсе, 9,39 пай­ы­зы сот шешімдерінің орын­дал­мауына және өзге де мәселелерге шағымданған. Жалпы, баяндаманың тұсауке­серіне мемлекеттік органдардың, еліміздің құқық қорғау сала­сын­дағы үкіметтік емес ұйым­дар­дың, елімізде аккредиттелген ха­лықаралық ұйымдар мен дип­ломатиялық өкілдіктердің бас­шы­лары, адвокатура, нотариат, білім және ғылым ұйымдары, мәдениет, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Баяндаманы комиссия мүшелері Тастемір Әбішев, Мәдина Жарбосынова, Виталий Воронов және Еңлік Нұрғалиева таныстырып, бірқатар сұрақтарға жауап берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.