15 Қыркүйек, 2011

Ақжайық адымдары

400 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Елбасы тәуелсіздік тұсындағы өңір табыстарын оң бағалады Бұған дейін Шығыс Қазақстан, Алматы об­лыс­тарында болған нөсер мен сел кезінде ел халқының ауыз­бір­ші­лігі тұңғыш рет сынақтан өтіп еді. Міне, сондай мәрттік пен дар­хандықтың, ауызбіршіліктің тап­тырмас үлгісі Батыс Қазақ­стан өңіріндегі көктемгі тас­қын­да тағы да ал­ды­мыздан шықты. Бұл – Қазақстан халқының өзара достығы мен туысқандығының және бір-біріне деген сүйіспеншілігінің айқын дәлелі. Н.НАЗАРБАЕВ. Халқымыз көктен сіркіреп төгілген жаңбырды нұрға балай­ды. Шөліркеп жатқан дала мен елге жаңбыр жауған күні жо­лау­шы келе қалса: «Нұр ала кел­ді­ңіз», деп төбелеріне көтеріп алып, бар сый-құрметтерін ал­дына жаяды. Елбасы респуб­ли­ка­мыздың батыстағы қақпасы – Батыс Қазақстан облысына сапармен келер қарсаңда бірнеше күн бойы Ақжайық аспанын қара бұлт торлап, үш-төрт күн қата­ры­нан жаңбыр жауып тұрған-ды. Ал, дәл кеше, Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұша­ғы Орал әуежайына тө­мен­деген сәтте бұлт сейіліп, жайма-шуақ жаз қайта келіп орнағандай болды. Ел Президентін жайдары да жылы жүзбен қарсы алған мыңдаған батысқазақстандықтар: Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз бізге нұр да, жылы шуақ та ала келдіңіз, деп шын жүректен шыққан ризашы­лықтарын білдіріп жатты. Мұнда Елбасы бірден биылғы көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, сөз сөйледі. Зеленов ауда­ны­ның орталығы Переметный кентінде Елбасы ой мен сөз түйі­нін төмендегіше тарқатты. Құрметті батысқазақстандықтар, тәуел­сіз­дік баға жетпес саяси құндылық қана емес, сонымен бірге, ол кез келген уақытта тұтқиылдан тап беретін сын да, сынақ та болып табылады. Тәуелсіз еліміз сондай сынақпен биыл тұңғыш рет беттесті. Ол – Орал өңірінде, бүкіл рес­публика аумағы бойынша ал­ғанда бұрын-соңды болып көр­ме­ген жойқын су тасқыны. Осы табиғат апатының жай-күйі ал­ғаш­қы күннен назарымызда бол­ды. Оның зардаптарын жою үшін орталықтан 18 миллиард теңге қаражат бөлінді. Осындай сыни сәтте тоғыз мыңнан астам адам апат айма­ғы­нан көшірілді. Тасқынның сал­да­ры 1500-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік-тұрмыстық нысан­дар­дың істен шығуына әкеліп соқ­тырды. Міне, бүгін бәріміз куә болып тұрғанымыздай, өте қысқа уақыт аралығында, небәрі үш айдың ішінде тұрғын үй қала­шық­тары бой түзеді. Бұған дейін Шығыс Қазақстан, Алматы об­лыс­тарында болған нөсер мен сел кезінде ел халқының ауыз­бір­ші­лігі тұңғыш рет сынақтан өтіп еді. Міне, сондай мәрттік пен дар­хандықтың, ауызбіршіліктің тап­тырмас үлгісі Батыс Қазақ­стан өңіріндегі көктемгі тас­қын­да тағы да ал­ды­мыздан шықты. Бұл – Қазақстан халқының өзара достығы мен туысқандығының және бір-біріне деген сүйіспен­шілігінің айқын дәлелі. Тек жеке тұрғындар ар­найы есеп-шотқа 2 миллиард тең­геге жуық қаражат аударыпты. Сөйтіп, біз биыл Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын төрткүл дүниеге паш ете білдік. Қоныс құтты болсын, отбасыларыңа амандық пен ба­қыт тілеймін. Осылай деді де Елбасы «Мұ­най­шы» атауын иеленген Зеленов ауданы орталығындағы жаңа қа­лашықтағы оқтай түзу көшелерге сүйсіне көз тастады. Мұнда жа­ңа­дан бой көтерген тоғыз көшеге тәуелсіздік талаптарына сай келетін атаулар беріліпті. Міне, қа­раңызшы, құлақ түріп көріңізші! Мұндағы орталық көшелердің бірі – Тәуелсіздіктің жиырма жыл­ды­ғы атауын иеленіпті. Әрі қа­рай, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы, Жаңа қоныс, Кең дала, Бо­ла­шақ, Аруана, Мерей, Нұрлы бо­лып жалғасып кете береді. Кешегі кеңестік саясатта қала мен ау­ыл­дың арасындағы айырмашы­лық­­ты жою деген өте күрделі мә­селе жиі айтылатын. Алайда, КСРО-ның жетпіс жылдық та­ри­хын­да бұл мәселе Абай атамыз­ша айтқанда, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып қойғаны белгілі. Нұрсұлтан Назарбаев Зеленов ауданындағы жаңа қоныс иелерімен кездесуде атап көрсеткендей, шешілместей көрінген бұл мә­се­ле тек тәуелсіз, егемен ел жағ­дай­ында мүмкін болып отыр. Соның айқын бір дәлелі, бұрынғы тілмен айтқанда, отын-суы, бүгінгі тілмен айтқанда, газы мен жы­луы, барлық санитарлық-ги­гие­на­лық қондырғылары бар үй­лер­дің ауылдарда салына бастауы. Осындай игілікті тасқын су зардаптарына ұшыраған Зеленов ауданындағы 92, Тасқала ауда­нындағы 72 отбасының көре бастағаны қандай ғанибет. Бұл жерде облыс орталығындағы 500 отбасына арналып тұрғызылған әрі қазір құрылысы аяқталып қалған көп қабатты тұрғын үй кешендері бөлек бір әңгіменің сыба­ғасы болмақ. Шағаладай сап тү­зеген Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарындағы жаңа қала­шықтар жөнінде өз ой-пікірін газет тілшісіне Ресей Фе­дера­ция­сының Саратов облысына қарасты Озинки ауданының бас­шы­сы А.Галяшкина былайша білдірді. – Мен кеңестік кезеңде биыл көктемде су тасқынына ұшы­ра­ған Зеленов ауданында басшы­лық қызметте болдым. Сол кездегі үлкен лауазым – аупарткомның бірінші хатшысының орынтағы маған сеніп тапсырылды. Сенім үдесінен шығуға ұмтылып, жас­тық күш-жігерімізді аямай қыз­мет жасадық. Алайда, қазіргі тәу­ел­сіз Қазақстан жағдай­ын­да­ғы­дай аудандардың қарышты дамуы біздің өңіміз түгілі, түсімізге де кірмейтін. Өзіме жақсы таныс Тасқала және Зеленов аудан­да­рын­да табиғат апаты кезінде Қа­зақстан Республикасының Пре­з­и­денті Нұрсұлтан Назарбаев пен көрші елдің үкіметі тарапынан көр­сетілген шексіз қолдау мен көмектен мен өз отанымдай бо­лып кеткен көршілес мемлекеттің орасан зор әлеуетін танып тұр­ғандаймын. Бұл үшін әрбір қа­зақ­стандықтың лайықты мақтаныш сезіміне бөлене алатыны анық. Әрине, көршілердегі жетістіктерді қызғанбаймыз. Оған қызы­ға­мыз. Шынын айтқанда, дәл қазір мен Зеленов пен Тасқаладағы тақ­тайдай түзу, сәні мен сал­та­наты келіскен көшелерді көріп, ерекше толқу үстінде тұрмын. Жарайсыңдар, қазақстандықтар! Әділін әрі ашығын айты­ңыз­шы, құрметті оқырман. Осы­лай­ша шын жүректен ағынан жа­ры­ла айтылған ой-пікірді айтпай, жазбай, елемей кету мүмкін бе? Мүмкін емес қой. Сондықтан да біз бұл арада «Сырт көз – сын­шы» дегендей, Антонина Алек­сеевна­ның қалтқысыз лебізін қоса айта кеткенді жөн көрдік. Елбасының жаңа қоныс иелерімен кездесуі кезінде ел ақса­қал­дары атынан Асылбек Сұл­тан­ғалиев сөз алып, «Сабыр түбі – сары алтын» деген халықтық қа­ғиданың өміршеңдігі бүгін тағы бір дәлелденіп отырғанын айт­ты. Жойқын тасқын су жо­лындағының бәрін жайпап-төс­теп келіп қалғанда абыржы­ғаны­мыз рас. Алайда, Мемлекет бас­шысы мен барша қазақста­н­дық­тардың қолдауын сезінген сәтте мұндай көңіл-күй ауанынан тез арылдық. Қашанда аман-сау бо­лы­ңыз, Нұрсұлтан Әбішұлы. Елдің тыныштығы Елбасының амандығына да байланысты.  Осы бір сәтте біз өзіңіздей ел үшін туған ұлды дүниеге келтірген анаңыз Әлжанның рухына да бас игіміз келеді», – деп түйіндеді ақсақал өз ойын. – Құрметті Нұр-аға! Менің аты-жөнім Наталья Тәттіғұлова. Әкем – беларусь, анам – орыс қызы. Өзім қазақтың келінімін, – деп сөз бастады бұдан соң ар­найы орнатылған тұғырға кө­те­рілген «Мұнайшы» қалашы­ғы­ның тағы бір жаңа тұрғыны. – Отбасы иесі екеуміз Мөлдір, Қа­­зы, Қарасай, Махаббат және Сезім есімді ұл-қыздарды дүниеге әке­ліп, қазақ халқы санының өсуіне үлес қосып жатырмыз. Қазақстан – менің Отаным. Мен өз бақытымды осы топырақтан таптым. Бізге жаңадан тұрғы­зыл­ған көшелердің бірінен кең де жайлы үй берілді. Бұл, ең алды­мен, жас, көп балалы отба­сы­лар­ды қолдау мен қамқорлық көрсетуге бағытталған Сіздің саясатыңыздың нәтижесі деп білеміз. Сол үшін де Сізге мың алғыс, Нұрсұлтан Әбішұлы. Жаңа қалашықтың тағы бір тұрғыны Варвара Суетина өз сөзін қысқаша қайырып, халық­тық салт-дәстүрге сай Елбасын ір­геде тұрған жаңа қонысынан дәм ауыз тиіп шығуға шақырды. Жүзі қуаныштан жайнап тұрған ана тілегін Нұрсұлтан Әбішұлы аяқсыз қалдырған жоқ. Мемлекет басшысы бұл шаңыраққа бас сұ­ғып, отбасы мүшелерімен таны­сып, дастарқандарынан дәм татты. Бұдан соң Елбасы отырған тікұшақ құрылысы аяқталған қуа­ты 54 мегаваттық газ тур­би­налы электр стансасына қарай ба­ғыт ұстады. Бұдан тұп-тура жи­ырма жыл бұрын, тәуелсіз­дік­ке қадам басқан кезде рес­пуб­ликаның әр аймағы мен өн­ді­рісінің тек өздеріне ғана тән проблемалары мен қиыншы­лық­тары алдан шыққан еді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы үшін мұндай проблема – кешегі КСРО-ның мұрагеріндей көрінетін көр­шілес алып ел – Ресейдің ал­дын­дағы энергетикалық тәуелділік болатын. Сол тұстағы деректер тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Батыс Қазақстан облы­сы­ның Ресей энергетиктеріне кіріп­тарлығы 90 пайызға жеткенін көрсетеді. Өйткені, бұл кезде Орал өңірі Қазақстанның бірыңғай электр жүйесінен тым алшақ орналасты. Бұдан кейінгі жылдарда өңірді энергетикалық тәуелсіздікке жет­кі­зудің жолдары белгіленіп, соң­ғы төрт-бес жылда бұл іс тамаша нәтиже берді. Осы уақыт ара­лы­ғында облыс аумағында бірнеше газ-турбиналы электр стансалары салынды. Соның ең қуат­ты­лары­ның бірі – қуаты 54 мегаваттық аталған үлгідегі стансаның ал­ғаш­қы кезегі 2010 жылдың 28 маусымы күні ел Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың қаты­суы­мен болған телекөпір кезінде пайдалануға берілді. Осы нысан­ның іске қосылуы арқылы өңірде энергетиканың импорттық үлесін 90 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетуге жол ашылды. Міне, Елбасы Ақжайықтағы энергетикалық тәуелсіздіктің бас­тауы болған осы ГТЭС-тің бү­гін­гі тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда Батыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Бақтықожа Ізмұ­хам­бетов Мемлекет басшысына 2010-­2014 жылдары облыста Үде­мелі индустриялық-иннова­ция­лық бағдарламаны іске асырудың жай-күйі туралы баяндап берді. Индустриялық жобалар макетімен танысқан Елбасы бұл ба­ғытта Орал өңірінде тынды­рыл­ған істерді оң бағалады. Ұжым мүшелеріне жігер мен дем бере отырып, олармен аз-кем ой-пікір алмасты. Сол сәтте станок жа­нында жас та мығым жігіт тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы оның жа­нына келді де аты-жөнің кім деп сауал тастады. – Николай Пономаренко, – деді ол. – Өз жұмысың саған ұнай ма? – Әрине, ұнайды, Нұрсұлтан Әбішұлы. – Байқап тұрмын, көріп тұр­мын, мұндағы құрал-жабдықтар мен қондырғылардың бәрі де жаңа екен. Соның тілін жетік меңгеру үшін бұдан да жақсы еңбек ет. Жаңа қондырғының тілін жетік білуге ұмтыл, Николай. Елбасы жас жігіттің жігерін осылай жаныды. – Міндетті түрде көңіл бө­ле­мін. Білдірген сеніміңізді ақ­тай­тын боламын, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, – деді өз кезегінде кеудесін қуаныш кернеген жас механик. Кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында Елбасы, әсіресе, заманауи техниканың тілін мең­гер­ген жас мамандардың бола­ша­ғына зор сенім артатынын айтты. Алматы қаласындағы Энергетика және байланыс институтының түлегі, станса операторы Әйгерім Ихсанова Мемлекет басшысына жас мамандарға көрсеткен қам­қор­лығы мен қолдауы үшін ризашылығын жеткізді. Батыс Қазақстан облысына са­парының екінші жартысында Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен кездесіп, олар­дың назарын азық-түлік қауіп­сіз­дігін сақтау жолындағы келелі міндеттерге аударды. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы Кеден одағы бұл бағытта атқарылатын істердің жаңа көкжиектерін ашты, деді Нұр­сұлтан Әбішұлы өңір фермерлерімен кездесуі кезінде. Биыл республикада егіннен тағы да мол өнім жиналады деп күті­луде. Соның ішінде 7-8 миллион тонна көлеміндегі астықты экс­портқа шығару мүмкіндігі бар. Қысқасы, Қазақстанда астық өндірісі ешқашан ақсамақ емес. Біз, сонымен бірге, елдегі мал ша­руашылығының экспорттық әлеу­етін одан әрі көтеруді назардан тыс қалдырмауға тиіспіз, деп ойын сабақтады бұдан кейін Мемлекет басшысы. Биыл еліміз экспортқа 60 мың тонна ет шы­ғар­мақ. Алдағы меже – 180 мың тонна. Бұл іске ежелден етті мал өндірісін өркендетуде өз дәстүрі мен тәжірибесі, тарихы қалып­тас­қан Ақжайық өңірі сүбелі үлес қоса алады деп сенемін. Тек осы дәстүрді бүгінгі заманғы тех­нологиялық үдерістермен сабақ­тастыра білген жөн. Бұл үшін ыждағаттылық пен табандылық керек екенін ұмытпаңыздар. Бү­гін­гі күні еліміз Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру қарсаңында тұр. Бәсекеге қабілеттіліктің сын­ға түсер кезі нағыз осы кез. Елбасымен ой-пікір алысуға «Кроун-Батыс» компаниясының жетекшісі Серік Қабитханов, шаруа қожалығының басшысы Серік Шонайбеков және «Жайық-Ет» ЖШС-нің директоры Тимур Ескендіров қатысып, сапалы ет өндіру жөніндегі өз ұсыныс-тілектерін Мемлекет басшысына жеткізді. Қазақстан басшысы Ақжай­ық­қа сапарының қорытындысы бойынша мұнда тәуелсіздік тұ­сында қол жеткен табыстарға оң баға берді. Иә, Ақжайықтың бү­гін­гі адымдары тайға таңба бас­қандай анық, бедерлі әрі ар­шын­ды екені талас туғызбайды. Тәу­ел­сіздіктің топшысы одан әрі беки түсуіне батысқазақ­стан­дық­тардың қосқан үлесі тәуел­сіз­діктің ертеңгі тарихынан орын алары анық. Елбасының Батыс Қазақстан облысына сапарының тағы бір түйіні осындай ойға жетеледі. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.