16 Қыркүйек, 2011

Қазақ киносы: серпіліс пен сілкініс

1412 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Әңгімемізді Тәуелсіздік жыл­дары­нан бері қазақ киносында қандай жа­ңа­лықтар болып жатыр, көңіл көншітерлік жетістіктері неде, халықаралық фестивальдерде жүлдеге ие болған туын­ды­лар туралы не айтуға болады, т.т. сол сияқты кино төңірегіндегі ойлар мен толғаныстардан бастасақ. Кешегі көз алдымызда өткен кино тарихына жү­гін­сек, оның мәдени-идеологиялық күрес­те­гі орны ерекше болғанын көреміз. Бұл бағыт бүгінде өзгерген жоқ, өйткені халықтың санасын үй төріндегі теле­эк­ран билеп тұр. Яғни, телеэкран мәде­ниет майданындағы жойқын қаруға айналған. А.Курасаваның «Расемон» фильмі Америкада «Оскар» сыйлы­ғы­мен марапатталды. Сонда екінші дү­ние­жүзілік соғыста күйрей жеңілген жа­пон­дардың әбден тапталып, жаншылған еңсесі әп-сәтте жоғары көтеріліп шыға келгенін әлем жұртшылығы таңдана та­машалады. Сонымен жапон рухы қайта ұшталып, елдік симфония салтанат құр­ды. Бұл өздерінің ұлттық идеясы үшін күрескен халықтың нағыз жауынгерлік бейнесі танылған үлкен бәйге еді. Бүгінде сол әлемдік аламан бәйге бұ­рын­ғысынан да қыза түспесе, бір кем де төмендеген жоқ. Оған қазақ киносы да таңдаулы дүниелерін қосуда. Әрине, бізде «Оскар» сыйлығын алған итальян­дық Феллини, американдық Кевин Костнер секілді тұлғалар әлі туа қойған жоқ. Алайда, 65 фильмнің ішінен таң­дал­ған 9 туындының бірі қазақ фильмі болуы келешекте ойлантатын нәрсе, біздің режиссерлердің де қолынан жақсы кино түсіру келетінін дәлел­дей­тін бірден-бір жоба. «Қазақфильм» ки­но­студиясына Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың атбасын тіреп, кейбір жобаларға қолдау көрсетуі ұлт­тық өнер саласының болашағына сенім артқызады. Өткен жыл жемісті бас­тал­ды. «Қазақфильм» киностудиясы ха­лық­қа «Сіз кімсіз, Ка мырза!» атты шытырман оқиғалы фильмді тарту етті. Қазақ ұлттық кино өнері тарихында жоғары бағаға ие «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры» киноленталары арқылы танымал актер, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің рөлі көпшілікке чекист Қасымхан Шадияров бейнесімен ерекшеленсе, Тайландта тұратын сол егде тартқан агентті актер жаңа туындыда қайта тірілтеді. Бангкок түрмесіндегі көп жылдардан соң ол Қазақстанға қайтып оралады. Кездейсоқ сапарлас болған Игорьді құтқару үшін айлалы қылмыскерлердің құрған тор­ла­рынан аман шығып, шетелдік нарко­ба­рондарды құрықтайды. «Атаманның ақы­рында» көрерменнің сүйіспен­ші­лі­гі­не бөленген Қасымхан өзінің егде тарт­қанына қарамастан, шым-шытырық оқи­ға­ларда жұртты батылдығымен баурайды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ мен «Медетфильм» кино­сту­диясы түсірген «Афали­на­ның қарғуы» фильмі тәуелсіз Қазақ елінің тұғырын тұқыртар жат пиғылдың қай-қайсы­сы­ның да түбі күйреп тынатынын селкеусіз санаға сіңдіреді. Режиссер Эльдар Оразбаевтың фильмі шынайы оқиғаға құрылған. Қазақстан мен Ресейдің офицерлері сауда өкілі өлімінің себебін іздеуді бастайды. Қайғылы оқиғаның ас­тарында саяси топтардың қақтығысы тұрғанын аңғарады. Екі ел прези­дент­терінің Каспий теңізі жағасындағы кездесуі барысында қылмыстық топ оларға қастық ұйымдастырады. Ежелден ата-ба­балар аңсаған тәуелсіздік бақыты бай­тақ елдің басына оңай қона сал­ма­ғанын салмақтар рухани дүниелердің әрқайсысы айрықша саралануы керек десек, әлем жұртшылығы көз тіккен зәу­лім шаһар тынысы, басқа респуб­ли­каларға қарағанда, Қазақ елінің батыл іс-қадамдары фильм идеясынан айқын көрініс тапқан. Әрине, ол тікелей елорда тарихына құрылмағанымен, одан қа­ланың күн сайын көркейген әсем келбетін көріп, көкіректі жұпар леп толты­ра­ды. Мәселен, Ресей мен Түркия фильм­дері­нің қай-қайсысының да дәріптейтін идеясы негізінен сол елдің ұлттық брендіне айналған архитектуралық жауһар­ла­рымен ұштасып жатуы тегін емес. Түріктердің өз фильмдерінде аспалы кө­пірлерін әспеттеуден жалықпауы неліктен деп ойлайсыз? Ашығында, фи­льм дәл сол нысанды нысанаға алма­ған­мен, осындай режиссерлік шешімде өз­геге байлығын бағалату мүмкіндігі жат­қандығы жоққа шығарылмайды. Ал орыс кинематографистері қарағайлы ну орманына оралмай, ой айтпайды. Кө­рер­менді табиғаттың ғажап көріністері баурап әкетеді. Сол секілді «Афали­на­ның қарғуында» Есілдің толқындары­мен тер­белтіп, Астанамен асқақтататын тұстар бар. Осыған дейін қазақ кино­ла­ры жұпыны ауылдың тұралаған тұр­мы­сын, жапандағы жалғыз жүдеу-жадау киіз үйін көрсетуден әріге аса алмай жатады деген сыни-ескертпелерді де негізсіз деп айта алмаймыз. Келеңсіз­дік­пен күресудің, әрине, түрлі амалы бар, бірақ тіршіліктің тек көлеңкелі тұс­та­рын тұздық ете бергеннен берекелі ел боламыз ба? Жастары ішкіліктен көз ашпайтын шалғайдағы ауылдың қара­байыр тұрмыс шындығын боямасыз жет­кізуге тырысқан фильмді көрермен бір-екі тамашалағаннан соң, қайта оған жұрттың ықыласы ауа қоюы екіталай. «Алтын адам», «Мың бала», «А-ға оралу» (режиссерлері Т.Бекмамбетов, Е.Кон­чаловский) фильмдері Қазақ елін көр­меген, білмеген жұрттың қиялын­дағы ескі қисынды қиып түседі. Осы тұста қазақ киносындағы ұлттық бет-бейне қай деңгейде көрініс табуда деген сауалдың қойылуы заңды. Оған өткен жылы тұсауы кесілген «Біржан сал» (режиссері Д.Жолжақсынов, Р.Әлпиев) фильмін мысалға келтіруге болады. Халық әншісі әрі композитор Біржан Қожағұлұлы өмірінің драмалық кезеңі баяндалатын кинолентада адамгершілік қасиеттердің асқақ иірімдері суреттеледі. ХІХ ғасырдың аяғындағы халқымыз­дың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі шы­найы өрнектеліп, дәуір үнін бедерлеуге авторлардың жан-жақты дайындықпен келгендігін көрсетеді. Тағы бір айтулы кинотуындының бірі «Жәңгір» тарихи драмасы (режиссері Р.Орынбасарова). Ресей императоры Александр І қазасы жайындағы ақпарат қанды оқиғаларға түрткі болып, халықтың санасындағы мәңгілік патшалық билік деген ұғымды түпкілікті жойды. Осынау қанды оқиғаларды өз көзімен көрген Жәңгір Петерборға орыс патшасымен кездесу үшін аттанады. Орданы басқару 24 жастағы бозбаланың қолынан келе ме, жоқ па деген сұрақтың жауабы болашақ еншісіне қалдырылады. Ханның Петер­борға сапары бүкіл халықтың өміріне елеулі өзгерістер әкеледі. Ұлттық бояу­ды қапысыз бедерлеген «Қош бол, Гүл­сары» фильмінің (режиссері А.Әмір­құлов) V «Еуразия» халықаралық кинофестивалінде бас жүлдеге ие болуы осы үдеден көрініп, 50-ші жылдар оқиғасын тұшымды түсіруінде. Колхозшы коммунист Танабай мен оның асыл тұқымды серігі Гүлсары бастан кешкен тағдыр тәлкегін көрерменнің әсерленбей тама­шалауы мүмкін емес. Тәуелсіздік күн­парағына өзгеше сер­пілісімен қосылған туындылар қата­рында «Балалық ша­ғым­ның аспаны» (режиссері Р.Әбдіраш) атты жаңа көркем фильм де бар. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шы­ғар­маларының желісі бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» кино­сту­диясында түсі­ріл­ген кинолента Ел­ба­сының балалық кезінен бастап, аза­маттық жасқа жеткенге дейінгі аралы­ғын қамтиды. Өте жоғары шығар­ма­шы­лық және тех­ни­ка­лық деңгейде түсіріл­ген фильмді көрер­мен бір деммен көріп, оқиғаның соңына жеткенін сезбеуі бояуы қанық бейнелер мен қазақ ауыл­да­рының сан-алуан қыр­ларын қамти­тын жан-жақтылығынан деп түйінделді. Әрине, көрерменге ешкім өзінің талап-тілегін күштеп қабыл­дата алмайды. Дей тұрғанмен де бұл фильмді киноэнцик­ло­педия деп түйін­де­тер деректер жеткілікті. Одан сол ке­зеңдегі ел тынысын, ұлттық салт-дәс­түрді, ой-аңсарды, тота­ли­тарлық жүйе мен сталиндік зұлмат­тың қанды шең­геліне кезіккен қаншама ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударып келгендегі мұратын айқын сеземіз. Кадр сыр­тынан Елбасы кітап­та­ры­нан оқылатын үзінділер арқылы парасатты ой-тол­ғам­дар адам жанын тебірентпей қоймайды. Әлжан ананың керемет түс көруі, тү­сінде терең теңіздің тү­бінен күміс­тел­ген ұзын мылтық тауып алуы, оны сәуе­гей түс жорушы­ның: «Ұлды боласың, балаңның өмірі ұзақ, бірақ күреске толы болады» деп болжауы, арада көп уақыт өтпей Әлжан ананың аяғы ауыр­лап, дүниеге ұл әкелуі, әрбір оқиға мен сюжет көркем туындыға лайық бейнелі тұжырым­дар­мен тиянақталады. Бір жа­ғы­нан қарап отырып, халқымыздың тұр­мыс-салты­нан көрсете алмай жүрген көп кемшілігімізді осы фильм тол­ты­рып бергендей әсер түйгізеді. Мәселен, халықтың тұ­сау­кесу, тоқымқағар, жеті атаны түген­деу, бата беру, ат үйрету, ит жүгірту, құс салу, бәйгеге түсу, қыз қуу, көкпар тарту, қазақша күрес сынды толып жатқан ықылым заманнан бері сабақтастығы үзілмеген сансыз қазы­на­сы бір туын­дыға тұшымды орныққанда, көз алды­ңызға қазақтың этнографиялық мұрасы келеді. Қазақ ұлттық опера өне­ріндегі бұлбұл әуезді әншіміз Бибігүл Төле­ге­нованың бейнелеуіндегі Мырза­ба­ла об­разы ақжаулықты аналары­мыз­дың көр­кем бейнесін толықтыра түс­ке­нін осы­дан бұрын да жазғанымызбен, бұл дала әжелерінің бойындағы дана­лық пен парасаттылықты әспеттейтін тұлға ретінде ойымызда қалғанын қай­та­лап жатырмыз. Осындай мысал­дар­мен қа­зақ кино өнері қашанда өзінің төл та­мы­рынан ажырамай, ұлттық қа­лыбын сақ­тап қала беретініне нық сеніммен көз жеткіземіз. Жаңа ғасырдың мәдени-идеоло­гиялық майданында ұлттық кино әлі-ақ еңсе тіктеп, әлемдік додада Тәуелсіз Қазақстанның атын биіктен көрсетеріне үміт артасыз. Себебі, 20 жылдағы өнер соқпағы сол мұратқа жақындатқан талай туындыны халқымен қауыштырды. ХІІІ ғасырдағы оқиғаларды – билік үшін таласқан түркі хандығының моң­ғол шапқыншылығына тап болғанын баян­дайтын А.Әмірқұловтың 1991 жылы дүниеге келген «Отырардың күй­реуі» тарихи драмасынан бастап, бүгін­гі триллер фильмдерге дейінгі дүниелер тынысынан ең алдымен, егемендік пен елдіктің ерекше иірімдерін көрудің өзі ұлттық кино төңірегіндегі ескі үнді жаңартатын кез келгенін аңғартады. С.Жүнісовтің «Тау жолы» атты повесі негізінде түсірілген «Заман-ай» мело­дра­масы (режиссері Б.Шманов) сонау 30-шы жылдар кезеңінен сезімді елжіретер сыр ақтаратын, туған жерге деген отаншылдық намысты жанитын, биік өрден құлай сарқырап, құлақтан үні кетпейтін тарих жаңғырығы іспетті десек, ХХІ ғасырда қазақ киносының заманауи тех­нологиямен жаб­дық­та­луына баста­ма­шы бол­ған «Көш­пен­ділер» тарихи эпикалық лентасы (режиссерлері С.Бодров, Т.Теменов, И.Пассер) ХVІІІ ғасырда өткен шынайы тарихи оқиға­лар – қазақтардың жоң­ғар бас­қын­шыларына қар­сы азаттық күресін сипаттап, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Төле би, жоңғар Қалдан Серен сынды та­рихи тұлғалардың өмір сүрген кезе­ңін Голливуд киногерлерімен бірлесе оты­рып, көркем түйіндеген тұңғыш жоба бо­лып табылады. Еркіндік аңсаған дала қы­рандарының бет-бейнесі мұны­мен түге­сіл­мей, 2006 жылы Әбіш Кекіл­баевтың «Дала балладалары» циклындағы «Күй­ші» повесінің желісімен түсірілген «Кек» тарихи драмасы (режиссері Д.Манабай) Маңғыстау жерін мекендеген жәуміт пен адай руларының арасындағы жаугершілікті баяндау арқылы жұртты бірлік пен татулықтың тағылымдарына тартады. Тәуелсіздік кезеңінде туған тың жобалар мен идеялардың бір парасы адамдар арасындағы қарым-қатынасқа, жастар арасындағы есірткі мен басқа да зиянды әрекеттерге құрылған комедиялар мен шым-шытырықты фильмдерден тұрады. «Мүмкін емес махаббат» комедиялық мелодрамасында (режиссері Ә.Қарақұлов) әсем де сүйкімді бойжеткен өзімен бірге қызмет істейтін әріптесін көзге ілмей, ғаламтордағы келісті жігітті ұнатады. Шынайы өмірден қашқан арудың ғаламтордағы қиялы бүгінгі көптеген жастардың өмірінен алынған шындыққа жанасады. «Кеш келген махаббат» комедиясы да (режиссері А.Арым Құбат, С.Құрманбеков) қуаныш-мұңдары ортақ, тұрмыс-тір­ші­лік­тері бір қарапайым адамдар өмір сүретін шағын ауылда өтеді. Фильмдегі басты кейіпкер Қалтайдың әйелі қайтыс болғанына біраз уақыт өткен, содан бері бірден-бір досы – Сырға атты сиыры ғана. Осы екеуінің арасындағы диалог ар­қылы іштегі мұң-қуаныш тарқа­ты­ла­ды. Бұл бүгінгі қарттардың өмірлік мә­селелерін қозғайды. Ертеңге үмітті еш­қашан үзуге болмайды. Қарттыққа қа­рамастан жарқын қатынастарды дәріп­тейтін лирикалық фильмді тамашалаған әр адамның көңілі небір оқиғалар иіріміне батып кетері сөзсіз. «Әкем екеуміз» психологиялық драмасы (режиссері Д.Саламат) ата-анасы ажырасқандық­тан әке мен ұл арасындағы қазіргі күрделі қатынасты баяндап, ішкіліктен зардап шеккен отбасындағы сәбидің көз жасын жүрек тебірентер әрекеттермен суреттейді. Бір айта кететін нәрсе, осы фильмде әкенің рөлін ойнаған Бақыт­жан Әлпейісовке V «Еуразия» халық­ара­лық кинофестивалінде ең үздік ер адам рөлі үшін жүлдесі берілді. «Күнә» (режиссері Б.Шәріп) драмасы «Қазақ­фильм» киностудиясының соңғы 20 жылдағы ең есте қалар, көрерменін жо­ғалт­пайтын айтулы туындылары қата­ры­на жатады. Басты кейіпкердің бірі Шолпан Құдайдан өзіне бала бермеуін сұрайды. Арада біраз жылдар өткен соң екеуінің арасындағы құмарлық сезім сөніп, аралары суыйды. Ол өзінің бас­тап­қы ойынан бас тартып, өзге ақ­жаулықты аналар секілді перзент сүйіп, аналық бақытқа кенелуді армандайды. Бірақ күнә арқалаған бейбақтың бұл ойы жүзеге аспай, күйеуінің қолынан қаза табады. Фильм ұзақ болмағанмен көрермен есінде ұзақ сақталуымен биік тұрады. «Қаладан келген қыз» драмасы да (режиссері Р.Әбдіраш) 60-шы жыл­дар бозбаласының алғашқы сезімін өз­геше нәзіктікпен жеткізеді. Мұнда жас­тар­дың сезімі де, кеңестік жүйе адам­дарының тағдыры мен Арал қасіреті де қатар баяндалып, кеңес кезеңіндегі қа­зақ ауылдарының бет-бейнесі тәуелсіз­дік рухымен кескінделеді. «Қызжыла­ған» (режиссері С.Нарымбетов), «Ұл­жан» (режиссері Ф.Шлендорф), «Киллер» (режиссері Д.Өмірбаев), «Соңғы демалыс» (режиссері Ә.Қарақұлов), «Сиқырлы демеуші» (режиссері Ә.Сү­леева, С.Райбаев), «Стрейнджер» (режиссері Т.Сүлейменов), «Фара» (режиссері А.Қарпықов), «Шиза» (режиссері Г.Омарова), т.с.с. тәуелсіздік тұсында туған дүниелер төл киноның көк­жие­гіне түрлі өрнекпен келіп қосылғаны қуанышты. Былтыр «Арман қала» ме­лодрамасы, «Секіріс» фильмі жастар­дың көп қызығушылығын туғызса, биыл «Жоюшы», «А-ға оралу» фильмдері көрерменнің ыстық ықыласына бө­леніп жатыр. Қазақ ұлттық кино­сы­ның әлемдік аламанда айтарлықтай та­быстарға қол жеткізетін күнгейлі тұс­та­ры мұнан да шуақты бола береріне көпшілік үміт артады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.