Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қадам басқан қазақ қоғамының алдында тұрған сара жол – ұлт Көшбасшысы, Елбасы жүргізіп келе жатқан сындарлы саясаттың бірі жас ұрпаққа сапалы білім беруді жүзеге асыру. Ал енді сапалы білім мен саналы тәрбие ұрығын қатар себетін аяулы тұлға – аты алтын әріппен жазылатын мұғалім, ұстаз екені ақиқат. ХХ ғасырдың басында адасып аңырап тұрған, қай жолмен жүрерін білмей тығырыққа тірелген қазақ қоғамын азаттықтың айдынына шығару үшін жанұшырып жол іздеген Ахмет Байтұрсынов: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек», – деген ақадал аманатын қалдырған екен. Бұл аманат әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр десек қателесе қоймаспыз. Ғасырлар бойы күткен, қаншама ұрпақтың арманы болған азаттыққа қол жеткізген біздер енді осы тәуелсіздікті қастерлеп, баянды етіп, келешек ұрпаққа тым қымбат жәдігер ретінде қалдыруымыз керек. Ол үшін сапалы білім беруге айрықша көңіл бөлуіміз қажет.
Қазақ халқының ұлт ұстазы болған Ахаңның аманаты жайлы айтпақ ойымызды бүгінгі дәуір шындығына жақын сөйлетіп, бас қаламыз Астанада тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш рет өткізілген республикалық педагогикалық форумнан туындаған кейбір ойларды ортаға салғанды дұрыс деп санадық. Форумда министр Б.Жұмағұлов тәуелсіздіктің тұғырын бекем етіп, азаттық жолындағы бағыт-бағдарымыздың сара жолын бекітіп берген Елбасының тапсырмалары барысында толық мәніндегі жүзеге асырылып жатқан сан тарау жолдарды, дәлірек айтқанда, білім беру жолындағы жүзеге асырылып жатқан ілкімді істерді, жеткен жетістіктердің денін санамалап, саралап, нақты сандармен, пайыздық өлшемдермен, өзара салыстырулармен айқын көрсетті. Тәуелсіздік алған аз ғана жылдың ішінде дүниеге келген алғашқы «Болашақ» бағдарламасынан бастап, күні бүгінгі «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Назарбаев университеті» арасындағы ауқымды істердің барлығы біздің білім беру ісіндегі жеткен жетістіктеріміз. Мұның бәрі білім беру сапасының халықаралық деңгейдегі беделін арттыра түсу үшін қалтқысыз қызмет етуде. Мысалы, соңғы он жыл ішіндегі білім беру ісін қаржыландыруды 7,5 есеге арттыру, ЮНЕСКО-ның деректері бойынша Білім беруді дамыту индексінде 129 елдің ішінде 4 орынға көтерілу, халықтың сауаттылық деңгейінің 14 орынға табан тіреуі (177 ел бойынша), сонымен бірге 2001 жылдың өзінде Қазақстан ТМД елдері ішінде алғашқылардың бірі болып барлық мектептерді компьютермен толық қамтамасыз етуді жүзеге асыру, мұның бәрі білім саласының соңғы он-жиырма жылда жеткен жетістігі.
Білім және ғылым министрінің баяндамасында республика ұстаздарының шығармашылық шабытын арттырып, қуанышқа бөлеген келесі бір жағдаят – ол мұғалім мәртебесіне байланысты қадау-қадау айтылған ойлар. Ол өз сөзінде былай деп атап көрсетті: «Шәкірттеріне өмірдің қыр-сырын танытып, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге баулыған дарынды мұғалімдердің еңбегі өлшеусіз». Шын мәнінде де ғасырлар тоғысында тәуелсіздікке қол жеткізген халқымыздың қандай да бір жетістігі, тығырықтан шығар жол іздеп күрескен сәттерінде біздің жүгінеріміз де, сенеріміз де, ең бастысы, баянды болашағымыз да – білім. Ал енді сан алуан құбылыстардың құпиясын терең түсінуде алға жетелейтін басты тұлға – дарынды ұстаз, білімді мұғалім. Орыс халқының ұлы химик ғалымы Д.И.Менделеевтің «Мектеп халықтар мен мемлекеттердің тағдырын айқындайтын алапат күшке ие» дейтін кемеңгер пікірін жаңғырта отырып, осындай алапат күштің бастауында әрқашан мұғалім тұратынына баса назар аударған министр мырза: «Сондықтан да мұғалім кәсібі қоғамдағы ең беделді, құрметті мамандыққа айналуы тиіс» деді.
Осы аралықта сәл шегініс жасасақ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында білім беру, мұғалім мәртебесі жайында да үнемі айтып, бөле-жара ескертіп отырады. Соның дәлелі дәстүрлі халыққа жасаған өз Жолдауында Елбасы: «Бәрі де мектептен басталады. Біз мұғалім мамандығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз» деп айтқанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Бұл айтылғандардан аңғаратынымыз Елбасының халыққа жасаған Жолдауында айтылған аманаттардың уақыт өте келе жүзеге асып отырғаны қуантады. Бұл жайында Бақытжан Жұмағұлов: «Осылайша Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың өркениетті, бәсекеге қабілетті Қазақстанды құру туралы стратегиялық тапсырмасын орындай аламыз», – деп айрықша атап көрсетті.
Республиканың түкпір-түкпірінен ардақты мұғалімдер басқосқан алқалы жиында айтылған ұсыныстың бірі «Даңқты мұғалімдер кітабы» атты интернет басылымдарын ұйымдастыру көпшілік көңілінен шықты. Біздің ойымызша бұл ұсыныс жан-жақты қолдау табарына біз кәміл сенімдіміз, ғылым мен технология, инновациялық ілгері басушылық, өркениет көшіне ақпараттық ағындар тасқынымен бет бұрған бұл кезеңде айтылған ұсынысты жүзеге асыру қиындық тудырмайды.
Форумда Елбасы жүргізіп келе жатқан сара саясатты баянды етудің басты бағыттары кеңінен сөз болды. Біз бұл күнге дейін Елбасы тапсырмасына орай «100 мектеп, 100 аурухана» салуды жүзеге асырдық, ендігі меже одан да биік, нақтырақ айтқанда, таяу жылдары 522 мектеп салуды межелеп отырмыз, демек, біз бұл арқылы 12 жылдық оқу жүйесіне көшуді толыққанды, дер кезінде жүзеге асыра аламыз. Біздің мақсат форумда ерекше айтылған, көп уақыттан бері халық көкейінде, әсіресе, мыңдаған ұстаздар қауымы тарапынан күтіліп келе жатқан мәселе – мұғалім мәртебесі жайында ғана там-тұмдап қозғадық. Сонымен қатар осы форумда айтылған күрделі мәселелер еліміздің түкпір-түкпірінде талқыланып, жүзеге асып жатқаны мұғалім мәртебесінің қаншалықты асқақ екенін айқындай түседі. Біздің өзіміз еңбек ететін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамы Республикалық педагогикалық форумның материалдары бойынша «Жаңа ұрпақтың білімі мен тәрбиесі – мемлекет, қоғам және бизнестің басымдықтары» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді, форумда айтылған идеялар өз жалғасын тапты, талқыланды.
Айтпақ ойдың қорытындысына бет бұрып, жинақтай түссек. Елбасы айтқан аманаттар, форумда айтылған қадау-қадау ойлардың басым бөлігі мұғалім мәртебесін көтеру болды. Бұл дегеніңіз, мұғалімге қамқорлық жасасақ, қадірлі жанның мәртебесін асқақтатсақ ел болашағы, тәуелсіздік тұғыры, алаштың арманы баянды болады деген сөз. А.Байтұрсыновтың іні шәкірті, қазақ поэзиясының падишасы, алаш ұранды әдебиеттің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың мұғалім туралы берген бағасы, оның қоғамдағы рөлі туралы айтқан аманаты да бүгінгі дәуірмен үндесіп тұрғандай: «Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын мұғалімдікі» – деп қадап-ақ айтқан қағидасы бар екен. Ол тағы бір еңбегінде жоғарыдағы ойын «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім» деген пікірмен толықтырған екен. Бұл айтылған ақиқаттардың әрқайсысы әлі де өз жаңғырығымен қазақ халқына, елімізді мекендеп отырған барша қазақстандықтарға қызмет ете берері сөзсіз.
Болатбек ТІЛЕУБЕРДИЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.