15 Қыркүйек, 2011

Ғасыр жобасы

413 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Әйгілі «Теңіз» кенішінің игерілуі елімізге шетел инвестициясының құйылуына даңғыл жол ашты  «ТЕҢІЗ» ҚАЛАЙ ИГЕРІЛДІ? Қа­зақ­стан­ның тәуелсіз ел атануы, сөйтіп, әлеуеті зор елдермен терезесі тең дәрежеде іскерлік қарым-қатынас, экономикалық байланыс ор­натуы шетел инвестициясының бағытын бері бұрды. Дегенмен, бағытын тәуелсіз Қа­зақ­стан­ға бұрған инвестицияның өзін елге әке­ліп, түрлі жобаларға салу да оңай бітер шаруа емес екен. Осы жолда Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың тікелей өзіне де, дербес мемлекет атана бас­та­ған Қазақстан Үкіметінің сол кездегі мүше­леріне де талай келіссөздер жүргізуіне тура келді. Бәрінің ойлағаны бір ғана мақсат – биікке самғауға енді-енді талпынып, қана­тын қомдаған бала қыран бейнесіндегі Қа­зақ елін тығырықтан шығарып, өркениет кө­шінен қалдырмау үшін ұлттық экономиканы сау­ық­т­ыру, сөйтіп, тұралаған өндірісті дамыту. Әрине, Одақтың ыдырауымен бірге келген экономикалық дағдарыстан шығудың бірден-бір жолы – елге шетел инвести­ция­сын тарту. Осы Тұңғыш Президентіміздің табандылықпен жүргізген сындарлы саяса­тының біздің жас мемлекетімізге ағылған сыртқы инвестицияға даңғыл жол ашқан жобаның бастауында «Теңіз» кенішінің игерілуін айтуға болады. Бұл біріншіден, кезіндегі Одақ көлемінде, қала берді көмірсутек шикізаты мол өзге де мемлекеттердегімен салыстыра қарағанда, шикізаттық қоры өте мол кеніш еді. Екіншіден, сыртқы инвес­ти­циясын тарту арқылы, шетелдік инвесторлармен бірлесе игерілген алғашқы мұнай кеніші болатын бұл. Үшіншіден, сол кезде «Ғасыр жобасы» аталып, әлем назарын ау­дарған да осы кеніштің игерілуі еді. Өйт­ке­ні, 1993 жылғы 6 сәуірде Қазақстан Респуб­ли­касы мен «Шеврон» корпорациясы ара­сын­дағы ортақ келісімге сәйкес «Теңіз­ше­в­ройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы меморандумға қол қойылды. Оған тәуелсіз Қазақстанның атынан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» корпо­рациясының басқарма төрағасы – әкімші директоры Кеннет Т.Дерр қол қойып, «Те­ңіз» кенішін игеру мақсатында 40 жылда 20 миллиард АҚШ долларынан асатын инвестиция салынатынына уағда жасалды. – Бүгін Қазақстан экономикасы үшін де және «Шеврон» үшін де тарихи күн. Республика ірі күрделі қаржыларды іс жүзінде тарту үстінде және осы арқылы әлемдік бизнеске онымен өзара пайда негізінде жұмыс істеу жөніндегі өзінің шын ниеті туралы мәлімдейді, – деді Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев «ғасыр жобасы» атал­ған келісімге қол қойылғаннан кейін. Тәуелсіздік алғанына екі жыл өтер-өтпес уақытта Қазақстан экономикасы үшін ос­ын­ша мол көлемде шетел инвестициясын тар­ту­ға қол жеткізу, әрине, үлкен олжаға кенелгенмен бірдей еді. Дегенмен, бұл мүм­кін­дік­ке қалай қол жеткізген едік? «Теңіз» кенішін игеруді неге «Шевронның» қатысуымен қол­ға алдық? Бұл сауалдар кезінде әлем са­рап­шыларын да толғандырған. Тіпті өз елімізде «Алып кенішті отандық кәсіпорындар неге игермейді?» деп пікір айтушылар да табыл­ған. Бір қарағанда, бұл пікірдің жаны бар секілді көрінуі мүмкін. Алайда, ғасырлар бо­йы тәуелсіздігін армандаған, бабаларының сол арманына енді-енді иек арта бастаған жас мемлекеттің сол кездегі әлеуетін көз ал­дыңызға елестетіп көріңізші. Одақ ыдыра­ған­­нан кейінгі тұралаған өндіріс, бірінен соң бірі жұмысын тоқтатқан зауыт, фабрик, ин­фляцияға ұшыраған ортақ рубль, айлап, жыл­дап қолға тимеген жалақы мен зейнет­ақы, жұмыссыз қалған адамдар... Осының бәрін шетел инвестициясын тартпай-ақ, өз күшімізбен оңалтуға болар-ау. Бірақ, оған қаншама қаржы, қаншама жыл кетер еді. Сынаптай сырғыған уақыттың да, эконо­ми­ка­лық тиімділікке құрылған нарықтың дөң­гелегі бір сәтке болса да тоқтап тұрар ма еді? Оның үстіне «Теңіздей» әлемге әйгілі ке­нішті отандық кәсіпорындарымыз өздігі­нен игере алатындай бізде технология да болмады. Міне, осындай себептер бұл ке­ніш­ті шетел инвестициясын тартумен игеруді кешеуілдетпей бастауға жетеледі. Шынтуайтында, ТМД елдері ішінде ос­ындай ірі жобаны іске асырудағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл қадамын орынды бағалауымыз қажет. Өйт­кені, Одақ құрамында болған өзге елдер іш­інде Қазақстандағыдай мұнай-газ өнер­кә­сі­бін өрге бастыруға серпін берер халық­ара­лық жобалар жоққа тән. Біздегі ғасыр жо­ба­сына «Шевронның» ауқымды көлемде инвестиция салуына, алдымен Елбасының на­рық талабы­­нан туындаған өміршең рефор­ма­ларға сай елдегі инфрақұрылымдарды жетілдірудегі тәуе­ке­л­шілдігі мен батылдығы да, табандылығы мен көрегендігі де, батыс елдері саясаткерлері арасындағы беделінің артуы да сеп болғ­а­ны даусыз. Бұл Қа­зақ­станмен өзара іскерлік, экономикалық бай­ла­ныс орнатуға Батыс Еуропа елдерінің ықы­ласын тудырды. Біздің елде инвестиция салуға қолайлы ахуалдың қалыптасуы да зор ықпал етті. Ал, әлемде теңдесі жоқ «Теңіз» кенішін игеруге «Шевронның» таңдалуының да өз­ін­дік себебі бар. Өйткені, 1979 жылы ашыл­ған кен орнының көмірсутекті шикізат қоры 750 миллион тоннадан 1 миллиард 125 миллион тонна аралығында болжамдалған. Кол­лек­тор­дағы мұнайдың бастапқы қор өлшемі 3 миллиард 133 миллион тоннаға жуық деген болжам жасалған. Осындай болжамдармен пай­далануға берілген кеніш жер қатпа­ры­ның қалыптан тыс жоғары қысымымен, темпе­ра­ту­расымен, күкіртті сутектің, меркаптан қо­сы­лыстарының, сонымен қатар, көмір қыш­­­қыл газының айтарлықтай көп мөлшерде бо­луымен ерекшеленді. Осы ер­ек­шеліктер ке­ніш­ті игеруде қиындық туғы­зуы мүмкін екендіктен, осыған ұқсас кен орнын игеруде тә­жі­рибесі жетілген серіктес іздестіруге талпын­дырды. «Шеврон» корпо­рациясымен келісім-шарттың жасалуына осы жайлар әсер етіп, кенішті игеру бары­сында 40 жыл бойына инвестиция салу басты талап ретінде қойылды. «Шевронның» өзіне тоқталар болсақ, бұл әлемдегі мұнай өндірісі саласындағы ең ірі компаниялардың бірі. Бір елде емес, әлемнің 30-дан астам елінде «қара алтын» өндірудегі тәжірибесі толысқан, осы заманғы технологиямен жұмыс істей алатын білікті мамандар шоғырын топтастырған халықаралық ком­пания. Ал оның Қазақстан экономика­сы­на салған мол инвестициясын баянды ету мақсатында құрылған «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнында Қазақстанның үлесі бар. Яғни, кенішті игеруден табылатын пайдадан біздің ел де үлес алып отыр. Осы кә­сіп­орынның тікелей араласуымен «Теңіз» ке­нішін игеру жобасына «Шевронмен» (50%) бірге, «ЭксонМобил» (25%), «ЛукАрко» (5%) компаниялары да атсалысуда. Бұдан өзіміздің отандық мұнай-газ өнеркәсібіндегі алып – «ҚазМұнайгаз» да тыс қалмаған. Қа­зір отан­дық бұл компания «Теңізшевройл­дың» 20% акциясына иелік етеді. Ал бірлескен кәсіп­орынға мердігерлікке тартылған отандық кә­сіп­орындар қатары жыл сайын толыға түсуде. «ҚАРА АЛТЫН» ҚАЙДА БАРАДЫ? Бұл күндері «Теңізшевройлдың» құрылға­ны­на 18 жылдан асты. Осы бірлескен кәсіп­орын Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінде жетекші рөл атқарып, ел экономикасының да­муы­­­на елеулі серпін берді. Өндірісті өр­кен­детумен бірге, экономикалық тиімділікті арт­ты­руға ерекше назар аударады. Мұны кәсіп­орынның осы кезге дейін қол жеткізген көр­сеткіштерінен аңғаруға болады. Дерекке жү­гінер болсақ, бірлескен кәсіпорын кеніштегі алғашқы қадамын 1993 жылы тәулі­гі­не 60 мың баррель мұнай өндіруден баста­ды. Бұл көрсеткіш жыл санап рекордтық көр­сеткіш­термен толығып отырған. Мәсе­лен, кәсіп­ор­ын­ның мұнай өндіру көлемі алғашқы жылы 1,3 миллион тоннаны құра­ды. Ал арада бес жыл өткенде (1998 ж.) 6,5 миллион тоннаға жетті. Осыдан екі жылдан соң, яғни 2000 ж. 10,5 миллион тонна «қара алтын» өндірілген. Демек, тәулігіне 228 мың баррель мұнай ал­ынды деген сөз. Бұл бас­тапқы жылы өнді­ріл­ген өнімнен 3,8 есеге молайғанын көрсетеді. «Теңіздей» әйгілі кеніштен мұнай өнді­ру­ді ел тәуелсіздігімен байланыстыруға бо­ла­ды. Өйткені, осы кеніштің алғашқы мұна­йы 1991 жылғы 6 сәуірде алынып, тәуел­сіз­дік­тің жылнамасында ерекше маңызға ие болды. Содан бергі кезеңде мұнай өндіру көлемі әсте кеміген жоқ. Керісінше, жыл өт­кен сайын молайып келеді. Тағы да деректер тілімен айтсақ, тек өткен жылы 25,9 миллион тонна мұнай өндіруге қол жетті. Бұл әри­не, 2009 жылы өндірілген «қара алтыннан» 15 пайызға артты, дейді ТШО басшылары. Қазақстанның бір ғасырдан астам тарихы бар мұнай-газ өнеркәсібінде бір кеніштен дәл мұндай рекордтық деңгейде мұнай ал­ын­ған емес. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихында бір кеніштен өндірілетін өнімді осынша мол көлемге жеткізу үшін бірнеше жобаны іске асырудың қолға алынғанын айту керек. Бұл – екінші буын зауыты мен шикі газды кері айдау жобалары. Осы екі жо­баны іске асыру арқылы бірлескен кәсіп­ор­ын инвестиция ауқымын да ұлғайтты. Мұ­най өндіру көлемі артқаны өз алдына, өңір экономикасының өзге де салаларын өркен­де­тудегі маңызын жаңа жобалардың іске қо­сылу салтанатына қатысқан Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев былайша бағалаған еді: – «Теңізшевройл» – Қазақстанның мұ­най-газ саласындағы нағыз корпоративтік көш­басшы. Бұл жобалар бүкіл аймақты да­мытуға жаңа серпін береді. Бұл –инвес­торлардың мүддесіне және халықтың игілігіне қызмет ететін үлкен жетістік. «Теңізден» мұнай алу өте қиын. Өйткені, оның мұнайы тым тереңде. Кеніштің терең­дігі 3810 метрден кем болмайды. Мұнай кей ұңғымаларда бұдан да тереңде жатыр. Мә­селен, 2001 жылы бұрғыланған ұңғыма­лар­дың бірінен 5235 метр тереңдіктен мұнай алынған. Жалпы, «Теңіз» кенішінің ауқымы өте үлкендігіне оның ені 19 шақырымды, ұз­ындығы 21 шақырымды құрайтыны дәлел бо­ла алады. Жер астындағы мұнайдың қа­лың­дығы 1,6 шақырымды құрайтындығы ке­­­ніш қорының ұзақ мерзімге жететіндігіне дау тудырмайды. Осындай маңызды кеніш­тен биылғы бірінші жартыжылдықта 13 мил­лион тонна өндірілгені бірлескен кәсіп­орын жұмы­сының тоқтаусыз әрі қауіпсіз атқарылатынын аңғарта түседі. Кеніштен алынған «қара алтын» негізінен әлемдік мұнай рыногына жол тартады. Оны жеткі­зу­дің жолдары да әр­түрлі. Нақтылай айтқанда, құбырмен де, темір жолмен де, танкермен де тасымалданады. Мұнай тасымалы дегеннен шығады, «Те­ңіздің» игерілуімен Қазақстан үшін аса ма­ңызды мұнай құбырының жаңа бір ба­ғытын қалыптастыруға жол ашылды. Бұл – Қара теңіз жағалауына төтелей тартылған Каспий құбырлы өткізгіш. «Шеврон» корпорациясы бұл жобаға да инвестиция салып, серіктес болуға ынта білдірді. Өйткені, «Шеврон» үшін «Теңіз» мұнайын Қара теңіз жағалау­ын­дағы айлаққа төтелей шығаруға бұл құ­быр­дың қажеттілігі айрықша еді. Қазір осы құбыр желісімен «Теңізшевройл» өндірген мол мұнайдың басым бөлігі тасымалданады. Мәселен, өткен жылы Қара теңіз бағытын­да­ғы құбырмен 35 миллион тоннаға жуық мұнай тасымалданса, мұның ішінде «Теңіз­шевройлдың» мұнайы молырақ. Сонымен бірге, бірлескен кәсіпорын мұнайды темір жолмен Одесса, Феодосия мен Ақтаудағы айлаққа дейін тасымалдайды. Бұл көп жыл­дан бері қалыптасқан әдіс. Ақтау айлағынан әрі Батуми, Кулевиге тұрақты жеткізіледі. Қорыта айтқанда, тәуелсіздіктің елең-алаңында Қазақстан экономикасына шетел инвестициясының құйылуына даңғыл жол ашқан алғашқы жоба сәтті игерілуде. Ал сол кезеңде құрылған алғашқы бірлескен кәсіп­орын табысты жұмыс істеп, мұнайлы өңір­дің әлеуметтік ахуалын жақсартуға үнемі үлес қосатынын іс жүзінде дәлелдеді. Жыл сайын Атырау облысының әлеуметтік да­муы­на 20 миллион доллар бөледі. 1993 жыл­дан бері әлеуметтік саланың ахуалын жақ­сар­ту жобаларына бөлінген қаржы 645 миллион долларды құрады. Сондай-ақ, қазақ­стан­дық үлесті арттыруға да баса көңіл бөлінуде. 1995 жылдан бергі кезеңде қазақ­стан­дық қатысушылармен сенімді әріптестік жұмыстың қаржылық жиынтығы 9,6 миллиард долларға дейін өскен. Кәсіпорында қа­зақстандық мамандардың шоғыры қалып­та­сып келеді. Алғашқы жылдары кәсіпорында жұмысқа тартылған қазақстандықтар үлесі 50 пайызды құраса, биылғы жыл басында 85 пайызға жетті. Жоғары және орта буын­да­ғы басшылыққа тағайындалған қазақ­стан­­дықтар –77 пайыз. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында өткен он жылда 2,2 миллиард жұмсаса, енді 2011-2013 жылдары эколо­гия­лық жобаларды іске асыруға тағы да 225 миллион доллар жаратуды көздеп отыр. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.