«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Қате қадам» атты мақаланы оқи отырып терең ойға қалдым. Тәуелсіздік тұғыры қолымызға тиіп егемен ел болдық. Елбасымыз мақсат еткен іргелі елу елдің қатарына енуге ұмтылудамыз, құдайға шүкір. Кәсіпкер ұландарымыз өндіріспен айналысып, жоғары сапалы тауарлар шығарып қазына қоржынын толтыруда, мемлекеттік қызметкерлердің, әлеуметтік саладағы мамандардың жалақысы мен зейнеткерлердің зейнетақысы ұдайы өсіп, қоғам алға жылжуда. Ауыл шаруашылығында егіншіліктің дамуы да бірқалыпты өсуде. Елімізде мал шаруашылығы саласы тоқырауға түсіп, мал басы азайып, мал өнімдері кемігені жалпыға аян. Енді осы тығырықтан шығудың жолы қайсы?
Бұрынғы ескі сүрлеу, ескі әдіспен бе, жоқ, болмаса дамыған елдердегі озық тәжірибелер мен жаңа технологияларды пайдаланып алға жылжу керек пе? Әрине, соңғысы.
Тауардың қажеттілігін сұраныс анықтайтыны белгілі. Олай болса, бүгінгі таңда мал өнімдерінен экспорттық сұранысқа ие болып тұрған тек ірі қара мал еті.
Бүгінде елімізде ірі қара мал етін арттырудың жолдары қарастырылып, іс-шаралар жүргізілуде. Біріншіден, етті ірі қара мал өсіруге басымдық беріліп, оның аналық басын көбейту қолға алынуда. Елімізде, статистикаға сүйенсек, ет бағытындағы ірі қара саны жыл басында 132 мың, оның ішінде, аналық бас 54 мың болса, малды өз төлі есебінен көбейтуде, малды қолдан ұрықтандыру әдісін пайдалану арқылы және шаруа қожалықтарындағы тегі белгісіз аналықтарды асыл тұқымды ет бағытындағы аталықтармен ұрықтандырып асылдандыру арқылы 2016 жылға қарай шаруа қожалықтарындағы аналық мал басын 270 мыңға, асыл тұқымды шаруашылықтардағы аналық мал басын 136 мыңға немесе екеуін қосқанда 406 мың бас ет бағытындағы асыл тұқымды аналық басқа жеткізу көзделіп, қомақты жұмыстар атқарылуда. Елімізде ет бағытындағы тұқымның түрлері, әрине, ол қазақтың ақ бас сиыры. Өткен ғасырда ғалымдар мен тәжірибелі шаруа адамдары бірлесе отырып 1928-1933 жылдары герефорд тұқымының 1240 бас бұқашығы мен 267 бас тайыншасы әкелінсе, оның 389 бұқашығы мен 223 тайыншасы Англиядан, қалғаны Уругвайдан әкелінді. Ол кезде Англиядан әкелінген бұқашықтардың 18 айдағы салмағы 475 кило, Уругвайдан келгені 344 кило болса, қазіргі уақытта Канада мен АҚШ-тан әкелінген осы жастағы бұқашықтардың салмағы 500 килодан жоғары.
Не үшін герефорд тұқымы таңдалып отыр? Өйткені, ол дүние жүзінде мамандандырылған, ең көп тараған тұқым және жыл он екі ай жайылымға бейім, қыстың қатты суығы мен жаздың аптап ыстығына шыдамды, жайылым талғамайтын, жайып семіртуде болсын немесе бордақылау алаңында болсын жақсы семіріп, сапалы ет беретін бірден-бір ірі қара мал тұқымы. Сойыс малының шығымы орта есеппен 60 пайыз болса, оның ішінде таза еті 80 пайыз болады. Әр килоға қосымша салмаққа 9-10 кило азық бірлігін жұмсайды. «Қате қадам» атты мақалада Б.Қарақовтың герефорд тұқымының етінен сүйегі көп, бір кило қосымша салмаққа 40-42 кило азық бірлігін жұмсайды және ол тұқым Қазақстанда өскен шөпті жемейді, оған арнайы шөп егу керек деген пікіріне күлесің бе, жылайсың ба? Қандай негізге сүйеніп жазды екен автор. Мақалада көрсетілген кейбір мәселелердің дұрыстығына келісе отырып, оның ішінде, облыстың Байғанин ауданының жайылмалы қой шаруашылығы, жылқы және түйе шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ екендігі белгілі. Мақала иесі көпжылдық тәжірибесі бар ақсақал бола тұрып, қазақтың ақбас сиырының герефорд тұқымынан шыққанын ескермеген. Герефорд малы етінің шығысы 60 пайыздан асатыны ғылыми дәлелденген факт. Ол көптеген ғалымдардың еңбектерінде көрсетілген. Сол себепті жергілікті мал өнімділігі мен ет сапасын түпкілікті және жедел өзгерту мақсатында шетелдерден мал әкелу мәселелері туындағаны рас. Не үшін Канада немесе Америка? Өйткені, Қазақстанның жер бетіне орналасу бедері Канадамен бірдей ендікте, бірдей бойлықта жатыр, табиғаты, ауа райы, жер жағдайы, шөп құрамының құнарлылығы Қазақстанмен бірдей. Сондықтан осы елден әкелінген малдар Қазақстан жеріне тез бейімделеді, өзінің сапалы өнімдік қасиетін жоғалтпайды.
Үкімет, Отанымыздың ет өндіруде экспорттық әлеуетін арттыруда кең-байтақ жеріміздің мүмкіндігінің мол екенін ескере отырып, осы іспен айналысып жатқан шаруа адамдарына үлкен жеңілдіктер жасауда. Асыл тұқымды мал сатып алушыларға жеңілдікпен несиелер беру қарастырылған. Осындай оңтайлы жағдайларды пайдалана білген ілкімді азаматтар етті ірі қара малын өсірумен айналысуда. «Көз қорқақ қол батыр» дейді халықта. Жел сөзге ерік бермей, жаңалықтан жасқанбай, халқымыздың дәстүрлі саласы мал шаруашылығының өнімін арттыруда, уақыт созбай Үкімет беретін жеңілдіктерді пайдалана отырып бір кісідей іске кіріскен дұрыс. Ынтымақ пен бірлік болса алынбайтын қамал жоқ. Мал бағуды қазақ ешкімнен үйренбеген. Олай болса, ғылым мен озық тәжірибелердің жетістіктерін пайдалана отырып асыл тұқымды мал басын көбейтейік. Ал ол өз кезегінде жоғары сапалы ет өндірудің бірден-бір кепілі, Елбасымыз көрсеткендей, мал өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттырудың төте жолы.
Айбын ТӨРЕХАНОВ, «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.