Дәрігерлік қызметтің, яғни денсаулық күзетінің алғы шебінде жүретін хирургтер болса, оның ішінде балалар хирургі болудың орны ерен, айрықша. Өйткені, оның өзіндік ерекшелігі, өз талабы, өз қиындығы бар. Мәселен, жаңа туылған, құйтақандай тіршілік иесі шырылдап, шырқырағанда жанына жалау болар періштедей дәрігерге жаутаңдарымыз рас. Міне, сол мезетте дәрігердің диагнозды нақты қойып, дұрыс шешім қабылдауына байланысты баланың тағдыр-талайы шешіліп жатады. Әрине, балалар дәрігерінде терең білім, білік, кәсіби шеберлікпен қоса, сезімтал ғазиз жүрек, балаға деген сүйіспеншілік пен асқан шыдамдылық қасиет қажет. Табиғатынан осындай бар қасиетті бойына дарытып, балалардың бағына жаралған, бүгінге дейін 13 мыңға жуық балаға өкпе, ішперде, кеуде қуысы, бас-ми жарақаты, урологиялық ақаулар, т.б. ауыр патологияларға хирургиялық күрделі ота жасап, оларға өмір сыйлауда әлі күнге қолынан қандауыры түспеген атақты балалар хирургі Камал Ормантаевты таныстырудың өзі басы артық нәрсе. Олай дейтініміз, отандық медицинадағы педиатрия саласы мен балалар хирургиясын, оның ғылымын Камал Ормантаевсыз елестетіп көріңізші? Жо-жоқ. Осы тұрғыдан келгенде «балалар хирургиясының атасы», ҚР ҰҒА-ның академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, «Парасат» орденінің иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Камал ОРМАНТАЕВ меншіктеуге келмейтін ұлттық тұлға.
* * *
«ХИРУРГИЯ – ЖАРТЫЛАЙ ӘСКЕРИ ТӘРТІП»
... Бұдан жетпіс бес жыл бұрын Қорқыт бабамыздың сүйегі жатқан киелі жердің іргесінде шекесі торсықтай ұл дүниеге келгенде, оның ержеткен кезде бабасы дауа таппай кеткен ажалға қарсы тұрар үлкен шипагер боларын ешкім ойламаған шығар. Жоқшылық заман. Атасы Ормантай да, әкесі Сәруар да жалғыздық тауқыметін тартып, тұрмыстың қиындығын көбірек көреді. Камалдың алдындағы үш қыз, үш ұл сәби кезінде ауырып, шетінеп кетіпті. Бірде аяғы ауыр анасына құмалақшы әйел: «Шырағым, ұл туасың, атын – Камал қой. Одан кейін тағы ұлды боласың – оның атын Самал қой», – деп батасын береді. Сол құмалақшының айтқаны келіп, алдымен маңдайы жарқырап ұл келіп, атын Камал қояды, содан соң інісі Самал туады. Зарығып күткен бала болғандықтан әкесі еркелетіп, шешесі Айжанға: «Баланы ренжітпе, ақсақ-тоқсақ, соқыр болса да бетінен қақпа», деп үнемі айтып отырады екен. Осылайша, ақылды тентек Камал Қармақшыдағы орта мектепті 1953 жылы үздік аяқтап, Алматыға оқуға барады. Әкесі: «Балам, мен қан қырғын соғысты, жараланған адамды көп көрдім. Алдыңдағы алты бауырың бейкүнә сәби кезінде шетінеп кетті. Сен енді балалар дәрігерінің оқуына бар, адамдарды емде», деп кесіп айтады да, бір қойды сойып сатып, қалтасына салып береді. Сонымен бір мектептен Алматы мемлекеттік медицина институтына білім іздеп аттанған 13 баладан жалғыз өзі орысша емтиханның бәрін кілең «үштік» бағаға тапсырып, оқуға қабылданады. Орыс тілін күндіз-түні үйреніп, бірде аш, бірде тоқ жүріп, 1959 жылы институттың педиатрия факультетін жақсы тәмамдап, 1966 жылға дейін клиникалық ординатура мен аспирантурада білімін жетілдіреді. Бір жыл ауруханада бөлім меңгереді. Сонда өз ісінің білгір маманы, әрі жетекшісі болған профессор М.Брякин өте қатал тәртіптің адамы болса керек, таңертеңгілік конференцияға кешіккендерді: «Хирургия – бұл жартылай әскери тәртіп!» деп кіргізбейді екен. Онысы рас. Кейін өзі де осы тәртіпті ұстанды.
– Хирург болу, оның үстіне балалар хирургі болу өте қиын да жауапты жұмыс. Әңгіме үнемі пышақпен, қандауырмен жұмыс істеу, операция жасау ғана емес, бұл мамандық адамнан үнемі тастүйін дайындықты, ішкі сезімталдықты, науқастың жағдайын түсіне білетін жүрек нәзіктігін талап етеді. Сәл ғана ауытқушылық орны толмас қателікке ұрындыруы оп-оңай. Сондықтан олардың әрбіріне өзіндік ерекшеліктеріне сай ем қолданумен қатар, балалар дәрігері сәби жанын түсінетін психолог, тәрбиеші, ең бастысы, жүрегі мейірбан жан болуға тиіс. Көптеген дәрігер мамандардың ғылыми білім-біліктілігі жоғары болғанымен, шын мәніндегі таңдаулы балалар дәрігері бола алмағандары осы мейірбандықтың, шын жанашырлықтың жетімсіздігінен. Ал адамның мейірбандығы туған жердің топырағынан, ананың сүтінен дариды. Табиғатқа біртабан жақын адамдардың бойында жақсылық, мейірбандық қасиеттер молырақ болатыны ақиқат»,- дейді күрмеуі қиын мамандыққа қатысты өз ойын түйген ғалым.
«Ұстазы жақсының, ұстанымы мықты» деген, Е.Черкасова, М.Брякин, А.Пугачев сынды педиатрияның хас шеберлерінен тәлім алды. Зерек те алғыр Камекең 1966 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ғылымға табандылықпен беріліп, шынайы білім іздеудің нәтижесінде бар-жоғы 35 жасында қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы атанды. Мәскеуде болған жылдарында өмірлік мамандығына қатысты терең тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік туады. Ал 32 жасында Алматы мемлекеттік медицина институтында балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болып, содан бері оны үзбей басқарып келеді. Сол аралықта институттың педиатрия факультетінде екі рет декан болып, 1980-85 және 1993-2001 жылдар аралығында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығын басқарды. 2001 жылдан аталмыш орталықтың құрметті директоры. Осы уақыт ауанында ғалым 310-нан астам ғылыми жұмыс жазса, 9 монографияның екеуі Ленинградта жарық көрді. Академик қазақстандық балалар хирургиясының ғылыми мектебінің негізін қалаушы, әрі артында мыңдаған шәкірт дайындаған ұлағатты да, қадірменді ұстаз. Оның басшылығымен 103 кандидаттық, 16 докторлық диссертация қорғалды.
– Ғылыми атақ алу, шен-шекпенге ие болу соншалықты қиын бола қоймас, – дейді академик. – Бірақ дәрігерлік мамандықтың ең басты қиындығы сол – білімсіздік, тәжірибесіздік адамды өзі ойламаған талай тығырыққа тірейді.
Ұлтжанды ғалым тек өз мамандығымен айналысып қоймай, дер кезінде қоғамдық өмірге де белсене араласып, азаматтық пікір-ұсыныстарын ортаға салып, ой туғыза алды. Қоғам қайраткері ретінде намыс жолында өз үнін тайсақтамай, батыл айтатын ұлтының күрескері. Соған қарамай жаны жайсаң кісімен тілдесу оңай, әзілге жаны құмар. Бойында менмендік, тәкаппарлық жоқ. «Жүйрік атқа шабандоз үйір, жақсы адамға дос үйір» деген, Камекеңнің достары көп, зиялы қауым арасында беделі өте жоғары.
«Алтын қолды» дәрігер үшін дүниедегі ең ыстық жүрекжарды лебіз, ең таза ақжарылқап көңіл, шынайы махаббат өзі емдеген балалардың, олардың ата-аналарының ықыласы екенін ол жиі айтады. «Жалпы мен бай адамның бірімін. Мыңдаған баланың өмірін сақтап қалып, ата-аналардың алғысын алдым. Міне, нағыз байлық – осы байлық» дейді шипагер ағамыз. Өйткені, ол өмірдің бағасын біледі, қаншама кішкене балақайдың өліммен арпалысын көз алдынан өткізді, солардың қаншасына жарық дүние, қанша шарасыз ата-анаға өлшеусіз қуаныш сыйлады. Редакция тапсырмасымен Камал ағамен жолыққанымызда «Мен жайында еліміздің танымал, белгілі азаматтары өз ойларын білдірді, білдіріп те жатыр, бірақ мен үшін аналардың ақ тілеуінен, алғысынан артық қымбат сыйлық жоқ. Аналарды сөйлетіңіз. Өйткені, дәрігерлік қызметімде балалармен қоса аналық қасиеттің құдіретін терең түсіндім, олардың алдында бас иемін» деп, өз анасы жайлы тебірене сыр шертті...
АНА ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС
Ана мен бала бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Әрбір адамның өмірдегі баспалдақтары ана құрсағынан бастау алса керек. Құйтақандай тіршілік иесін 9 ай, 9 күн құрсағында ұстап, өмірге әкелу – білген адамға оңай емес. Сондықтан да ананың адам тіршілігіндегі орны ерекше. Оның көтерер жүгі, атқарар міндеті зор. Алып та, батыр да, ақын да, әкім де анадан туады. Ғаламда ана мейіріміне жетер мейірім, ана махаббатына жетер махаббат жоқ шығар, сірә. Ол шетсіз, шексіз екен.
Мамандығым ана мен бала өміріне байланысты болғандықтан, әр түрлі дертке шалдыққан балаларды емдеу барысында ананың балаға деген шексіз мейіріміне көп куә болдым. Адам баласы қиналған кезде ең алдымен ойына анасын алады екен. Ауруханада көзі жәудіреп, дәрігерден көмек күткен балақай ең алдымен алақтап айналасынан анасын іздейді. Бауыр еті баласының басына түскен қайғысына жаны қиналып, ет бауыры елжіреп тұрған ананы көргенде ана алдында бас иесің. Сондай сәттерде ойыңа еріксіз өз анаң оралады.
Анам Айжан 8 рет құрсақ көтергенмен, тағдырдың жазғаны болар, алғашқы 6 сәбиі өмірден ерте кетті. Содан әкеміз екінші рет үйленіп, кіші шешеміз үш қыз туды. Өкінішке қарай, ол кісі үшінші қызы дүниеге келгенде қайтыс болды. Анамның жүрегі үлкен, көңілі дархан адам еді, әлгі шиеттей үш қызды кісі есігінде қаңғыртпаймын деп бауырына басып, өзі тәрбиеледі. Әлі күнге еріксіз таңданатыным, анам құйтақандай Қалдыгүлді емізгенде омырауынан сүт шықты. Міне, табиғаттың құдіреті қандай!? Ешкім түсіндіре алмас аналық мейірімнің шексіздігі ғой, әйтпесе талай жылдан бері бала емізбеген, оның үстіне жасы елуден асып кеткен адамның бойынан қалай сүт шығады?!
Мен 1953 жылы білім қуып, үйден алшаққа кеттім. Дәрігер мамандығын меңгеру оңай емес. Күні-түні талмай ізденесің, ғылымда жаңалық ашуға талпынып, науқас жандарға қолұшын беруге бар жан-тәніңді саласың. Білім қуып, Мәскеу астық. Қызылорда өңірі шалғайда болғандықтан, елге сирек барушы едік. Туған жерге сағынып келгенде анам кемсеңдеп, көз жасын сығып алатын. Сол кезде: «Апа неге жылайсыз?» деп таңданушы едім. Сөйтсем, ананың құлыншағын көргенде қуаныштан көзіне жас үйіріледі екен ғой. Менің бүгінгідей табыстарға, биіктерге жетуімде өмірлік рухани нәр беріп кеткен ата-анамның үлесі өлшеусіз. Бірақ қызығымды, жақсылығымды көре алмады. Сол бір кездері өзім қызметке де, өмірге де енді-енді қалыптаса бастаған кезім еді ғой. Әкем 1960, анам 1968 жылы қайтыс болды. Қазір жасым 75-ті еңсерген шақта көкірегімді бір өкініш кернейді. Анама қанша алғыс айтсам да, қазақтың жөн-жоралғысын сақтап, бір тәуір көйлек кигізбеппін-ау...
«ҚҰДАЙ ҚОЛЫҢЫЗҒА ҚУАТ БЕРСІН!»
Жас кезімде бүкіл отбасымыз болып сүйіп оқыған данышпан кардиохирург Н.Амосовтың «Ойлар және жүрек» дейтін кітабы болды. Шынын айтқанда, оқылған сол кітаптан түсінгенім көп те емес еді. Бірақ, бір нәрсені мықтап ұққаным анық: хирург мамандығы – ойға сыймайтын, таңғажайып, тосын, көзсіз батырлықты талап ететін нәрсе. Тек айрықша адам, ерекше талантты адам ғана хирург бола алады. Хирург мамандығы барлаушы, ұшқыш, ғарышкердің мамандығы секілді. Өйткені, адам өмірі оның қас-қағым сәтте қабылдаған дұрыс шешіміне байланысты.
Осыдан 36 жыл бұрын дүниеге келгеніне үш-ақ күн болған сәбиіме жедел операция жасау қажет болды. Операция өте күрделі, былайша айтқанда бірегей болғандықтан, оны жасауға шешім қабылдау қиынға түсті. Мәскеуге апарамыз ба дегенде, сол кезде 40 жастағы балалар хирургі Камал Ормантаев «баланы еш қайда жіберудің қажеті жоқ, операцияны өзім жасаймын» деп мойнына алды. Операция алты сағатқа созылып, сәтті өтті. Осы уақыттан отбасымызда тағы бір кезең басталды. Операциядан кейін демалуды, тамақ ішу, жұту, жылауды үйреніп, өмір үшін нағыз күрес жүргізіп жатқанда, кішкене балақайдың атын қоюды ұмытып кетіппіз. Бұл мәселені шешуді отбасымыздың бас иесі атамыз өз қолына алды. Ол кісі Камал Сәруарұлына хабарласып: «Камал, немеремді сенің есіміңмен атауға рұқсат бер» дегенде, ол кісі сасып: «Қазақта ондай ырым бар ма еді?» депті. Бірақ, сол кездегі республиканың бас прокуроры атамыз күшке басып: «Қабылданды. Немеремнің аты Камал болады», деді. Міне, содан бері 35 жыл өтіпті. Баламыз ержетіп үйленді, енді өзінің екі ұлы бар.
Камал аға, сіз бүкіл аналардың алғысын алған адамсыз. Сондықтан да ұзақ та бақытты өмір сүруге міндеттісіз. Өзгелерге өмір сыйлайтын қолыңызға Жаратқан иеміз қуат берсін!
Құрметпен, Камал Сейітовтің анасы Алла СЕЙІТОВА.
* * *
«АЛЛА АЙДАР ТАҚҚАН ДӘРІГЕР»
Камал ағамызды Алла тағала тумысынан, анасы Айжан жарықтықтың бойына біткеннен-ақ үлкен сана-сезім, таудай талап, адам жанының қорғанышы бола білетін парасаттылық пен «тәңірі жаратқан дәрігер» «лауазымымен» өмірге әкелген сияқты. Ол кісімен ұлым Ілиястың 2 жасында, 1983 жылы таныстым. Содан бері 28 жыл өтіпті. Біріншіден, Алла тағаланың құдіреті, екіншіден Камал ағаның кәсіби білігінің арқасында балама өте күрделі операция жасалып, аман қалды. Сол күндердегі менің жағдайымды еш ананың басына бермесін. Ілиясым 37 күн жансақтау бөлімінде жатып, үш рет клиникалық өлімді бастап өткеріп, үш мәрте тірілгенде, мен де үш рет өліп-тірілген анамын. Бір айдың ішінде шашым ағарып, бүкіл болмысым, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Алла тағала мен дәрігерге деген сенімім арта түсті. Иншалла, мен үшін қара түнек күндерде Камал аға таң болып атып, күн болып шыққан, Алладан кейінгі пірім еді. Ол кісі Алла айдар таққан дәрігер.
Қазір Ілиясым иманжүзды, мұсылманшылығы мол, инабатты азамат. Бір емес, екі мамандық иесі. Бокстан спорт шебері. Ендеше, ұлымның осындай дәрежеге жетуінде академик Камал Ормантаевтың қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Ілиясым үшін Камал атасы өмірлік үлгі-өнеге. Осы жылдар аралығында Кәмекеңмен араласа жүріп, аты аңызға айналған балалар хирургі, ғажайып ғалым ғана емес, оның бүкіл ғаламды көкірегіне кісілігімен сиғыза алған үлкен жүректі парасат иесі екендігіне көз жеткіздім. Кісімсінуді білмейтін қазақтың қарапайым ғана баласы өз елімізді айтпағанда ТМД, шет ел медицина ғалымдарын білімділігімен мойындатып отыр.
Асылық айтқаным емес, жалғыз мен ғана емес, академик Ормантаев ота жасап, емдеген көптеген ата-аналармен таныс болып, олардың да шексіз алғыстарына куәмін. Ол кісіні тек біз ғана емес, кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде пір тұтатын отбасылар, ата-аналар саны жетерлік. Ілиясым үшін Аллаға шүкіршілік айтып, бүкіл әулетіміз екі дүниеде Кәмекеңнің алдында бас иіп өтеміз.
Ақ тілекпен, зор алғыспен Мархабат Досбайтегі-Қасымжанова.
* * *
«ОРМАНТАЕВ – ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ БЕЙНЕСІ»
Бастан кешкендерді сақтауға ата-ананың жүрегінен артық «қойма» табыла қоймас, сірә. Әсіресе, ол балаға байланысты болса. Дүниеде бала үшін ана жүрегінен асатын адал, нәзік сезім жоқ шығар. Мен ұлым Тілек үшін көп қиындықты басымнан кештім. Ол бір жарым жасында сиректеу кездесетін дертке шалдығып, ауыр халде жатты. Сол қиын кездердегі күнделік дәптеріме көз жүгіртсем, балам үш жылдың 319 күнін ауруханада, оның 64 күнін бала әл үстінде №1 балалар ауруханасында өткізіпті. Сондай қиын жағдайда құдай оңдап, Камал Сәруарұлының қамқорлығында болып, баламның беті бері қарады. Міне, сол кездері түн ұйқысын төрт бөлетін тек аналар ғана емес екенін білдім. Түннің қай уақытында болмасын (кейде таң алдында) сонау қаланың түкпіріндегі 3-ші шағын ауданнан келіп, тездетіп палатаға кіріп баланы қарап, бізге дем беріп кетеді. Дәрігерлік біліктілігі, шипагерлігі өз алдына, ол кісінің балаға деген жанашырлығы – ананың қамқорлығынан кем емес екенін көріп, қайран қалдым.
Байқауымша, Камалдың ұстанатын биік ұстанымы – әлемнің барлық алтынын жинаса да, ол сәбидің бір тамшы көз жасына тұрмайды деген өсиеті. Осы ретте бала денсаулығы десе жанын шүберекке түйетін Камалдай адам кемде кем десем, артық мадақтағаным емес. Ол кісі жанын олжалап алып қалған Тілек бүгінде ержетіп, ел қатарына қосылып, жеке шаңырақ көтерді. Бүгінде балалы-шағалы, үш ұлы бар. Олар да Камекеңді аты аңызға айналған атамыз дейді.
Халықта «Егер адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген сөз бар. Міне, осы сөз Камекеңе арналған сияқты. Байқауымша, оған науқас баланың әке-шешесінің кім екені, қандай қызмет атқаратынының қажеті шамалы. Ол тек бала ғұмырын сақтап қалмайды, оны мәпелеп емдеп, алақанына салады. Ертең жақсы адам қатарына қосылып, қоғамға қызмет жасауы үшін қолынан келгенін аямайды. «Баланы емдедім, тәуір болды, енді жолы болсын!» деумен Камалдың қамқорлығы шектелмейді. Ол баланың болашағын сырттай байқап, әрдайым ата-ана, туыстарынан сұрап, біліп отырады. Бұдан артық қандай адамгершілік керек! Осы ретте Камекең туралы төрткүл дүниеге белгілі ғалым, «Әлемнің балалар докторы» атанған Леонид Рошальдің: «Ормантаев – қазақ ұлтының бейнесі» деп тұжырымдауы өте орынды да және шынайы шындық. Бұл – ұлтымыз үшін үлкен мақтаныш.
Қайникамал ҚАБДИЕВА. ҚР білім беру ісінің үздігі.
* * *
«ЕҢ БАЙ АДАМ – ДЕНІ САУ АДАМ»
Бұл Камал Сәруарұлының ең жақсы көретін сөзі. Меніңше, қазақ жерінде мыңдаған баланы өлімнен арашалап қалған балалар хирургі, профессор К.Ормантаев Жаратқанның бізге жіберген сыйы. Оның үлкен жүрегі мен «алтын қолы» қаншама балаға өмір сыйлады десеңізші. 1988 жылы біздің отбасымыз үлкен қайғы-қасіретті басымыздан өткердік. Бір жас он айдағы қызым Әсел көршінің үйінде ойнап жүріп, байқаусызда сілті (уксус) ішіп қояды. Төртінші деңгейдегі өңеш күйігі, алғашқы он күнде қызым үш рет клиникалық өлімді бастан өткізді. Тамағынан ас түгілі, су да өтпеді. Жолдамамен Алматыға №1 балалар ауруханасына келгенде тағдыр бізді профессор К.Ормантаевқа жолықтырып, қызымның өмірімен күрес басталып кетті. Ұзақ ем, сауықтырудан кейін 1991 жылы профессор тоқ ішектен кесіп алып, жасанды өңеш салды. Яғни, өңешке аутоэзофагопластикалық операция жасалып, қызымның жаңа өмірі басталды. Содан бері 22 жыл өтті. Әсел ҚазҰУ-ді бітіріп, тұрмысқа шығып, аяғы ауыр болғанда тағы да проблема басталды. Қай гинекологқа бармайық, қызымды есепке алып, босандырудан бас тартты. Не істейміз? Қызымның айы-күні жақындап қалды. Содан жылап-еңіреп дәрігеріміз Камал Сәруарұлына келдік. 22 жыл уақыт өтсе де Әселімді ұмытпапты. Бізді жылы қабылдап, жағдайды түсініп, қызымды Ана мен бала ғылыми орталығына жатқызуға көмектесті. Әселім еш операциясыз, өзі босанып, ұлды болды. Камал ағасы немереме Мұсағали деген есім берді. Ендігі менің аналық арманым, асыл тілегім – немерем де ұлы ғалым, аптал азамат Камал Ормантаевтай болса деймін.
Құрметпен, дәрігер-кардиолог Гүлжамал КҰСПАЕВА.
Түркістан қаласы.
* * *
БАЛАЛАРДЫҢ БАҒЫНА ЖАРАЛҒАН
Менің пешенеме Камал Сәруарұлымен кездесу отбасымыздағы болған қайғылы жағдайдан кейін жазылыпты. Немерем Зарина бір жас екі айында №1 балалар ауруханасының жансақтау бөліміне өте ауыр халде түсті. Немеремді көргенде «бәрі бітті, бала аман қалмайды» деп ойладым. Алайда Камал Сәруарұлы бастаған дәрігерлердің күшімен немерем «комадан» шыққанмен, өміріне төнген қауіп сейілмеді. Дәрігерлер жедел операция жасау керек деп шешіп, 1997 жылы желтоқсан айында өзінің шәкірті Ғани Құрбанбековпен баланың бас сүйегіне күрделі операция жасалды. Маған сол жолы операциядан өте қатал, өзіне мығым, бірақ қатты шаршап шыққан Камал Сәруарұлы қатты әсер етті. Сонда ғана хирург мамандығының өте күрделі, ауыр екенін түсіндім. Операциядан кейін ол кісі Заринаның денсаулығын қадағалап отырды, ал біз болсақ профессордың берген нұсқауын бұлжытпай орындауға тырыстық. Қазір Заринам 16 жаста, жалпы білім беретін мектепте жақсы оқиды. Мен Жаратқан иеміз сондай қиын кезеңде мейірбан және адал, өз ісінің айтулы шебері Камал Сәруарұлын біздің бағымызға жіберген шығар деп ойлаймын.
Мира МҰҚАШЕВА, Заринаның әжесі.
* * *
...Халқының құрметіне бөленгеннен артық атақ та, даңқ та жоқ шығар, сірә. Бүгінде медицинаның абыз ақсақалы атанған Камал Сәруарұлы өткен өміріне, тағдыр-талайына шүкіршілік етеді. Жақсы жар Жаратқанның жәрдемі деген, жұбайы Розамен тату-тәтті өмір сүруде. Әке жолын қуған балалары Алмас ғылым докторы, Сәулесі ғылым кандидаты, Жарас – дипломат, Айжан – студент. Ал ұрпақ жалғастығы – немерелері көз қуанышы.
«Қанша алғыс алсаң, сонша ғұмыр жасайсың» деген шығыс тәмсілі бар. Ендеше, аналардың алғысын арқалаған академик ағамыздың ғұмыры ұзақ болғай.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.