Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы еліміздегі маңызды мәселелерді талқылау үшін жиналып тұрады. Оның құрамына саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар басшылары, сарапшы мамандар мен ғалымдар, депутаттар енген. Кеше Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де палата «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын талқылады.
Оған заң жобасын дайындаушы Дін істері жөніндегі агенттіктің басшылары мен мамандары, дәстүрлі діндер өкілдіктерінің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Отырысты Қоғамдық палатаның төрағасы, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз заң жобасы туралы баяндама жасау үшін Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріпке берілді. Ол жаңа заң жобасының мақсаты, қажеттілігі, әзірлеудің алғышарты, қолданыстағы заңнан өзгешелігі туралы баяндап берді. Соның ішінде ол осы уақытқа дейін Қазақстанда миссионерлік қызметтің, діни мазмұндағы кітаптарды таратудың, рухани оқу орындарын лицензиялаудың, сондай-ақ заңды тұлғалардың діни қызметпен айналысуының бірегей талаптары болмағанын, ал аталмыш заң жобасы басқа да өкілеттіктерімен қатар осы мәселелерді де реттеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Төраға өзінің баяндамасында Елбасы Н.Назарбаевтың: «Біз Қазақстандағы барлық діндердің теңдігі мен дінаралық келісімнің сақталуын қамтамасыз етеміз әрі оған кепілдік береміз. Біз исламның және басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің озық дәстүрлерін құрмет тұта, дамыта отырып, заманауи зайырлы қоғам құратын боламыз» деген сөздерін келтіріп, заң жобасын әзірлеу барысында осы талаптар ескерілгенін құлаққағыс етті. Діни бірлестіктер туралы да жобадағы кейбір ерекшеліктер аталып өтті. Соның ішінде діни бірлестіктер басшылары жасы кәмелетке толмаған баланың ата-анасының біреуі қарсы болған жағдайда оның діни қызметке араласуына рұқсат бермеуге міндетті екендігі айтылды.
Қайрат Лама Шәріп заң жобасын дайындау барысында Армения, Ресей, Беларусь, Грузия, Литва, Испания және басқа да еуропалық мемлекеттердің тәжірибелері ескерілгенін атап өтті. Еуропа елдерінің тәжірибесінде діни бірлестіктердің мәртебесі сол елге тарихи тұрғыдан қатысты болуымен анықталады екен. Мысалы, Италияда барлық діндер католиктік және католиктік емес болып бөлінеді. Литвада дәстүрлі және дәстүрлі емес діни қауымдастықтар айқын түрде бөлінген. Бельгияда да мемлекет тарапынан танылған және танылмаған діндер деп жіктеу қалыптасқан, дей келіп шешен жаңа заң жобасы бойынша бізде діни бірлестіктердің тіркелу тәртібіне тоқталып өтті. Діни бірлестік 50 мүшеден кем емес адамның бастамасымен тіркеледі және оған жергілікті бірлестік мәртебесі берілетін көрінеді. Одан әрі мүшелердің санына қарай аймақтық, республикалық діни бірлестіктер болып тіркелуі мүмкін. Мұндай өзгерістерді енгізуде шетел тәжірибесі ескерілген екен. Еуропалық Одақтың мүшесі Румыния Еуропадағы дін туралы ең қатаң заңға ие мемлекет болып саналады. Олардың заңына сәйкес діни бірлестіктер мүшелері елдің жалпы тұрғындарының 0,1 пайызынан кем емес (яғни 23 мың адамнан кем емес) бөлігін құраған жағдайда ғана мемлекет тарапынан танылады, деді Қ.Лама Шәріп. Одан әрі баяндамашы ұсынылып отырған заң жобасында отбасын бұзуға бейім және соған мәжбүрлейтін, міндетті білім алуға бөгет жасайтын, азаматтардың имандылығы мен денсаулығына зиян келтіретін діни бірлестіктердің қызметіне тыйым салу қарастырылғанын жеткізді. Заң жобасындағы жаңа нормалардың бірі – діни жоралар мен рәсімдерді мемлекеттік органдарда, Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарында, қызметтері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты мекемелерде, білім беру ұйымдарының ғимараттары мен аумақтарында өткізуге тиым салынуы болып табылады, деді ол. Сөзінің соңында Қ.Лама Шәріп жаңа заң жобасын енгізуге байланысты қандай заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін санамалап берді.
Мінберге екінші болып Мәжіліс депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы Камал Бұрханов көтерілді. Ол бүгінгі күннің қауіп-қатерлерінің алдын алу ХХ ғасырдағы қауіпсіздікті сақтаудың дәстүрлі категорияларын қолданумен шектелмейтінін атады. Сондай-ақ ол Америкада, Мәскеуде болған терактілердің және «Араб көктемі» деген атау алған Африка елдеріндегі бүліктердің бәрі де бүгінгі заман қауіп-қатерлерінің алдын алмағанның салдары екенін айтты. Біздің елдің Ақтөбе облысында болған оқиғалар да сондай оқиғалардың жалғасы іспеттес. Сондықтан да бүгін мемлекетіміздің алдында қауіпсіздік шараларын мықтау міндеті тұр. Соның ішінде діни экстремизмнің алдын алу шарт. Осындайлардың алдын алмасақ біздің де зор қауіптерге ұшырайтынымызды Ақтөбе оқиғалары көрсетіп берген жоқ па, дей келіп шешен осылардың бәрі бізге діни қызмет және діни бірлестіктер туралы жаңа заң қабылдауға алғышарт болып отырғанын жеткізді. Заң жобасы туралы ойларын айтқанда онда біздің еліміздегі өзгерістерді ғана емес, басқа да демократиялық елдерде қабылданып жатқан өзгерістерді және бұрыннан қалыптасқан дәстүрлердің ескерілуі қажеттігін атады. Депутат өз басы бірнеше мемлекеттің дін істері туралы заңдарын зерттегенін айта келіп, соның ішінде Бельгияда 6 конфессия ғана ресми түрде танылатындығын айтты. Бұлардың танылу себебі Бельгия жерінде олар кем дегенде ондаған жылдардан бері бар және әрқайсысын бірнеше мыңдаған адам ұстанады. Сонымен бірге олардың қоғамға әлеуметтік тұрғыдан пайдалы екендігі ескеріледі екен. Міне, осы талаптардың үрдісінен шығатын конфессиялар ғана ресми түрде тіркеле алады. Франциядағы дін істерінің ерекшелігі қатарында елде ең көп тараған дін деп танылған католицизмнің епископтары жергілікті префектураның келісімімен ғана сайланатынына назар аударды. Ал Италияда діндер католик және католик еместер деп қана танылады. Мемлекет шіркеумен арада конкордат (келісім) атты құжатқа қол қояды. Ол дінге Үкімет тарапынан көмек беруге мүмкіндік береді. Бюджеттен бөлінген қаражатқа шіркеу қызметкерлеріне еңбекақы төленеді және шіркеулердің тарихи ескерткіш ретінде сақталуына жағдай жасалады екен. Сондай-ақ төраға Чехияның ерекшелігіне де тоқталды. Бұл елде шіркеу 10 мың адам келетіндігі расталса ғана тіркеуге алынатын көрінеді, сонда мемлекет тарапынан көмек жасалады. Біз озық елдердің осы тәжірибелерін ескеріп, өзіміздің заңымызда олардың болуын қарастыруымыз керек, деді К.Бұрханов сөзінің соңында.
Келесі сөз кезегі заң жобасын Парламентте қарауға дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, депутат Рамазан Сәрпековке берілді. Ол заң жобасын әзірлеуге қандай себептердің негіз болғанын атап өтті. Біріншіден, діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктердің қызметін оңтайландыру заңнамасын жетілдіру қажеттігі Президенттің 2006 жылғы шілдедегі Жарлығымен бекітілген «Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасында» қарастырылған мәселе, деді ол. Екіншіден, қазіргі қолданыстағы діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заң 1992 жылдың қаңтарында қабылданған. Бұл Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі мерзімде ең алғашқы болып қабылданған заңның бірі болатын. Ол өзінің алдына қойылған мақсаттарын түгел атқарды деп айтуға болады. Енді замана өзгерістері жаңаша қырға шыққаны белгілі. Біздің еліміз 20 жылда саяси, экономикалық, әлеуметтік, сондай-ақ діни сенім-нанымда елеулі өзгерістерге қол жеткізді. Осыған байланысты «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын дайындау қажеттігін тудырды, деді ол. Одан әрі депутат жаңа заң жобасындағы көптеген өзгешеліктерге тоқталып өтті. Соның ішінде діни бірлестіктерді құру, оның жарғысын дайындау және олардың мемлекеттік органда тіркелу тәртіптері, сондай-ақ тіркеуден бас тартуға негіз болатын себептерге қысқаша шолу жасап өтті. Сонымен бірге заң жобасында миссионерлікке қатысты шаралар, оның ұғымдары кеңінен берілген, деді ол.
Осыдан кейін заң жобасын дайындаушылар мен оны Парламентте қарауға дайындайтын жұмыс тобы мүшелеріне бірнеше сұрақтар қойылды. Алғашқы сұрақты қойған академик М.Жұрынов діни бірлестікке мүше бола алатын азаматтардың жасы 18-ден басталғаны дұрыс, бірақ жоғарғы шегі де заңда көрсетілсе қалай болады. Мәселен, 18 бен 63 жас деп, яғни қызмет ететін мезгіл аралығындағы адамдар ғана бірлестікке мүше бола алады деп жазсақ қалай болады деп сұрады. Бұл сұраққа «мәселені депутаттардың қарауына ұсынып көрейік, шешімін солар айтсын» деген жауап берілді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин жобада діни бірлестіктерді қаржыландыру мәселесі қарастырылған ба, қарастырылса ол қандай жағдайда іске асырылады деген сұрақ қойды. Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы мемлекет тарапынан қаржыландыруды емес, бірлестіктердің жалпы қаржыландырылуын қадағалайтын тетіктер жобада қарастырылғанын жеткізді. Профессор Оразалы Сәбден Қазақстандағы діни бірлестіктердің саны 4551 екен, ал солардың әрқайсында қанша мүше бар екені белгілі ме деген сұрақ қойды. Лама Шәріп бұл сұраққа нақты жауап бере алмаса да мұсылмандар саны шамамен 11 млн. адамдай болатынын айтты. Дос Көшім қызмет орындарында намаз оқитындарға жауапкершілік қарастырылған ба деп сұрады. Заң жобасын жасағанда біз мемлекеттік органдарда намазханалардың болмауы керектігін айттық, сондай-ақ жеке жұмыс орындарында да намаз оқуға болмайтындығы айтылды. Бірақ кейбір депутаттар бұл нормаға мүлде қарсы, деп жауап берді, Қ.Лама Шәріп. Евангелиелік лютеран шіркеуінің епископы Юрий Новгородовтың да сұрағы нақты болды. Ол ешкімге кедергі келтірмей, ешқандай шу шығармай өз үйімде өзіммен діндес 3-4 адаммен бірге жексенбі күні құдайға табынып, құлшылық етсек – бұл жаңа заң жобасының нормасын бұзбай ма, жауапкершілік тартпаймын ба деп сұрады. Егер бұл іс тұрғын үйде болса – сіз заңды бұзған боласыз, деген жауап берілді оған. Бұдан кейін де заң жобасын әзірлеушілер бірнеше сұрақтарға жауап берді.
Осыдан әрі отырыс жұмысы пікірталасқа ұласты. Алғашқы болып сөз кезегін Қоғамдық палата төрағасының орынбасары, профессор Мақсұт Нәрікбаев алды. Ол дін істері туралы қолданыстағы заңның 1992 жылы әзірленуіне белсене қатысқанын еске ала отырып, өзінің бұл мәселедегі білігі әжептәуір екендігін ескертті. Әрине, ол кездегі жағдай мүлде басқаша болатын, ол уақытта дін жолына түскен адамдар саусақпен санарлық-ақ еді, деді ол. Қазіргі ахуал мүлде басқа, қазір дін жолына түскендер өте көп, маған белгілі мәліметтерге қарағанда ислам дінін белсенді ұстанатындар саны ғана 7 млн.-ға жуық екен, деді шешен. Одан әрі М.Нәрікбаев заң жобасын әзірлеушілер тарапынан жол берілген кейбір жәйттерді сынады. Мәселен, деді ол, жұмыс орнында намаз оқуды шектеудің қандай негізі бар. Осы уақытқа дейін оқылып келгенде оның жұмысқа кедергі келтірген жері бар ма? Мысалы, мен өзім кабинетімде намаз оқимын. Егер мына заң жобасы осы күйінде өтіп кететін болса мені жауапқа тартпақшысыздар ма? Одан әрі шешен Ю.Новгородовтың өз үйімде, ешкімге кедергі келтірмей 3-4 адаммен құдайға құлшылық етсем заңмен қудаланамын ба деген сұрағына берілген жауапты да сынады. Осының өзі адамның діни бостандығын шектеу емес пе? Сіз Президенттің сөздеріне сілтеме жасайсыз, мен де Елбасының «Сындарлы 10 жыл» деген кітабына сілтеме жасап, адамның діни сенім бостандығын шектеуіне жол берілмейді дегенін тауып бере аламын, деді шешен. Сөзінің соңында ол жаңа заңның қажеттігін айтты, бірақ, шикі тұстарын әбден өңдей түсу керектігін жеткізді.
Осыдан кейін пікірталаста Алтыншаш Жағанова, Оразалы Сәбден, Дос Көшім, православие дінінің өкілі владыка Геннадий, евангелиелік лютеран шіркеуінен Юрий Ногородов, католик дінінің уағызшысы Томаш Пэтэ және т.б. сөйлеп, заң жобасы туралы өздерінің ойларын білдірді. Отырыс соңында Қоғамдық палата алдын-ала дайындалған қорытындының жобасын бірауыздан қабылдады. Онда заң жобасын әлі де жетілдіріп, адамдардың құқы мен бостандығын шектемеу жағын ескеру қажет деп ұйғарылды.
Жақсыбай САМРАТ.
* * *
ИСЛАМДЫҚ ДӘСТҮРЛЕРДІ ҚҰБЫЖЫҚҚА АЙНАЛДЫРМАУ КЕРЕК
Сатыбалды ИБРАГИМОВ, Мәжіліс депутаты:
– Барлық діндердің толып жатқан ағымдары болады. Соның ішінде еврейлер тұтынатын иудаизмде де, барлық Еуропа халықтары тұтынатын христиан дінінде де толып жатқан ағымдар бар. Бірақ сол ағымдарды бір-біріне қарсы қойып, арасын ашуға тырысушылар жоқ. Ал исламға келгенде, оның ағымдары арасындағы сәл ғана айырмашылықтарды барынша үрлеп жалаулатуға, сөйтіп олардың арасын аша түсуге ұмтылушылар өте көп. Шын мәнінде исламдағы барлық ағымдардың да негізі бір: олар құдайды мойындайды, құранды шын, пайғамбарды хақ дейді. Демек олардың арасында илікпейтін бітіспестік жоқ. Сонымен бірге исламдық дәстүрлерді құбыжық қылып көрсетуге тырысушылар бар. Соның ішінде хиджаб мәселесін алайықшы. Осы болмашы дүниені қаузаудың өзі халықты исламға қарсы қоюға тырысушылық. Хиджаб деген қазақ даласында ежелден бар, бірақ оның қазақша атауы жас әйелдер үшін жаулық, ал үлкен аналарымыз үшін кимешек болатын. Көбінесе ақ немесе ақшылт матадан жасалатын. Әйелдер шаштарын көрсетпес үшін осындай орамалдардың астына жасырып алатын. Сондықтан онда ешқандай қауіп жоқ. Қауіп басқада. Ұятты жерлерін барынша жарнамалап, бет-ауыздарын оңдырмай опалап, қолдарынан темекі мен сыра шишасын тастамайтын әйелдер мен қыздарды сынауымыз керек қой.
Сол сияқты мұсылманның сақал қойғанынан шошынатындар бар. Басқа діндегілер солай жүрсе оны ешкім қауіпті демейді, ал мұсылмандікі оларға ерсі көрінетіні қызық.
Рас, исламның атын жамылып, кейбір радикалды әрекеттерге баратын топтар бар. Олар Алланы ауызға алу арқылы маңына топтар жинап, өздерінің ойларын іске асыруға тырысатын саяси күштер. Әйтпесе, дін ислам ешқашан террорлық әрекеттер жасап, жазықсыз адамдарды өлтіріп, зорлыққа бар демейді.
Біздің дініміз ислам, біз осы діннің төңірегінде және өзімізге ежелден таныс, ата-бабамыздың дәстүрімен қанға сіңген Ханифа мазхабынан айнымасақ, тіліміз де, діліміз де түзеліп, еліміз өркендей беретін болады. Дін туралы заң бізге осыны қамтамасыз етуі керек.
* * *
АРАНДАТУШЫЛАРДЫҢ МАҚСАТЫ БЕЛГІЛІ
Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты:
– Меніңше, елдің тыныштығына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы заң жобасын барынша қатайту керек. Бізді қазір дініміз арқылы бұзғысы келетін, ортамызға от жаққысы келетін сыртқы күштер бар. Олар алдымен біздің саяси жүйеміздің осал тұсын іздеді, кейбіреулерге сырттан стипендиялар төлеу арқылы қолтықтарына су бүркіп, іріткі салуға тырысты. Бірақ елдегі ұстамды саясаттың арқасында қолдарынан түк келмеді, Қазақстан тұрақтылығын сақтап қалды. Одан кейін экономикалық қиындыққа ұшыратпақ болды, одан да ештеңе шығара алмады. Әлеуметтік саладан да осал тұсымызды таппақ болды, одан да тауы шағылды. Енді біздің діни сеніміміз арқылы арамызға іріткі салуды қолға алып отыр. Сөйтіп, мемлекетіміздегі тұрақтылықты шайқалтпақшы. Кейбір мұсылман мемлекеттері арқылы кіретін «Союз исламистов» деген сияқты ұйымдар осыны көздейді. Біз олардың арандатуына ермеуіміз керек. Оған және жалғыз заңмен ғана тосқауыл қойылмайды, өрелі азаматтарымыздың, еліміздің келешегін ойлаған барлық адамдарымыздың саналы әрекеттері арқылы ғана арандатушылыққа жол берілмейді. Ал исламның ең дұрыс дін екенін әлемдік есімдері бар дінтанушылар баяғыда-ақ мойындаған. Мұсылманшылық – ол ізгілік. Ізгілік дегеніміз қоршаған ортаңа жақсылық жасау. Адамдардың бір-бірін, елін, жерін сүюі. Ал исламның арасына экстремистік, радикалды пиғылдар сырттан таңылуда. Ол пиғылдардың мақсаты тек біздегі тыныштықты жою, сөйтіп өздеріне пайда түсіру.