16 Қыркүйек, 2011

Сынақтың сындарлығы артады

356 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Ұлттық бірыңғай тестілеу білім сапасын ан­ықтауда қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәні бар жалпы мемлекеттік шара болып табылады. Ол биыл да сол міндетін атқарды. Тәуелсіз елі­міз­­­дің түлектерінің білім деңгейін таразылайтын бұл сынақтың енгізілгеніне биыл сегіз жыл бол­ды. Осы уақыт аралығында бұл рәсім жыл сайын мазмұндық және техникалық жағынан жетілдірілу арқылы өзінің тиімді тәсіл екенін дәлелдеді. ҰБТ-ның басты міндеттері бірыңғай өлшеуіш материалдарының көмегімен мемлекеттік бақы­лау­ды және білім беру сапасын басқару мен ба­ғалау­дың әділдігін, сенімділігін арттыру болып табылады. Білім саласына бұл сынақ енгізілгеннен бастап республикамыздың 1 120 528 мектеп бітірушілері тестілеуге қатысып, өздерінің бақтарын сынады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп отыр. Бұған бір ғана дәлел 2010 жылы тестілеуге 107 545 мектеп бітіруші қатысса, биылғы жылы 126 109 мектеп бітірушіге жетті. Бұл нені көрсетеді, мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарының, ұстазда­ры­ның тестілеу рәсіміне білдірген сенімін. Ең бастысы, ҰБТ білім беру грантына қол жеткізудегі әлеуметтік әділеттікті, тұрғылықты же­рі­­нен шықпай-ақ тестілеуден өту арқылы жо­ғары оқу орнына түсуді қамтамасыз етуге және жо­ғары оқу орнына түсу кезіндегі сыбайлас жем­қор­лық құ­­былыстарының толығымен алдын алу­ға ықпал етті. Жүйенің аса бір тиімділігі, мектеп бітірушілер тұрғылықты жерінде сынақтан өтіп, соның нә­ти­жесі бойынша еліміздегі өзі таңдау білдірген оқу орнына түсуге мүмкіндік алатындығы. Бұны мектеп бітірушілер үшін мемлекет тарапынан жаса­лынып отырған үлкен қамқорлық деп түсінуге болады. Сынақты өткізу тәжірибесі, сондай-ақ педаго­ги­калық ұжымдардан, ата-аналар мен мектеп бітірушілерден келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді талдау көрсеткендей, тестілеу жүйесі маз­мұндық, технологиялық және ұйымдастыру аспектілері тұрғысынан одан әрі жетілдіруді талап ететіні сөзсіз. Министрлік тарапынан ҰБТ-ны ұйымдастыру мен өткізуге қатысты жыл сайын бірқатар жұ­мыс­тар атқарылады. Құрамына салалық департа­менттердің басшылары, ұлттық тестілеу орта­лы­ғының қызметкерлері, мектеп директорлары мен мұғалімдер енгізілген емтиханды жетілдіру жө­ніндегі арнайы жұмыс тобы құрылады. Атал­ған жұмыс тобының отырысында өткен тест қоры­тын­­ды­ларына талдау жасалынады, сондай-ақ оның нормативтік-құқықтық актілеріне өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу, ұйымдастыру мә­се­лелері талқыланады. Біздің бүгінгі мақсатымыз, қазіргі заманғы ең озық ақпараттық технологиялар мен ақпараттық құрылымдарды пайдалану арқылы тест техно­ло­гиясын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыстарды белсенді түрде жүргізу. Бұл бүгінгі күннің алды­мызға қойып отырған басты талабы. Ендеше, осы мақсатта, Қазақстан Республика­сында білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәй­кес Білім және ғылым министрлігі тәжірибе ретінде компьютерлік тестілеуге кезең-кезеңімен көшу жөніндегі жұмыстарды бастауды басты бағытқа алып отыр. Әрине, қолданыстағы тестілеу жүйесі арқылы дарынды, қабілетті мектеп бітірушілерді жоғары оқу орындарына іріктеудің аздық ететіні шындық. Осы себеппен, еліміздің көптеген жоғары оқу орындары талантты жастар­ды өздеріне тарту мақсатында дәстүрлі пәндік олимпиадаларын өткізу арқылы іріктеп алады. Бұл жүзден жүйріктерге кең жол ашады. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде мектеп оқу­шыларын тек ҰБТ тапсыратын пәндер бойынша ғана дайындап, басқа пәндерге көп көңіл бөлмеу фактілеріне жол беретін білім беру ұйымдары кездеседі. Оны жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, мектепте жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес барлық пәндер бойынша талаптар бірдей орындалуы қажет екенін әркім естерінде ұстауы тиіс. Бүгінгі күні біз аталған проблеманы жүйелі түрде шешуді қарастыру туралы ұсынысты зерделеудеміз. Алайда, мүмкін болатын шешім – ол тес­тілеуді өз алдына бөлек екі кезеңге бөлу. Он­ың біреуі, орта мектеп курсы үшін қорытынды аттестаттауға бағдарланған ұлттық тестілеу, ал екіншісі жоғары оқу орындарына қабылдау емти­хандары болады. Екінші кезеңнен жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірген бітірушілер ғана өтетін болады. Мұндай жағдайда тест тап­сы­ру жоғары оқу орындары жекелеген маман­дық­тардың ерекшеліктерін ескереді. Бұл мүм­кін­діктер Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған, яғни 12 жылдық білім беру жүйесіне көшумен бірге іске асырылатын болады. Бұл сынақ тәсілін енгізу арқылы тестілеудің бірінші кезеңінде қорытынды атестаттау кезінде және екіншісінде мамандықтарға байланысты блок­тар бойынша өткізіліп, түсу емтихандарына арналған тестілеуге қатысу үшін мектепте барын­ша көп пәндерге тыңғылықты әзірленіп жан-жақ­ты дайындалуға мүмкіндік береді. Бұл арқылы біз тек қана тестілеуге қатысты пәндерді оқыту­дан арылып, керісінше, мектепте білім беретін бас­қа да пәндердің мәртебесін көтеретін бола­мыз. Екіншіден, жоғары оқу орнына түсу үшін мамандықтарды таңдау мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашамыз. Үшіншіден, жоғары оқу орнына тү­су жөніндегі тестілеуді сапалы өткізуді және жо­ға­ры оқу орнына түсу үшін сапалы іріктеуді (не­ғұрлым дайындалған талапкерлерді) қамта­ма­сыз етуге мүмкіндік аламыз. Әрине, министрлік жанындағы арнайы жұмыс тобы аталған форматты 2008 жылдан бастап тал­қылап келеді. Жалпы, жұртшылықтың ой-пікір­ле­рі мен көзқарас-ұстанымдары бір арнада тоғысады. Тағы бір айта кететін жағдай, көпшілік ара­сын­­­да билет арқылы емтихан тапсыру жүйесіне қайта оралу керек деген пікірлер де бар. Бірден айтайық, біз бұл жүйеге қайта оралмаймыз. Оған қатысты біз­дің байламымыз айқын, қоғам дамуына сай, білім беру саласы да тек алға қарай жылжуы керек. Президент Н.Ә. Назарбаев білім беру жүйесін дамытуға, оның ішінде нақты қолданыстағы ҰБТ жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты біздің ал­ды­мызға үлкен мақсаттар мен міндеттер қойып отыр. Сондықтан осы тапсырманы іске асыру ма­қ­­сатында қазір тестілеуді түбегейлі өзгертпесек те, оның мазмұны мен технологиясын жетілдіру жө­нінде ауқымды жұмыстар бар. Біз бұрынғы емес, жаңа бағыт дамыту үшін жұмыс істейміз. Тест тапсырмаларының сапасын жақсартуға қа­тысты жұмыстар жалғаса береді. Биылғы жылы Рес­публикалық апелляциялық комиссияға 640 өті­ніш түсіп, оның 108-і қанағаттандырылды. Бұл бар­лық тест тапсырмалары базасының 0,09 %-ын құ­рады. Осы көрсеткіш тест тапсырмалары сапа­сы­ның жақсарғанын көрсетеді. Содан да шығар жыл сайын апелляцияға өтініш берушілер саны азайып отыр. Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – ло­гикалық тест тапсырмаларын тестілеу жүйесіне енгізу. Министрлік бұл бағытта Дүниежүзілік банктің қызметкерлерімен бірлесе отырып, жаңа буын тест тапсырмаларын жасау жөнінде бірқа­тар жұмыстар атқарды. Жаңа буын тест тап­сыр­малары тек қалдық білімді ғана емес, ол мектеп бітірушінің одан әрі білім алуға деген қабілет­терін, логикалық ойлау деңгейін және базалық құзыреттілігін анықтауға бағытталған. Осы жұ­мыстарды жалғастыру мақса­ты­мен білім сапасын бағалаудың ұлттық орталы­ғында жаңа буын тест тапсырмаларын құрастыру және оны қолданысқа енгізу үшін екі зертхана құрылды. Аталған зертханалар тарапынан білімді бағалаудың қазіргі за­манғы озық технологиялары мен халықаралық стан­дарттардың талаптарын қам­титын ұлттық емтихандарды жаңғырту мақсатында жаңа буын тест тапсырмалары әзірленіп, тест тап­сырма­ла­ры­ның базасы қалыптастырылуда. Бұл тест тап­сырмалары болашақта ұлттық тестілеу жүйесіне енгізілетін болады. Сонымен қатар, министрлік білім беру жү­йе­сін­де сыртқы емтихандарды өткізу жөніндегі әл­емдік тәжірибені зерделеу жұмыстарын да жүйе­лі жүргізіп келеді. Жыл сайын білім алушылардың білімін сырт­тай бағалау үшін тестілеу әдісін қолданушы ел­дер­дің саны арта түскені белгілі. 1975 жылдан бастап білім сапасын бағалау жөніндегі халық­ара­лық қауымдастық жұмыс істейді. 2007 жыл­дан Қазақстан оған қатысушы елдердің бірі бо­лып саналады. Аталған ұйым жұмысының негізгі мақсаты конференциялар мен жарияланымдар арқылы тә­жірибе алмасу, сондай-ақ білімді бағалау тех­ноло­гия­ларын жақсарту және оны қатысушы-мем­лекеттердің білім беру құрылымына енгізу жолдары арқылы байланысты жақсарту болып та­былады. Осыған сәйкес, әрбір елде білім алу­шы­ларды қорытынды аттесттаудан өткізудің және түсу емтихандарының нысанында халық санына, сол елдің аумағы мен басқа да факторларына қатысты өзіндік ерекшеліктері болады. Жалпы айтқанда оқу жетістіктерін тексерудің нысаны ретінде тестілеу жүйесі әлемдік білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Білім және ғылым министрлігі бүгінгі күні аталған мәселе бойынша педагогтар, ата-аналар, оқушылар, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікірлерін ескеру үшін мүмкіндік жасауда. Бұл біздің жұмысымызға үлкен серпін береді. Мақтағали БЕКТЕМЕСОВ, Білім және ғылым ми­нистр­­лі­­гінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төраға міндетін атқарушы.